Дәріс 12. Қоғам философиялық талдаудың негізі.
Қоғам дегеніміз - адамдардың алуан түрлі саналы іс-әрекеті мен қызметінің нәтижесінде қалыптасқан адамдар бірлігі. Адамдар қоғамда өмір сүріп әрекет етеді, ол қоғамның ажырамас бір бөлігі және оған тәуелді. Адамзат қоғамы - табиғаттың ерекше бөлігі, ол табиғаттың ұзақ уақыт эволюциялық даму нәтижесінде пайда болады. Адамзат қоғамы әлемдегі барлық тірі жүйенің ең жоғарғы сапалы даму дәрежесінің көрсеткіші.
Адамзат тарихындағы қоғамның дамуы мен қалыптасуы туралы осыдан жүз жыл бұрын және қазіргі кезде де бірыңғай пікір жоқ. Себебі, қоғамда көптеген жасырын терең құпиялар көп, оларды ақыл-оймен танып білу, дұрыс пікір айту өте қиын. Қоғамды зерттейтін ғылымдар әлі жас деуге болады. Олар: философия, социология, саяси экономия, тарих, демография, т. б., бұлар өздеріне зерттеу объектісі болатын материалдарды әлі толық жинап ала алған жоқ. Огюст Конт (1798-1857ж. ж «Социология» (лат.socialis –социатас қоғам, гр. Logos- ілім сөз) «қоғам туралы ілім» терминін ғылым айналымына енгізді. Ол қоғамды жеке адамдардың жай жиынтығы емес, керісінше олардың өндірістегі қабілетіне, рухани, өнегелік және саяси қызметтерінің дәрежесіне байланысты қоғам жетіледі, әрі дамиды дейді.
Қоғамды идеалистік тұрғыдан танып-білу, әлі күнге дейін басым, оның мәнісі мынада:
1. Қоғамды билейтін күш идея (пікір). Әр дәуір идеяға байланысты өзгереді. Бірақ сол идеялардың өздері қайдан пайда болатыны қаралмады.
2. Қоғамның дамуында объективтік диалектикалық заңдылық және детерминистік (себептік) байланыс бар екені ескерілмеді.
3. Тарихты жасаушы кім деген сұраққа - ақылы биік жеке адамдар, яғни, қаһармандар, патшалар деп, халықтың шешуші рөлін ескермеді.
Аристотель Платонның мінсіз мемлекет теориясын сынады, ондағы ортақ мүлік идеясына қарсы шығып жекемешікті қорғады. Оның пікірінше, ортақ меншік еңбекке немқұрайлы қарауға әкеліп, оның жемісін бөлісуде қиындықтар туғызады, әркім аз еңбектеніп көп және сапалы үлесін алуға тырысады, ол достық пен келісімділіктің орнына айтыс пен алдауға алып келеді.
Гегель «адамдар тарихты өз дегенімен жасай салмайды, ол қажетті заңды процесс ретінде дамып отырады. Бұл заңдылық объективті болып табылмайды, олар сырттан ендірілген абсолюттік идеяның қозғалысынан туады» деп пайымдады. Сондықтан ол тарихи дамудың шын процесін бұрмалады, бірақ алғашқы болып, қоғам дамуының заңдылығын айтты.
Неміс ғалымы Макс Вебер (1864-1920 жж.). Тарихты үш шартты кезеңге бөлді. Дәстүрлік, феодалдық капиталистік деп бөлудегі орталық мәселе - қоғамдағы біреулердің екінші біреулерге үстемдігі, оның пайда болу себептері мен түрлері. Вебердің пікірінше, үстемділіктің үш сипаты болады: дәстүрлік, харизматикалық, рационалдық.
1. Дәстүрлік: қоғамдағы қожайын мен бағынышты адамдар арасындағы қатынастарды экономика немесе әкімшілік емес, идеологияның көмегімен ұзақ уақытта қалыптасқан дәстүр анықтайды. Және бағынышты кісінің берілгендігіне сүйенеді.
2. Харизматикалық үстемділік - билеушінің жеке өзінің ерекшелігі. Оның айналасындағы адамдар оны жерге табиғаттан тыс құбылыс ретінде құдайдың өзі жіберді деп есептеуі.
3. Рационалдық- басқарудың кемелдеген түрі, ол капитализм қоғамында өмірге келеді. Бұл үстемдіктің қабылдаған қаулылары ақылға сыйымды, терең ойлы болады. Вебер осыған сай капитализмді былай сипаттайды:
- өндіріс орындарының табысты болуы. Бұл өндіріс пен еңбекті ақыл-ойдың арқасында ұйымдастыру нәтижесі;
- бірыңғай рационализмді жоққа шығарады, еркін ой, іс-әрекет бәсекесін қорғайды;
- қоғам тарихында діннің де өте үлкен орын алатынын көрсетті. Батыс капитализімнің басты мәні – протестантизм деді. Ол қоғам тарихы мен оның, даму процесіне бірыңғай ғылыми көзқарастың, дәлелді логикалық жауаптың жоқтығы Вебер ілімін көп танымал етпеді.
Негізгі әдебиет:1(217-225),2(48-49),3(87-97),4(14-25,45-55,57-75,76-93,94-107,108-119,120-127)
Қосымша әдебиет:1(249-270),8(101-102)
Бақылау сұрақтары:
1.Қоғам түсінігі. Философия тарихындағы қоғам концепциясы. Әлеуметтік шындықтың түсінігі және негізгі принциптері.
2.Социумның негізгі сферасы: материалдық әлеуметтік, саяси, рухани.
3.Биосфера мен ноосфера.
4. ХХ ғ философиясындағы қоғамның модельдері мен теориялары.