Фрейдизм ағымы. Сана мен бисаналық мәселелері

«Өмір философиясының» XX ғ. беделді ағымдарының бірі фрейдизм болып табылады. Негізін қалаушы Зигмунд Фрейд (1856-1939 жж.)- австриялық дәрігер, психолог, философ. Негізгі еңбектері: « Мен және Ол», «Тотем мен Табу» т.с.с.

З.Фрейд жүйке ауруларын зерттеу мен емдеу жолында адам психикасында бисаналықтың зор орын алатынын байқайды. Егер одан бұрын қайсыбір невроз ауруларының себебін ғалымдар сананың шеңберінен іздеген болса, ол оны бисаналықтан көріп, жүйке ауруларын емдеудің «психоанализ» әдістерін жасап, біршама жетістіктерге жетеді. Бұл оған шабыт беріп, ол психоанализдің негізгі қағидаларын бүкіл қоғам мен мәдениетке таратып, философия саласында ерекше ағымды тудырды.

Сонымен бисаналықты ашу,оның құрылымын, адамның жеке өміріне, қоғамға тигізетін әсерін зерттеу - Фрейдтің ғылымға енгізген жаңалығы болды. Адамның көп ынта-тілектері мен құштарлықтары бисаналықты түрде пайда болады екен. Олар сыртқа адамды гипноздаған кезде, я болмаса ұйқыдағы адамның түсінде, байқамай айтылып қалған сөзде, кейбір дене қозғалысында т.с.с. көрініп қалады.

З.Фрейдтің ойынша, адамның психиқасының үш деңгейі бар: оның ортасында «Еgо» (латын сөзі, «Мен» деген мағына береді), яғни адамның өзіндік сана-сезімі орналасқан. Екінші кұрамдас бөлігін өзіндік сана-сезімнен жоғары деп атайды. Оған неше түрлі қоғамның тұлға алдына қоятын талаптары, әлеуметтік нормалар, әке-шешенің бала алдына қойған талаптары мен бұйрықтары т.с.с. кіреді, ол - тәрбие барысында адамның психикасына енгізіліп, соңынан оның барлық жүріс-тұрысын қоғамның талабына сәйкес ретке келтіріп отыратын ішкі механизм. Адам психикасының іргетасы ретінде ең терең жатқан және өте көне құрамдас бөлігі - ол құштарлық, іңкәрлік, зауықтану деген мағына береді.З.Фрейдтің ойынша, оған адамның барлық бисаналық түрде өтіп жататын психикалық кұбылыстарының бәр; де кіреді. Оларға инстинктер, күнгірт сезімдер мен түйсіктер,тілектер т.с.с. жатады. Бисаналықтың өзегіне З.Фрейд жыныс күш-қуатын (сексуалдық энергия) жатқызады. Ол бүкіл адамның психикалық жан дуниесіне өзінің ықпалын тигізіп, адамның «өздігін», ерекшелігін құрайды.З.Фрейдтің ойынша, егер адам психиқасының ең терең қабаты ләззат алуға тырысса, сана, керісінше, сыртқы дүниеге, айнала қоршаған ортаға бейімделуге асығады. Осы себепті сана мен бисаналықтың арасында әрдайым қайшылық пайда болады. Егер тәрбие барысында адамның жан дүниесіне енгізілген әлеуметтік нормалардың талаптары өте күшті болса, онда ләззат алуға бағытталған жыныс күш-қуаты сыртқа шыға алмай, бір жағынан, адамды невроз ауруларының түрлеріне әкелсе, екінші жағынан, ол белгілі бір жағдайда сублимацияланып(латын сөзі, «биікке көтеремін» деген мағына береді), яғни жыныс энергиясы мәдени шығармашылыққа айналын, тұлға үлкен рухани туындыларды дүниеге әкелуі мүмкін.

Жүре келе, З.Фрейд бисаналықтың шеңберінен екі негізгі инстинктерді бөліп алады. Олар - «өмір инстинкті» - эрос,«өлім инстинкті» - танатос.Егер эрос инстинкті өмірге деген сүйіспеншілікті, достықты, іңкәрліктін тудырса, танатос адамды өлімге қарай итеріп, оның агрессивтік, қанішерлік, қиратуға деген құмарлығын, адамдарды қорлауға бағытталған іс-әрекетін тудыруы мүмкін.Дегенмен З.Фрейд бисаналықтың күш-қуаты қандай зор болғанымен, адам оларды ауыздықтап, саналы түрде басқара алады деп есептеді. Әңгіме адамды алаңдататын бисаналық құбылыстарды сананың жарығына шығарып, оларды өз еркіне көндіруге мүмкіндік алуда болса керек. Қоғам өмірінде адамның күңгірт инстинктерін ауыздықтайтын құрал бар. Ол- мәдениет.Мәдениеттің құндылықтары арқылы адамдар өзінің табиғатпен, өз-өздерімен қарым-қатынасын ретке келтіріп, деструктивті күңгірт инстинктерін шектеп ығыстырады. Бірақ ығыстырылған күңгірт күштер ешқашанда мүлде жойылмайды, олар қорлана келе, оқтын-оқтын бұрқырап шығып, неше түрлі бақытсыздыққа әкеледі. З.Фрейдтің айтуына қарағанда, жыныстың құмарту мен қатыгездік, мейірімсіздік бір-бірімен өте тығыз байланысты. Сонымен екі негізгі инстинктер әрдайым бір-бірімен күресте болып, мәдениеттің дамуының негізгі бағыттарын анықтайды.

Сонымен бисаналықтың екі негізгі инстинктін мойындау, бір жағынан, шығармашылық жолмен дүниені қайта құру, екінші жағынан, жасалған мәдениетке қарсы шығу, қирату - З.Фрейдтің ізін куган ғалымдардың еңбектерінде неше түрлі қайшылықтарды тудырды. Олардың көбін З.Фрейдтің бисаналықтың өзегін жыныс әнергиясына теңеуі қанағаттандырмайды.

Карл Густав Юнг (1875-1966 жж.)басында өз ұстазының көзқарасында болғанмен, жүре келе бисаналықты басқаша түсіне бастайды. Аурулардың көрген түстерін сараптай келе, ол онда халықтардың тарихи аңыз-әңгімелеріндегі кейіпкерлердің бейнелерін байқайды. Олай болса, адамның жеке басының бисаналығынан басқа, одан да терең «ұжымдық бисаналық»формалардың бар екенін байқайды. Егер жеке адамның бисаналық формалары сол адамның тәжірибесінен шыққан неше түрлі психикалық, уақытында ұмытылып, я болмаса ығыстырылған тебіреністерден тұратын болса, «ұжымдық бисаналық» бүкіладамзаттық тәжірибені қамтиды. Онда мыңдаған жылдардағы жиналған адамзат тәжірибесін, сонымен қатар адамға дейінгіхайуандық «жасырылған іздерді» байқауға болады. Олардың көбін халықтардың мифологиясы, аңыз-хиқаялары, діни сенімдіктеріндегі бір-біріне ұқсайтын батырлар, дана ақсақалдар, Жер-ана, перілер т.с.с. көркем бейнелерден байқауға болады. Оқтын-оқтын бұл бейнелер адамның түсіне келеді. Олардың бәрін К.Юнг «архетиптер»деген ұғыммен береді. Олардың нақтылы мазмұны жоқ символиқалық бейнелер, тірі тұлға өзінің өмір шеңберінде алған тәжірибесін сол символдарға толтырып, өзінің тұлғалық қасиеттерін қалыптастырады.

Архетиптер халықтың әдет-ғүрыптары арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырады. Сонымен қатар олардың көбі тіпті тұқым қуумеханизмдері арқылы созылып, әдет-ғұрыптар жойылып кеткеннің өзінде де өмірде қайталана беріледі.

Егер З.Фрейд пен К.Юнг жеке адамның психикасын, оның адамның жүріс-тұрысына тигізетін ықпалын зерттеген болса, онда А.Адлер (1870-1937 жж.), К.Хорни (1888-1959 жж.), Ә.Фромм (1900-1980 жж.)фрейдизмнің негізгі идеяларына сүйене отырып, қоғам өмірін зерттеуге тырысты.

А.Адлерфрейдизм іліміне «кқомпенсация»(толықтыру) ұғымын кіргізеді. Қайсыбір адамның психикасында өзінің дене кемшіліктерін сезінудің негізінде «өзіне деген сенімсіздік» бишаралық сезім пайда болады. Тұлға оны аттап өту жолында өзінің барлық шығармашылық мүмкіндіктерін сыртқа шығаруға тырысады. Осы адамның өз-өзін өмірде нағыз болуға итерген іс-әрекетін А.Адлер компенсация дейді. Ал адам осы жолда «компенсациядац да үстем» іс-әрекет жасаса, онда ол ұлылық дәрежесіне көтерілуі мүмкін (мысалы, Наполеонның денесінің кішілігі, Гитлердің аяғың сылтып басуы т.с.с. - олардың дене кемшіліктерін ұлы істер арқылы компенсациялау әрекетін тудырды деген пікір әдебиетте бар).

К.Хорнитұлғаның дамуының екі жолын көрсетеді - ол нормамен паталогия.Бірінші жолда адам өз табиғи дарындарың өзінің қабілеттеріне айналдырып, оларды дамытуға тырысады. Екіншіде адамның мінез-құлқында теріс өзгерістер қорланып, невроз ауруына әкеледі. К.Хорни оны әлеуметтік себептермен («ауру» қоғамның салдарлары) генетикалық (өзара тұлғалық және әке-шеше мен бала арасындағы теріс қарым-қатынастардың қалыптасуы) және «мәндік» (тұлғаның өз мүмкіншіліктерін іске асыру жолында жалған жолға түсіп кетуі) өзгерістермен ұштастырады.

Неофрейдизмнің ұлы өкілі есебінде американ философы Эрих Фроммдыайтуға болады. Оның ойынша, тұлғаның ешқандай туа біткен психикалық қасиеттері жоқ. Тұлғаның барлық психиқалық өзгерістері мен өмірдегі көріністері оның қоғам өміріндегі қатынастарға тереңдеу деңгейімен байланысты. Қазіргі қоғамдағы қатынастар «машиналанған», «компьютерленген» т.с.с. түрде болғандықтан, ол адамның шынайы мәнін «жаттандырып», оны неше түрлі невроз ауруларына әкеледі. Қазіргі қоғам адамның осы дүниедегі «болуының» орнына оған «алуды» ұсынады. Сол себепті ол тұлғаның «жинаушылық» , «нарықтық», «енжарлық» т.с.с. мінез-құлқын тудырады. Тұлғаның жаттануының ең айқын көріністері -ол адамның еріктіктенбас тартып қашуы,нашақорлықтың, маскүнемдіктің жолына түсіп батуы, қылмыстық т.с.с. Ал осы көрсетілген кемшіліктерді тудырған «ауру» қоғамды қалайша «емдеуге» болады? Ә.Фроммның ойынша, ол үшін ең бірінші қажет нәрсе - «гуманистік жоспарлауды»қоғамға енгізу, дүниедегі байлықты жинау, қорлау, алу психологиясынан бас тарту, қоғамды басқару жүйесіндегі қалыптасып қалған шен иелерінің жаттанған басқару формаларының орнына «гуманистік басқару» жүйесін еңгізу, соның арқасында қарапайым адамдардың әлеуметтік өмірге деген ынтасын ояту, дүниеде болуғабағытталған құндылықтар жүйесін тудыру т.с.с. қажеттіктерді көрсетеді. Әрине, ұлы философтың бұл ойлары - өтпелі кезенді өз басынан өткізіп жатқан біздің қоғамға аса қажет ойландыратын нәрселер.

Сонымен қатар Ә.Фромм адамның өмір сүру диалектикасына тоқталып, оның ешқашанда жойылмайтын трагедиялық жағын да көрсетеді. Біріншіден, адам бұл өмірге өзі сұранып келмейді, ол белгілі бір кездейсоқ жерде, уақытта дүниеге келіп, алғашқы сатыдан өмірінің соңына шейін «өмір мен өлімнің екі ортасында» болып іс-әрекет етеді. Екіншіден, осындай шектелген өмірдің щеңберінде адам өзінің бойындағы барлық дарындарын іске асырып, алдына қойған өмірлік мақсат-мұраттарын орындап үлгірмейді, сондықтан олардың көбі, қазақ дүниесезіміндегі терминдермен айтсақ, «жалған, жеткізбейтін арман» болып қала береді. Э.Фроммның бұл ойлары бізді фрейдизмнің шеңберінен шығарып, экзистенциализм философиясына өткізіп жібереді.

Наши рекомендации