Азіргі қазақ әңгімелеріндегі «өмір» және «өлім» концептісі

Қанибаева Л.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің 3-курс студенті

Ғылыми жетекшісі: Г.К.Тәңірбергенова

Өмір – құштарлығыңды оятып, жігеріңді тасытатын сөз. Биік мақсатқа бастайтын жол. Өмір – өзеннің ағысындай қатты, қамшының сабындай қысқа тіршілік екі аяқты, жұмыр басты пендені мәңгілікке шақырып тұрғандай. Өмір – дене мен жанның бірге өмір сүруіне қарай айтылғанымен, бір күні жан мен тәннің ажырасатын сәті келетінін ұмытпаған жөн.

Адам өмірінің мәні – өздігінше, өз еркінің көмегі арқылы барлық қиын жағдайларға қарсы тұру және кез-келген жағдайға бейімделу, өзінің өмірлік мақсаттарын іске асыру. Бұл жағдайда адам шынында да еркін, себебі, ол сыртқы жағдайлар мен шарттылықтарды билеуге қабілетті және керісінше, егер адам өзінің өмірлік мақсаттарын іске асыра алмаса, онда ол адам басыбайлы, яғни өмірлік жағдайларға немесе кейбір адамдарға тәуелді болады.

Түсіндірме сөздіктен қарайтын болсақ, өлім мен өмір ұғымына былайша түсінік береді: «Өмір – адам мен жан-жануарлардың, өсімдіктердің физиологиялық тіршілік ету, өсу процесі. Өлім – тіршіліктің бітуі, ажал, қаза» [1;653]. Ал философиялық сөздікте берілген анықтамада келесідей: «Өмір – материя мен санаға қарағанда белсенді, көп түрлі және мәңгі қозғалыста болатын дүниенің абсалюттік, шексіз бастамасы. Өлім – организм тіршілігінің болмай қоймайтын тежелуі, жанды тіршілік иесінің өмір сүруінің қашып құтылмайтын табиғи ақыры» [2;323].

Қазіргі қазақ әңгімесіндегі өмір мен өлім концептісі (танатологиялық сарын) проза саласында да ерекше қарастырылып, аталған тақырып бойынша біршама көркем туындылар жарық көрді. Себебі, соңғы кезде көптеген қаламгерлер өлім тақырыбын (суицидті) өз шығармаларына арқау етіп алуы жиі кездеседі. Өмір сүре білу − әрбір адам үшін үлкен сынақ. Осы сынақта уақытша қиындықтар мен ауыртпашылықтарды көтере алмай, өзіне-өзі қол жұмсау қоғамымызда көптеп белең алуда.

Ислам дінінде өз-өзіне қол салу – үлкен күнә. Бұл жөнінде Мұхаммет пайғамбар (с.ғ.с.) хадистерінде: «Кім өзін темірмен жарып өлтірсе, темір ішіне қадалған күйі тозаққа кіреді. Ал, кім у ішіп өлсе, жаһәннамда мәңгі сол уды ішеді, кім жардан өзін тастап жан тапсырса, тозақтың түбіне мәңгілікке тасталады», – дейді.

«Танатология» (өлімді зерттейтін ғылым саласы) термині қазақ әдебиеттануында әлі күнге дейін толығымен зерттеле қойған жоқ. Алайда, қаламгерлер бұл мәселені қарастырып, өзіндік тұжырымдарын оқырманға сан түрлі идеялармен жеткізіп келеді. Олардың түптеп келгендегі мақсаты – себепсіз өлімнен тыю, өмірге, өмір сүруге деген құлшынысты арттыру.

Қазіргі қазақ прозасындағы өлім тақырыбына қалам тартқан жазушылардың ішінде Т.Нұрмағамбетовтың «Күнді жек көру» әңгімесін ерекше атап өтуге болады. Осы заманғы фон. Әңгімеде қазақтың болмысы мен діни ұстанымына мүлдем жат – суицид тақырыбы баяндалған. Басты кейіпкер Бекбайдың өзін «бақытсыз бейбақ» санап, оның қарыз алып қайтара алмағандығы, қолына қараған жары мен баласына күнделікті тамақтарын тауып бере алмайтыны жанын жегідей жейді. Сөйтіп, ол тығырықтан шығу жолы – өз-өзіне қол жұмсау деген шешімге келеді. Қылтимадан тастау ойы да бірден жүзеге аспай-ақ қойды. Соңғы шешімі мерзімі өтіп кеткен балық консервісінен улану еді. Сол түні мына жарық әлеммен, жарық күнмен, қарыз алған адамдарымен қоштасқан болатын. Алайда бұл әрекетінен де пайда болмады. Бекбай көзін ашқанда, Күннің шығуынан «бақыттыларды әлі де бақытты етемін, бақытсыздарды одан сайын бақытсыз етемін» деген адуынды айбарды ұққандай болады [3;122]. Мұндағы, автордың негізгі айтар ойы – қандай қиындық болсын, одан шығар жол өлім емес және адамның бұл дүниедегі дәм-тұзы таусылмаса, ажалсызға өлімнің жоқтығы.

Г.Шойбекованың «Өмір сүру ережесінің» де негізгі тақырыбы – суицид. Басты кейіпкер – қылқаламмен суреттелген бойжеткен. Оның толық аты-жөні берілмесе де, кескін-келбеті нақты суреттелмесе де, бойжеткеннің жан толғанысы, ішкі ойы шебер берілген. Өмірден қажыған, ешкімге керексіздей сезінген ол жан тыныштығын өлімнен іздейді. Жұрт «ол жақсы түні өмірден өтіпті» деп айтсын деген шолақ оймен, қасиетті Қадір түнінде күнәсін жүзеге асырмақшы болады. Кештің батуын асыға күтті. Сондағысы Жаратқанға жанын алуы үшін жалынып-жалбарыну. Егер мінажаты қабыл болмаса, өзінше ойлап тапқан айласын жүзеге асыру. Осылайша, қараңғылық қоюланып, түн жарымы болғанда мінажатын күбірлеп «оқи» бастайды. Кенеттен оның ту сыртынан бір белгісіз күш пайда болып, қақ төбесіне жып-жылы алақанын қойды. Әңгімеде бойжеткен белгісіз күш иесінен «өмір сүру ережесін үйретуді» сұрайды. Ары қарай оның жанын жегідей жеген өмірдегі өзінің тепе-теңдікті таба алмағаны, өмір сүру соншалықты қызықсыз екені, өмір қажытып, шаршатқаны жайындағы сұрақтарға жауап ала бастайды. Белгісіз күш иесі оның бәрі адамның өзінің қолымен жасалып отырғандығы екенін алға тартады. «Алла тағала сендерді жаратып, он сегіз мың ғаламмен бірге жер бетіндегі барша тіршілікті сендердің игіліктеріңе берді. Сендердің саналарыңды дамыту үшін барша жаратылыс жайында жұмбақ жасырды. Сендердің еңбектеріңді жеңілдету үшін ғалам мен табиғатты қалай пайдалану керектігін де, адамға өмір сүрудің ережесін де бұдан қанша мың жылдай бұрын алдарыңа жайып салған. Адам баласына мұнан артық еркіншілік болмақ емес. Адамға ең бірінші адам болып дүниеге келе алғандығының қадірін білу керек. Сонан соң бір-біріңнің қадіріңді білулерің керек» [4;152] деген белгісіз Күш иесінің сөзінен кейін, бойжеткен өмірге қайта келіп, оны сүруге деген құлшынысы қайта оянғандай кейіпке енеді.

Сонымен, жоғарыдағы екі шығарманың басты идеясы – өз-өзіне қол жұмсамау. Әлсіздікке, рухани қажуға жол бермеу. Екі кейіпкерде дүниеден баз кешіп, өмірдегі өткінші бір қиындықтарға бой алдырып, тығырықтан шығар жолды өз-өзіне қол жұмсау арқылы тапқысы келеді. Алайда ажалы жетпеген, дәм-тұзы таусылмаған жанға өлім келсін бе? Екі әңгіменің соңында кейіпкерлер өздерінің тірі қалғандарын білгенде, бірі өмір сүруге қайта талпынса, екіншісі өз әрекетіне өкініштен өзегі өртенеді.

Қазіргі қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасы бар, көрнекті қаламгерлердің бірі – Асқар Алтай. Жазушының аталған тақырып бойынша бертінде жарық көрген «Киллер сауысқан» жинағының ішіндегі «Сібір офицері» әңгімесінде баяндалған. Шығарма басты кейіпкер Бураханның басынан кешкен оқиғалары арқылы өрбиді. Жары Александрамен алаңсыз ас ішіп отырған сәтте, кенеттен гарнизонға тез арада жетуі керек екені жайында хабар келді. Іле шала киініп, әскерилер жиналған алаңнан бір-ақ шығады. Жиналған офицерлерді әуежайдан белгісіз бағытқа қарай ұшырып жіберді. Көк төріндегі түнгі ызғардан сүңгіленіп жеткен ұшақты Алматы тұнжырап қарсы алды. Бұл уақытта Алматы шаһарында билікке қазақ ұлтының келуін талап еткен жастардың баскөтеруі орын алып жатқан болатын. Офицерлер осы толқынды басуға арнайы алдырылған болатын. Бурахан алғашында ешкімді аямауға бел буады. Алайда, алаңсыз, еш жазығы жоқ жастарды көргенде, жүрегі лобып, жан дүниесі астаң-кестең болды. Санасын семсердей осып, жанын қоярға жеп таппаған сәттерді де бастан кешеді.

Оның ішкі әлеміндегі жан арпалысын байқаған Станислав деген офицер, ауыр сөздер айтып, көңілін түсіреді. Ең ауыры, жарының өзінің жақын досы Михайлмен ойнас екенін біледі. Ыза мен кекке булыққан Бураханды, жолдастары Станиславтан әрең дегенде босатып алды. Бірақ жүрегіне тікелей шаншылған ар азабынан құтыла алмайды. Гарнизонға келгенінде қару-жарақ салынатын бөлімге арнайы барып, кезекшені алдаусыратып, бір тапаншаны қойнына сүңгіте салады. Ондағы ойы – өлу. «Офицер асылып емес, атылып өлуі тиіс» [5;133] деген шешімге тоқталып, өзін тіршілік азабынан «құтқарғандай» болады.

Ал енді жазушының «Альпинист» әңгімесінің желісіне келер болсақ, мұнда Тайшын атты кейіпкердің өлімге амалсыздан бас тігуі жайында айтылады. Қаншама шыңды бағындырған, жан тыныштығын таудан табатын, өзін тау ұлымын деп есептейтін ол тағы бір шың басына шыққысы келіп, аңсары ауып жүреді. Алайда қайсысына барарын білмей дал болып жүргенде, баласының сөздерінен Құзғынды шыңдары жайында айтылғанды құлағы шалып қалады. Түн болса да, әйелінің «деміңді алсаңшы» дегеніне қарамастан, «таксилетіп» келемінге басып, «таулық достарын» іздейді. Ондағы ойы Құзғынды шыңына шығарында қасына серік болсын дегені... Алайда ешкім келісе қоймағандықтан, есіне былтыр Гималайға бірге барған студент Сұңғат түсе қалды. Түнделетіп барып, Сұңғаттан ертең өзімен бірге баратындығы жөнінде келісімін алды.

Алғашында Құзғындыға көтерілуі қиын болған жоқ. Біршама көтерілген соң, күннің батар уақытында, ыңғайлы жерге шатырларын тігіп, демалуды жөні көреді. Алайда, гуілдей соққан жел, Тайшынның қағылған сыналар жұлынып кетпесе екен деген қорқынышы, автор тарапынан асқан шеберлікпен суреттеледі. Одан әрі, межеге жеткен жеңімпаздардың қуаныштары, Сұңғаттың сөмкесінен еліміздің кішкене жалаушасын алып қадағаны көңілге мақтаныш ұялатқандай болады. Бірақ нағыз сынақ төмен түсер сәтте болды. Тайшынның беліне байланған жіп үзілуге шақ қалып, егер оқыс әрекет жасай қалса Сұңғат та, өзі де тірі қалмайтыны белгілі болады. Ажал мен өмір күреске түскен сәтте, Тайшын жылдам әрекетке көшеді: Сұңғатқа қалаға жалғыз қайтатыны, үйіндегілерге не деп айтып баратыны жайлы айтып, әп-сәтте белдік тұсында тұрған кішкене пышағымен арқанды кесіп жіберді.

Жоғарыдағы әңгімелермен салыстырып қарар болсақ, мұнда қажытқан өмір, шешілмеген мәселе, күйбең тіршіліктен баз кешу секілді жайттар суреттелмейді. Керісінше, Тайшын әрекеті дәріптелгендей әсерде боламыз.

Қорыта келгенде, қазіргі қазақ әңгімелеріндегі өмір мен өлім концептісі сан арналы, түрліше пішінде бейнеленеді. Өз-өзіне қол салу – күрмеуі қиын тақырып болса да, қазақ қаламгерлері өзіндік көркемдік шешім табуға тырысқан. Аталмыш тақырыпта қарастырылған әңгімелер әр түрлі мақсатта болғанымен, қаламгерлердің айтары ойы мен тұжырымы бір. Ол − әрқашанда, тіпті өлім алдында да, өзі болмысыңды төмендетпей, оны биік ұстау. Сынағы көп тіршілікте нендей күрделі жағдай болса да, осалдық танытып, күнәһар болып, өзіне-өзі қол салудан оқырманын жирендіру.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. – Алматы: «Дайк-Пресс», 2008. -653б.

2. Философиялық сөздік. –Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 1996. – 323б.

3. Нұрмағанбетов Т. Ауғандық құстар: Əңгімелер. – Алматы: Жазушы, 2008. – 288 б.

4. Кемелбаева А. Өмір сүру ережесі: Әңгімелер. – Алматы: «Құс жолы», 2008. – 152б,

5. Алтай А. Киллер сауысқан: Әңгімелер. – Алматы: «Арда+7», 2013. -119б.

Тініш

1. Қанибаева Ләззат

2. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3-курс cтуденті

3. Баяндаманың тақырыбы: Д.Рамазан әңгімелеріндегі көркемдік ізденістер.

4. Секция. Современные проблемы в тенденции развития социально-гуманитарных наук

5. Личное участие

6. Ғылыми жетекші: Тәңірбергенова Гүлжан Кеңшілікқызы. Қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушысы, филология магистрі

7. Тел. 8-777-33-99-882

Наши рекомендации