Тақырып. Орта ғасырлық қазақ мәдениеті

Жоспар:

1. Номадизм өмір салты ретінде.

2. Еуразиялық кеңістіктегі номадтар мәдениетінің негізгі белгілері.

3. Қазақ хандығының құрылуы – ұлттық мәдениет қалыптасуының негізі. Жыраулар, ақындар, күйшілер , шешендер шығармашылықтары, қол өнері, ою-өрнек рәміздерінің ерекшеліктері.

4. Қазақтардың космологиялық түсініктері мен дүниетанымының синкретизмі.

Шығыс Ренессансының талай елдерді қамтыған және 500 жылдан артық өркендеген типі мұсылмандық мәдени өрлеу дәуірі екендігі белгілі. Оның әл-Кинди, әл-Фараби, ибн-Сина, Фирдауси, Ж.Баласағұн, Қожа Ахмет Иассауи, Омар Хайям сияқты өкілдерінің рухани мұрасын меңгермей қазір мәдениетті адам деп есептелу қиын. Бұл жерде осы ұлы құбылыстың мұсылмандықпен қатысы қанша деген заңды сұрақ туады. Оның негізі де бар.

Әл-Фарабидің мәдениет туралы пікірлері негізінен араб мәдениетінің мына 4 тармағына байланысты: 1. Хақиқат (бір Алланың ақиқаттығын дәлелдеу). 2. Шариғат (мұсылмандық тұрмыс-салт заңдары). 3. Тарихат (Аллаға қызмет еткен әулиелер өмірі). 4. Марифат (білімділік, парасаттылық идеялары).

Шығыс Ренессансы туралы сөз еткенде оның тағы бір бастауы сопылық бағыт (суфизм) жөнінде айтпай кетуге болмайды. Қазақстан жеріндегі ұлы ғұламалар Жүсіп Баласағұн, Сүлеймен Бақырғани, әсіресе, Қожа Ахмет Иассауи шығармашылығында сопылық сарын үлкен орын алған. Онан соң Ренессанс идеясын тек Платон мен Аристотельдің шығыстық ізбасарлары қолдады деу де сыңаржақтылық.

Сопылық бағыт ислам әлемінде о баста ресми дінге қарсы оппозициялық қозғалыс ретінде туады. “Суфь” термині арабтың “жүн шекпен” деген сөзіне орайластырып алынған. Сопылар – киім талғамайтын, бар ойы руханилық төңірегіндегі тақуа адамдар.

Қалалардың өсіп өркендеуі, сауданың дамуы, ауыл шаруашылығы өнімдеріне сұранымды арттырған. Мұның өзі егіншілік пен мал шаруашылығының дамуына себепкер болады. Жауын-шашынның аз болуына байланысты Қазақстанда егіншілік көбінесе суармалы негізде дамыды.

V1-XІІ ғасырларда Орта Азия мен Қазақстанда қалалар тез өсті. Олар сауда мен қолөнердің, дін мен мәдениеттің тірегіне айналды. Батыс Түркістан жерінде Суяб, Құлан, Мерке, Тараз, Отырар, Исфиджаб сияқты қалалар бой көтерді.

Махмұд Қашғари (1030-1090жж.) Қашғарда туса керек. Қарахан әміршісі Насыр ибн Әли тұқымынан шыққан. Әкесі Ыстық көлдің оңтүстігіндегі Барсханда тұрған. Махмұд бастапқы білімін Қашғар қаласында алады, кейін өзінің білімін көтеру үшін Орта Азия мен Иран елінің қалаларын аралйды. Ол біраз уақыт Бағдат қаласында тұрған. Онда араб тілін оқып үйренеді. Махмұд түріктердің тілі мен аңыз әдебиетіне ерекше көңіл бөліп, әрбір түрік тайпаларының қоныс жерлерін аралап сапар шеккен. Түріктердің сөздерінің мағынасын, өлеңдерін, жұмбақтарын, ертегілерін, әдет-ғұрыптарын жазып алады. Байқауларын жинақтап “Диуани лұға-ат-түрік” (“Түркі сөздерінің жинағы”) деген еңбек жазды. Бұл еңбекті ежелгі орта ғасырдағы түріктердің халықтық өмірінің нағыз энциклопедиясы деп атауға болады.

Қала халқының мәдени өмірінде ислам дінін уағыздаушы, сопы ақындардың ішінде Ахмет Иассауидің (1103-1166) шығармалары елеулі орын алады. Оны Қожа Ахмет Иасауи деп атайды. Ол оңтүстік Қазақстандағы түрік халқының арасында ислам дінінің тарауына зор әсерін тигізді. Оның өлеңдері көпшілік арасында кеңінен тарады. Қожа Ахметтің өлеңмен жазылған “Диуани хикмат” (“Даналық жайындағы кітап”) деген еңбегі бар. Онда ақиқатты, шындықты, адалдық пен тазалықты уағыздаған.

XV-XVІІ1 ғасырларда қазақтар арасында ислам діні кеңінен тарады. Оны таратуға Сығанақ, Түркістан, Хорезм, Бұқара, Самарқанд сияқты қалалар айрықша рөл атқарды. Алайда, ислам діні көшпелі халық арасында терең тамыр жайған жоқ. Оған себеп дүркін-дүркін жүргізіліп отырған қақтығыстар, соғыстар және түрлі саяси қарама-қайшылықтар еді. Сондықтан халықтың бір бөлігі ислам дінін көпке дейін қабылдамай, тәңірге, күнге, аспанға, жерге, суға табынуға негізделген нанымды ұстады. Қазақтар өмірінде отты қасиеттеу үлкен рөл атқарды.

XVІ-XVІІ ғасырларда қазақ халқының арасында тақырыбы мен жанры жағынан алуан түрлі ауыз әдебиеті кең өріс алды. Қазақтың ауыз әдебиетінің асыл қазыналарын жасаған да , оны ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған да халық арасынан шыққан дарынды адамдар - ақындар, сал, серілер, жыраулар еді.

Ақындар халықтың поэтикалық мұраларын сақтап, айтып берушілер, лирикалық жырларды жасаушылар болды. Сал, серілердің арасынан көптеген атақты сазгерлер мен жезтаңдай әншілершықты. Әншілер, күйшілер, ұлттық ат спорты ойындарының шеберлері, алуан түрлі сауыққойлар, күш иелері балуандар, құсбегілер, жалпы халықтық тойларда өздерінің даңқын шығарып жүрді.

Қазақ халқының поэзиясында жыраулардың орны ерекше бағаланды. Сол кездегі қазақ поэзиясының аса ірі тұлғалары – Шалкиіз (XV ғ.), Доспамбет (XVІ ғ.), Жиембет (XVІІ), т.б. жыраулар. Олар Әбілхайыр хан мен Жәнібек хан заманында өмір сүріп, сол кездегі шиеленіскен саяси күрестің қиын-қыстау кезеңдерін жырға қосып көрсете білген адамдар. Қазақтың батырлар жыры мысалы: Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Ер Сайын, Қамбар дастандары тарих шындығымен қабысып жатқан шығармалар. Қазақтың әлеуметтік – тұрмыстық дастандары да (Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Қыз-Жібек т.б.) феодалдық-рулық қоғамның өмірін үлкен шеберлікпен көрсетеді.

Бұл кездегі Қазақ хандығының мемлекеттік құрылысы мен халық өмірінің ерекше жағдайларын өзіндік өзгешелігімен қамтитын қоғамдық уклад «билер сөзің, «билер айтысың, «билер дауың, «төрелік айтуң, «шешендік сөздерң деп аталатын көркемдік мәдениеттің бірегей түрін туғызды. Әдебиеттің бұл түрін шығарушылар негізінен ХV-ХV111 ғасырларда қазақ қоғамында сот ісін жүргізумен айналысатын билер болатын. Олар тек сот ісін жүргізумен ғана айналысқан жоқ. Билер хан кеңесінің мүшелері болып, мемлекеттік істерге белсене араласты. Сонымен бірге атақты билер тайпалар мен рулардың басшылары болып, ел басқарды, жиындарда солардың атынан сөз сөйлеп, айтыс-тартыстар кезінде олардың мүдделерін қорғады.

Кілт сөздері:Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари, Қожа Ахмет Иассауи

Наши рекомендации