Философиялық кзқарас ерекшелігі

Философияның басты ерекшелігі — әлемді, бүкіл дүниені тұтас қарастырады, оның ішкі байланысын, жалпы даму заңдылықтарын зерттейді. Яғни, ол – дүниетанымдық ғылыми жүйе болып табылады.
Белгілі бір адамдардың дербес қызметі ретінде философия ежелгі шығыс елдерінде – Қытайда, Индияда, т.б. елдерде, кейінірек антика дәуірінде ежелгі Греция топырағында қалыптаса бастаған. Бірақ, оның түпкі туындайтын түбірі адамдардың әлемдегі айрықша болмысында, дүниеге өзіндік қатынасында жатуы тиіс. Ол қатынас жануарлардың өзін қоршаған табиғи ортаға қатынасынан мүлдем өзгеше. Жануарлар табиғи дамудың төл туындысы, белгілі бір географиялық ортамен тікелей үйлескен, олар өздерін табиғаттан бөліп, оған бір бөгде күштей сырт қатынас жасай алмайды. Сондықтан олар үшін табиғатты игеру, оны түсіну, ішкі сырына қанығу мәселесі тұрған жоқ.
Адамдар болса, ортаға тікелей бейімделудің нәтижесінде емес, сол ортаны игеру қызметі нәтижесінде, оған дәнекерлі, құрал-саймандар арқылы, өзара қоғамдасу арқылы қатынасады. Бұл процесс өзі атқаратын іс-әрекеттерді де, оның өзгеретін объектісін де және ақырында өзінің кім екенін де белгілі дәрежеде көре білуді, түсіне білуді де қажет етеді.
Осыған орай адам табиғатқа, жалпы әлемге солардың тек бір бөлшегі ғана емес, олардан біршама бөгделенген, оқшауланған сырт күштей қатынас жасай алады. Сол арқылы ол өзін де өзгертіп, өзінің мүмкіндіктерін ортаның мүмкіндіктерімен ұштастырады, өзіне де сырт көзбен қарай алады. Бұл, әрине, адамдардың тарихында өзгере беретін жағдай.
Дүниетаным, дүниеге көзқарас дегеніміз – айнала қоршаған орта, бүкіл әлем, тұтас дүние туралы, ондағы адамның орны, тіршіліктің мән-мағынасы туралы көзқарастардың, пікірлер мен түсініктердің жүйеленген жиынтығы.
Дүниеге көзқарас адам қоғамымен бірге пайда болған қоғамдық тарихи құбылыс. Оның шығуының қайнар көзі — өмірдің өзі, адамның тіршілік болмысы.
Дүниеге көзқарастың негізгі ұғымдары – «дүние» және «адам». Олар ажырамас бірлікте. Яғни, адамнан бөлектенген дүние және табиғат, сондай-ақ сыртқы дүниемен салыстырылмаған адамның іс-әрекеті, ішкі рухани өмірі, әрқайсысы өз бетінше дүниетанымды құрай алмайды. Дүниеге қатынасы арқылы адам өзінің тағдыры мен өмірлік позициясын, сүйіспеншілігі мен сенімі туралы белгілі бір көзқарастар аумағын кеңейтеді. Адам мен дүние арақатынастары бір-бірімен жаңа байланыста қаралған сайын, сыртқы материалдық әлем және ішкі рухани дүние туралы түсініктер тиянақталынады.
Осыдан келіп дүниеге көзқараста, біріншіден, әлем, табиғат және қоғам туралы, олардың бірлігі туралы, екіншіден, адам және оның дүниедегі орны туралы, үшіншіден, болмыс пен болашақтың мән-жайы туралы көңілге қонымды түсініктер қалыптаса бастайды.
Дүниетанымның тұтастығын құрастыратын негіз – білім. Білім адамның көкірегіне қоныс теуіп, санасына ұялап, оның өмір тәжірибесінің елегінен өтіп барып, сенімге айналады. Сенім дегеніміз – дүниеге көзқарастың түп қазығы, бағыттаушысы, адамның өз позициясына, тоқыған ойына, істеген ісіне, ұмтылған мұрат-мақсатына деген беріктігі. Сенімі берік адамның көзқарасы, дүниетанымы нақты, ісі қонымды, бағыты қашан да айқын.
Дүниеге көзқарастың қалыптасуы табиғи, әлеуметтік және нақты мәдени ортаға тәуелді. Дүниеге көзқарасты ғылыми және ғылыми емес, қарапайым деп бөлуге болады.
Сөйтіп, қарапайым дүниетанымда мифологиялық, діни және ғылыми көзқарастар, материалистік және идеалистік ағымдар араласып жатады.
Ал тарихи тұрғыдан алғанда дүниеге көзқарастың мифологиялық, діни, натурфилософиялық және философиялық түрлері қалыптасты.
Ежелгі дәуір мәдениетінің дүниетанымы – миф.
Миф – алғашқы қауым адамына тән ойлаудың бірінші бөлінбеген формасы. Мұнда поэзия мен ғылымның, дін мен моральдың, рационалды әсердің элементтері бар. Ежелгі миф-аңыздар алғашқы адамдардың тіршілігінің маңызды белгісіндей, олардың рәміздік мазмұны арқылы адамзат қоршаған ортаны және уақытты әрі игерді, әрі түсінді. Ағылшын тарихшысы Э.Б.Тайлор мифтердің мынадай түрлерін атап өтеді:
1. Философиялық немесе түсіндірмелік;
2. Нақтылы, бірақ бұрмаланған деректерге сүйенген мифтер;
3. Тарихи және аңыздық тұлғалар туралы мифтер;
4. Фантастикалық және метафоралық мифтер;
5. Саяси-әлеуметтік және тұрмыстық мифтер.
Мифологиялық дүниетанымның кіндігі – кеңістік пен уақытты адаммен жақындастыру талпынысы, бағдары. Мифологиялық уақытта адам мен табиғаттың арасында алшақтық жоқ болды. Миф алғашқы адамдардың тіршілігінің ажырамас бір бөлігі болып табылады. Миф – адамның қауымдық санасының алғашқы қалыптасуының көрінісі. Ол ешбір құбылыстың түп негізін, шығу себебін ашпайды. Жазулы ақпарат жоқ кезде миф оның қызметін атқарған, адам мен дүниенің дәнекері болған. Сонымен, мифологиялық кезеңде адам мен табиғаттың арасындағы бірлік ерекше жоғары дәріптелді. Егіншілік пен бақташылық, тіпті, қолөнердің өзі ежелгі дәуір мәдениетінен табиғат пен сырлас болуды талап етті. Скиф – сақ өркениетіндегі «аң стилі», қытайдың инь, ян бастамалары, Египет пен Шумердегі өліп, қайта тірілген құдай туралы аңыздар табиғат пен үйлесімдікке шақыратын рәміздер.
Түрік халықтарының мифологиясында ғарыштың құрылымы былай бейнеленеді: жеті қабат Жер бар, онда Көктөбе тұр, Көктөбеде Көктерек өсіп тұр, ол Көккүмбезді тіреп тұр. Бұл бейне киіз үйдің құрылымына да ұқсас. Қазақтың әлем туралы түсінігінде әсерлі бейненің бірі – алып бәйтерек. Дүниежүзілік ағаш таңбасы өрлемдік қозғалысты, Жер мен Аспанның тығыз байланысын білдіреді. Осы биік бәйтеректен эпос батырлары аспан денелеріне өрмелеп жете алатын болған. Әлемдік ағаштың тағы бір атқаратын қызметі оның жоғары және орта дүниемен байланыстыруында. Тірілер әлемі өткен кезбен, аруақтармен қатынасын үзбейді. Көктеректің тамырлары жер астында орналасқан. Жасыл-желек өмірлік ағаш күш-қуат пен нәрді төменгі дүниеден алады.

Наши рекомендации