Басқа ғажайып жағдайлар.

1. Ирхас – пайғамбарлыққа үміткер болатын адамның пайғамбар ретінде жіберілмей тұрып, оның пайғамбар болатынын дәлелдейтін ғажайып оқиға.

2. Керемет – пайғамбарына шын көңілімен сенген және оған ыждахаттылықпен бой ұсынған уалилерден (әулиелерден) туындайтын оқиға. Негізінде бір әулиенің кереметі оның ұйыған пайғамбардың мұғжизасы болып табылады. Ғажайыптылық жағынан керемет пен мұғжизаның арасында айырмашылық жоқ. Араларындағы ерекшелік мұғжиза пайғамбарда, керемет әулиеде болады. Сонымен қатар мұғжизада пайғамбарлық идеясы орын алса, кереметте орын алмайды.

3. Маунат – тығырыққа тап болған мүмінді Алланың ғажайып жолмен қиындықтан, мазасыздықтан құтқаруы деген сөз.

4. Истидраж – кәпірлер мен күнәһар адамдардың қалауына қарай пайда болатын ғажайып оқиға.

5. Иханат – кәпірлер мен күнәһар адамдардан олардың қалауына қайшы түрде пайда болатын ғажайып оқиға. Мысалы, алаяқ пайғамбарлардың бірі – Мусайламату-л-Каззаб бір көзі соқыр адамға көзі тәуір болсын деп дұға жасаған, сонда оның көретін көзі де көрмей қалған.

Құран Кәрімде орын алған кейбір мұғжизалар. Құран Кәрімде кейбір мұғжизалар баяндалады. Осылардың ең бастылары мыналар:

1. Ибраһим пайғамбар Бабыл (Вавилон) билеушісі Намруд тарапынан отқа тасталған. От Алланың «قُلْنَا يَا نَارُ كُوني بَرْدًا وَسَلاَمًا عَلٰىۤ اِبْرٰهيمَ» («Ей от! Сен салқын бол, Ибраһимге зиян тигізбе!» - дедік біз отқа) (Анбия 21/69) – деген әміріне бой ұсынып, Ибраһим пайғамбарды жақпады;

2. Салих пайғамбардың Самуд қауымының талабы бойынша түйе (мая) шығаруы, Самуд қауымы азғындап түйені союы, осының нәтижесінде Алла Тағаланың қорқынышты жер сілкінісі арқылы оларды құрдымға жіберуі (Шуара 26/141-158).

3. Яқуб пайғамбардың ұлы Юсуфтың көйлегін соқыр болған көзіне сүртуы нәтижесінде көздерінің ашылуы (Юсуф 12/92-96);

4. Мұса пайғамбардың қолындағы аса таяғының жыланға айналуы (Таха 20/17-21), қолын қолтығына сұғып шығарғанда қолының кемістіксіз, аппақ болуы (Таха 20/22; Намл 27/12; Қасас 28/32), асасының Перғауынның алдындағы сиқыршылардың жіптері мен таяқтарын жұтуы (Таха 20/6570), асасын теңізге ұрған кезде, теңіз жарылып, Исраилұлдарының осы жолдан өтуі, одан Перғауын мен әскері өтер кезде, теңіздің қайта жабылып, оларды суға батыруы (Шуара 26/61-66);

5. Сүлеймен пайғамбардың бір құспен сөйлесуі (Намл 27/20-28), құмырсқаның сөзін түсінуі (Намл 27/18-19), Саба патшайымының тағын көзді ашып жұмғанша алып келуі (Намл 27/38-42);

6. Иса пайғамбар Алланың рұқсатымен балшықтан құс жасап, оны үрлеген кезде, оның жанды құс болып ұшуы, өлілерді тірілтуі, туылғаннан соқыр және алапес ауруына шалдыққан адамды емдеуі (Маида 5/110), хауарилердің (апостол) өтінішімен аспаннан дастархан түсіруі (Маида 5/114-115).

Ардақты Мұхаммед пайғамбардың пайғамбарлығының сипаттамасы. Ислам ойлау жүйесі дәстүрінде хазіреті Мұхаммедтың пайғамбарлағына сипаттама беретін көптеген мұғжизалық оқиғалар баяндалады. Оларды ақылдық, сезімдік және хабари деп үш топпен қарастыруға болады:

Ақылдық мұғжиза.Хазіреті Мұхаммедтің пайғамбарлығын дәлелдейтін ең негізгі ақли мұғжиза – Құран Кәрім. Алла әр пайғамбарға сол пайғамбар өмір сүретін қоғамда кең таралған мәселеде мұғжиза берген. Мысалы, сиқыршылық кең таралған кезеңде хазіреті Мұсаға сиқырдың күшін жоятын мұғжиза берілді. Мұхаммед пайғамбар дәуірінде де арабтар арасында әдебиет ерекше дамыған. Құран Кәрім арабтардың әдеби жетістігін артта қалдыратын әрі сөздік құрылымы, әрі мағыналық жағынан мұғжиза болды. Ардақты Пайғамбар арабтарға Құранның ұқсасын дүниеге әкелуді ұсынған, бірақ, олар оның ұқсасын дүниеге әкеле алмай, Пайғамбармен соғысуды таңдаған. Егер олар Құранға ұқсайтын бір туынды дүниеге әкеле алғанда қиын да қауіпті соғысқа бармас еді. Ендеше Құран тәсілі, шешендігі мен терең мағыналығы жағынан арабтар оған ұқсасын дүниеге әкеле алмайтындай мұғжиза болып табылады.

Осылармен қатар, Құран қандай жағынан мұғжиза екендігі жағынан кейбір көзқарас ерекшеліктері орын алған. Мутазилиттердің көпшілігі сөздік құрылымы (назым) мен құралуы (талиф) жағынан Құранның мұғжиза екендігін қуаттайды. Олардың пікірі бойынша Құран өліні тірілту сияқты адамның қолынан келмейтін оқиға болып табылады. Осы себеппен Құран – пайғамбарымыздың нубууатына ұсынылған дәлел. Осылармен қатар сезімдік мұғжизалар, моральдық және тұрмыс-тіршілігіндегі оқиғалар ардақты Мұхаммедтің нубууатын дәйектейтін мұғжизалар ретінде көрсетіледі.

Мутазилиттер ішінде Наззамның өзіне тән көзқарасы да бар. Ол Құранның ғайыптық хабарлар беруі жағынан мұғжиза екендігін қуаттайды. Наззам адамдар ұқсасын дүниеге әкеле алмайтыны жағынан Құранның мұғжиза екендігін мойындады. Бірақ, оның пікірі бойынша адамдар Құранның ұқсасын дүниеге әкелуге қабілетті. Бірақ, Алла адамдардың оны істеуіне шектеу қойған. Шииттік каламшылар Муфид пен Муртаза тарапынан да қуатталған аталған көзқарас «сарфа концепциясы» ретінде танымал.

Құран Кәрім ғылым мен өнерден махрұм халыққа келгенімен, әлемнің жаратылысы мен тәртібі жайлы мәлімет беруі, қаншама ғасырлардан соң дәлелді ғылымдар мойындаған нақты, тұрақты мәліметтерге қайшы келмеуі де оның мұғжиза екендігін көрсетеді.

Сезімдік мұғжиза.Хисси мұғжизалар – ардақты Пайғамбар тірі кезінде адамдар көздерімен көріп, куә болған таңғажайып оқиғалар. Олардың кейбірі ретінде мыналарды атап өтуге болады:

А) Айдың екіге бөлінуі (Бухари, Манақиб 27);

Ә) Қысқа түннің бір сәтінде Масжид Харамнан Масжид Ақсаға баруымен исра және миғраж мұғжизасы (Исра 17/1).

Б) Тастың сөйлеуі (Муслим, Фазаил 2);

В) Алғашқы кездерде жанында құтпа оқыған құрма бөренесін мінбер жасағаннан соң, Пайғамбар мінберге шыққан сайын оның ыңырсуы, осыған орай, пайғамбарымыздың оның жанына барып, сипауы және әлгі бөрене ыңырсуын қоюы (Бухари Манақиб 27);

Г) Хайбар жорығында бір иудей әйелдің улап қуырған қой етін Пайғамбарға ұсынуы, еттің уланғанын хабарлануы (Бухари Тин 55; Муслим, Салам 18; Әбу Даууд, Дият 6).

Хабари мұғжиза. Ардақты Пайғамбардың өткен заманға және болашаққа қатысты берген мәліметтердің дәл шығуы оның мұғжизалығынан бұлтартпас дәлел болып табылады.

А) Бұрын өткен халықтардың тарихын оқымаса да яхуди мен христиан ғұламаларының бұрын өткен пайғамбарлар мен ежелгі халықтар жайлы қойған түрлі-түрлі сұрақтарына Құран аяттары немесе өз сөздерімен Мұхаммед пайғамбардың жауап беруі Алланың пайғамбарға ғайып мәліметтер бергендігін көрсетеді.

Ә) Бәдір шайқасы күнінде дұшпан әскері ішінен кімнің, қай жерде өлетінін алдын ала Пайғамбардың хабарлауы және ол сол хабарға сай жүзеге асуы оның пайғамбарлық мұғжизасына дәлел болып табылады.

Б) Құран Кәрімдегі «Жақында ол (мүшірік) қауымы бұзылады және олар артқа қайрылып қашады» (Қамар 54/45) аяты Меккеде түскен. Аятта хабарланған оқиға Бәдір шайқасында жүзеге асты.

В) Құран Кәрімдегі «Құранды саған парыз қылған Алла әрине, сені жерге (Меккеге) қайтарады» (Қасас 28/85) аятындағы хабарлама Меккенің алынуымен жүзеге асты.

Уахи және уахидің келу түрлері. Түсіндірмелі сөздікте уахи «жасырын сөйлеу», «сыбырлау», «дыбыс шығару», «хат жазу» деген мағыналарды білдіреді. Ал діни термин ретінде «уахи – Алла Тағаланың қалаған нәрселерін пайғамбарларына мәні бізге беймәлім жолмен жеткізуі, шабыт (илхам) беруі деген сөз. Уахи - өзгеше, ұқсасы жоқ жағдай, хал. Оның қалай жүзеге асатынын, мәні мен қасиеті қандай болатынын тек пайғамбардың өзі ғана біледі. Ал уахидің мәнін оны басынан өткермеген адам түсіне, сезіне алмайды. Уахи – Алла мен пайғамбар арасындағы құпия. Алайда, уахидің келу түрлері мен формалары пайғамбардың өткерген психологиялық жағдайларды баяндауға мүмкіндік бар. Уахидің мәнін, оның қалай болатынын адамдардың біле алмауы уахиді жоққа шығаруға алып бармауы тиіс.

Ардақты пайғамбарымызға уахи мына жолдармен, формалармен келген:

1. Шынайы түс.Уахидің ең бастапқы түрі осындай формада жүзеге асқандығы баяндалады. Ардақты Пайғамбарымыздың көрген түстері өмірінде сол күйінше қайталанды. Хазіреті Айша (ө. 678ж.) осы тақырып туралы былай дейді: «Пайғамбарымыздың көрген түстері тура сол күйінше қайталанатын. Осы түстер ағарған таң сияқты ап-анық болатын» (Бухари, Баду-л-Уахи 3; Муслим, Иман, 252; Тирмизи, Манақиб, 6). Сахабалар мұны білгендіктен, Пайғамбарды ешқандай оятпаған, оның өзі оянуын күткен.

2.Уахидің келесі бір түрі ардақты Пайғамбарымыз ояу кезіндеуахидің Пайғамбар жүрегіне Жабраил тарапынан құйылуы, үрлеуі арқылы жүзеге асты. Осындай түрдегі уахи жайлы Құранда былай баяндалады. « نَزَلَ بِهِ الرُّوحُ الاَمينُ ﴿193﴾ عَلٰى قَلْبِكَ لِتَكُونَ مِنَ الْمُنْذِر۪ينَ ﴿194﴾ بِلِسَانٍ عَرَبِيٍّ مُبينٍ» (Оны сенімді рух (Жабраил) жеткізді. Ескертуші болуың үшін жүрегіңе дарытты. Ол айдан анық араб тілінде жіберілді.) (Шуара 26/193-195). Ардақты пайғамбарымыздың бір хадисінде былай делінген: «Руху-л-Қудус ризығы біткенге дейін ешкімнің өлмейтінін менің жүрегіме салды (илхам етті). Ендеше Аллаға қарсы келуден сақ болыңдар. Ризықтарыңды іздегенде жақсы жолды ұстаңдар» (Хадисті Хаким, Табарани және Әбу Нуайм риуаят еткен; Ажлуни, Кашфу-л-Хафа, І, 231).

3. Жабраилдің адам бейнесіне еніп, алып келген уахи түрі де бар. Уахидің ең оңай түрі осы болып табылады. Жабраил көбінесе Дыхия атты сахабаның бейнесінде еніп, келетін. Жибрил хадисі деген атпен танымал хадис осы жолмен келген.

4. Келесі бір уахи түрі Жабраил пайғамбарға көрінбестен, қоңырау дауысына ұқсас бір дыбыспен келген. Харис бин Хишам (ө.639 ж.) атты бір сахаба «Ей Алланың елшісі саған уахи қалай келеді? – деп сұрақ қояды. Оған ардақты Пайғамбарамыз былай деп жауап берген.: «Кейде маған қоңырау даусы сияқты келеді, маған ең ауыр тиетіні де осы. Мен осы халден айықпай тұрып-ақ періштенің маған айтқанын жаттап аламын. Кейде періште маған бір адам кейпінде көрінеді, менімен сөйлеседі, ал мен оның айтқандарын жақсылап жаттап аламын» (Бухари, Баду-л-Уахи, 2). Пайғамбарға ескерту, қорыту мақсатында келген аяттар уахидің осы түрімен келген. Уахидің осы түрі келген кезде, Расулуллаһ қатты мазасызданатын, дірілдейтін және терлейтін. Хазіреті Айша былай дейді: өте суық бір күні Пайғамбарымызды уахи келген кезде көрген едім. Күн суық болса да Расулуллаһ әлгі хал өткен кезде самайынан тер ағыл-тегіл ағатын. (Бухари, Баду-л-Уахи 2; Насаи, Ифтитах, 37).

5. Жабраил өз бейнесінде де уахи алып келген. Мұндай уахи тек екі мәрте ғана келген. Оның біріншісі, пайғамбарлықтың алғашқы күні Хира тауында болса, екіншісі Миғражда болды.

6. Хазіреті Пайғамбар ояу кезінде арада ешқандай пердесіз-ақ тікелей Алламен сөйлесуі арқылы да уахи етілген. Бұл миғраж түнінде болды.

8. Өзі көрінбесе де Алладан тікелей келген уахиде Хазіреті Пайғамбардың Алламен перде арқасында сөйлесуі. Миғражда бес уақыт намаз осы жолмен уахи етілген.

АХИРЕТ

Ахиретке иман. Ахирет күніне иман – иман негіздерінің бірі және иман негіздері ішіндегі маңызды тақырыптарына жатады. Себебі, діни үкімдерді орындау тек ахирет күніне сенумен ғана жүзеге асады және белгілі мәнге ие болады. Егер ахиретке иман деген сенім болмағанда өзге иман негіздерінің ешбір мәні қалмаған болар еді. Ондай жағдайда, адамдардың дінге деген жауапкершілігі жоғалады. Жақсылық істеудің, жамандықтан аулақ болудың, ғибадаттарды орындаудың ешбір маңызы қалмайды. Осыған орай, ахирет күніне иман иман негіздері ішіндегі маңызды орынды иеленеді.

Ахиреттің бар екендігіне бірнеше ақли дәлелдер ұсынылса да оның бар екендігін насстарға сүйене отырып дәлелдеуге болады.

Ахирет өмірі Құрандағы көптеген аяттарда баяндалады. Ахиретке иман мәселесі – мағынасы анық тақырыптардың бірі. Осыған орай, ислам сенім ілімінде ахиретке иманды жоққа шығарған адам мүмін бола алмайды. Ахиретке иман Аллаға иманмен бірге Құранда ең көп баяндалған иман негіздеріне жатады (Бақара 2/4, 62, 177; Ала 87/16-17; Духа 93/4 т.б.). Ахиретке сену мүміннің басты ерекшеліктерінің бірі екендігін және ахиретке сенбегендердің жағдайын баяндайтын аяттар былай баяндалады:

«طٰسۤ تِلْكَ اٰيَاتُ الْقُرْاٰنِ وَكِتَابٍ مُب۪ينٍ ﴿1﴾ هُدًى وَبُشْرٰى لِلْمُؤْمِنينَ ﴿2﴾ اَلَّذينَ يُقيمُونَ الصَّلٰوةَ وَيُؤْتُونَ الزَّكٰوةَ وَهُمْ بِالاٰخِرَةِ هُمْ يُوقِنُونَ ﴿3﴾ اِنَّ الَّذينَ لاَ يُؤْمِنُونَ بِالاٰخِرَةِ زَيَّنَّا لَهُمْ اَعْمَالَهُمْ فَهُمْ يَعْمَهُونَ ﴿4﴾ اُولٰۤئِكَ الَّذينَ لَهُمْ سُوۤءُ الْعَذَابِ وَهُمْ فِي الاٰخِرَةِ هُمُ الاَخْسَرُونَ» (Тасин. Бұл Құранның және айқын кітап аяттары (1). Бұл – мүміндер үшін тура жол және қуаныш хабаршысы (2). (Мүмін деген) намаз оқиды, зекет береді және ахирет күніне сөзсіз сенеді (3). Расында ахиретке сенбейтіндердің қылған істерін өздеріне көрсеттік. Содан соң олар сандалып қалды (4). Олар түбі қатты қаһарға кезігеді, қиямет күнінде барынша зиянға ұшырайтындар солар болады (5). (Намл 27/1-5)).

«وَالَّذينَ كَذَّبُوا بِاٰيَاتِنَا وَلِقَاۤءِ الاٰخِرَةِ حَبِطَتْ اَعْمَالُهُمْ هَلْ يُجْزَوْنَ اِلاَّ مَا كَانُوا يَعْمَلُونَ» (Біздің аяттарымызды және қиямет күнінде кездесетінді өтірік деушілердің қылған жақсылықтарының бәрі зая кетеді. Оларға тек қылмыстарына қарай жаза беріледі.) (Араф 7/147).

«وَالَّذينَ يُؤْمِنُونَ بِمَاۤ اُنْزِلَ اِلَيْكَ وَمَاۤ اُنْزِلَ مِنْ قَبْلِكَ وَبِالاٰخِرَةِ هُمْ يُوقِنُونَ» (Олар саған түсірілген кітапқа да, сенен бұрынғыларға түсірілген кітапқа да сенеді және ахиретке шексіз иланады) (Бақара 2/4).

«اَفْتَرٰى عَلَى اللّٰهِ كَذِبًا اَمْ بِه جِنَّةٌ بَلِ الَّذينَ لاَ يُؤْمِنُونَ بِالاٰخِرَةِ فِي الْعَذَابِ وَالضَّلاَلِ الْبَعيدِ» (Аллаға олар жала жаппақ па? Әлде есінен адасқан ба? Ешқандай олай емес. Ахиретке иман келтірмейтіндер азапта қалады, мүлде адасқандар болып саналады.) (Саба 34/8).

Ахирет өмірі Құран аяттарымен қатар сахих хадистерде де орын алғандықтан ол ислам теологиясында проблеманың туындауына себеп бола алмаған. Ахиреттегі жағдайлардың барлығы ғайып, яғни, метафизикалық тақырыпқа жататындықтан, осы тақырып бойынша мәліметтер уахиге негізделуі тиіс. Уахимен қатар ислам дінінің алғашқы өнегелі үлгісі – ардақты Пайғамбардың сөздері де осы мәселеге дәлел ретінде ұсынылады. Құранда ахиреттің бар екендігі, адамдар мәңгілік өмірде қайта тірілетіндігі, бұл дүниеде істегендері есепке тартылатындығы және осы есептің нәтижесінде күнәсі жоқтары немесе сауабы молдары жұмаққа кіретіндігі, ал күнәсі көптері мен сауабы аздары күнәлары кешірілмесе, тозаққа түсіп, істеген күнәларының мөлшеріне қарай азап шегетіндігі, алайда, иманды болғандықтан, соңында тозақтан шығып, жұмаққа кіретіндігі туралы баяндайтын аяттар бар. Осы тақырыппен байланысты уахиде орын алған жағдайлардың мәнін адам ақылы толықтай меңгеруі мүмкін емес. Мысалы, Құранда Исрафиль періштенің «сүр» деп аталатын бір нәрсені бірінші мәрте үрлеуімен бүкіл жандылардың өлетіндігін, екінші мәрте үрлегенде қайта тірілетіндігін баяндайтын аятта (Зумар 39/68) орын алған «сурдың» мәнін адам ақылымен түсініу мүмкін емес. Сур сөзі «керней» деген мағына бергенмен Исрафиль деп аталатын періштенің үрлейтін сурдің нақты мәнін тек Алла ғана біледі. Міне, осы тәрізді нәрселердің мәні мен мағынасы тек Аллаға ғана аян. Ал адамдар оны уахиде қалай орын алса, сол күйінше қабылдауға міндетті.

Адамның ішкі әлемі мен психологиясы негізге алынған кезде ахирет өмірінің бар екендігіне сенуі аса қиян дүние емес. Өйткені адамдар істеген амалдарына байланысты бетпе-бет келген ұстанымдарында оның жемісін өз деңгейінде ала алмайды. Кейде оның еңбегі еш кеткендей болып көрінеді. Осыған орай, адамның ішкі әлемі әлгі амалдың нәтижесін басқа өмірде көретініне сенімді болады.

1. Адамның жан дүниесінде орын алған әділдік сезімі және құдайлық әділдік болады деген сезім ахиретке сенуді қажет етеді. Өйткені, өмір сүріп жатқан бұл дүниеде қандай да бір жүзеге асырылған қылмыстар жазаланса да өмірде әділдік толық түрде жүзеге аса бермейтініне куә болып жатамыз. Ал әділдікпен жазалау немесе марапаттау ахиретте толықтай жүзеге асатыны рас. Онда дәлелдің жеткіліксіздігі, әділетсіздік деген нәрсе мүлдем жоқ. Барлығы істеген әрбір амалының игілігі мен зұлымдығының жемісін көреді.

2. Адамда орын алған жауапкершілік сезімі бар. Осы сезім ахиретке сенімді қажет етеді. Алла адамды жақсы мен жаманды, туралық пен қателікті, ізгілік пен зұлымдықты ажырата білу және оларды таңдай алу қабілетімен жаратқан. Осы таңдай алу қабілеті арқылы адам жақсы мен жаманға, әділдік пен зұлымдыққа бет бұруына қарай жауап береді. Адам өз ісіне жауапты екендігін ұғына отырып, ахиреттің бар екендігіне сенеді.

3. Адамның жан дүниесінде мәңгілікке деген сезім ахиретке сенуді қажет етеді. Әрбір адам шексіздікке құмар және құштар екендігін бүгінгі психология ғылымы дәлелдеген.

4. Адамның белгілі бір мақсат қойылмастан, бостан басқа жаратылмағандығы белгілі. Осы түсінік ахиретке сенуге алып барады.

Ахирет түсінігі.Ахирет сөзі түсіндірмелі сөздікте «соңғы», «кейіннен болған», «соңғы күн», «бұл дүниеден басқа, өліммен басталатын жаңа және мәңгілік өмір» деген мағыналарды білдіреді. Араб тіліндегі «ахирет» сөзі діни термин ретінде исламның теологиялық әдебиеттерінде әр алуан мағынада қолданылған. Дегенмен де жалпылық түрде алынғанда бұл дүниеден кейінгі өмірдің атауы ретінде берілген. Бірақ, ахирет өмірі қашан басталады? - деген сұраққа әртүрлі жауап берілген. Ахирет өмірі өліммен бастала ма, әлде қайта тірілуден соң жүзеге аса ма? - деген сұрақ аясындағы тартыстар орын алған.

Ахирет түсінігі – Исрафиль періштенің Алланың әмірімен қияметтің болуы үшін сур деп аталатын кернейді бір мәрте үрлеуінен екінші мәрте үрлеуіне және одан соң жаннаттықтардың жаннатқа, жаханнамдықтардың жаханнамға кіруіне дейінгі уақытқа немесе сурды екінші мәрте үрлеуінен басталып, мәңгілікке жалғасуына дейінгі кезеңге берілген атау. Ахирет өміріне жасалған анықтамалар жалпы алғанда осылай жасалады. Осы анықтамаларға қарағанда өлімнен кейін басталатын және қайта тірілуге дейінгі жалғасатын кезең хадистерде «барзах әлемі», «қабір өмірі» деп аталады. Тірілумен басталатын ахирет өмірінің бар екендігі және онда болатын жағдайлар Құран мен хадистерде мейлінше анық баяндалады. Ал қабір өмірінің және қабірде болатын адамдардың марапатталуымен немесе жазалануымен байланысты настар ахирет өмірін баяндайтын настар сияқты анық, нақты емес. Мысалы, қабір өмірімен байланысты хадистерге қарасақ, ол мутауатир сипатындағы хадистерге жатпайды. Алайда, осы тақырыпты баяндайтын хадистерді Тафтазани «осы типтес хадистерді жекелеп алғанда мутауатир дәрежесіне жетпегенмен, осы мазмұндағы хадистердың саны өте көп болғанына қарай отырып, олардың тауатир болуы тиіс», - деп қабір өмірімен, қабір сұрақтарымен, қабірдегі марапат пен жазаның бар екендігімен байланысты хадистердің Әһли Сунна ғұламаларының пікірі бойынша осындай ерекшелігіне қарай отырып, мутауатир дәрежесін иелене алатынын қуаттайды.

Адам өлген кезде дүние өмірінің бітетіндігі белгілі. Бірақ, өлумен артынша ахирет өмірінің басталатындығы немесе басталмайтындығы ғұламалар арасында тартысқа себеп болған. Ахирет өмірінің Исрафильдің сурді үрлеуімен басталатынын қуаттайтындармен қатар, оның адам өлімімен басталатындығын алға тартатын көзқарастар да бар. Осы көзқарасқа қарағанда ахирет өмірі - «адамның өлімімен басталып, Исрафильдің сурді үрлеуімен қайта тіріліп, мәңгілікке жалғасатын өмір» деп есептеледі.

Қабір өмірі.Бұл дүние мен ахиреттік өмір арасындағы қабір өмірі «барзах өмірі» деп аталады. «Барзах» екі нәрсе арасындағы тосқауыл, шекара, шек деген мағыналарды білдіреді. Барзах әлемі бұл дүние мен ахиреттен бөлек қарастырылады. Адам өлген кезден бастап, қиямет, Исрафиль періштенің сурды екінші мәрте үрлеуімен қайта тірілуге дейінгі кезең «қабір» немесе «барзах» әлемі деп аталады. Осы аралық кезең жайлы ғұламалар арасында аса тартыс орын ала қоймаған. Бірақ, бұл қай кезең? Өлген адамдардың осы кезеңдегі жағдайы қалай болады? Осы кезеңде адамдар сұраққа тартыла ма? Өлген адамдар бұл дүниеде істеген жақсылықтары мен жамандықтарына қарай азап немесе марапат көре ме? – тәрізді сұрақтар ислам теологиясына тартысқа арқау болған?

Сунниттік көзқарасты қолдайтын ғұламалар жалпы алғанда қабір өмірін ахирет өмірінің бір бөлігі ретінде қарастырған. Олар қабірде сұраққа тартылатынын, осы сұраққа қарай игілікке немесе қиындыққа тап болатынын қуаттайды. Осыған орай, ақаид кітаптарында «қабір – хақ, қабір сұрақтары – хақ, қабір азабы мен нығметі – хақ» сөз тіркестері көптеп кездеседі.

Өлгеннен соң қиямет болып, Исрафиль періштенің сурды екінші мәрте үрлеуіне дейінгі кезең – барзах әлемінде қандай да бір типтегі бір өмірдің бар екендігін қабылдаған каламшылар қабір сұрақтары, марапат пен жаза сияқты жағдайлардың жүзеге асуы үшін адамның өлімімен бірге денеден бөлінетін рухтың денемен қатынасы бар деп есептеген. Бірақ, осы қатынас жайлы ғұламалардың көзқарастары анық, толықтай түсінікті емес. Барзахта нығметтің лаззатын, азабтың қиындығын рухтың денеге қайта орналасуымен жүзеге асады. Басқаша айтар болсақ, азап пен нығметтің болуы үшін қабірде тірілу қажет. Осы каламшылар рухты дененің аразы ретінде қарастырмайды. Осы көзқарас бойынша рух – денеден бөлек жаухар. Ол денесіз-ақ бар бола алады. Рухтың денеден бөлінумен өлім жүзеге асады. Бірақ рух өлмейді. Қабірде өлмеген әлгі рух денемен қайта байланысқа түсіп өмір сүреді.

Осы көзқарасты дәйектеу үшін каламшылар Құран аяттар мен хадистерге арқа сүйеген. Осы тақырып бойынша каламшылар мына дәлелдерді ұсынады:

«اَلنَّارُ يُعْرَضُونَ عَلَيْهَا غُدُوًّا وَعَشِيًّا وَيَوْمَ تَقُومُ السَّاعَةُ اَدْخِلُوۤا اٰلَ فِرْعَوْنَ اَشَدَّ الْعَذَابِ» (Таңертең де, кешке де олар отқа бет алып тұрады. Қиямет болған кезде Перғауын тобын азаптың ең ауырына кіріңдер) (Мумин 40/46), - деген аятты қабірдегі азапқа дәлел ретінде ұсынған каламшылар таңертең мен кешкенің мағынасы қияметке дейінгі өмір нұсқалып тұр деп есептейді. Қияметке дейінгі азап қабір азабы екендігі белгілі. Демек, аталған аят қабір азабын нұсқап отыр.

«مِمَّا خَطيۤـَٔاتِهِمْ اُغْرِقُوا فَاُدْخِلُوا نَارًا» (Күнәларына орай, олар суға батырылды, оның артынан отқа тасталды) (Нух 71/25), - деген аятта орын алған суға тұншығу мен оның артынан отқа түсу Әһли Сунна каламшылары тарапынан қабір азабының бар екендігіне дәлел ретінде ұсынылған. Тұншығудың артынша отқа түсудің мәні өле сала қабір өміріндегі от болып табылады.

Қабір азабы мен сұрақтар туралы Пайғамбар хадистері де көптеп кездеседі (Бухари, Китабу-л-Жанаиз, 86; Тафсир, Сура 14; Муслим, Жаннат 17; ибн Мажа, Зухд 32). Осы хадистердің кейбіріне тоқталып өтер болсақ:

Ардақты Пайғамбарымыз бір мазараттың жанынан өтіп бара жатқан кезде екі мазардағы өлінің кейбір кіші-гірім нәрселерге байланысты азап шегіп жатқанын байқады. Осы екі мазардағы өлілердің бірі тірі кезінде (koğuculuk), келесісі зәрінен сақтанбайтын. Расулуллаһ жас бір бұтақты алып, оны ортасынан екіге бөлген де оның бірін әлгі мазардың біріне, екіншісін келесісіне қадаған. Мұны байқап тұрған сахабалар неге бұлай істегенін сұрағанда «осы екі таяқ құрғап кеткенге дейін әлгі екеуінің шеккен азаптары жеңілдейді деп үміттенемін», - деп жауап берген (Бухари, Жанаиз 82; Муслим иман 34; Әбу Даууд, Тахарат 26). Келесі бір хадисте «қабір – ахирет өткелдерінің алғашқысы. Адам әлгі өткелден құтылса, одан кейінгі өткелдерден оңай өтеді. Ал құтыла алмаса одан кейінгі өткелдерден өту өте қиын болады» (Тирмизи, Зухд 5; ибн Мажа Зухд 32). Келесі бір хадисте «қабір – жаннат бақшаларынан бір бақша немесе жаханнам шұңқырларынан бір шұңқыр» (Тирмизи Қиямет 26), - деп баяндалады.

Келесі бір хадисте былай баяндалады: «өлген адам көрге қойылғанда Мункар, келесісі Накир деп аталатын қара-көк екі періште келеді. Олар былай дейді: «мына Мұхаммед деген адам жайлы не дейсің»? Сонда ол былай жауап береді: «ол – Алланың құлы және расулы. Мен Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі екендігіне куәлік етемін». Сонда періштелер: «біз сенің осылай дейтініңді онсызда-ақ білетін едік», - дейді. Одан соң оның мазарын жетпіс аршын кеңейтеді. Тағы да әлгі өлген адамның мазары нұрландырылады. Одан соң періштелер әлгі өліге: «жат, ұйықта», - дейді. Сонда әлгі өлген адам жанұяма барыңдар да жағдайды жеткізіңдер дейді. Періштелер оған: «зифафқа (жаңа некелескен адам үйі) кірген және өте жақсы көретін адам тарапынан ояндырылатын адам сияқты махшар күніне дейін ұйықтай бер», - дейді. Егер өлген адам мұнафық болса періштелерге былай дейді: «халықтың Мұхаммед жайлы бір нәрселер айтатынын еститінмін, мен де солар сияқты айтатынмын. Басқа ешнәрсе білмеймін». Періштелер: «сенің осындай дейтініңді онсызда-ақ білетінбіз». Одан соң «жерге осы адамды қыспаққа ал», - деп дауыс шығарады. Жер де оны қатты сыға қысады... сонда сүйектер парша-паршасы шығады. Ол махшар болғанға дейін мазарда осылай азап шегеді (Тирмизи, Жанаиз 70)».

Міне, осы және осыған ұқсас настарға сүйене отырып, Әһли Сунна каламшыларының барлығы дерлік, тіпті сунниттік емес мазхаб өкілдері де, мысалы алғашқы Мутазила ғұламаларынан басқа кейінгі ғұламалары тарапынан қабір өмірінің бар екендігі, онда сұраққа тартылатындығы, қабір азабы мен марапатының болатыны қуатталған.

Қабірде сұрақтардың, азап пен марапаттың болуы үшін қайта тірілудің қажет екендігін негізге ала отырып, қияметтен бұрын қайта тірілу Құран ұсынған мәнге қайшы екендігін және жоғарыда баяндалған қабір өмірі мен жағдайлары туралы ұсынылған дәлелдерге қате түсініктеме жасалғандығын, қабір өмірі, қабір сұрақтары, қабір азабы немесе марапаты сияқты жағдайларды қабылдау Құранмен үйлеспейтінін алға тартқан көзқарастар да бар.

Қиямет.Қиямет сөзі сөздікте «тұру» деген мағыналарды білдіреді. Діни термин ретінде қияметтің екі мағынасы бар. Оның біріншісі - әлем тәртібінің бұзылуы, барлық нәрсенің астаң-кестеңі шығып, жоқ болуы. Екіншісі – жоқ болып кеткендер мен өлгендерді қайта тірілтіп, тұрғызуы, қиямет күні тұрып, махшарға бет алуы. Демек, қиямет жоқ болуды және қайта тірілуді қамтиды.

«وَنُفِخَ فِي الصُّورِ فَصَعِقَ مَنْ فِي السَّمٰوَاتِ وَمَنْ فِي الاَرْضِ اِلاَّ مَنْ شَاۤءَ اللّٰهُ ثُمَّ نُفِخَ فيهِ اُخْرٰى فَاِذَا هُمْ قِيَامٌ يَنْظُرُونَ» (Сур үрленгенде Алланың қалаған бір жаққа, көкте болғандар, жерде болғандар барлығы өледі. Одан соң сур тағы үрленгенде сол сәтте аяққа тұрып, күтіп тұрады) (Зумар 39/68), - деген аятта сурдың алғашқы үрленуінде қиямет, екінші үрленуінде қайта тірілу болатыны баяндалады.

Қияметтің болуы ақыл қабылдай алмайтын құбылыс емес. Өйткені барлық жаратылысты жоқтан жаратқан Алла осы жаратылыстың одан ары жалғаса беруі үшін оған тәртіп пен үйлесімділік орнатқан. Құран аяттарында орын алғаны сияқты осы тәртіпті жойып, әлемдегі үйлесімділікті жоқ қылу Алланың ғана құдіретімен болатыны айқын. Демек, әлемдегі барлық нәрсені жаратқан, белгілі тәртіп мен заңдылық қойған Алланың оны өз қалауымен жоқ қылуын ақыл қалай жоққа шығарсын. Осыны баяндайтын Құран аяттары да көптеп кездеседі.

«اِذَا زُلْزِلَتِ الاَرْضُ زِلْزَالَهَا ﴿1﴾ وَاَخْرَجَتِ الاَرْضُ اَثْقَالَهَا ﴿2﴾ وَقَالَ الاِنْسَانُ مَا لَهَا ﴿3﴾ يَوْمَئِذٍ تُحَدِّثُ اَخْبَارَهَا ﴿4﴾ بِاَنَّ رَبَّكَ اَوْحٰى لَهَا ﴿5﴾ يَوْمَئِذٍ يَصْدُرُ النَّاسُ اَشْتَاتًا لِيُرَوْا اَعْمَالَهُمْ ﴿6﴾ فَمَنْ يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ خَيْرًا يَرَهُ ﴿7﴾ وَمَنْ يَعْمَلْ مِثْقَالَ ذَرَّةٍ شَرًّا يَرَهُ ﴿8﴾» (Жер қатты сілкінгенде, жер қойнауынан барлық жүк шығып қалғанда, адамдар не болып қалды деп сасқанда – жер өз хабарын жеткізеді. Өйткені Раббың оған сондай әмір берді. Бұл күнде адамдар өз амалдарының қорытындыларын іздеп, топ-топ болып бытырап кетеді. Кімде кім тозаңның салмағындай жақсылық істесе, оның сауабын көреді. Кімде-кім тозыңның салмағындай жамандық істесе, соның зардабын тартады) (Зилзала 99/1-8).

«اِذَا وَقَعَتِ الْوَاقِعَةُ ﴿1﴾ لَيْسَ لِوَقْعَتِهَا كَاذِبَةٌ ﴿2﴾ خَافِضَةٌ رَافِعَةٌ ﴿3﴾ اِذَا رُجَّتِ الاَرْضُ رَجًّا ﴿4﴾ وَبُسَّتِ الْجِبَالُ بَسًّا ﴿5﴾ فَكَانَتْ هَبَاۤءً مُنْبَثًّا ﴿6﴾ وَكُنْتُمْ اَزْوَاجًا ثَلٰثَةً ﴿7﴾ فَاَصْحَابُ الْمَيْمَنَةِ مَاۤ اَصْحَابُ الْمَيْمَنَةِ ﴿8﴾ وَاَصْحَابُ الْمَشْـَٔمَةِ مَاۤ اَصْحَابُ الْمَشْـَٔمَةِ ﴿9﴾ وَالسَّابِقُونَ السَّابِقُونَ»

(Қиямет қайым болғанда ешкім оған қарсы тұра алмайды. Жер қатты тербеліп, таулар талқандалып, тозаңдай ұшқан шақта (кейбіреу тозаққа кіріп) дәрежесі төмендейді де, (енді бірі жұмаққа кіріп) дәрежесі жоғарылайды. (Қиямет күні сендер) үш топқа бөлінесіңдер. Бірінші топқа оңынан тұрғандар жатады, ал олар бақытты адамдар. Екінші топқа сол жағынан тұрғандар жатады. Бұлар – бақытсыздар. Үшінші топ – ең алда болатындар. Олар жаннатқа алдымен кіреді). (Уақиа 56/1-10).

«اِذَا السَّمَاۤءُ انْفَطَرَتْ ﴿1﴾ وَاِذَا الْكَوَاكِبُ انْتَثَرَتْ ﴿2﴾ وَاِذَا الْبِحَارُ فُجِّرَتْ ﴿3﴾ وَاِذَا الْقُبُورُ بُعْثِرَتْ ﴿4﴾ عَلِمَتْ نَفْسٌ مَا قَدَّمَتْ وَاَخَّرَتْ» (Аспан жарылған шақта, жұлдыздар төгіліп шашылған шақта, теңіздер толқып, бір-біріне қосылған шақта, қабірлер астаң-кестең болған шақта, әркім өзінің бұрынғы-соңғы қорытындыларын көреді) (Инфитар 82/1-5).

Қиямет туралы баяндайтын осы тәрізді Құран аяттарынан басқа Пайғамбар хадистері де көптеп кездеседі. Осындай настарға байланысты ислам теологиясында қиямет жайлы өзгеше көзқарастар жоқ.

Қияметтің қашан болатыны ешкімге айтылмаған. Қияметтің болатыны тек бір Аллаға ғана аян. Мұны пайғамбарлар да, періштелер де ешқандай білмейді.

«يَسْـَٔلُونَكَ عَنِ السَّاعَةِ اَيَّانَ مُرْسٰيهَا قُلْ اِنَّمَا عِلْمُهَا عِنْدَ رَبّ۪ي لاَ يُجَلّيهَا لِوَقْتِهَاۤ اِلاَّ هُوَ ثَقُلَتْ فِي السَّمٰوَاتِ وَالاَرْضِ لاَ تَاْتيكُمْ اِلاَّ بَغْتَةً يَسْـَٔلُونَكَ كَاَنَّكَ حَفِيٌّ عَنْهَا قُلْ اِنَّمَا عِلْمُهَا عِنْدَ اللّٰهِ وَلٰكِنَّ اَكْثَرَ النَّاسِ لاَ يَعْلَمُونَ»

(Сенен олар қияметтің қашан болатынын сұрайды. Оның қашан болатынын білетін Раббым ғана де. Тек өзі белгілеген уақытта ғана қиямет күнін жасайды. Көктегілер үшін де, жердегілер үшін де аса ауыр жағдай болжамаған уақытта кенет келеді. Бейне сен қияметпен бірге жүргендей-ақ сенен (ол туралы) сұрай береді. Сен айт: оның мерзімін тек Алла ғана біледі, ал адамның көбі оны білмейді) (Араф 7/187).

Осы тақырып бойынша Жибрил хадисі ретінде танымал бір хадтисте Жабраил «маған қиямет туралы хабар бер», - деді. Расулуллаһ «бұл мәселеде сұралушы сұраушыдан асқан білімді емес» - деп жауап берген. Олай болса, оның белгілерін мәлімде, - деді. Пайғамбар «жария (күң) өз иесін тууы және жалаң аяқ, жалаңаш, жарлы қой шопандарының үй тұрғызуда бір-бірімен жарысқанын көруің», - деп жауап береді (Муслим иман 1). Осы хадиске қарағанда Жабраил періште де Мұхаммед пайғамбар да қияметтің қашан болатынын білмейді. Демек, қияметтің болатын уақытты Исрафиль періште де білмеген.

Қияметтің белгілері (Ашрату-с-Саат).Қияметтің қашан болатындығы тек Аллаға ғана аян екендігі жоғарыда баяндалып өтті. Алайда, Құранда және ардақты Пайғамбардың хадистерінде қиямет алдындағы белгілер орын алған.

«فَهَلْ يَنْظُرُونَ اِلاَّ السَّاعَةَ اَنْ تَاْتِيَهُمْ بَغْتَةً فَقَدْ جَاۤءَ اَشْرَاطُهَا فَاَنّٰى لَهُمْ اِذَا جَاۤءَتْهُمْ ذِكْرٰيهُمْ» (Кәпірлер қияметтің өздеріне кенеттен келуін күтеді. Ал қиямет белгілері келгені де даусыз, сонда оларға қандай ақыл-кеңес пайда бермек?) (Мухаммад 47/18).

Хадистерде орын алға қиямет белгілері кіші белгілер және үлкен белгілер деп бөлінген.

Кіші белгілер. Үлкен белгілеріне қарағанда қияметтің болу уақыты әлі алыс, адамдардың әрекеттерінен туындаған оқиғалар – қияметтің кіші белгілері болып табылады. Ал үлкен белгілер орын алса, бұл қияметтің жақын екендігін көрсетеді және үлкен белгілер адамның қалауынан тысқары түрде жүзеге асады. Ардақты Пайғамбарымыздың хадистеріне сүйене отырып, қияметтің кіші белгілерін былай тізбектеуге болады.

1. Ардақты Пайғамбарымыздың жіберілуі және ардақты Мұхаммед пайғамбардан соң пайғамбарлықтың тоқтауы. Ардақты Пайғамбар бір хадисінде «Қиямет күнімен мен осылай жіберілдім», - деген және сұқ саусағы мен оның қасындағы ұзын саусақты көрсеткен (Бухари Тафсир, сура 79, талақ 25; Риқақ 39; Муслим Фитан 132; Тирмизи Фитан 39);

2. Білім жойылып, білімсіздіктің белең алуы, шарап ішудің, зина жасаудың ашық түрде белең алуы. Олардың қылмыстық дәрежеден шығарылуы (Бухари, Худуд 20; Тирмизи Фитан 34; Ибн Мажа Фитан 25);

3. Ерлерге қарағанда әйелдердің артуы (Бухари Худуд 20; Тирмизи Фитан 34);

4. Биік және көп қабатты үйлер мен ғимараттардың тұрғызылуы, епсіз, құқығы жоқ адамдардың сөздері өтуі. Істер қолынан іс келмейтін адамдарға берілуі (Бухари Иман 37; Муслим Иман 1; Әбу Даууд Суннат 15; Тирмизи Иман 4);

5. Адам өлтіру әрекетінің белең алуы. Адам өлтірудің себептері қарапайым, әншейін болуы және өлтіру өте оңайға түсуі және белең алуы (Бухари Фитан 25);

6. Талаптары бір екі ислам әскерінің бір-бірімен шайқасуы (Бухари Иститаба8; Фитан 25; Муслим Фитан 17);

7. Әрқайсысы өзін Алланың елшісі ретінде таныстырған отыз шақты жалған Дажжалдың (Тажал) шығуы (Бухари Фитан 25; Муслим Фитан 84; Тирмизи Фитан 43);

8. Дүниедегі мал-мүліктің көбеюі, зекет беретін кедейдің табылмауы (Бухари Фитан 25; Муслим Зекет 61).

Үлкен белгілері. Бір хадисте «қияметтен бұрын он белгіні көрмейінше өмірдің соңы келмейді (Муслим Фитан 39; Әбу Даууд Малахим 11; ибн Мажа Фитан 28)», - деп баяндалады. Аталған хадисте осы он белгі былай тізбектелген:

1. Түтін (Духан). Мүміндерді тұмау тиген сияқты жағдайға алып баратын, кәпірлерді мас сияқты қылатын түтіннің шығуы және оның бүкіл жер бетін қаптауы;

2. Дажжал (Тажал). Ақырзаман таяғанда Дажжал есіміндегі бір адам шығып, адамдарға өзін құдаймын деп танытып, өзінің жолымен жүруге үндейді. Хадисте: «Дажжал сол көзі көр, қалың қою шашты бір адам. Оның қасында жаннат пен от бар. Оның оты негізінде жаннат болып, жаннаті де тозақ болады», - деп келтіреді (Муслим риуаяты).

Пайғамбарымыз Дажжалдың шығатын мекені жайында былай дейді: «Ол Шам теңізінде немесе Йемен теңізінде. Жоқ, ол шығыс жақтан шығады. Иә, ол шығыс жақтан шығады. Ол шығыс жақтан шығады! – деп қолымен шығыс жақты меңзеді» (Муслим, Фитән 119; Әбу Дәуіт, Мәлахим 15).

Тағы бір хадисте былай дейді: «Дажжал шыққан кезде өзімен бірге су мен от болады. Бірақ елдің от деп көргені тәтті су, су деп көргені күйдіретін бір от болады. Сендерден кім сол күнге жететін болса елдің от деп көргенін қабыл етсін. Өйткені ол тәтті мұздай су» (Бухари, Фитән 26; Муслим Фитән 105).

3. Даббату-л-Арз – деп аталатын жандының шығуы. Құранда «күпірлік еткендерге алдын ала ескерткен сөз іске асқан сәтте жерден ғажайып бір мақұлықты (دَابَّةً) шығарамыз, күпіршілдерге ол – біздің аяттарымызға адамдардың сенбегендері туралы айтады (Намил 27/82)».

Пайғамбарымыздың бір хадистерінде Даббату-л-Арздың жанында Хазіреті Мұсаның асасы мен Хазіреті Сүлейменнің мөрі болады. Ол асамен мүміннің жүзін нұрға бөлейді, мөрмен кәпірдің мұрнын бұзады, маңайдағы адамдардың жиналып оларға міне мынау кәпір, міне мынау мүмін деп айтатынын хабарлаған (ибн Мажа фитан 31; Ахмад бин Ханбал ІІ 164, 201).

4. Күннің батыстан тууы. Ардақты Пайғамбар: «алғашқы шығатын қиямет белгісі күннің батқан жерінен тууы және сәске уақытында адамдарға Даббаның шығуы. Осы екеуінің қайсысы жолдасынан бұрын шықса, өзгесі де дереу соның артынша болады (Муслим Фитан 118; Әбу Даууд Махалим 12; Ибн Мажа Фитан 32)». «Күн батыстан шықпайынша қиямет болмайды. Күн батыстан шыққанда адамдар оны көріп, жаппай иман етеді. Оған дейін иман етпеген немесе иманында жақсылық болмаған пендерлерге сол күні келтірген имандары пайда бермейді» (Бухари,Фитән 25; Муслим, Иман 72; Әбу Дәуіт, Мәлахим 12).

5. Яжуж бен Мажуж. Осылай аталатын екі тайпаның жер бетіне таралып, бұзақылық жасауы қияметтің келесі бір белгісі болып табылады. Осы екі тайпа туралы Құранда екі аят бар:

Наши рекомендации