Нубууаттың мүмкіндіктері

1. Сумания, барахима және ибахия деп аталатын ағымдар пайғамбардың келуі ақылдық тұрғыда мүмкін емес екендігін қуаттады. Олардың пікірі бойынша пайғамбар егер ақылдың ортаға қоятын нәрселерді насихаттаса, ақылдың оған қажеттілігі жоқ. Демек, пайғамбардың жіберілуі пайдасыз, мәнсіз болып табылады, ал бұл даналық иесі Аллаға тән емес. Егер пайғамбар ақылдың қабылдай алмайтын нәрселерді алып келсе, мұны да жоққа шығаруға болады. Өйткені, ақыл да Алланың берік дәлелі екендігін барлығы мойындайды. Алланың дәлелдері бір-бірін жоққа шығармайды. Демек, ақылдың қабылдай алмайтын нәрселері батыл (кемшілікті). Қысқаша түрде олардың пікірі бойынша жақсыларды сүю, жамандықтардан жирену қабілеті адам ақылына тән қасиет, адам ақылы жақсы мен жаманды ажыратуға жеткілікті, пайғамбарлардың жіберілуіне ешбір қажеттілік жоқ.

2. Мутазилапайғамбар мен шариғат жіберу Аллаға уәжіп екендігін алға тартты. Мутазилиттердің пікірі бойынша саналық қабілет уәжіптерді орындауға себепкер нәрселердің уәжіп екендігін, жамандыққа алып баратын нәрселердің жаман екендігін біледі, бірақ, осыған қандай әрекеттер жататынын біле алмайды, құдайдың рақымдылығын, тиімді (маслахат) мен тиімді еместі ажырата алмайды. Жауапты қылған әміріне қайшы келмеуі үшін Алла осындай типтегі әрекеттерді бізге мәлімдеуі тиіс. Алланың осы сияқты жайыттарды бізге мәлімдеуі бізге шындық екендігін дәлелдейтін мұғжизалық біліммен қуаттандырылған бір пайғамбар жіберуімен жүзеге асады. Демек, Алланың бізге пайғамбар жіберуі уәжіп болып табылады. Ал адамдарды бетіне жібере салуы Аллаға жайыз емес. Мутазилиттердің пікірі бойынша пайғамбар жіберу Алланың адамдарға және пайғамбарлардың өздеріне деген рақымдылығы.

3. Ислам философтарына қарағанда нубууат ақылдық тұрғыда Аллаға уәжіп. Олардың көзқарасы бойынша адам әлеуметтік болмысқа жатады. Ол жеке өзі өз қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмайды. Әлеуметтік қатынастардың аман-сау жалғасуы заңмен және әділетпен жүзеге асады. Ал бұларды пайғамбарлар қамтамасыз етеді. Егер заң мен әділдікті белгілеу адамдардың өздеріне қалдырылса, әркім өзіне пайдалысын әділдік, ал өзіне зиян беретінін зұлымдық ретінде қарастырады. Мұндай жағдайда адамдардың бір-бірімен түсінісуі мүмкін емес. Адамдарды осындай түсініспестік ішінде қалдыру Алланың рақымдылығына жараспайды. Құдайлық рақымдылық адамға пайдалы жекелеген мәселелерді де қамтиды. Басқа нәрселермен салыстырылғанда адамдар үшін өте маңызды және қажет болып табылатын пайғамбарлардың болмауы мүмкін емес. Қысқаша құдайлық рақымдылық пен қамқорлық тұрғысынан пайғамбарлардың жіберілуі қажет.

4. Әһли сунна ғұламаларының көпшілігіне қарағанда Алланың адамдарды сүйіншілейтін және ескертетін расулдар мен набилер жіберуі мүмкін. Шариғат тек ақылмен ғана түсіне алмайтын жолдарды көрсетіп, ақыл үшін мүмкін емес нәрселерді әкелмейді. Пайғамбар жіберуде мүмкінсіздік немесе ақиқаттан тысқары шығу сияқты нәрсе орын алмайды. Демек, пайғамбар келудің мүмкін екендігіне тоқтам жасаған жөн.

Кейбір әһли сунна каламшылары құдайлық хикметтің жемісі ретінде пайғамбар жіберу уәжіп екендігін алға тартқан. Осы идеяны қолдайтындар Мауреннахр каламшылары екендігі баяндалады. Демек, олар матуридилер екендігі белгілі.

әл-Матуриди пайғамбарлардың көрсеткен мұғжизалармен құдайлық ақиқат пен пайғамбарлықты дәлелдеу мүмкін екендігіне тоқталған. Себебі, нубууаттың мүмкін екендігін ортаға қоятын нәрсе мұғжиза болып табылады. әл-Матуриди мұғжизаны Алла хикметінің табиғи нәтижесі ретінде есептейді. әл-Матуриди Алланың хикмет иесі екендігіне, осы хикметтің нәтижесі ретінде оларға емтихан жасағанына және оларды жайына қоя салмай, әмірлер мен тиымдар жібергеніне, нубууаттың осы хикметтің табиғи нәтижесі екендігіне тоқталған. әл-Матуридидің пікірі бойынша пайғамбарлықтың бар екендігіне, саналық қажеттілік ретінде топшылау міндетті мәселе болып табылады. Бұл әрі діни, әрі дүниелік тұрғысынан оған және Алланың рақымдылық иесі екендігін дәлелдеуге деген қажеттіліктен туындайды. Сабунидің пікірі бойынша хикмет құлдардың бұл дүние мен о дүниеде кездесетін нәрселерді және олардың бақытын қамтамасыз ететін, ұмыт болуы мүмкін әмірлер мен тиымдарды мәлімдеу мақсатында Алланың пайғамбар жіберуін керек еткен.

Нубууатқа деген қажеттілік. Жаратылған болмыстар ішінде ең кемелі – адам. Алла оны ең көркем бейнеде жаратқан және оған әртүрлі қабілеттер берген. Десек те, өзіне нысана ретінде қойылған бұл дүниелік және о дүниелік бақытқа құдайлық рақымдылықпен және қамқорлықпен қол жеткізе алады. Құдайдың осы рақымдылығы мен қамқорлығы нубууат арқылы ғана адамдарға жеткізіледі. Осы жағынан нубууатқа деген қажеттіліктің маңызы зор. Мұсылман ғұламалары осы қажеттілікті әртүрлі жақтан қарастырған.

1. Әлемдегі нығметтердің иесіне қалай рахмет айтуға болады. Осы жағынан адамдар пайғамбарларға мұқтаж. Алланың адамзат баласына сансыз нығметтер бергендігі белгілі. Нығмет пен рақымдылық иесін танып, оған рахмет айту орынды әрекет екендігі, оны жоққа шығарып, берген игіліктеріне тоңмойындық жасау жиренішті қасиет екендігі ақылдық тұрғыда белгілі жайыт. Осы нығметтердің санын және құнын ұлы жаратушыдан басқа ешкім білмейді. Сонымен қатар, осы жаратушыдан басқа ешқандай ақыл иесі нығметтердің мәнін толықтай жете аңғару жолын көрсете алмайды. Демек, берілген осы нығметтердің қарымдасы ретінде рахмет айту, шүкіршілік жасау жолын нұсқайтын пайғамбарларға деген қажеттілік бар.

Ақыл осыншама нығметтердің иесіне шүкіршілік жасаудың қажет екендігін біледі. Бірақ, оны қандай ғибадаттармен, қалай шүкіршілік жасауға болатынын өз деңгейінде білмейді. Осы жағынан адамның пайғамбарға деген мұқтаждығы сөзсіз туындайды.

2. Өмірдің жалғасуы және әлеуметтік тәртіптің сақталуы үшін нубууатқа деген мұқтаждық бар.Алла адамдарды емтихан алу мақсатында осы дүниеде белгілі бір уақытқа дейін өмір сүруін қамтамасыз етіп жаратқан. Адам тіршілігінің жалғасуы тағамдармен байланыстырылған, тірі және ұзақ өмір сүруді адамдарға ұнамды еткен. Егер Алла адамдарға әмірлер мен тиымдарды жүзеге асырмауды міндеттемегенде пендешілікпен құмарлықтарының жетегінде кете барытыны сөзсіз. Ал бұл адамды үнемі жақсылыққа алып бармайтыны белгілі. Осындай теріс жолдардың нәтижесінде адамдар арасында тартыс, алауыздық пайда болып, бір-бірінің көзін жоюға алып барады. Сондықтан, адамдардың өз құқықтары мен міндеттерін білуі, осы құқық пен жауапкершілік аясында қауіп-қатерден аулақ болып, өмірлерін одан ары тыныштыққа жалғастыруы үшін марапаты мен жазасы бар халалдар мен харамдарды белгілеу, әмірлер мен тиымдар қою қажет. Бұлар адамдардың пайғамбарға деген қажеттілігін көрсетеді.

3. Адамдарға пайдалы және зиянды нәрселерді үйрену үшін пайғамбарларға деген қажеттілік бар. Алла жаратылыстарды зиянды және пайдалы етіп, екі түрлі статуспен жаратқан және әрбір нәрсенің азабы мен лаззатын белгілеген. Осылай, азап алып келетін нәрселердің нәтижесі жазаға, лаззат алып келетіндердің соңы марапатқа алып баратынын ескерткен. Адамның үміт пен қорқыныш арасында өмір сүру қажеттігі тапсырылған. Зиянды мен пайдалы жүйе ішінде жаратылған адам ненің зиян, ненің пайдалы екендігін түбегейлі біле бермейді. Оның өмір мен қоршаған ортаға деген білімінің саяздығына байланысты ескертуші Алланың жіберген пайғамбарына мұқтаж.

4. Өнер мен кәсіп түрлерінің дамуы үшін нубууатқа қажеттілік бар. Бастапқы кезден-ақ пайғамбарлар қоғамға қажет бейбітшілік, азық-түлік, көбею, білім алу, өнер түрлері, емшілік және кәсіп меңгеру салаларында маңызды рөлдерді ойнаған. Кейбір пайғамбарлар белгілі кәсіп иесі ретінде аталады. Демек, өркениеттің дамуында пайғамбарлыққа деген қажеттіліктің туындайтыны сөзсіз.

5. Ақылдың жеткілікті деңгейде білім көзі болмағандықтан нубууатқа деген мұқтаждық бар. Білімділердің өзі діни және дүниелік істерде өз пайдасына қажет нәрселерді білуде бір-бірінен ерекшеленеді. Бірінде бар түйсік, келесісінде болмауы мүмкін. Құлдар өздеріне пайдалыны өздері білмей жатады, ал Аллаға олардың барлығы мәлім екендігі даусыз. Міне, Алланың құлдарына пайдалыны жеткізу үшін пайғамбарлыққа қажеттілік бары рас.

6. Ақылдың қателесуі нубууатқа деген қажеттілікті дәлелдейді. Дүниелік істер ақылдың өз деңгейінде жұмыс жасауына кедергі болып жататыны белгілі. Оған мысал ретінде қайғы-қасіреттерді, адам өмірінде кездесетін мазасыздықтар т.б.-ларды атап өтсек болады. Бұлар адам ақылын шаршатады, миын ашытады және анық, жасырын құпиялардың мәнін тануға тосқауыл болады. Нәпсілік қалаулардың қуаттылығы, дүниелік лаззаттардың көптігі ақылдық қабілеттің әлсіреуінде басты рөлді ойнайды. Осындай жағдайларға байланысты адамдарға тура жолды көрсететін, дұрыс жолды табуда қиындық тудыратын жағдайларда жолбасшылық жасайтын Алла елшісінің болуы тиіс немесе адамдар Алла елшісінің жолбасшылығына мұқтаж.

7. Адамдар арасындағы қайшылықтарды жөнге салатын пайғамбарлыққа қажеттілік бар. Адамдар келіспеушілікке тап болған кезде, абыройлы адамдарға жүгінетіндігі таптырмас әдіс болып табылады. Адамдардың келісе алмайтын тақырыптарда қайсысы ақиқат екендігін дәлелдей мақсатында мұғжиза арқылы ақиқатты дәлелдейтін пайғамбарлардың жіберілуі деген қажеттіліктің бары даусыз.

Пайғамбарлардың ерекшеліктері. Пайғамбарлар адамдық ерекшеліктері жағынан біз сияқты адамдар. Олар тағам жейді, сусын ішеді, бала-шағалы болады, қартаяды және соңында дүние салады. «قُلْ اِنَّمَاۤ اَنَا بَشَرٌ مِثْلُكُمْ يُوحٰىۤ اِلَيَّ اَنَّمَاۤ اِلٰهُكُمْ اِلٰهٌ وَاحِدٌ» (Мен сендер сияқты адам ғанамын. Маған құдайларың тек бір құдай екендігі уахи етілді де.) (Кахф 18/110).

Сонымен қатар өзге адамдар сияқты пайғамбарлар да адамдарға таблиғ еткен жасайтын нәрселермен жауапты етілген. Олар да Алланың әмірлері мен тиымдарына жауапты: «فَلَنَسْـَٔلَنَّ الَّذينَ اُرْسِلَ اِلَيْهِمْ وَلَنَسْـَٔلَنَّ الْمُرْسَلينَ» (Пайғамбар жіберілгендерден сұраймыз, пайғамбарлардан да сұраймыз) (Араф 7/6).

Осылармен қатар пайғамбарлардың бірнеше уәжіп сипаттары бар. Оларға міндеттелген істі орындау үшін пайғамбарлардың адамдардан жоғары осындай сипаттары болуы тиіс. Пайғамбарларға тән сипаттар мыналар:

1. Сыдқ – шыншылдық деген сөз. Пайғамбарлар – тура сөзді. Алланың пайғамбар жіберудегі мақсаты – адамдардың оған сендіруі, осының нәтижесінде құдайлық әмірлер мен тиымдарға бой ұсындыруы. Осы мақсаттың жүзеге асуы үшін пайғамбарлардың шыншыл болуы тиіс. Құранда Ибраһим пайғамбар жайлы:

«وَاذْكُرْ فِي الْكِتَابِ اِبْرٰهيمَ اِنَّهُ كَانَ صِدّيقًا نَبِيًّا» (Кітапта Ибраһимді де еске ал. Өйткені ол шындыл (тура сөзді) пайғамбар болатын.) (Мариям 19/41).

2. Аманат – сенімді болу мағынасын білдіреді. Пайғамбарлар – адамдар ішіндегі ең сенімдісі. Олар сенімсіздік тудыратын нәрселер істемейді. Пайғамбарлар аманатқа ерекше мән береді, қиянаттан үнемі аулақ болады. Себебі, сенімді болмаған адам сөзінде тұрмайтындықтан, ондай адам пайғамбарлық міндетті атқара алмайды. Құран Кәрімде былай баяндалады: «وَمَا كَانَ لِنَبِيٍّ اَنْ يَغُلَّ وَمَنْ يَغْلُلْ يَاْتِ بِمَا غَلَّ يَوْمَ الْقِيٰمَةِ ثُمَّ تُوَفّٰى كُلُّ نَفْسٍ مَا كَسَبَتْ وَهُمْ لاَ يُظْلَمُونَ» (Ешбір пайғамбардың аманатқа қиянат етуі мүмкін емес. Кім қиянат жасаса, қиямет күні қиянат жасаған нәрсесімен келеді. Одан соң ешбір хақсыздық орын алмастан, барлығына істеген нәрсесінің жауабы беріледі.) (Али Имран 3/161).

3. Исмат – күнәлардан сақтандырылған болуы деген сөз. Пайғамбарлар – күнәсіз, ешқандай күнә істемейді.

Мутазила ғұламадары арасында Қади Абдулжаббардің пікірі бойынша пайғамбарлардың пайғамбарлықтан бұрын және кейін жек көрушілік сезімін ояндыратын үлкен және күнә күнәлардан пәк болуы тиіс. Өйткені, пайғамбар жіберілгенде олар Алланың қамқорлығына алынған. Осылай Алла пайғамбарын адамдардың бой ұсынуына кедергі жасайтын нәрселерден сақтандырылады. Алайда жек көрушілік сезімін оятпайтын, тек сауапты ғана азайтатын адамды сенімділік шартынан шығармайтын кіші күнәларды істеуі мүмкін.

Әбу Али әл-Жуббаи пайғамбарлардың пайғамбарлықтан бұрын үлкен күнәларды істеуі жайыз деп есептеген. Сонымен қатар, Әбу Али мен Әбу Хашим пайғамбарлардың өшпенділікке алып бармайтын күнәларды әдейі, саналы түрде істеуі мүмкін деп санаған.

Әһли сунна каламшыларының пайғамбарлық исмат сипаты туралы көзқарастарын былай тізбектеуге болады:

А) Діни үкімдерді таблиғ жасаумен және үмметіне жолбасшылық жасауға қатысты тақырыптарда пайғамбарлар өтіріктен сақтандырылғандығы бір ауыздан мақұлданған.

Ә) Пайғамбарлар уахиден бұрын және уахиден соң күпірлік пен ширк күнәсінен таза болғандығы ижмамен қуаттандырылған.

Б) Пайғамбарлар пайғамбарлықтан соң саналы түрде үлкен күнә істеуден сақтандырылған. Ал пайғамбарлықтан бұрын олар саналы түрде үлкен күнә істеуі мүмкін.

В) Пайғамбарлар уахиден бұрын, уахиден соң қателікпен үлкен күнә істеулері мүмкін. Бұл исмат сипатына зардабын тигізбейді.

Г) Набилердің кіші күнәларды өмір бойынша саналы түрде немесе қателікпен істеуі мүмкін.

4. Фатанат – ақылды болу деген сөз. Пайғамбарлардың ақылды болуы тиіс. Өйткені, Алладан алған хабарларды сақтай білу, адамдарға таблиғ жасай білу және осы жолдағы қиындықтарды жеңе білу үшін пайғамбарлардың ақылды болуы қажет екендігі даусыз.

5. Таблиғ.Адамдарға жеткізу, насихаттау деген мағынаны білдіретін таблиғ діни термин ретінде пайғамбарлардың Алла тарапынан берілген құдайлық әмірлер мен тиымдарды адамдарға жеткізуі деген сөз. Пайғамбарлардың құдайлық әмірлерді құпия сақтауы мүмкін емес.

Сонымен қатар пайғамбарлар құдайлық әмірлер мен тиымдарды таблиғ жасаған кезде, оларға түсініктеме жасау және өз өмір-тіршіліктерімен үлгі болу міндетін де атқарады.

Осы тақырыптармен қатар пайғамбарлардың ер адамнан немесе әйелден болуы мәселесі бойынша ашарилер мен матуридилер арасында келіспеушіліктер бар. Ашарилердің пікірі бойынша әйелдер арасынан да пайғамбар болған. Ал матуридилер пайғамбарлық тек ерлермен болуы тиіс деп есептейді. Ашарилер Мұса пайғамбардың анасына уахи етілгендігін (Қасас 28/7) және хазіреті Мариямның таңдалғандығын (Али Имран 3/42; Мариям 19/17) дәлел ретінде ұсынады.

Бұған қайшы түрде матуридилер: «وَمَاۤ اَرْسَلْنَا قَبْلَكَ اِلاَّ رِجَالاً نُوحيۤ اِلَيْهِمْ فَسْـَٔلُوۤا اَهْلَ الذِّكْرِ اِنْ كُنْتُمْ لاَ تَعْلَمُونَ» (Біз сенен бұрын да уахи берген адамдардан (ражул/ер адамдардан) басқасын пайғамбар ретінде жібермедік. Білмесеңдер білгендерден сұраңдар) Анбия 21/7) – деген аятты дәлел ретінде келтіреді. Хазіреті Мұса пайғамбардың анасына уахи етілгенді Алланың бал арасына уахи етуі (Нахл 16/68) сияқты нәрсе екендігін және оның пайғамбарлық дәрежеге жетелемейтінін қуаттады.

Пайғамбарларға жайыз нәрселер. Пайғамбарлар – біз сияқты адамдар. Адамдық жағынан қатардағы адам мен пайғамбар арасында айырмашылық жоқ. Пайғамбарлар әдеттегі адам сияқты тамақ жейді, сусын ішеді, жүреді, үйленеді, бала-шағалы болады, науқастанады және өледі. Бұлар - пайғамбарлар үшін жайыз және мүмкін нәрселер.

Пайғамбарлардың саны және есімдері.Алғашқы адам және алғашқы пайғамбар – Хазіреті Адам мен соңғы пайғамбар – Хазіреті Мұхаммед арасында бірнеше пайғамбарлар келген.

«وَلَقَدْ اَرْسَلْنَا رُسُلاً مِنْ قَبْلِكَ مِنْهُمْ مَنْ قَصَصْنَا عَلَيْكَ وَمِنْهُمْ مَنْ لَمْ نَقْصُصْ عَلَيْكَ» (Саған дейін де пайғамбарлар жібердік. Олардың арасынан саған баяндағандар да бар, саған баяндалмағандар да бар) (Мумин 40/78), - деген аят Құран Кәрімде барлық пайғамбар баяндалмағандығын мәлімдейді.

«وَلِكُلِّ اُمَّةٍ رَسُولٌ» (Әр үмметтің бір пайғамбары бар) (Юнус 14/47) деген аят көптеген пайғамбар жіберілгендігін баян етеді.

Кейбір хадистерде 124 мың, тіпті, 224 мың пайғамбар жіберілгендігін, осылардың ішінде 315-і расул болғандығын мәлімделген (Ахмад бин Ханбал, Муснад Ү 266).

Құран Кәрімде есімдері баяндалатын пайғамбарлардың саны – 25. Олар: Адам, Идрис, Нух, Худ, Салих, Лут, Ибраһим, Исмаил, Исхақ, Яқуб, Юсуф, Шуайб, Харун, Муса, Даууд, Сулайман, Әйюб, Зулкифл, Юнус, Ильяс, Аляса, Закария, Яхя, Иса және Мұхаммед.

Осы аталған пайғамбарлардан басқа Құранда Узайрдың, Лоқманның және Зулқарнайнның аты да баяндалады. Осы үшеуі пайғамбар ма әлде Алланың уали құлдары (әулие) ма екендігі туралы бір шешім жоқ.

Пайғамбарлардың дәрежесі мәселесі. Құран Кәрімде пайғамбарларға ешқандай айырым жасамаған: «اٰمَنَ الرَّسُولُ بِمَاۤ اُنْزِلَ اِلَيْهِ مِنْ رَبِّه وَالْمُؤْمِنُونَ كُلٌّ اٰمَنَ بِاللهِ وَمَلٰۤئِكَتِه وَكُتُبِه وَرُسُلِه لاَ نُفَرِّقُ بَيْنَ اَحَدٍ مِنْ رُسُلِه وَقَالُوا سَمِعْنَا وَاَطَعْنَا غُفْرَانَكَ رَبَّنَا وَاِلَيْكَ الْمَصيرُ»

(Пайғамбарлар Раббы тарапынан өзіне түскенге иман келтірді, мүміндер де (иман келтірді). Барлығы Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, пайғамбарларына иман келтірді. Алланың пайғамбарларынан ешбірі арасында айырым жасамаймыз. Есіттік, бой ұсындық. Ей Раббымыз, кешіріміңді паналадық! Қайту саған, - деді) (Бақара 3/285).

Осы мағынамен қарастырылғанда аятта анық баяндалып отырғаны даусыз. Мүмін Алла тарапынан жіберілген пайғамбарлардың барлығына иман келтіреді. Ал ардақты Мұхаммед пайғамбарға иман келтірмеген яһудилер мен христиандарға осы аятқа сай айыпталады.

Пайғамбарлардың барлығына иман келтіру тұрғысынан араларында айырмашылық жоқ болғанымен кейбір пайғамбарлардың жоғары дәрежені иеленетіндігі баяндалады:

«تِلْكَ الرُّسُلُ فَضَّلْنَا بَعْضَهُمْ عَلٰى بَعْضٍ مِنْهُمْ مَنْ كَلَّمَ اللهُ وَرَفَعَ بَعْضَهُمْ دَرَجَاتٍ» (Сол пайғамбарлардың кейбірін өзгелерінен жоғары қылдық. Алла олардың кейбірімен сөйлескен, кейбірін дәрежесін жоғарылатқан.) (Бақара 3/253)

Осы тұста пайғамбарлардың дәреже жағынан жоғарылығын олардың мойнына жүктелген міндеттері мен жауапкершіліктеріне байланысты бағалауға болады. Демек, кейбір пайғамбарларға өзгелерімен салыстырғанда анағұрлым ауыр және қиын міндеттер жүктелген. Жүктелген міндеттер мен көтерген жүктің ауырлығы оларды өзгелерден жоғары қылатыны сөзсіз.

Десек те пайғамбарлардың барлығы - өнегелік иесі және жоғары дәрежелі адамдар. Олардың барлығы күнәсіз (масум). Бірақ, кейбіріне өте ауыр міндеттер жүктелген. Осыған байланысты мұсылман ғұламалары кейбір пайғамбарларды ұлылық, жоғарылық мағынасын білдіретін «улу-л-азм» деп атайды және мына аятты дәлел ретінде келтіреді.

«وَاِذْ اَخَذْنَا مِنَ النَّبِيّنَ مِيثَاقَهُمْ وَمِنْكَ وَمِنْ نُوحٍ وَاِبْرٰهيمَ وَمُوسٰى وَعيسَى ابْنِ مَرْيَمَ وَاَخَذْنَا مِنْهُمْ م۪يثَاقًا غَليظًا» (Кезінде біз пайғамбарлардан уәде алдық. Сенен де, Нухтан, Ибраһимнен, Мұсадан, Мариямұлы Исадан да берік ант алғанбыз.) (Ахзаб 33/7).

Демек, «улу-л-азм» пайғамбарлар Хазіреті Нух, Хазіреті Ибраһим, Хазіреті Муса, Хазіреті Иса және Хазіреті Мұхаммед болып табылады.

Осылармен қатар мұсылмандар Хазіреті Мұхаммедті барлық пайғамбарлардан жоғары деп сенеді. Өйткені, ардақты Мұхаммедтың пайғамбарлығы әлемдік, барлық адам баласына жіберілген, оның алып келген діні қияметке дейін күшін жоймайды, ол пайғамбарлардың ең соңғысы және оның үмметі үмметтердің ішіндегі ең қайырлысы.

Наши рекомендации