Аралас функционалдық-мағыналық сөйлеу типтеріне мысалдар жинау және талдау.

Қазіргідей үздіксіз өзгерістер мен жаңа технологиялар заманында біздің жастарымыз үшін түрлі ғылым саласын жәй ғана білуі жеткіліксіз. Жаһандану заманында білімді болумен біргесол біліміңді өмірде тиімді қолдану, кездесетін қиындықтарды анықтап, оларды шешудің жолдарын таба білуі маңызды.

Осыған байланыста елімізде оқушының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру мәселесі өзекті болып отыр. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады. Яғни, оқушылардың мектепте алған білімдерін өмірде тиімді қолдануынаүйрету.

Оқушылардың функционалдық оқу сауаттылығын дамытуда мәтінмен жұмыстың маңызы зор.

Мәтін – қазақ тілін оқыту барысында үлкен орын алатын оқыту нысаны. Біріншіден, тілден білім беретін материал оқыту мәтіндері түрінде болса, екіншіден, жаттығулардың тұтас мәтін түрінде берілуі де мәтінмен орындалатын жұмыстардың сараланып жүйеленуін қажет етеді. Мәтіннің қызметін таныту – оқушыға тіл бірліктерін функционалдық тұрғыдан танып-білуіне, сол арқылы логикалық ойлауы бірізді қалыптасуына мүмкіндік береді. Осыған байланысты мұғалім мәтінмен жұмысты жүйелі жүргізгенде және оқушының сауатты оқу дағдысын қалыптастыра білгенде ғана нақты нәтижеге қол жеткізе алады.

Оқу сауаттылығының 3 құрамдауышы (жағдай, мәтін, аспект) бойынша оқушыларды мәтіндермен жұмыстандырып, сол мәтіндердегі шынайы мысалдарды неғұрлым көбірек табуға жұмыстандыру арқылы мәтін типін зерттеуге қатыстыру, мәтінде берілетін қорытынды ойды беретін сұрақтар бойынша жұмыстар жүргізу тиімді. Мәтінмен жұмыс істеуде: мәтіннен ақпарат алып, оған тақырып таңдап, мәтіннің жалпы мағынасын беретін тезис құрап, графиканың негізгі бөліктері мен картаның, суреттің мақсатын түсіндіру, салыстыру және мәтіннің сипаты мен түрін анықтау керек. Мәтіннен ақпарат табу үшін оқушы мәтінді оқи отырып, оның негізгі бөліктерін айқындап, ондағы айтайын деген негізгі ойды табады. Сонымен бірге мәтіндегі түрлі ақпаратты салыстырып және қарама-қарсы қойып, тезистер арқылы қорытындылар жасайды.

PISA халықаралық зерттеуінде оқу сауаттылығының үш құрамдауышы да тапсырмалардың ішінде беріледі.

Қолданылып жүрген мектеп оқулықтарындағы көркем мәтін тапсырмаларын орындау, әдетте оқығанды түрлі қырынан талқылап, өз болжамдарын ұсынуды талап етпейді. Сондықтан мұғалімдер оқулықтағы мәтіндермен жұмыстана отырып, PISA халықаралық зерттеуінде берілетін тестілер деңгейіндегі тапсырмалар құрастырып, күнделікті сабақтарында пайдаланғаны дұрыс.

Осы 2012 жылғы PISA халықаралық зерттеу тапсырмаларына сәйкестендіріліп дайындалған 9-сыныптың қазақ тілі оқулығынан (авторлары: Р.Әмір, М.Атабаева, Алматы «Мектеп» 2013) мысалдар келтірсек.

Мәтін «Ноғайлы ордасы» деп аталады.

Ноғай ордасының негізін қалаған Едігенің баласы Нұрадин хандық кұрған тұста (1426 – 1440 жж.) Ноғай ордасы түпкілікті қалыптасты.

Ноғайлар Еділден Ертіске дейін, Каспий мен Арал теңіздерінен Қазан мен Тюменьге дейінгі жерлерде көшіп жүрген. Орданың орталығы – Жайық өзенінің сағасындағы Сарайшық қаласы. Негізгі кәсібі көшпелі мал шаруашылығы еді.

Хақназар хандық құрған дәуірде Қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі тарихи оқиға – Ноғай ордасының мәселесі болды. Бұл кезде батыста күшейе түскен орыс мемлекеті шығысқа қарай ірге кеңейтіп, 1552 жылы Қазан хандығын, 1556 жылы Астрахан хандығын бағындырды. Осы жағдайға байланысты Еділ мен Жайық арасындағы ұлан-байтақ өңірді мекендеген Ноғайлы ордасы ыдырай бастады. Ноғай ордасын билеген маңғыт мырзаларының арасында өкімет билігіне таласқан феодалдық қырқыс күшейе түсті. Бұл қырқыс халық наразылығын тудырды. Ноғай ордасы ыдырап, ел ауыр дағдарысқа ұшырады.

Хақназар тұсында Қазақ хандығының күшеюі және халық тұрмысының оңалуы Ноғай ордасына қарасты қазақ тайпаларын қызықтырып өзіне тартты. Ноғай ордасына қарасты көшпелі тайпалар – қаңлылар, қыпшақтар және т.б. Қазақ хандығына келіп қосылып жатты. Оларды Хақназар хан қабыл алып отырды.

Ноғай ордасы билеушілерінің бірі Ысмағыл мырза ішкі феодалдық қырқыста өз ағасы Жүсіп мырзаны өлтіреді. Жүсіп мырзаның балалары Ысмағыл мырзаға қарсы шықты. Сөйтіп Ноғай ордасында өзара қырқысқан екі топ пайда болды. Ысмағыл тобы Мәскеу князъдығына қосылуға бой ұрды. Бұл жағдайды пайдаланған Хақназар Ноғай ордасының көптеген ұлысын өзіне қосып алды.

С.Аманжолов

Мәтін бойынша жұмыс жасауға келесі сұрақтар ұсынылады.

1-сұрақ

Ноғай ордасы қай кезеңде ыдырай бастады?

А. 1440 жылдан кейін

В. 1552 жылы

С. 1556 жылдан кейін

Д. 1556 жылы

Е. 1552 жылға дейін

2-сұрақ

Ноғай ордасының ыдырауына әсер еткен қандай жағдай?

А. Ноғай ордасын билеушілердің арасында бірліктің болмауы. Ия/Жоқ

В. Орыс мемлекетінің Қазан, Астрахан хандықтарын өзіне Ия/Жоқ

бағындыруы.

С. Ысмағылдың өз ағасы Жүсіпті өлтіруі Ия/Жоқ

Д. Хақназар ханның Ноғай ордасының көптеген ұлысын Ия/Жоқ

өзіне қосып алуы.

Е. Ноғай ордасында қырқысқан екі топтың пайда болуы. Ия/Жоқ

3-сұрақ

Хақназар хандық құрған дәуірде Қазақ хандығының сыртқы жағдайында аса ірі оқиға Ноғай ордасының мәселесі болуының себебі не деп ойлайсың?

4-сұрақ

Хақназар ханның Ноғай ордасының көптеген ұлыстарын өзіне қосып алуын қолдайсың ба? Айыптайсың ба? (Неге қолдайтыныңды немесе неге айыптайтыныңды түсіндір)

Мұғалім сабақта берілген мәтінмен жұмысты топтық жұмыс түрінде ұйымдастыра отырып оқушыларға мәтінді бірлесіп зерттеу жасауға және өз идеяларымен бөлісуге мүмкіндік береді. Оқушылардың талдау, синтез, бағалау секілді дағдыларын пайдалануына, дамытуына ықпал етеді. Оқушыларды ақпаратты іздеуге және күрделі мәселелерді өз бетінше түсінуге ынталандырады. Жалпы алғанда оқу сауаттылығының аспект құрамдауышының «ақпарат іздеу», «кеңінен түсінуді қалыптастыру», «интерпретациялауды дамыту», «мәтін мазмұнын көрсету және бағалау», «мәтін нысанын көрсету және бағалау» жұмыстары жүргізіледі.

Келесі жұмыс жасалатын мәтін «Төрт қыз» деп аталады.

Бұлардың төртеуі де жұмысшы қыздар, төртеуі де оқушылар. Төртеуі де төрт тамшы судай, бір-біріне ұқсас. Әсіресе оларды бір-біріне ұқсас ететін нәрсе – бақытты, қуанышты өмір. Бұл өмірге төртеуі де ортақ....

Біз үлкен тастың үстінде тұрмыз. Бұлтқа оранған Алматы шыңы. Сарқырап аққан тау өзені. Алматы шыңына қадала қарап Мариям тұр. Шашын кейін қарай бір сілкіп тастады...

Менің ойыма атақты Варбизон тобынан шыққан француз суретшісінің «Батыл әйел» деген суреті түсті. Ол былай еді:

... Толқыған теңіз. Кішкене қайықтағы жалғыз әйел. Түпсіз, шексіз толқын ... алыста, көк жиекте бұлттар. Толқын қайықты қисайтып, аударуға тақалған. Әйел қисайып құлап бара жатқан қайықты есіп бара жатыр. Түсінде бір тамшы да қорқыныш белгісі жоқ. Көзі аларып кеткен, бірақ бұл үрейі ұшқандық емес – бірбеттіліе, батырлық. Ерні тістеулі, бірақ бұл өкініш емес – ашу. Долы, түпсіз толқынның әйелдің құшағына алуына секунд қалған... Бұл – сондай қыл үстінде тұрған жағдай...

Шынында, әйел өмір толқынында дәл осындай күйде болмап па еді? Алатаудың бауырында, көп ағаштың ішінде, ағын судың жағасында Мариям тұр. Бақытты, қуанышты Мариям!!! «...Рембрандт, Рафаель, Роберт Оуэн, Полсинак, Илья Репин, Серовтың осындай натуршицасы болып па еді?»-дейді жолдасым.

Дұрыс-ақ, мұндай қуанышты, бақытты, қайратты, қажырлы әйелдерді ешқандай суретші, жазушы бұрын көрген емес. Бұлар – тіпті жаңа жерді басып, жаңы дәуірде туған жаңа адамдар.

«Шындық фантазиядан да тамаша», - дейді Эдгар По. Бұл – дұрыс. Біздің осы күнгі шындық фантазиядан да асып түсті. Атақты Жюль Верн, Уэлстердің фантазиялары артта қалды. Бұл жағдай, әсіресе біздің адамдардан айқын көрінеді. Бұған біздің қазақ қыздары әдемі дәлел бола алады...

С. Ерубаев

Мәтін бойынша жұмыс жасауға келесі сұрақтар ұсынылады.

1-сұрақ

Әңгімеде Мариям қай жерде тұр?

а. Толқыған теңіздің жағасында

в. Үлкен тастың үстінде

с. Алатаудың бауырында

д. Ағын судың жағасында

е. Алматы шыңында

2-сұрақ

Жолдасының: "...Рембрандт, Рафаель, Роберт Оуэн, Полсинак, Илья Репин, Серовтың осындай натуршицасы болып па еді? "-деп сұрау себебі не?

3-сұрақ

"Бұған біздің қазақ әйелдері әдемі дәлел бола алады..."-деген соңғы сөйлемдегі автордың ойын қалай, қандай дәлелдер келтіре отырып аяқтар едің?

Бұл мәтінде оқу сауаттылығының аспект құрамдауышы бойынша 1-сұрақ жабық сұраққа жатады, себебі оқушы берілген дайын жауаптың бірін белгілей салады. Аспект құрамдауышының «ақпарат іздеу, қол жеткізу және алу» бойынша 2-сұрақ және аспект құрамдауышының «мәтін мазмұнын көрсету және бағалау» бойынша 3-сұрақ ашық сұраққа жатады, себебі мәтіннен алатын дайын жауап жоқ, оқушы өзінше ой қорытып, тапсырманы өз бетінше орындайды, яғни интерпретациялауды дамыту бойынша жұмыстанады (Интерпретация - қызығушылық тудыратын ерекше дағдылар, көзқарастар немесе кейде логикалық қорытынды). 3-сұрақта оқушы мәтінді өзі аяқтайды, өмірлік жағдайлармен байланыстыра отырып, зерделейді.

Әр оқушы осылай оқу сауаттылығының 3 құрамдауышы: Мәтін, Жағдай, Аспект түсініктерін күнделікті сабақта оқып, түсініп, тапсырмаларын мұқият орындауға үйренеді. Ол үшін мұғалім мәтін бойынша дайындаған тапсырмаларын жүйелі қолданып жұмыстануы керек.

Мұғалімнің функционалдық оқу сауаттылығын дамыту мақсатында мәтінмен жүргізілетін осындай жұмыстарының нәтижесінде оқушылардың мәтінді түсініп оқи білуі мен есте сақтауы, мәтіннің құрылымдық ерекшеліктері туралы білуі, оны тәжірибесіңде пайдалану дағдысы мен мәтіннің түрлері бойынша ауызша, жазбаша жеткізу дағдылары қалыптасады.

Дебиеттер.

Наши рекомендации