Көзқарас және оның формалары

Дүниеге көзқарас, дүниетаным — қоғамдық сана мен жеке адам санасының ең жоғарғы деңгейі. Ол өзінің қызметі мен мәдени міндеті бойынша адамның біртұтас дүниедегі бағдарларының кешені болып табылады. Дүниеге көзқарас — дүниедегі ұсақ-түйек мән-жайларға қатысты емес, біртұтас дүниеге қатысты бағдарлар кешені. Сонымен бірге бұл бағдарлар әлгі ұсақ-түйек мән-жайлар туралы ой түюге аса қасаң болмаса да белгілі бір бағыт сілтейді. Дүниеге көзқарас бағдарлары кешеніне, ең алдымен, болмыстың жалпылама-әмбебап көріністері, яғни философияда категориялар деп аталатын көріністер енеді. Алайда оларды дүниеге көзқарасқа қатысты жалпы түсініктер, дүниеге көзқарастың жалпы түсініктері деп анықтаған дұрыс. Бұлай болатыны: біріншіден, дүниеге көзқарас бағдарларының кешенінде әр түрлі себептермен болмыстың объективті әмбебап көріністеріне сай келмейтін жалпы түсініктер болуы мүмкін; екіншіден, философ категориялар дегеніміздің өзі — философтардың арнаулы саналық қызметінің жемісі ғана. Дүниеге көзқарас бағдарлары кешені құрамына жалпы түсініктермен бірге әмбебап (тағы да өз міндетіне сай) дүниеге қарым-қатынастық принциптер мен мінез-құлық талаптары (императивтер) де енеді. Дүниеге көзқарас ұғымы біртұтас дүниені жалпылама ұғынумен ғана шектеліп қалмайды, сонымен бірге осы біртұтас дүниемен қарым-қатынас жасаудың жалпы өлшемдерін, басқаша айтқанда, дүниеге белгілі бір қарым-қатынас өлшемдерін белгілеп, міндеттейді. Дүниеге қарым-қатынас дегеніміздің өзі адамның дүниеге тұрмыстық, практикалық-қызметтік қарым-қатынасы. Дүниеге көзқарас осы қарым-қатынастан туындайды. Ол — нақтылы процестің жемісі. Осы тұрғыдан келгенде дүниеге көзқарас дүниеге қарым-қатынаспен салыстырғанда кейін пайда болған. Алайда пайда болып, қалыптасып алған соң ол дүниеге қарым-қатынасты бағыттаушы ықпалға ие болады, осылайша олар тарихтың өн бойында өзара бірін-бірі түзете отырып, қоғамдық-адами өмірдің біртұтас процесінде бірін-бірі толықтыратын, біріне-бірі көшетін екі полюс болып табылады. Дүниеге көзқарас бағдарлары кешенінің құрамында жалпы түсініктер, жалпылама принциптер мен мінез-құлық талаптарымен бірге жалпы құндылықтар, мұраттар және өмірдің ең жоғары мәні туралы түсініктер де болады. Алайда бұл кешен тұтастай алғанда ешуақытта толық болып табылмайды. Дүниеге көзқарас бағдарлары кешенінің орталық түйіні — “Адам және дүние” аталатын ерекше тақырып болып табылады. Бұл тақырып аясына (тағы да барынша жалпылама түрде) “дүние деген не?”, “ол қалай құрылған?”, “дүние мәңгілік пе әлде біреу жаратқан ба?”, “адам деген кім?”, “оның дүниедегі орны қандай?”, “оның өмірінің мәні неде?”, “адамның дүниеге қарым-қатынасы, дүниенің адамға қарым-қатынасы қандай немесе қандай болу керек?” т.б. сұрақтарға толық не жартылай толық жауаптар жүйесі енеді. Бұл тақырып дүниеге көзқарас бағдарларының тұтас кешенін — жалпы түсініктерді де, принциптерді де, құндылықтарды да қамтиды. Саналы Дүниеге көзқараста адам мен дүние тақырыбы теңбе-тең болуы тиіс, алайда бұрынғы, сондай-ақ, қазіргі дүниеге көзқарас типтерінде бұл ара-қатынас сақталмай, басымдылық бірде адамға, бірде дүниеге беріледі. Мәселе кейбір жағдайда адам дүниеден шығарылып, кейбірінде керісінше болуында ғана емес, сонымен қатар дүниеге көзқарас кешенін құрайтын бағдарлардың барлығы берілген басымдылыққа байланысты ерекше артикуляция мен мәнге ие болатындығында. Дүниеге көзқарас қоғамдық сананың жоғары деңгейі ретінде рухани өмірдің төмен сатыларының барлығына ықпал ете отырып, сол арқылы практикаға әсерін тигізеді. Қоғамдық сананың барлық түрі мен қоғамның барлық мүшелерінің санасын, олардың жалпы, әсіресе, өзіндік сана актілерін, дүниеге көзқарастық және дүниеге қарым-қатынастық бағдарларын, жоғары стратегиялық принциптер мен императивтерін анықтай отырып, қоғамда ықпалды дүниетанымдық өріс құрылып, әрекет етеді. Кез келген социомәдени тұтастықта, әсіресе, тарихи процестің постархаикалық кезеңдерінде үстемдік құратын дүниеге көзқараспен қатар белгілі бір дәрежеде басқа дүниеге көзқарастық парадигмалар өмір сүреді. Олардың бірі жойылып, екіншісі пайда болады, үшіншілері мезгілі жеткенге дейін жасырын, көмескі тіршілік етіп, қажет шарттар орындалғаннан кейін қоғамның рухани өмірінің жоғары қабатына шығады. Әйтсе де, жалпы дүниеге көзқарастық күш өрісін олар емес, үстем дүниеге көзқарас құрайды. Бұл өріс басқа дүниетанымдық бағдарлар мен парадигмаларды да қамтып, белгілі бір дәрежеде оларды жетілдіреді. Бұл мәдениет өз тұғырында неғұрлым берік тұрса ол құрайтын және қолдап тұратын дүниеге көзқарастық өрістің кернеуі соғұрлым жоғары, ықпалы соғұрлым күшті болатындықтан өзге дүниеге көзқарастық парадигмалар қалай болғанда да өзгеріске ұшырайды. Адамның дүниеге қарым-қатынасы көп қырлы. Оның негізгі түрлері іс-тәжірибелік (практикалық), танымдық, этика, эстетика діни көзқарас. Бұлардың әрқайсысы өзінше дербес, жеке. Олар бір-біріне мүлтіксіз сәйкес келмейді және біреуі екіншісіне қарсы да келуі мүмкін. Ал олардың бірлігі мен ішкі үйлесімі адамның дүниедегі толық әрі нағыз болмысын жасайды. Дүниеге көзқарас өзінің бағдарлары, принциптері, императивтері, жалпы түсініктерімен олардың бәрінен де жоғары тұрады. Дегенмен жалпылық тұрғысынан алғанда, онда Дүниеге көзқарастың ерекше, “дара” түрлері жинақталған. Демек дүниеге көзқарастың өзінде танымдық, этика, эстететика, діни мазмұн бар. Тарих көрсеткендей, дүниеге көзқараста әдетте дүниеге қарым-қатынастың қайсыбір түрі мен онымен сәйкес сана түрі басым болады, сондықтан ол дүниеге көзқарастың бүкіл мазмұнына рең немесе әр береді. Мысалы, классика жапон, грек дүниеге көзқарастары эстетика реңге боялса, классика қытай дүниеге көзқарасында эстетика бастама, ал классик. үнді және дәстүрлі орыс дүниеге көзқарасында діни бастама басым. 17 ғасырда басталған Батыс Еуропа дүниеге көзқарасындағыдай, қазіргі заманғы дүниеге көзқараста танымдық бастама басым. Әрбір тарихи дәуірде қоғамның рухани өмірінің қандай да бір саласы жетекші орын алып, бүкіл мәдениетке ортақ реңк пен ортақ өлшем қалыптастырады. Мысалы, көне мәдениетте мифология басым болды, соның салдарынан көне дүниеге көзқарас мифологтя деп анықталды. Ортағасырлық Еуропада, Ресейде, ортағасырлық Шығыста және т.б. үстем сала дін болды. Ал мұндағы дүниеге көзқарас діни болып табылады. Жаңа дәуірде Еуропада мәдениеттің алдыңғы шебіне дінді ығыстыра отырып ғылым шықты да, жалпы дүниеге көзқарасқа барынша ықпал ете бастағандықтан ол ғылыми деген атауға ие болды. Дүниеге көзқарас адамдардың еркі мен саналы белсенділігінен тыс пайда болады. Олардың санасы бұл процесті аңғармайды, өйткені дүниеге көзқарас мәнінің қоғамдық санада орнығуы өздігінен, ешкімнің саналы, әдейі қатысуынсыз жүреді. Соның нәтижесінде, дүниеге көзқарастық жалпы түсініктер, принциптер, императивтер ішкі қайшылықсыз тұтаса сабақтасады. Бұл тұтастық дүниеге көзқарас кешенінің барлық элементтерін бір-бірімен өзара байланыстыратын “сұр логика” деп аталатын әрекетпен қамтамасыз етіледі. Дүниеге көзқарас құрылысының осы ерекшелігі арқасында ол адамдар санасына елеусіз енеді де, олардың қылықтарын, іс-әрекеттері мен мінез-құлқын үйлестіріп, реттеп отырады. Өзіндік “Журден синдромы” іске қосылады: жеке адамдар жалпы дүниеге көзқарас пен оның бағдарларының бар екенін аңдамай-ақ сол бағдарларды басшылыққа алады. Жеке адам санасының ең жоғ. деңгейі ретіндегі дүниеге көзқарас ғұмыр бойы қалыптасып, өзгеріп отырады. Дүниеге көзқарастың сапасы адамның дамуы мен кемелденуі деңгейімен анықталады. Мысалы, жеке адамдар дүниені сезінуде дүниені көмескі елестетумен шектеледі. Дара, жеке тұлғада дүниені сезіну дүниені түсіну ретінде жүреді. Нағыз тұлғаға үнемі қайталанып отыратын дүниеге көзқарастық өз-өзіне есеп берушілік пен айқындылық тән. Ұлы тұлғалар қоғамдағы ортақ дүниеге көзқарасқа жеткілікті түрде күшті ықпал етіп, оның өзгеруіне тікелей қатыса алады.

Наши рекомендации