Ылмыстық заңнаманың кеңістікте әрекет етуі.

Заң мемлекеттiң еркiн бiлдiрудiң көрiнiсi болғандықтан, осы ерiк билiк ететiн мемлекет шегiнде қолданылады. Алайда, қазiргi өркениеттi әлемде бiр мемлекет оқшауланып, жеке өзi өмiр сүрмейдi, ол өзi сияқты жеке өзге мемлекеттермен араласып жатады…(Н.С.Таганцев. Русское уголовное право. Т-1,-Тула, 2001,с.245).

Кез келген заң, оның iшiнде қылмыстық заңның қолданылу аясы, яғни күшi жүретiн шектеулi кеңiстiгi бар.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық заңының кеңiстiкте қолданылуы мынадай төрт принциптерге негiзделедi:

1). Территориялдық принцип,

2). Азаматтық принцип;

3). Универсалды принцип;

4). Реалды принцип.

Территориялық принципке сәйкес, Қазақстан Республикасының территориясында жасалған барлық қылмыстар үшiн жауаптылық ҚР Қылмыстық кодексi бойынша туындайды. ҚР Қылмыстық кодексiнiң күшi Қазақстан Республикасының барлық территориясына таратылады. Бұл территория ҚР-ң «ҚР мемлекеттiк шекарасы туралы» 13-қаңтар 1993 жылғы заңының 1-бабында былайша анықталған: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасы дегенiмiз Қазақстан Республикасы аумағының шегiн - құрғақ, су, жер қойнауы және әуе кеңiстiгi шегiн айқындайтын сызық және осы сызық бойынша өтетiн беткi қабат». Осы Заңға сәйкес құрғақ аумаққа – жер бедерiнiң сипатты нүктелерi мен сызықтары немесе анық көрiнетiн бағдарлар, ал су аумағына – Республиканың iшкi суларынан басқа, аумақтық теңiз жағалауындағы теңiз сулары, олардың тиесiлi енi жатады. Қазақстан Республикасының әуе кеңiстiгi аумағына - Қазақстан Республикасының құрғақ немесе су аумағы үстiндегi белгiленген аспан кеңiстiктерi жатады. Жер қойнауына – мемлекеттiк шекарамен белгiленген құрғақ немесе су кеңiстiгi астындағы аумақтар жатады.

Сонымен, Қазақстан Республикасы қылмыстық заңының күшi Қазақстан Республикасының кез келген аумағында немесе объектiлерiнде жасалған қылмыстық iс-әрекеттердiң барлығына да қолданылады.

Қазақстан Республикасында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтар деп – Республика территориясында басталған немесе жалғастырылған, аяқталған қылмыстық құқық бұзушылықтар аталады. ҚР Қылмыстық кодексiнiң күшi Қазақстан Республикасының құрлықтық шельфiнде және ерекше экономикалық аймағында жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтарға да қолданылады.

Құрлықтық шельф территориялық сулардың аумағынан шығып жатқан құрлықтың жер асты жалғасы. 1958 жылғы Женева конвенциясына сәйкес құрлықтық шельф ұғымы пайдалы қазбаларды өңдеуге мүмкiндiк беретiн 200 метр тереңдiктегi және одан тыс шектегi жағалауға жақын мемлекеттердiң жер асты аумағын қамтиды. Ал ерекше экономикалық аймаққа республиканың территориялық суларынан тыс жердегi теңiз аумақтары жатады.

Қазақстан Республикасының территориясына сонымен қатар, қай жерде тұрғанынына қарамастан ҚР-ның әскери корабльдерi мен әскери әуе кемелерi де жатады. Сондықтан ҚР әскери кораблiнде немесе әскери әуе кемесiнде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам, оның қай жерде болуына қарамастан ҚР Қылмыстық кодексi бойынша жауаптылыққа тартылады. ҚР-ның портына тiркелген әскери емес кемелерi ашық теңiзде немесе ашық әуе кеңiстiгiнде жүрген уақыттарда ғана Қазақстан Республикасының территориясы ретiнде саналады.

Ашық теңiз деген – белгiлi бiр мемлекеттiң iшкi, аумақтық суларына кiрмейтiн теңiздiң басқа бөлiгiнiң барлығы. Ешбiр мемлекет оның қандай да бiр бөлiгiн өзiнiң егемендiгiне бағындыруға құқығы жоқ.

Территориялық принциптен шығатын ерекше жағдай болып дипломатиялық иммунитет немесе экстерриториялық құқық табылады. ҚК-тiң 6-бабының 4-бөлiгiне сәйкес дипломатиялық иммунитеттi пайдаланатын адамдарға ҚР Қылмыстық заңы қолданылмайды. Дипломатиялық қатынастар туралы 1961 жылғы Вена конвенциясына және 1966 жылғы Шет мемлекеттердiң дипломатиялық және консулдық өкiлдiктерi туралы Ережеге сәйкес қылмыстық жауаптылықтан жеке қол сұғылмаушылықты және иммунитеттi мына адамдар пайдаланады: дипломатиялық өкiлдiктердiң басшылары (елшi, уәкiл, консул, iске сенiмдi); кеңесшiлер, сауда өкiлдерi және олардың орынбасарлары, әскери, әскери-теңiз және әскери-әуе атташелерi және олардың көмекшiлерi; 1,2,3-хатшылар, атташе және архив-хатшылары, сондай-ақ ҚР азаматтары болып табылмайтын олардың жанұя мүшелерi, сондай-ақ олармен бiрге тұратын адамдар. Мұндай адамдардың шеңберi нақты мемлекеттердiң арасындағы келiсiм бойынша кеңейтiлуi мүмкiн. Егер бұл санаттағы адамдар ҚР территориясында қылмыс жасайтын болса, олардың қылмыстық жауаптылығы туралы мәселе халықаралық құқық нормаларымен шешiледi, негiзiнен олар «persona non grata», яғни «жағымсыз тұлға» деп танылып, өз елдерiне қайтарылады.

Қылмыстық заңның кеңiстiкте қолданылуының азаматтық принципi бойынша Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған Қазақстан Республикасының азаматтары және ҚР тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдар ҚР ҚК бойынша тек мына жағдайларда жауаптылыққа тартылады:

а). егер олар жасаған әрекет сол қылмыстық құқық бұзушылық жасаған мемлекетте қылмыс деп танылса;

б). егер бұл адамдар басқа мемлекетте сотталмаған болса.

Аталған адамдарды соттау кезiнде жазаны қылмыстық құқық бұзушылық жасалған мемлекеттiң заңында көзделген санкцияның жоғары шегiнен асыруға болмайды.

Шетел азаматтары және ҚР тұрақты тұрмайтын азаматтығы жоқ адамдар ҚР тыс жерде жасалған қылмыстар үшiн ҚР ҚК бойынша жауаптылыққа тартылмайды. Алайда, ерекше жағдай ретiнде ҚК-тiң 7-бабының 4-бөлiгiнде қарастырылған қылмыстық заңныңреалдық принципi бойынша ҚР тыс жерлерде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған шетел азаматтары ҚР мүдделерiне қарсы бағытталған қылмыстық құқық бұзушылық жасаған жағдайларда және ҚР халықаралық шартында көзделген жағдайларда, егер олар басқа мемлекетте сотталмаған болса, ҚР ҚК бойынша жауаптылыққа тартылады.

Қылмыстық заңның универсалды принципi халықаралық қылмыстармен немесе халықаралық сипаттағы қылмыстармен (терроризм, кепiлге алу, әуе кемелерiн айдап әкету және т.б) күресу үшiн барлық мемлекеттердiң мүдделерiн ортақтастыру дегендi бiлдiредi. Осы принципке сәйкес Қазақстан Республикасы өзi мүше болып табылатын халықаралық конвенцияларды орындауға мiндеттi.

ҚК-тiң 8-бабында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамдарды ұстап беру туралы мәселе қарастырылған. Басқа мемлекеттiң аумағында қылмыстық құқық бұзушылық жасаған Қазақстан Республикасының азаматтары, егер халықаралық шартта өзгеше белгiленбесе, ол мемлекетке ұстап берiлмеуi тиiс. Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жерлерде қылмыстық құқық бұзушылық жасаған және Қазақстан Республикасының аумағында жүрген шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе жазасын өтеу үшiн шет мемлекетке ұстап берiлуi мүмкiн екендiгi заңда бекiтiлген.

Қылмыскердi ұстап берудi қылмыстық құқықта экстрадиция деп те атайды. Экстрадиция дегенiмiз - қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамды қылмыс жасалған мемлекетке, мүддесi бұзылған мемлекетке немесе азаматы болып табылатын мемлекетке оны соттау немесе сот үкiмiнiң күшiне енуiне сәйкес жазасын өтеу үшiн ұстап беру.

Наши рекомендации