Ортағасырлық философияның теоцентристік сипаты
Жалпы көпшілікке ортақ пікір бойынша, орта ғасырлық философияның өзі екіге бөлінеді: 1) патристика (2-8 ғғ.); 2) схоластика (9-15 ғғ.). Патристика кезеңінің өзі үшке бөлінеді: ерте патристика (2-3 ғғ.), толысқан патристика (4-5 ғғ.), соңғы патристика (5-8 ғғ). Схоластика да шартты түрде екіге бөлінеді: 1) ерте схоластика (11-12 ғғ.). 2) толысқан немесе соңғы схоластика (13-14 ғғ.). Бұл схоластика орта ғасырдан кейін де жаңа заманға дейін неосхоластика немесе «екінші схоластика» деп аталып жалғасын тапты: 1) контрреформация (15-16 ғғ); 2) католиктік реставрация (18-19 ғғ); 3) неотомизм (20 ғ).
Патристика антикалық философияның аяқталуынан және гностиктермен, басқа да еретиктермен идеялық күрес нәтижесінде қалыптасты. Бірінші сатыда апологеттердің ықпалы күшті болды. Бұндағы негізгі тұлғалардың бірі – Ориген христиандық дін негізінде тұтас философия жасауға талпынды. Патристиканың бұл кезеңдегі өрлеу барысы каппадокикалық үйірмемен байланысты: Василий Великий, Григорий Богослов, Григорий Нисский т.б. Бұл ақыр соңында Дамаскиннің идеяларымен қорытындыланды. Патристикалық онтология абсолютті болмыс ретіндегі құдай идеясының айналасына тоаптастырылды. Патристика пұтқа табынушылық политеизмді, гностикалық дуализмді жоққа шығара отырп, жалпы алғанда, монотеизмді қорғайды да, креационизм арқылы стоиктердің және неоплатоншылдықтың пантеизміне қарсы қойылады. Бұл дәуірдегі басты ерекшелік – философиялық ойдың теоцентристік сипаты. Яғни, тео-құдай, центр-орталық деген мағына болып табылатын болса, құдайды басты түсінікке шығара отырып, идеяларды негіздеу, бүкіл рухани мәдениеттің өзегіне айналдыру алаңы белең алды.
Бұл дәуірде құдайдың қасиеттері мен белгілерін позитивті білім бойынша дәйектеуді негізге алатын, жарату құбылысын тану арқылы жаратушыны тануды жолға қоятын «болмыс аналогиясы» қағидасын басшылыққа алатын – «катафатикалық теологиямен» қатар, құдай абсолют ретінде атрибуттарды иеленбейді және оған анықтама берілмейді, сапалылық пен болмыстың сыртында болады деген – «апофатикалық теология» қалыпасты.
Ғарыш жаратудың нәтижесі, сондықтан жаратушыдан төмен тұрады, материя жаратылған және жаратушы арқылы игеріледі деген бағдар ұстанылды. Патристикада әлем құдайдың игілікті жаратуынан және мақсатқа ұмтылатын кемелділік болып саналады. Космологиясындағы басты идея телеологизмге келіп саяды, ол – әлемдегі заттардың үйлесімділігі мен өзара қатынастылығы, ғарыштың қатаң иерархияға құрылғандығы, әлемді эстетикалық тұрғыдан ақтау т.б. идеялармен қамтамасыз етіледі.
Ариандықтар мен афанасьефшілдердің тартысы 4 ғасырда ақыры ариандықтардың жеңілісімен аяқталды, Феодосий құрған Никеоконстантинопольдік шіркеуінде бұл әке-құдай мен бала-құдайдың бір мәнді екендігін негіздеумен дәйектелді. Дегенмен, бұдан 100 шақты жыл өткен соң патриарх Несторий өзінің несториандық шіркеуін құрып, екі құдай өзара бірмәнді болғанмен, Христос бастапқыда адам болып жаратылды, демек, оның анасы құдайды дүниеге әкелуші емес, адамды алып келуші, құтқарушы мессиясын ол кейіннен әулие рухты иемденгеннен кейін ғана иеленді деді. Бірақ бұл шіркеу де 431 жылы Эфесте күнәлі деп табылды.
Константинопольдік Евтихий христологиялық мәселені тағы көтеріп, Христосқа тек бір ғана табиғат тән, ол – құдайлық, ал адамдық табиғаты жай ғана алдамшы көрініс деп, бұл көзқарас теологияда монофизитшілдік деп аталды. Бірақ Халкидон соборында 451 жылы бұл да қараланды. Монофизитшілдік Армения мен Египет шіркеулерінде сақталып, монофелиттік формада көрінді. Яғни, Христосқа екі табиғат тән: құдайлық және адамдық, бірақ бір ғана ерік бар деп түсіндірді. Монофелитшілдік 680-681 жылдары алтыншы соборда қараланды.
5-8 ғасырлардағы патристика кезеңінде: Кассиодор, Исидор Севильский, Боэций т.б. өзіндік діни идеяларымен тәнті болды. Бұл кезеңдегі неоплатоншылдық пен христиандықты біріктіруге ұмтылу идеологиялық білімдердің моделін туғызып қана қойған жоқ, кейіннен түсіндірмелі-энциклопедиялық білімнің қалыптасуына алып келді.
5 ғасырларда «Ареопагитиктер» деп аталатын бағыт пайда болды. Бұл авторы әлі күнге дейін белгісіз болып келген (кей деректерде Жалған Дионисий) христиандық теологиялық мазмұндағы шығармалардың «Ареопагитиктер» деп аталатын жинағын ашу мен түсіндірушілердің тобынан құралды да, апофатикалық теология мен христиандық мистиканы негізге алды. Апофатикалық теология (терістеуші деген мағынада) – құдайдың абсолютті трансценденттілігін (бұл жерде тылсым, танылмайтын деген мағынада) дәлелдеу үшін оған қатысты барлық түсініктерді, ұғымдарды және оның қасиеттерін бірте-бірте жоққа шығаруға ұмтылуды ұсыну. Ол позитивті біліммен анықталмайды, айтылмайды, оны тек нұрлану-ашылу арқылы ғана тануға болады, сондықтан барлық тіркелген эмпирикалық атрибуттарды (оған таңылған қасиеттерді) алып тастау керек деген бағдарды ұстанды. Осыған орай, барлық әлемнен тыс болып табылатын, болмыстың арғы жағындағы құдайтаным «құпия құдай туралы ілім» парадигмасын туғызды. Ол бірте-бірте мистикалық формаға ауысты.
«Ареопагитиктер» мынадай трактаттарды біріктіреді: «Құдайлық атаулар туралы», «Аспандық сатылар туралы», «Құпия құдай туралы ілім» мен басқа да он шақты жолдау хаттар т.б.
Бұл бағыттың көрнекті өкілдері: Максим, Иоанн Дамаскин (675-753 жж.) (бұны 6 ғасырда өмір сүрген, платон академиясының соңғы өкілі Дамаскиймен шатастырмау керек) т.б. Мәселен, Дамаскиннің философияны «теологияның қызметшісі» деп берген бағасы философия тарихында еленетін тұжырым ретінде сақталып отыр. Оны схоластиканың шынайы бастауы деп те түсіндіретін көзқарастар бар.
Патристиканың негізінде 9 ғасырларда схоластиканың негізі қалана бастады. Бұнда жоғары парасатты заттарды тануда парасатты білімдер қажеттігін түйсінді. Бірақ бұл орта ғасырлық рационализм мистикамен ұштастырылып, өзіндік эмпиризммен тиянақталды. Көп жағдайда бұл кезеңнің философтары өз идеяларын дәйектеуде аристотельдік формальді логикаға сүйенді.
Орта ғасырдағы араб жерінде пайда болған ислам діні (ҮІІ ғ) мұсылман мәдениетінің өзіндік бағдарын қалыптастыруға игі ықпал етті. Осыған орай, ғылыми саланың өркендеуі жалпы философиялық білімдердің дамуына және оның энциклопедиялық сипатына айналды. Мұсылмандық ренессанс тек араб халықтарын ғана емес, сол кездегі ислам діні таралған аймақты, орта азия мен шығыс еуропа жерлерін де шарпыды. Сондықтан бұл кезеңдегі философияны «араб тіліндегі философия» немесе «араб философтары» деп атайды және философия өз кезегінде «фалсафа» сөзімен алмастырылады.
Араб-мұсылмандық фалсафаны тарихи-аймақтық ұстаным бойынша үш кезеңге бөліп қарастыру көзделген: 1) Бағдат халифаты тұсындағы: әл-Кинди, «Таза ағайындар» т.б.; 2) Орта Азия халықтарындағы: әл-Фараби, Ибн Сина, Омар Хайям, Аттар, әл-Ғазали т.б.; 3) Мұсылмандық Испания: Ибн Бадж, Ибн Туфейль, Ибн Араби, Ибн Рушд т.б.
Сонымен қатар бұл кезеңде – мутазилиттер (8 ғ.-да негізін салушы Әмір ибн Убайд), калам (10 ғ.-да негізін салушылар: Абу-әль-Хасан Ашари, Матуриди), суфизм сияқты ірі ағымдар мен мектептер пайда болып, өркендеген еді. Бұл дәуірдегі философияның дамуының ерекшеліктері мынадай: діни мұсылмандық ойтолғамдар аясындағы қағидалар үнемі ескеріліп отырылды; білім жан-жақты әмбебап сипат алғандықтан, бұл кезең философтарының көбі энциклопедистерге айналды; Еуропа үшін ұмыт болып бара жатырған көне Грекиядағы мұраларды қайта жаңғырта отырып, бүкіл әлемге таныстырды және түсіндірді; Қазіргі Орта Азия халықтарынан бастап, Еуропалық Испанияға дейінгі үлкен аймақты қамтып, сол дәуірдегі ғылыми-танымдық кеңістікте айтарлықтай беделге ие болды; дін мен философия ғылымының өзіндік үйлесімділік, бірін-бірі толықтырушылық үлгісін жасап берді т.б.
Ислам діні аясында кейіннен сан түрлі бағыттар мен көзқарастар жүйесін қамтитын бірнеше ағымдар пайда болады: суфизм, шиизм, суннизм, ханифизм т.б.
Суфизм – (суф, суфи, суфий сөздерінен шыққан, яғни, жүн, жүннен тоқылған шекпен деген мағыналарды білдіреді.) 8-9 ғасырларда қазіргі Ирак, Сирия жерлерінде пайда болып араб халифаты елдеріне кең таралған, кейіннен, әлем мұсылмандарына да ықпал еткен діни-мистикалық ілім. Басты қағидалары: Құдайдың хақтығына шек келтірмей, оған шын ниетімен, жан-тәнімен берілу, адам жанының құдаймен бірігуі, жер бетіндегі пендешіліктен қол үзіп, материалдық игіліктерден бас тартып, шәкірттердің (мүридттердің) аскеттік өмір стилін қолдануы, құдаймен тоғысу үшін ерекше экстаз жағдайына ену, құпия ілімдерді (эзотерия) игеру және оны көпшілікке (экзотерия), «білімсіздерге» жарияламау, құдайды сүю арқылы интуитивті түрде «нұрлануға» жету (ақиқат жолы), мадақ жырларын жырлау (зікір салу), терең пантеистік танымды ұғыну, осындай практикалық іс-әрекеттерді ұстаздардың (мүршидтердің, пірлердің) өз басынан өткізуі т.б. Сонымен қатар онда мынадай өзіндік қалыптасқан категориялар жүйесі бар: ахуал, ақиқат, зейін, дәруіш, дария, гаухар, ғайб, ғайбат, ғалам, ибадат, жаухар, сыр, ризық, хал, ынсап, ықлас, қаусар, харам, тәуба, тәлім, тәуекел т.б. Бұл ілімді алғаш негіздеушілер: Зу-н-Нун әль-Мысыри, Абу Абдаллах әль-Мухасиби, әл-Ғазали, Суфи Алаяр, А. Яссауи т.б.
Калам (әңгімелесу, сұхбат, сөз деген мағыналарды білдіреді) – орта ғасырдағы араб-мұсылмандық фалсафадағы діни бағыттардың бірі. Бұл үш кезеңге бөлінеді: ерте (7 ғасырдың аяғы - 8 ғасырдың басы); мутазилиттер кезеңі (8 ғасырдың аяғы - 10 ғасырдың ортасы); классикалық кезең (10 - 12 ғғ.). Алғашқы кезеңіне христиандық пен иудаизм өкілдерімен пікірталастар жүргізу тән және үлкен, кіші күнә, тағдырдың тағайындалуы сияқты мәселелер төңірегінде ой өрбітті. Осыған орай, тағдыр түсінігіне мойынсұнушылар – джабариттер, адам әрекетіндегі белгілі бір деңгейдегі еркіндікті дәйектеушілер – кадариттер болып екіге бөлінді. Ал мутазилиттер кезеңінде дискурстық мәселелердің шеңбері ұлғайды: алғашқы жаратушы, құдайдың бірлігі (таухид) және оның қасиеттері (сифат) т.б. Ашари өзінің ілімін «аралық бағыт» (мазхаб аусат) ретінде ұсынды да, фатализм мен волюнтаризм сияқты шеткі бағдарларды теріске шығарды. Ол Құранның мазмұнын сөзбе-сөз түсінуге және оны аллегориялармен көмкеруге қарсы шықты, эсхатологиялық түсінікке сеніммен қарады, Әбу-әль-Хасан Ашаридің ізбасарлары да осы пікірлерді дамытты: әль-Бакиллани, әль-Джувайни т.б. Бұл ілім алдымен әлемнің мәңгілі мен жанның өлетіндігі туралы ілімді жоққа шығарды. Ал 15 ғасырлардағы соңғы калам исфахан мектебі арқылы суфизм мистикасына бет бұрды.
Мутазилиттер(бөлінгендер деген мағынады) – көне Грекиядағы философия мен логиканың тәсілдерін құдай мен адам қатынастарында қолдануды алғаш рет ұсынған бастапқы мұсылмандық теология өкілдері. Олар құдайдың қасиеттерін айнытпай сол қалпында түсінуге қарсы шықты, құдайға адамдық тәндік болмысты таңуға болмайтындығын дәйектеп, ол құдайдың бірлігі идеясына қарсы келетіндігін тұжырымдайды. Құдай сөз сөйлеу қабілетін ие екендігін жоққа шығара отырып, Құранның мәңгілігін терістеп, ол Құдай құдыретінің бір ғана көрінісі деп білді. Құранның қасиеттілігі оның әріптерінде емес, рухында дей келе, «илм ат-тәфсір» деп аталатын оны арнайы түсіндіру ілімін енгізді. Олар ерік еркіндігін қолдап, адам істеген әрекеттеріне құлықтылық тұрғыдан жауапкершілікте болатындығын ұсынды. Үлкен күнә (сахиб кабира) жасаған мұсылман адам құдайсыз (кафиром) болып табылмайды тек ортаңғы жағдайда сақталады деп түсіндірді.