Көркем әдебиеттегі бейне және бейнелілік

Жоспары:

І.І.Әдебиет теориясы — ғылым. Әдебиет теориясы қарастыратын мәселердің 3 циклдан тұратындығы.

1.2 Әдебиеттің өнер ретінде өзге өнер түрлерінен басты екі айырмашылығы.

І.З. Әдебиеттің коркем тану қүралы екендігі. Көркем бейне, оның танымдық мәні.

Әдебиеттер:1. Белинский В.Г. Әдеби-сын мақалалар. Алматы, 1987.

2. Әдебиеттану терминдерінің сөздігі .1998.

3. Қабдолов 3. Сөз өнері. 1992; 2002;

4.Тимофеев А. Основы теории литературы. М., 1977.

5.Нұрғалиев Р. Әдебиет теориясы. А.,2003

Алдымен әдебиет туралы ғылымның әдебиеттану аталатынын, оның бір-бірімен сабақтас-байланысты үш салалары бар екеніне көңіл аударайық. Олар: әдебиет тарихы, әдебиет сыны, әдебиет теориясы. Бұлар Ю.В.Манн айтқандай «әдебиеттанудың басты салалары» болып табылады. Ал, библиография, мәтінтану болса, әдебиеттану ғылымының жанама салалары саналады. Әдебиеттану мен тілтану қосыла кеп филология ғылымдарын құрайды. •

Әдебиет тарихы белгілі бір ұлттың, халықтың сөз өнерінің туу, дамуын, бүгінгі кезеңге дейінгі бел-белестерін, қай кезеңце қандай ақын-жыраулар, қаламгерлер болды, олар қандай әдеби мұра қалдырды, оньщ көркемдік маңызы қандай деген мәселелерді анықтаса, әдебиет сыны керісінше, өз тұсындағы, кезеңіндегі әдеби процесс - әдеби даму ерекшеліктерін қарастырып, әдебиет керуені қандай бағыт алып барады, әдеби процесте қандай басым тенденциялар, тақырыптар бар деген мәселелерді анықтап, сондай-ақ күнделікті жарық көрген жаңа туындылардың көркемдік жетістік-кемшіліктерін әділ саралап, жазушы еңбегін бағалау, көпшілікке танытып отыру міндетін алға қояды.

Әдебиет теориясы осы екі саланың фактілерін, материалдарын саралап, түйіндеп, ғылыми қорытынды, тұжырым жасап отыратын басты сала.

Бұл саланың қарастыратын мәселелері өте ауқымды. Түйіп айтқанда, олар мынадай 3 циклдан тұрады:

1) Қаламгердің өмір шындығын образды-бейнелі түрде суреттеп таныту ерекшеліктерін қарастыру. Бұл дегеніміз көркем туындының бейнелік-суреттілік табиғатын, қаламгердің эстетикалық идеалық, әдеби шығарманың халықтығы мен шыңайылығын тану және байыптау, жалпы сөз өнерінің бейнелілік табиғатын ұғыну.

2) Туындының көркемдік құрылымын, яғни оның композициясы мен сюжетін, тақырып пен идея бірлігін, тип пен характер жайын, өлең құрылысы, мазмұн мен пішін бірлігі, тіл, стиль мәселелерін қарастыру.

3) Өнер дамуының арғы-бергі тарихын барлап, ондағы көркемдік әдістер мен әдеби бағыт- ағымдар, мектептер ролін, жанрлар эволюциясы мәселесін сөз ету.

Адамзат қоғамымен бірге жасасып, оньщ рухани-эстетикалық талғамына қызмет етіп келе жатқан өнер түрлері саналуан. Сәулет, саз, мүсін, кескін, қолөнер дегендей. Солардың бірі-бірегейі - әдебиет, яки сөз өнері. Өнер атаулының мақсат-мұраты ортақ болғанымен, әрқайсысы өзіндік сипаттарымен ерекшеленеді. Әдебиеттің өзге өнер түрлерінен басты ерекшелігі - бейнелеу құралы - көркем сөзге байланысты. Осы себепті де әдебиет сөз өнері деп аталады.

Әдебиет өнеріне тән көркем бейне және бейнелілік деген ұғымдар бар. Көркем бейне әдебиеттегі Адам тұлғасы болса, бейнелілік көркем сөздің құдіретін танытатын суретті сөз, айшықты тіл, бейнелі тіл деген мағынада.

Суретті сөз, бейнелілік деген ұғымдар тек әдебиетке, сөз қолданысқа қатысты ерекшелікті танытатын ұғымдар.

Бұл көркем сөз құдіреті арқылы өмір көріністерін, адамның іс-әректтерін, зат- құбылыстар сырын сырлы сөзбен кестелеп, айшықты,суретті, жанды, әсерлі таныту деген сөз. Бұлай бейнелеу өзге өнердің қолынан келмейді, бұл сөз өнерінің еншісіндегі ерекшелік. Демек, бейнелілік (образдылық деп те айтады) автордың нені суреттесе де, сөз құдіреті арқылы сол құбылыстың, заттың айшықты, жанды, көркем бейнесін танытуы.

Аралбай (ХІХ ғ.) ақынның жалғыз ұлы қайтыс болып, қайғы жамылып отырғанда замандасы Қашаған ақынға айтқан мына өлеңіне көңіл аударайық:

Мен – ботасы өлген боз мая,

Тұлыбына келіп аңыраған.

Мен бір жүрген ақ киік

Лағын түзде алдырған

Орнына келіп маңыраған.

Мен – қартайған арыстан

Елсізде қалып аңыраған.

Мен – жапанға біткен бәйтерек

Жапырағы жерге төгілген...

Осындағы боз мая (ботасының тұлыбына келіп аңыраған), ақ киік (лағынан айрылған) деген метафоралық образдар қандай әсерлі, оқып отырып көз алдыңа Аралбай емес, ботасы өлген боз мая келбеті елестейді. Сөзбен сурет салу, ойды айшықты, бейнелі көркем беру, яки бейнелілік дегеніміз осы!

Ғ.Мүсірепов бір шығармасында «салпыетек жылауық күз» деп жазады. Күздің жаңбырлы, айнала-төңіректі лайсаң сипатын қаламгер осындай бейнелі жанды сөзбен әсерлі береген.

Вольтердің «Сурет – мылқау поэзия, ал поэзия – сөйлейтін сурет» дегеннің шындығы осы.

Әдебиеттің ендігі бір басты ерекшелігі көркем бейнені таныту ерекшелігіне қатысты. Әдебиеттегі адам - тірі бейне, ол сөйлейді, алысады-жұлысады, әрекет етеді, күрсінеді, күледі. Басқа өнер түрлерінде де (сурет, мүсін) адам бейнесі жасалады бірақ, олар жансыз, қимылсыз, үнсіз, бір қалыпты, бір күйдегі адам келбеті. Әдебиеттегі адам, бейне жанды тірі тұлға, ол өседі, өзгереді, сөйлейді, әрекет үстінде көрінеді т.б.

Қаламгер үшін адам тұлғасын сомдау, яки көркем бейне жасау – басты мақсат әрі үлкен жауапкершілік. Талантты тұлға ғана шынайы бейнені мүсіндейді.

Тегінде өмір-болмыс, тіршілік сырын білу, танудың екі жолы бар. Ол ғылыми тану және көркем тану. Екеуі де адамзат қоғамы үшін керек, маңызды, ғылыми тану дүние болмыс сырын ғылыми тұрғыда тану, оның ролін ғылым, түрлі ғылыми зерттеулер атқарады. Бірақ бұл тану жолы күрделі, жалпы көпшілікке ұғынықты, түсінікті бола бермейді. Ал, көркем танудың жөні де, жолы да бөлек. Бұл қоғам, әлем, табиғат сырларын көркем өнер құдіреті арқылы тану.

Қаламгер алуан мінезді, түрлі тағдырлы адамдар бейнесін, іс-әрекетін не үшін суреттейді? Өмір, қоғам сырын көркем бейнелі таныту үшін. Демек, көркем бейне қаламгер үшін көркем таныту құралы.

Адам тағдырларын, олардың жақсылық үшін күресін, жамандық пен жақсылық, арман үшін арпалысуын, мақсаттарына жеткен-жетпегенін суреттей отырып, қаламгер өмір сырын, өмір философиясын таныта алады. Яғни, әр кейіпкер белгілі бір танымдық, көркемдік-эстетикалық мағына-мәнге ие. Бұл толыққанды көркем, яғни типтік бейнеге қатысты тұжырым, талап-шарт.

Кейіпкерлерді тип, яғни, типтік тұлға немесе эпизодтық, екінші кезектегі бейне деп бөлу оның жасалуына, адамдық болмысының танылуына танымдық, эстетикалық-көркемдік деңгейіне байланысты.

Ең алдымен мұндай толыққанды бейненің екі қырымен ерекшеленетінін білуіміз керек. Олар көркем бейненің жекелік (жалқылық) және жалпылық қырлары.

Бейненің жалқылық (жекелік) қыры дегеніміз қаламгердің оны өзгеге ұқсамайтын, тек өзіне ғана тән мінез, іс-әрекет, танымымен даралай білуі. Құнанбай, Сәлмен, Жарасбай, Тәңірберген, Итбай... Әрқайсысы өзіндік мінез, іс-әрекеті, айла-құлығы, тағдыры жағынан өзгеге ұқсамайтын оқшау бейнелер.

Кейіпкердің жалпылық қыры оның жекелік қырынан туындайтын, осы сипатымен сабақтасып жатқан ерекшелігі. Құнанбай өз тобынан-табынан қанша асып туған ақылды, айлаға бай жан, билеуші топтың көшбасшысы, Әуезов оны осындай жекелік қырларымен жарқыратып көрсеткен десек те, оны өзінің әлеуметтік тобынан бөлектемейтін, қайта тонның ішкі бауындай байланыстырып-жақындататын ортақ жайлар да жетерлік. Ол қанша өз табының көсемі, тежеусіз биліктің иесі десек те, түптеп келгенде Құнанбай мақсаты, көзқарасы жағынан солармен үндес, мүдделес, ауыз жаласары да, кей-кейде билікке таласары да сол топ екенін көреміз. Қодар мен Қамқаны жазалау алдында Құнанбайдың жалпы көпшілікпен емес, осы өз үзеңгілестерімен бірде (бату, бірде тату болса да) ақылдасып-кеңесуі оның осы топпен жақындығын, осы билеуші топтың адамы екенін танытады. Демек, Құнанбай бейнесінің жалпы қыры дегеніміз оның жекелік мінезі, іс-әрекеті, мақсаты арқылы жалпы билеуші топқа тән психология, әдет, әрекет, мүдденің танылуы. Билеуші, дүмді топ өкілдерінің іс-әрекеті, мақсатының Құнанбай көзқарасымен, түсінігімен астасып жатуы.

М.Шолоховтың «Адам тағдыры» әңгімесі Соколовтың соғыста басынан кешкен хикметтеріне құрылған, ол оқиғалар барысында солдаттың өзіндік қайсар мінезі, тапқырлығы тамаша сипатталған. Бұл Соколов бейнесінің жалқылық қырымен көрінуі. Екінші жағынан алғанда жазушы соншалық сүйіспеншілік-тебіреніспен суреттеген Соколов тағдырын соғысқа қатысқан солдаттар тағдырынан, жалпы адамзат, адам тағдырынан бөліп қарай алмаймыз. Қайта Соколовтың жеке тағдыры арқылы майдан тауықметін тартқан, бірақ жеңілмеген, рухы биік мыңдаған Отан жауынгерлерінің ерлігін, өрлігін көріп, сезінгендей боламыз. Соколов ерлігі жалпы кеңес солдаттарына тән ортақ ерлік, тағдыр деп бағалаймыз. Міне, бұл осы бейненің жалпылық жағы, қыры. Сондықтан да, автор әңгімесін «Соколов тағдыры» демей, оның соғыстағы адам тағдырын танытатын жалпылық мәнін ескере отырып «Адам тағдыры» деп атаған.

Көркем бейненің жекелік және жалпылық қырларының байланыс-бірлігі осы.

Әрине, көркем бейненің шыңы – тип, типтік тұлға дейміз. Өйткені тағдыр-талайы, күресі суреттелген бейненің бәрі типтік дәрежеде таныла бермейді. Белинский айтқандай шынында да, «талантты жазушының әрбір образы – тип, «таныс-бейтаныс». Типтік бейне күрделі адамдық болмысы, алуан қырымен, арман-ойы, толғаныстарымен, іс-әрекетімен жан-жақты көрініп, дараланған тұлға. Ол үшін бейне шығармада суреттелген негізгі оқиғалардың жуан ортасында көрініп, тартыс барысында өзінің адамдық барша жақсылы-жаманды мінезімен, іс-әрекетімен әр қырынан танылуы қажет. Екіншіден, тип белгілі бір әлеуметтік топтың, ортаның өкілі ретінде алынып, бейнеленгендіктен, оның әрекетімен ой-толғаныстарынан өзі өкілі болып саналатын ортаның, қауымның шындығы, психологиясы, арман-аңсары аңғарылып тұруы, осылай суреттелуі міндетті. Бұл типтік тұлғаның жиынтық бейне екендігін көрсетеді.

Қазақ, орыс әдебиеттері тарихында мінез-болмысымен, іс-әрекет ерекшелігімен өз заманының, тобының, табының шындығын танытатын әлеуметтік типтер галереясы мол. Мысалы, Әжібай, Тәңірберген, Обломов... т.б.

Дала мен қаланы еркін кезген, әйелді үйірлеп алып, отбасынан безген, талайдың тағдырын талқан еткен Әжібайды (С.Торайғыров «Кім жазықты») даланың Дон Жуаны десе де болғандай. Тасболат байдың тежеусіз өскен баласы Әжібай үшін өз мүддесі, өз қызық-құмарлығынан басқа өмірде қасиетті, ардақты ештеңе жоқ. Ермегі – көрікті қыз, ажарлы келіншекті айналдыру, өзінше сал, өзінше сері. Әжібай - әлеуметтік тип, оның осылай арамза, қасқыр құлықты етіп қалыптастырған әрі қолдайтын әлеуметтік топ, дүмді орта бар. Ол орта ақсаусақ Әжібайды, байлық пен билік, қиянат пен зорлық иелері Әжібайларды тәрбиелеп, ескі қазақ қоғамының әсемпаздық, азғындық дерті – «Әжібайшылықты» (акад. С.Қирабаев) заңдастырып отырған әлеуметтік орта. Әжібай осы ортаның жемісі. Оның ұнамсыз қылық-мінезі, ой-арманы, содыр-сойқанды іс-әрекеті, барша «серілік» болмысы осы өзін тудырып, тоғышарлық қалыбынан шығарған озбыр орта, тыйымсыз топтың шындығымен, таным түсінігімен, тонның ішкі бауындай байланысып жатыр.

Үшіншіден, типтік бейне негізінен бас немесе негізгі кейіпкерлер санатындағы тұлға. Оның тағдыры, күрес-тартысы, жеңісі, жеңілісі арқылы автор идеясы танылады, лайықты көркемдік шешімін табады.

Өмір шындығын көркем жинақтау, яғни типтендіру, адам мінезін даралау реализмге, жалпы реалистік өнерге тән заңдылық. Мұны кезінде Гегель де, Белинский де айтқан болатын.

Автор кейіпкерін немесе кейіпкерлерін тек өз қалауы бойынша суреттей алмайды. Онда жасандылық, штамп туындайды. Энегльс айтқандай «типтік характерді (яғни типтік бейнені – С.М.) типтік жағдайларға сай суреттеу» реализм өнеріне тән ерекшеліктердің бірі. Кейіпкер типтік мінезбен көріну-танылу үшін оның тұлғасы белгілі бір әлеуметтік ортаның типтік жағдайларына етене, лайықты болып көрініс табуы жөн. Қай кейіпкер де өскен орта шындығына сай суреттелсе, іс-әрекеті, танымы уақыты, заманының шеңберінде көрінсе, сол шынайы, сол нағыз тип. Энгельстің айтпағы осы талап.

1.2. Әдебиет те өзге өнер түрлері сияқты қоғамға қызмет етеді. Ол уақыты, дәуірі күн тәртібіне қойып отырған қоғамдық мұрат-мақсаттардан қалыс қала алмайды. Оның өнерлік сипаты мен мән- маңызы да осы әлеуметтік шындықты таныту арқылы қоғамға, адамзатқа қызмет етуімен айқындалады. Шынайы өнер туындысы өмірдің күрделі мәселелерін алуан характерлі адамдардың арманы мен күрес-тартысын белгілі бір уақыт пен кеңістік аясында суреттей отырып, қоғамның, адамдардың өмір-тіршіліктің сырын тереңірек үғынуына, көзқарас-танымдарының қалыптасуына ықпал жасайды.

“Ақындар (бұл сөзді жалпы суреткерлер деген мағынада ұғыну қажет) адамдарды өмір жайлы ізгілік ұғымдарға, ізгі сезімдерге бастаушылар; олардың туындыларын оқи отырып, біз пасықтық пен жамандық атаулының баршасынан жиренуге, жақсылық пен әдемілік атаулының баршасының кереметтігін түсіне білуге, сөйтіп жалпы ізгілік атаулыны сүюге үйренеміз, оларды оқи отырып біз бүрынғыдан әлдеқайда жақсырақ, тазарақ, қайырымдырақ және ізгі ниеттірек бола түсеміз”, - дейді XIX ғасырдың үлы эстеттерінің бірі, қаламгер Ң.Г.Чернышевский.

Кезекті бір конңерті аяқталған кезде ағылшын композиторы Гендельге бір лорд:

- Сіз біздің көңілімізді сондай көтердіңіз! - деп қошемет сөз айта бастағанда:

- Жоқ, милорд! Мен сіздердің көңілдеріңізді ешқандай да көтерген жоқпын. Мен сіздерді жақсырақ еткім келді! - депті композитор сөзді қысқа қайырып.

Айтылған ақиқат пікірлер әдебиеттің, өнердің (саз өнері) қоғамдық функциясын, танымдық- тәрбиелік мәнін көрсетеді. Шынында да, шынайы, көркем туындыдан немесе сұлу сазды музыкадан алатын біздің рухани ләззат-әсеріміз көп қой, жамандық деген не, жақсылық-ізгілік деген не, адамдық мұрат, қоғамдық мүдде, сүлулық, қараулық, тоңмойын топастық... мұның толымды жауабын көркем шығармадан, жалпы озық өнер үлгілерінен, ондағы талай-тағдыры, ой- өрісі сан түрлі алуан типтердің бейнелерінен табамыз. Мәселен, “Қозы Көрпеш - Баян сұлу” жырын оқи отырып, Қарабай тұлғасынан оның алуан ұнамсыз іс-әрекеттері арқылы қараулықтың, қатігездіктің сырын, ал қос көгершіндей екі жастың (Қозы, Баян) мөлдір сезімдері арқылы шынайы сүйіспеншілік, түрақтылық, адамгершілік, жан сұлулығы деген ұғым-қасиеттердің мәнін нақтылы сезініп, түсінеміз. Міне, осындай сезіну мен түйсіну - біздің жоғарыда Н.Г.Чернышевский айтқан “пасықтық пен жамандық атаулының баршасынан жиренуге” бет алып, “жақсырақ, тазарақ, қайырымдырақ және ізгі ниеттірек бола түсуіміздің” алғышарты, көрінісі. Гендельдің “Мен сіздерді жақсырақ еткім келді!..” деген сөзінде де өнердің адам баласына зор ықпалын, оның талғамы мен тәрбиесіне әсерін анғартатын үлкен мән жатыр. Тегінде озық өнердің (қай түрі болса да) міндеті қашанда адамзатты асқақтыққа, ізгілікке, жақсылыққа жетелеу ғой.

“Әдебиет деген адамгершілікке сүйіспеншілік деген соз. Өйткені шын мәніндегі көркем әдебиет - азаматтық терең ойдан, адамгершілік асыл идеялардан, биік парасаттан туады” (Ғ.Мүсірепов). Сондықтан да әдебиетті адамгершілікке тәрбиелеу ілімі десек те орынды болмақшы...

“Табиғи оттегі адам үшін қаншалықты маңызды болса, адамгершілік оттегісі де соншалықты мәнді” деп жазады орыстың белгілі қаламгері Ф.Абрамов. Ал “адамгершілік оттегісін” тарататын басты қазына - әдебиет, ақиқат шындыққа құрылған шынайы өнер туындылары емес пе?!

Ж.Ж.Руссо “Ұлт - ұлыс халқының санымен емес, рухының биіктігімен әйгіленеді” десе, рух биіктігіне тәрбиелеу миссиясын әдебиет, өнер атқаратынын естен шығармауымыз керек. Әдебиет - азаматтыққа тәрбиелейтін өнер.

От жүректі батыр ақын Махамбет жырларын оқып отырып біз оның “қара қазан, сары бала” қамы үшін “қылыш сермегеніне” сенеміз, орындалмаған “ұлы арманына” ортақтасып, өкінішін бөлісеміз, сахараның үлы ойшыл перзенті Абай туындылары бізге “қалың елім, қазағымның” мүңын ойлап, “мыңмен жалғыз алысқан” азамат ақынның жүрек сырын танытады. Екі ақынның ‘жырларынан түйіп айтқанда, ерлік, батырлық сырын, елдікке, бірлікке шақырған азаматтық үндерін ұғынамыз.

Әдебиет - әсемдік, сұлулық әлемі. Ол бізді ару Жібек пен балғын Баянның нәзіктігіне сүйсіндіріп, қайран Қамар мен тәлімді Тоғжанның ақылы мен ажарына табындырып, таңғы шықтай мөлдір сезімдері мен жан сұлулығына тәнті етеді, осынысымен біздің әдемілік, сұлулық туралы талғамымызды қалыптастыруға ықпалын тигізеді. Өнер, әдебиет туындыларының тәрбиелік- тағылымдық, эстетикалық, танымдық мән-маңызы дегеніміз осы. Әдебиет, яки сөз өнері, тұжырып айтқанда, алуан бедерлі, құпия-қалтарысы да көп, жақсылық-жамандығы да аралас ұлы Өмір-тіршіліктің лүп-лүп соққан жүрек тамырларынан нәр алатын және оны сырлы сурет, жанды бедерлі бейне арқылы танытатын көркем моделі болғандықтан, қоғам үшін де, адамдар үшін де сол өмірдің өзіндей соншалықты қымбат та қажет, мәнді де сәнді өнер болмақшы. Әдебиет немесе сөз өнері дегеніміз не? А.Байтұрсынов оны былай байыптайды: “Сөз өнері деп асылында нені айтамыз? Бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яки қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білсек, сол сөз өнері болады. Ішіндегі пікірді, қиялды, көңілдің күйін тәртіптеп қисынын, қырын, кестесін келістіріп сөз арқылы тысқа шығару - сөз шығару болады. Шығарма дегеніміз осылай шығарған сөз”.

Әдебиет яки сөз өнерінің ғана өмір-болмысты, адамдарды, тіршілік-табиғатгы бейнелеуде өре- өрісі кең, шексіз де шетсіз, мүмкіндігі орасан мол. Бұл мүмкіндік әдебиеттің өмірді бейнелеу құралы - сөз екендігіне байланысты. Белинский сөзімен айтқанда “поэзия (бұл жерде күллі әдебиет деген мағынада ) адамның еркін тілімен берілгендіктен, онда үн де, сурет те және байымды, айқын айтылған түсінік те болмақ. Сондықтан өзге өнердің барлық элементтері поэзияда бар, сөйтіп, ол әрбір өнердегі жеке-жеке тәсілдердің бәрін бірінен-бірін бөлектемей, бірден пайдаланатын сияқты. Поэзия тұгас өнер, соның бүкіл ұйтқысы болып табылады. Және олардың барлық жағын қамти отырып, бүкіл өзгешеліктерін айқын, анық түрде бойына жинақтайды”. “Өнердің алды - сөз өнері” деп саналады. “Өнер алды - қызыл тіл” деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің де (яғни басқа өнер түрлерінің ) қызметін шама қадырынша сөз өнері атқара алады. Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты, кескінді сүгіреттер болсын, қандай әдемі ән-күй болсын, сөзбен сөйлеп суреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді...”. Бұл ұлттың ұлы тұлғасы, филолог, әдебиетші ғалым А.Байтұрсынұлының тұжырымы. Екі тұжырымда да әдебиеттің сөз өнері ретіндегі барша ерекшелік-қыры анық сипатталған.

Демек, әдебиеттің өзге өнер түрлерінен өзіндік басты бір ерекшелігі - бейнелеу құралына - көркем сөзге байланысты. Осы себепті де әдебиет сөз өнері деп аталады.

Суретті сөз, бейнелілік деген ұғымдар тек әдебиетке, ондағы сөз қолданысына қатысты ерекшелікті танытады. Көркем сөздің құдіреті, оның мағыналық аясының кеңдігі, шексіздігі, әсіресе бейнелілік - суреттілік секілді сиқырлы, сазды сипаты қаламгерге өмір-болмысты қалауынша қамтып, шындықты кеңінен жинақтап, оны қабілет-дарынына сай құлпырта, көркем кестелеп, жанды да нақты танытуына мүмкіндіктер береді. Бұлай өмір-болмысты, құбылыстарды, заттарды бейнелеу өзге өнер түрлерінің қолынан келмейді, бұл тек сөз өнерінің еншісіндегі ерекшелік. Бейнелілік (образдылық деп те атайды) автордың нені суреттесе де, сөз құдіреті арқылы сол заттың, құбылыстың т.б. айшықты, жанды, көркем бейнесін танытуы. Өскен орта шындығына сай суреттелсе, іс-әрекеті, танымы уақыты, заманының шеңберінде көрінсе, сол шынайы, сол нағыз тип. Энгельстің айтпағы осы талап.

Әжібайды немесе Тәңірбергенді алыңыз. Әжібайдың бар сорақы іс-әрекеті (көрсеқызарлығы, озбырлығы, өзімшілдігі, білімсіздігі, мақтансүйгіштігі, күлкілілігі т.б.) өзін қалыптастырған орта шындығымен (типтік жағдайға сай) тығыз байланыста алып суреттегендіктен де ол типтік мінезімен толыққанды, жан-жақыты көрінген.

Тапсырма:

1..Көркемөнердің қандай түрлерін білесің, олардың өзіне тән ерекшеліктерін және ортақ қоғамдық функциясын еске түсіріп, жауабын ойлану.

2.Әдебиеттің өзге өнер түрлерінен қандай басты ерекшеліктері бар? Оларды атап, іштей түсіндіруге тырысу.

3. Көркем бейненің танымдық, көркемдік-эстетикалық мәні дегенді қалай түсінемін?

4.Бейнелілік-образдылық сыры неде?

Дәріс.

Наши рекомендации