Ысқарған атаулар

Байырғы түріктердің діні, дүниетанымы және тәңірі ұғымы

Дүниетаным, халық арасындағы қолдануына байланысты жинақталған ақпарат қоры немесе ол адамның өмірге деген көзқарасы, бір жетістікке жету жолындағы іс-шара немесе ұстанған ұстанымы түрінде де түсіндіріледі. Дүниетаным дегеніміз не? Көптеген жазушылар әр түрлі түсініктемелер ұсынды. Мысалға алсақ, Джамес Сайр (James Sire) [1] дүниетанымды - әлемнің негізгі құрылымы жайында алған болжамдарымыз (немесе пікірлеріміз) дейді. Филипс пен Броун (Phillips and Brown) дүниетаным дегеніміз алдымен дүниенің анықтамасы мен ол жайындағы қалыптасқан пікірі, содан кейін бұл көзқарастың (пікірдің) өмірде қолданылуыдейді [1.10-15]. Қысқаша айтқанда, дүниетаным дегеніміз дүниенің бір көрінісі мен соған деген көзқарасымыз екен.

Енді осы негіздерде дүниетанымның маңыздылығын түсіндік. Адам атқарған әрбір істің сол адамның дүниетанымы негізінде немесе бұйрық беруші адамның дүниетанымы негізінде қаланғандығын түсіну қиын емес. Ендеше ұлан байтақ Азия даласында өмір сүрген, халықтардың географиялық орналасуын бірнеше рет ұлы көштерімен өзгерткен, қытай сынды ұлы халықты бірнеше рет бағындырып адамзат өнерінің қайталанбас кереметі қытай қорғанының тұрғызылуына себеп болған байырғы түрік қауымдарының дүниетанымы еш күмәнсіз олардың дініне, тіліне, салт-дәстүріне әсер еткені қақ.

Олардың діні қандай еді және артында қалдырған жазба мұраларында осы жайлы айтылды ма? Бұл дүниетанымдары солардың ұрпағы саналатын халықтардың салт-дәстүрлерінде, наным сенімдерінде, тілінде, әдебиетінде сақталды ма? Шет ел тарихшыларының зерттеулері мен ізденістерінде осы тақырыптың қаншалықты орын алғандығын қарастыратын боламыз.

Түріктердің дүниетанымының бастау бұлағы, қайнар көзі – ТАБИҒАТ. Табиғаттың құбылысын, оның ритімін өзгертпестен философиялық ой-тұжырымының, дүниетанымының арқауы еткен. Бұл, табиғатпен біте қайнасып бірге өскен, соның өзгеріс, құбылысын жіті бақылайтын көшпелілер әулетінің сезіну, сезінген түсінікті рухани байлыққа айналдырып үлгеруінің жемісі. Көптеген салт-дәстүрдегі наным, тыйымдар осы табиғатпен біте қайнасудан туындаған, көптеген жылдар бойы практикадан өтіп екшелген ұғымдар жиынтығы болып саналады. «Жаз жайлау, қыз қыстау, күз күзеу» сияқты ұғымдардың табиғат бесігі даланың мал аяғынан тозып кетуін сақтау екенін түсіну қиын емес. Ал әр малдың киесі ұғымы көшпелілердің тіршілігінің қайнар көзі болған шаруашылығының ұлықталуы болса, жер-судың киесі ұғымдары тіршілік көзі тал-бесік табиғаттың аялануы. Осы табиғатты жаратушыны «тәңірі» деп танып, оның туындысы табиғатты аялау арқылы оған құрмет көрсетілген. Бұл үрдіс қазірге дейін осы халықтардың жалғасы боп саналатын көптеген халықтардың салт-дәстүрінде орын алған.

Осындай түсініктермен тәңірінің жаратқан әрбір жаратылысына өзінше баға беріп құрметпен қараған. Тек тәңіріні ғана жалғыз деп ұғып қалған жаратылыстың барлығына балама, яғни қос тауып өздеріне тән екілік дүниетаным жүйесін ойлап тапқан. Оны қазіргі түріктер «екі жұлдыз» (iki yildiz), моңғолдар «арга-билиг», қазақтар «амал-білік» деп атауда.

Көшпелілердің екі негіздік амал, білік жүйесі дуалистік дүниетаным. Көшппелілердің дуалистік жүйесі сапалық жағынан Еуропа халықтарының дуалистік танымынан мүлдем басқаша түсінік береді. Еуропа түсінігінде болмыс бірі мен бірі күресіп, бірін бірі жою арқылы дамып алға жылжиды деген ұғымда болса, байырғы түріктер амал мен білік бірін бірі толықтырып, байланысу арқылы дамып алға жылжыйды деп түсінеді.

Тәңір – байырғы түрік халықтарында аспандағы құдайдың аты. Бұл ұғым Хунну (Сюн-ну, Гун) дәуіріне дейін орнығып (б.з.б. ІІІ ғасырға дейін) кейіннен осы көшпелі ұлы дала империясының идеологиясына айналып кейінгі түркі империяларына да идеологиялық алтын қазық болғаны қақ. Бұл жайында қытай деректерінде хуннулардың билеушілерін «Танг-ли кү-тү» (Тәңіріқұты), «Тәңірі текті Шаньюй» (Мао-тун) деп ұлықтағанын білеміз. «Тәңірі» сөзін алтай текті халықтардың ішінде кең таралуына қарап ақ осы сөздің түп төркінінің қаншалықты алысқа кетерін болжау қиын емес (Қазіргі глотогенез теориясы негізінде бұдан 10000-4000 жыл бұрын арғы моңғол, арғы түрік, арғы манжур тілеріне ыдыраған) (История древнего востока. Москва, 1979. 510 стр.). Тәңірі сөзін: алтайлықтар – тенгри, тенгери; моңғолдар – тэнгэр; шорлар – тегри; хакастар – тигир, тер; чуваштар – тура; сахалар – тангара; буряттар – тэнгэри; тувалар – дээр; қалмақтар – тэнгер деп атаған.

Ежелгі және байырғы түріктердің діні әлі де толық зерттеле қойған жоқ. Іш-оғуз (скиф), сақ, хунну, көк түріктердің дінін ол дәуірде қалай атаған, оның жүйесі қандай, дін бе әлде наным-сенім бе дегенге күні бүгінге дейін толық жауап берілмей келеді. Байырғы түріктердің наным – сеніміне арнайы қалам тартқан ғалымдар саусақпен санарлықтай ғана. Бұл мәселеге ең алғаш арнайы назар қойып зерттеген ғалымдар француз Ж. - П.Ру (15,16,17,18), ресейлік И. В. Стеблева (20), С. Г. Кляшторныйлар (8) болды. Байырғы түрік дінімен манихей дінінің байланысы қақында М.Майлард (11) біраз тереңдеп зерттеу жүргізді. Орта және Орталық Азия халықтарының ХХ-ХХІ ғасырға дейін сақталып келген шаманизмнің жора-жосындары мен жекелеген оңғындары (культ) шеңберінде, олардың байырғы түрік оңғындарымен тікілей сабақтасытығын Л.П.Потопов (13), Анохин (2), С. Д. Майнагашев (9), Ш.Ш.Уәлиханов (24), Н. Ы. Дыренкова (7), Г. Д. Санжаев (19), Н. А. Алексеев (3), О. Пүрэв (14), А. Т. Төлеубаев (23), С. М. Абромзон (30), П. Пельо (12), Г. П. Снесарев (21) с.с. ондаған ғалымдар ғылыми еңбектерінің зерттеу объектісіне айналдырып келді. Бірақ бұл ғалымдар ежелгі және байырғы түрік, моңғол, манжұр-тұңғұс халықтарының дүниетанымын, рухани ұстанымын наным-сенімін (верия) деп дәлелдеп келеді. Қазіргі ғылымда наным-сенім дегенді білімге негізделмеген белгілі бір құбылыстың ақиқаттығына илану, табиғаттан тыс күштерге көзсіз сену деп түсіндіріледі.

Байырғы түріктердің дінін ғылыми тұрғыда арнайы қарастырған алғашқы үш ғалымның тұжырымдарымен танысалық.

Француз зерттеушісі Ж.-П.Ру: «Байырғы түріктердің қаған оңғыны (культ) нағыз халықтық дін (тайпалық және рулық) болғаны айқын емес» (15. 7-8) дей келе діннің деңгейіне жетпеген тек қана наным-сенім деген тұжырым жасаудан аса алмаған. Ал, И. В. Стеблева байырғы түріктердің дінін тағы да сол наным-сенім шеңберінде қарастыра отырып оларды көп құдайлыққа алып барған. Олар, ең жоғарғы дәрежеде Тәңір, одан төменгісі Умай, одан соң Иер-сув (жер-су) төртінші дәрежедегісі Ата-баба аруағы (культ) деп бөліп қарастырған (20.213-217).

С. Г. Кляшторный байырғы түріктердің діні «шаманиз» деп қарастыра отырып, әлемді жоғарғы, ортаңғы, төменгі деп бөледі. Жоғарғы әлемнің құдай Тәңір, ол барлық жанды жансыз дүниеге әсер етеді (8. 131-132). Умай - Аналық әулеттің көрінісі (бейнесі) сәбилердің қорғаушысы, аналық құрсақ (8. 133). Ал, Жер-су Ортаңғы әлемнің бас құдайы (8.134). Төменгі әлемнің құдайы Эркліг (8.125-129) деп әлемді үш құдайға бөліп береді. Сөйтіп байырғы түріктердің дінін көп құдайлық наным-сенім дәрежесінде алып қарастырған. Онымен бірге байырғы түріктердің дүниетанымын мифке (қиял аңызға) айналдырып жіберген.

Белгілі түріктанушы Қ.Сартқожаұлы байырғы түрік халықтарының дүниетанымын зерттеудегі кеткен олқылықтарды былай түсіндіреді: Жоғардағы зерттеушілер байырғы түрік діни ұстанымын бүгінгі Сібір халықтарының шаманизмінің деңгейінде қарастырды. Ғалымдардың бұл тұжырымын біз қабылдай алмаймыз. Себебі:

1. Хунну, түрік, моңғол империяларының империялық идеологиясының алтын бағынасы болған, сол ұлы империяларды орнатқан, олардың іс-әрекетіне алтын арқау болған көне дінмен бүгінгі Сібір халықтарының шаманизімінің арасында жер мен көктей аса үлкен айырмашылық бар. Сібір халықтарының шаманизмі империя орнатқан идеология болушы көне діннің әбден ұмтылып, жойылып бітіп, содан қалған жекелеген қалдықтары (реликт) ғана.

2. Жоғарыдағы зерттеушілер ежелгі Хунну, байырғы түрік, орта ғасырлық Моңғол империясының ұстанған дінін арнайы қалыптасқан жүйесі (система) бар екенін қарастырмаған (29).

Міне, осы екі себептен болып байырғы еуразия көшпелі халықтарының діни ұстанымын наным-сенім деп қарастырған.

Жоғарыдағы зерттеушілер арасында немістің атақты ғалымы Г. Дөрфер мен Сартқожаұлы Қ. ойы бір жерден шығады. Г.Дөрфер, байырғы түріктердің діні, дін дәрежесіне көтерілгенін баса айта отырып, бұл дін монотейзмге (бір құдайлыққа) жақын деген тұжырым жасаған және байырғы түріктердің дінін «тәңірлік» (тенгризм) деп атай отырып: «... бұл дін даму тарихында үш кезеңді басынан өткізген болуы әбден мүмкін. Олар: тотемдік, шамандық және тәңіршілдік (sit venia verbo)» - деген қортындыға келген (6,580). Біз белгілі де белді ғалымның бұл тұжырымын қолдай отырып, ары қарай байытуды мақсат тұттық. Діннің негізгі көрсеткіші немесе трансцендентті философиялық бастауы не? Олар:

1. Құдай көкте де, жерде емес

2. Құдай тумайды, туған жоқ

3. Ол дүние, бұл дүние болу керек

4. Пейіш, тозақ бар

5. Ақыр заман болу керек

6. Дін бүкіл этностың, халықтың сана-сезімінен орын алып, өмір сүру этикасына сіңіскен болу керек.

7. Болмыстың пайда болуы, өсіп дамуы, өзгеріп құбылуы ұстанып отырған діни дүниетаныммен (философия) өлшену.

8. Ғибадат ететін орын болу шарт

Міне осы 8 көріністі (критерии) бойына сіңірген дін, дін дәрежесіне көтеріледі. Әлемнің қазіргі тұтынып отырған буддизм, иудей, христиан (және котолик), ислам сияқты классикалық діндердің негізгі критері осылар.

Олай болса,жоғарыдағы көрсеткіш бойынша байырғы түріктердің дінін саралап, салмақтап көрелік.

1. Байырғы түріктердің түсінігі бойынша Тәңір (teŋri) жерде емес көкте ол көзге көрінбейді. М: Űze kök teŋri (Жоғарыда көкте Тәңірі) (КТ І.1)

2. Тәңір жалғыз жаратушы. Ол жаралмайды, тумайды(КТ ІV.1)

3. Бұл дүние тіршілік-тірлік. Ол дүниеге адамның жаны ұшып кетеді. Жан жоғалмайды. М: Kűl-tegin qoj jylqa [toquzynčy aj] jiti jigirmike učdy (Күлтегін қой жылы тоғызыншы айдың он жетісі күні ұшты) (КТ. ІІ.14)(10,170) Бұл сөйлемде Күлтегіннің жаны ұшып кеткенін сөз етіп отыр. Ал, сүйек жерде қалады.

4. Ұшқан жан жоғалмайды. Ол дүниеде не жақсылық, не қиыншылық көреді. Олай болса тозақ, пейіш мәселесін бұнда қабат сөз ете білген.

5. Тәңір мен жер киесіне ұшырағанда ақыр заман болады. Адамзат, ағайын туыс өз ара арпалысады. М: Teŋri jer bulγaqyn űcűn (Тәңір мен жер киесіне ұшырағаны үшін) (КТ. ІІ. 4) (10. 177) деген сөйлемдер бұған дәлел бола алады.

6. Байырғы түрік мәтіндерінде жаратушы-бір Тәңірдің көрсетуімен әр бір жанды, жансыз болмыс өмір сүреді деген түсінікте болған. Оны екі негіз үш дәуір (екі jyltyz űč öd) деп атаған. Бұл байырғы түріктердің дүниетанымының негізгі философиясы(5. 217-228)

7. Байырғы түріктердің «екі негіздік» дүние танымын түрік әлемнің барлық болмыс бітімін жұптық жүйеге сыйдырады. Онда:

· Мемлекеттік жүйеде: Тардуш, төлес (оң, сол қанат);

· Басқару жүйесінде: ябғу, шад.

· Қоғамдық иерархияда: Аталық, аналық әулет (хандас, сүйектас)

· Музыкада: Қос ішек;

· Суретте: Аталық, аналық символдары

· Тілде және графикада дауысты дыбыстың сингорманизмы және дауыссыз дыбыстың консононтизмі:

· Философиялық дүние танымда: Амал мен білік. т.т.с.с. өмір мен өлім арасындағы болмыс пен құбылысты осы «екі негізге» оның Амал мен Білік жүйесіне негіздеген (10. 89-91)

8. Г. Дөрфердің тұжырымдағанындай тотемдік, шаманизімдік кезеңінде үңгірге, киелі тауға тәу етіп ғибадат жасаса, Көк түрік империясы орнағаннан кейін ұлы адамдарына арнап тұрғызған шіркеуге (барыққа) барып тәу ететін болған. Ол барықта адамның сүйегін орыналастырмайды. қойылмайды. Ондай барық (шіркеу) орны Моңғол жерінде жүздеп саналады. Мысалы Күлтегін, Білге қаған, Тұй ұқық, Күллі-чор т.т.с.с. киелі кешендер байырғы түріктердің тәуетіп, ғибадат жасайтын орындары. (10, 48-51; 294-321). Хуннулар барық (храм) тұрғызып тәуетіп, ғибадат жасайтыны туралы мәлімет қытай деректерінде сақталған.

Осылайша, трансценденттік танымдық бастаулар байырғы түріктердің ұстанған діні, сол дәуірдің өзінде дін дәрежесіне көтерілгенін дәлелдейді.

Көшпелілердің рухани байлығы болған діні, түсінігі бүкіл халықтың сана-сезіміне, дәстүр-салтына, жадына, ханына өшпестей боп сіңгендіктен ежелгі және байырғы көшпелілер бір идеологияны ұстанып, жұмылған жұдырықтай топтаса білген.

Идеологияның ұйытқысы жаратушы - бір Тәңір. Тәңір киесіне қалу, тәңірдің қаһарына ұшырау адамазатты ақырзаманға апарады. Тәңірдің жердегі өкілі – қаған. Қаған «Тәңір текті, Тәңір жаратқан» (КТ. ІІІ.1). Тәңірдің - жаратушының қолдауымен ұлы қаған мәңгілік елорнатушы. Мәңгілік ел-орталықтанған төр (билік). Бір орталықтан, құдіреті күшті Тәңірісінің бұйрығымен биліктің (төрдің) тізгінін қолға ұстап бүкіл бұқара халықты жақсылыққа жетелуші – Қаған. Қағанға қарсы келу Тәңірдің ісіне қарсы келу. Міне бұл жағынан алып қарасақ байырғы түрік діні, орталық билікке қызмет ететін дін. Орталық биліктің ең негізгі идеологиясы. Бұл жағынан ежелгі қытайлықтардың Конфуци (Күнзі) ілімімен ұштасады.

Түріктердің тәңірлік діні қақында О. Сүлейменов: «Христиан құдайы пайда болардан бұрынғы 4-мыңжылдықта философиялық ілім ретінде қалыптасып үлгерген, Семит және үнді-иран діндерінің анасы болған, ежелгі Мысырдың діни жораларына елеулі ықпал еткен жер бетіндегі ең ескі дін – Тәңір діні өз зертеушілерін күткеніне көп уақыт болды. Оның теологтарға да, атеистерге де берері мол» (22.271), - деп аты шулы әйгілі «АЗ и Я» кітабында жазған еді. Бұл, Тәңір діннің тым көнелігін сезіне мойындай бастаудың басы еді.

Тәңір діннің көнелігін мойындаумен бірге оның көнелігін болжамдауға болатындай дерек қазіргі кезде ғылым қорына қордаланып қалды.

Еуразия алып құрлығының шығысы Хянған жотасынан батысы Кавказға дейінгі далалық аймақты ондаған мыңжылдар бойы мекендеген көшпелілер бір құдайылық дінді тұтынып отырған заманда, отырықшы көршілері қытайлар, үнділер, парсылар, славяндар мың құдайылық дін тұтынып отырды. Отырықшы халықтардың әр бір қалашығы мен қаласында, селоларында әр қайсысы жеке-жеке құдай жасап алып, бірі екіншісінің құдайларын қабылдамай жақ-жақ боп қырылысып жатты.

Демек, бір құдайлы-көшпелілер мен көршілес отырған отырқшы халықтар арасында бір деңгейде келісіп алғандай бір құдайылық діндер пайда бола бастайды. Олар: Буддизм б.з.б. VІ-V ғғ-да, иуда б.з.б. VII-VI ғғ-да Конфуцишілдік (Күнзі) б.з.б.551-479 жж-да, Даоцзм б.з.б. VI-V ғғ-да, Христиан б.з.б. І ғғ-да, Ислам б.з. VI ғғ-да өмірге келді. Бұлардың барлығы да көшпелілердің шығыс және оңтүстік жағында шекаралас, көрші аймақтарда пайда болған діндер. Жаппай бір деңгейде бұлайша өзгеруі, барлығы бір деңгейде бір құдайлық дін қабылдауы көшпелілердің Тәңір діннің әсері емес пе екен? Әсері дейтініміз жоғардағы классикалық діндер Тәңір діншілдердің табыну жора-жосынын сәл, сәл ғана өзгертіп алуы. Тәңір діншілдердің екі қолын алға құлаштап жіберіп қос алақанын тосып тілек тілесе, буддистер алға созылған қос алақанды қосып маңдайына тигізіп тағзым ете тілек тілейді. Ал, Ислам діншілдері алға созылған қос қолдың алақанды қос алақанды маңдайға жақындата алып келіп, тілек тілеп, бата жасап болған соң бетін сипайды. Содан кейін Жаратушының орны, оның тумайтындығы, ол дүние мен бұл дүние, пейіш пен тозақ, ақырзаман туралы түсініктердің барлығы ең ежелгі көне дін Тәңіршілдіктің әсері емес пе екен?

Орхон ескерткіштерінің мәтіндерінде – Бөгү қаған (bögű qaγan) - (Тұй. 34). Тұй ұқық пен бірге далалық соғыста бірге жүрген дін басы. Байырғы түрік, моңғолдарда үлкен соғыс, шабуылға шығарда, қандай бір жаққа аттанғанда дін басына айтып, көрсетіп, алдын ала болжатып барып қозғалатын болған. Бұған дейін зерттеушілер Бөгү-қағанды Қапаған қағаның үлкен ұлы деп келген. Дәл осы іспетті дін басшыларының есімі бізге жетті. Бөгү-қаған (Тұй.34 - 50), Бөгү-хан (ТТ. ІІ. А 33), Бөге-будрач (МК ІІ 27); Бөге-Иавғач (Q В N. 396 6)

Байырғы түрік мәтіндерінде тағы да «bes sűŋűs sűŋűsdűkde Kűűli-čor anča bilge čab esi erti, alpy, bökesierti » (Бес жолғы соғыста соғысқанда онда , Күллі-чор білік иесі, сөз иесі болды. Айбары, бөкесі болды) (К4. 17. 4) (10.235).

-«buny jaratyγma böke tutam» (бұны жаратушыма-Бөке[ме] ұсынамын) (Теркін).

ІХ-ХІ ғасыр аралығында жазылып сақталған байырғы жәдігерлерде:

-Anta jeme Linxuanyŋ özentinen ök bögűnkelgin tuγmaqy- Онда тағы Линхуа гүлінен Бөгүн [қайта] тумақ (Uig. ІІ. 44 33)

- Öntűn syŋarqy burxanlar ulusynta bögűlerquvraγynta jaγmur jaγmys teg xua čeček jaγmysyn saqynmys kergek- Ол дүниеде бурхандар елінде, бөгүлер құбырығында (діншілдерге) жаңбыр жауғандай бәйшешек жауатынын ойлау керек (ТТ. V. А 107)

-Yduq bögű biliglig burxan- Киелі бөгүбілікті бурхан (Suv. 89 9)

-On kűčlűg bögű biliglig uγan arzylar- Он есе күшті Бөгү білікті парасат тілектер (SA26)

-bögűelig kűčlűg jaruq teŋri- Бөгү елі (сен) құдіретті, нұрлы Тәңірісің (Мап. ІІІ. 28 8)

-Bajat bergű edgű saŋa aj Bögű Байлық берсін жақсы, ей Бөгү (QBK. 189 7)

- Qajadf joryγly bu ymγa teke, Qutulmas seniŋden aj ersik Böge – таста жүрген бұл ешкімнің текесі, Сенен құтылмас, ей Бөге (QBN. 385 15)

Міне бұл мысалдар байырғы түріктердің дін басын бөге, бөке, бөгү деп атайтынын, дінін де Бөгү деп айтатынына куә боламыз. Өйтсе, көшпелілер тарихын шежіресіне жазып қалдырған қытайдың көне дерекретінде қандай сөзбен жазып қалдырғанын алып көрелік. «Поклоняющся духам, веруют в волков (кит. букв. Ву означает и Волхвов)» (4.231),-деп белгілеген. Өйтсе қытай дерегеінде де «Бөгү» деген атаумен сақталған екен. ХІІІ-ХІV ғасыр мұрасы Кодекс куманикста «Бөгү» деген формамен сақталған (26.56). Моңғолдың құпия шежіресінде «Бөгү», қазіргі Моңғол тілінде «Бөө» деген түрмен сақталған.

Өйтсе байырғы түріктердің дінінің атауы Тәңіршілдік (Тенгрианство) емес «Бөгү» деген атау болмақ.

Көріп отырсыздар, осыдан 30-40 мың жыл бұрын пайда болған, түрік этносының ондаған мыңжылдықтар бойы тұтынған төл мұрасы рухани қазынасы Бөгү (тәңіршілдік) дінінің атауы 21 ғасырға қандай өзгеріспен жеткеніне көз жеткіземіз. Байырғы түріктердің дүниетанымының негізі болған «Бөгү діні» тағыда тереңдетіп зерттеуді күтіп тұрған тың салалардың бірі.


Әдебиеттер

1. James W. Sire. The Universe Next Door. InterVarsity Press, Westmont. 2004.

2. Анохин А. В. Материалы по шаманству у алтайцев. // Сборник Музея антропологии и этнографии. Л, 1924. т. 4.2. с.1-16.

3. Алексеев Н. А. Традиционные религиозные верования якутов в ХІХ-в начале ХХв. Новосибирск, 1975.

4. Бичурин Н. Я. Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена. Т. І. М-Л. 1950.

5. Дмитриева Л. В. Хуастуанифт (Введение, текст, перевод). // Тюркологические исследования. М-Л; 1963. с. 217-228.

6. Doerfer G.Tűrkishe und mongolische Elemente in Neupersishen. Bd. I-III. Wiesbaden. 1965.

7. Дыренкова Н. П. Умай в культе турецких племен. // «Культура и письменность Востока». ІІІ. Баку 1928. с. 120-148.

8. Кляшторный С. Г. Мифологические сюжеты в древнетюркских памятниках. // Тюркологический сборник. 1977. М. 1981.с.117-138.

9. Майнагашев С. Д. Жертвоприношение Небу у бельтиров. // Сборник музея антропологии и этнографии. Т ІІІ. Пг. 1961.

10. Сартқожаұлы Қ. Орхон мұралары. Астана 2003.

11. Maillard M. Les religions de saut occidentalеs. // L̀Asie Centrale Histoire et sivilisation. P, 1977.

12. Pelliot P. Neuf notes sur des questions ďAsie Centrale. // TP. Vol. 26. 1926. pp.212-216.

13. Потопов Л. П. Умай-божество древних тюрков в свете этнографических данных. // ТС-1972. М1973. с.265-286.

14. Пүрэв О. Монгол бөөгий шашин. Улаанбаатар. 2002.

15. Roux J.-P. Ľ̀oriqine céleste de La souveraineté dans les inscriptions paléo-turques de Mongolie et de Sibérie. // Studies in the History of Religions. Leyde, 19596 pp. 231-241.

16. Roux J.-P. La religion des Turcs de ĽOrkhon des VII et VIII siécles. // Revue de Ľhistoire des religions (RHR). P. 1962, t. 161,.№1. pp.1-24. .№2, pp.199-231.

17. Roux J.-P.Tängri. Essai sur le Ciel-Dieu des peoples altaïques. // RHR. P. 1956, T.149, №1,pp.49-82,.№2, 197-237. T. 150. p.1957,.№1, pp. 27-54,.№2, pp.173-212.

18. Roux J.-P. Notes additionneles á Tängri, Le Ciel-Dieu des peoples altaïques. // RHR. P. 1958, t. 154. .№1.

19. Санжаев Г. Д. Дархаты. Л. 1930.

20. Стеблева И. В. Реконструкции древнетюркской религиозно-мифологической системы. // Тюркологический сборник. 1971. М. 1972. С. 217-226.

21. Снесарев Г. П. Реликты домусульманских верований и обрядов узбеков Хорезма. М. 1969.

22. Сүлейменов О. АЗи Я. А-А, 1975.

23. Төлеубаев А. Т. Реликты доисламских верований в семейной обрядности казахов. А-А. ,1991.

24. Валиханов Ч. Ч. Собрание сочинений т. ІІ. А-А, 1984.

25. Бейсенбаев Ж. Арғы түрік тілдері полелит дәуірінің перзенті.// Ана тілі газеті. 2004 .№ 26. б.9.

26. Құрышжанов Ә. Қ, Жұбанов А. Қ. Белботаев А. Б. Құманша – қазақша жиілік сөздік. А-А, 1978.

27. Таңжарық Ж. Шығармалар. А, 1994. б. 234-245.

28. Сартқожаұлы Қ. Байырғы түрік жазуының генезисі. Астана 2007.

29. Сартқожаұлы Қ. Байырғы түрік алфавиті және көне түрік дүниетанымы. Түркология: журнал. 2004, №1. -28-37 б.

30. Абримзон С. М. Киргизы и их этногенетические и историко-культурные связи. Л., 1971.

ысқарған атаулар

КТ – Күлтегін мәтіні

БК – Білге қаған мәтіні

КЧ – Күллі-чор мәтіні

Тұй – Тұй – ұқық мәтіні

Маn ІІІ – Манихей фрагментері (Chotscho III)

МК – Махмуд Қашқари сөздігі

QBH – Құтадғу білік (Герат варианты)

QBK – Құтадғу білік (Кайр варианты)

QBN – Құтадғу білік (Наманган варианты)

Sud – Suvarnaprabhāsa (Алтын сәуле)

ТТ. ІІ – Türkische Turfan – Texte II.

TT. V - Türkische Turfan – Texte V.

Uig II – Uigurica II

Наши рекомендации