Түнгі астана көркі

Астананың әсемдігін тамашалайтын уақыт –түн.Түнде Астана жарқырап тұрады. Осы уақытта далаға серуендеуге шықсаң,түнгі Астананы тамашалауға болады.Бұл сұлулықты бояуы ең керемет суретке теңеуге болады. «Гүлсағаттың» қасында әжем тұрады.Маған әжемнің үйіне қыдырып бару екі есе қуаныш сыйлайды,бірі: асыл әжемнің баға жетпес құшағына еніп, қызықты әңгімелерін тыңдау болса, екіншісі: әсем Астанамыздың түнгі келбетін армансыз тамашалау. Есілдің жағалауында тұру да, жүру де бақыт қой, шіркін!Кешкі самал, баяу толқыған су беті, жамыраған шамдар,бақытты ғашықтар- бәрі де нақ бір киноның көңілді эпизодын түсіру кезіндегідей. Бірақ - бұл шындық . «Бәйтерекке» шығып тамашаласақ, қаламыздың сұлу бейнесінің шынайы келбетіне толық көз жеткіземіз. Қала алақандағыдай айқын әрі көзді арбағандай әдемі. Ару Астана қазақтың әлемді таңғалдырар хас сұлуларындай батыл да еркін жүрісімен өркениетке дара сипатымен асығып бара жатқандай.

Табиғаттың тұнып тұрған сырлары

Қыс,аяқ астынан қаталдық орната алатын ең қатыгез әрі ең аяусыз қыс...Қалың қарға көміп тастағаны аздай, күні -түні бір тынбайтын бораны мен ызғырық желін айтсаңшы. Адам төзгісіз жайсыз мезгілдің жыл ретін жаңартатыны болмаса, сірә, бір пайдасы жоқ сияқты. Суықтан қорғанған жұрт қалың киініп, бір- біріне де суық тарта бастайтындай көрінеді маған.Үй ішіне пеш жағылып,тоңып бүріскеннің бәрі жұмысқа да көңілсіз қарайтын секілді. Табиғаттың қаталдығы бұл ғана ма? Отын алуға шамасы келмейтін жер бетінде қаншама жазықсыз жанның жүрегін жаралады екен бұл қатал қыс?..

Лттық валюта- мемлекеттіліктің нышандарының бірі

Жоспар:

І Кіріспе

Теңге – еліміздің салмақты нышаны

ІІ Негізгі бөлім

1. Ұлттың валюта тарихы

2.Жаңа келбеттегі теңгеміз

ІІІ Қорытынды

Әлем нарығында жарқырап жүрші, төл теңгем!

Ақшаны жақсы көрмейтін адам жоқ шығар, бірақ сол ақшаның тарихын білеміз бе? Ұлттық валюта, яғни теңгеміздің пайда болуы Қазақстан Республикасының тәуелсіз екендігінің бір дәлелі болып табылады. Теңге – Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышаны. Қазақстан үшін өзінің ұлттық валютасын енгізудің экономикалық қана емес, үлкен саяси да мәні бар еді. Ұлттық валютаға өту Қазақстанға әлеуметтік жағынан үлес қосады. Қазақстан теңгесі – ҚР-ның ұлттық валютасы, ол Қазақстан Республикасы Президентінің 1993 жылғы 15 қарашадағы жарлығы бойынша айналысқа енгізілді. 1992 жылдың 27 тамызы күні Ұлттық банк теңге купюрасының үлгілерін бекітті. 1992 жылы теңге дизайнындағы портреттер бекітілді. Теңге Ұлыбританияда басылып шықты. 1993 жылдың 12 қарашасы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасында ұлттық валюта енгізу туралы» жарлыққа қол қойды. 2006 жылы 15 қарашада ҚР-ның Ұлттық банкі 200, 500, 1000, 2000, 5000, 10000 теңгелік банкноталардың келбетіне өзгерістер енгізіп шығарды. Мұндағы шаралар банкнотадағы адам бейнесінің болмауын, қорғаныс қабілетінің жоғары болуын көздейді. Меніңше, бұл дұрыс та, себебі қолда жүретін олардағы адамдар еліміздің ұлы тұлғалары болатын. Мемлекет болу үшін оның өз валютасы болғаны дұрыс. Меніңше, бірнеше жылдық тарихы бар доллардан да, Ресей рублінен де біздің теңгеміз өте ыстық, өте қымбат. Оның құны да тұрақты. Сондықтан төл теңгеммен мен де мақтанамын! Жерде жатқан теңгені көтеремін, себебі онда елтаңба бейнеленген. Елімнің болашағының жарқын болатынына сенгенім сияқты, мемлекет нышаны теңгенің де әлем нарығында жарқырап жүреріне үмітім мол. Бірақ теңгенің оңай жолмен келмейтінін және біздің білім алып, еңбек етуімізді ынталандыратын бағалы әрі құнды қағаз екенін естен шығармасақ екен.

Армандар алдамайды

Иә, келесі жылы Жеңіске 70 жыл толғанын тойлаймыз. Осыдан 70 бұрын ата-бабаларымыз елімізді, жерімізді, халқымызды жанын салып қорғаған еді. Міне, қазір сол асқақ ерліктің арқасында бізге Алла бостандық сыйлады, елімізді тәуелсіз етті. Сол бостандықтың арқасында бейбіт өмір сүріп келеміз, бірақ халқымыз мұндай азаттықты сан ғасырлар бойы армандады емес пе?! Мен биыл мектепті бітіргелі жатырмын. Ата-бабаларымыздың асқақ арманы елін, жерін қорғап, халқына тыныштық сыйлау болған еді, менің де асқақ арманым-халқыма және де сүйікті Отаныма халықаралық құқық саласында адал қызмет ету, сондай-ақ еліне пайдасы тиер азамат болу. Әрине, мақсатыма жету үшін көп білім алып, тер төгу керек. Сол үшін де мен мақсатыма жетудегі алғашқы қадамымды жасаудамын, яғни “Алтын белгі” үміткері ретінде 11 жыл алған білімімнің сапалы әрі терең екенін дәлелдемекпін. Халқымызда «Талпынған жетер мұратқа» деген керемет сөз бар. Әрбір адам алдына нақты мақсат қойып, сол жолда ерінбей еңбек етсе, шыдамдылық пен төзімділік таныта білсе, арманы алдамайды. Ауыз әдебиетіндегі ертегілерді шығарғанда халқымыз ұшатын кілем, сөйлейтін арғымақ сияқты құбылыстардың да күндердің күнінде адам еңбегін жеңілдететін, жақсылықты арттыратын, жамандықты қашыратын заттарға айналарына сенген. Ал сол кездегі қиялдан туғанның өзі шындыққа айналды емес пе?! Осылайша мен арман қууға, ғажайыптар әлеміне енуге қорықпау керек дер едім. Себебі Елбасымыз айтып көрсеткен 21-ғасырдың Қазақстанның «алтын ғасыры» боларына мен де сенемін. Шынында да «Ол бейбітшіліктің, тұрақтылық пен гүлденудің ғасыры болады.»

Сондықтан Отаныма қызмет етуді борышым деп білемін. Қазақстанның алтын ғасырына аяқ басар тұста мектепті «Алтын Белгімен» бітіргелі отырғаным – Қазақстан дамуының алтын болашағына қосар үлесім.

Ең асыл қасиет

Осыдан 70 жылдай бұрын күллі әлемді дүр сілкінткен Ұлы Отан Соғысына біздің аталарымыз қатысып, өздерінен кейінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін күресіп, бізге Ұлы Жеңісті алып берді. Сол үшін біз ортамызда жүрген, бірақ күннен-күнге азайып бара жатқан ардагерлерге үлкен ризалығымызды білдіріп, мәңгілік бас иеміз! Осы жеңісте, менің ойымша, халықтар достығы маңызды орын алған сияқты. Тіпті бірліктің арқасында жеңдік деп жатқандарды да көптеп естіп жүрміз. Қанша батыр болсын, қандай шебер қолбасшы болсын, бастаған қолы ұйымшыл болмаса, жеңіске жету қиын. Президентіміздің Жолдауында келтірген «Үдеудің сыры – бірлікте, жүдеудің сыры- алауыздықта» деген нақыл орынды айтылған. Одан басқа халқымызда «Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деген де бар. Аталған Жолдауда қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті әрі ең басты мәселесі екені айтыла келіп,

«Ел бірлігі – ең асыл қасиет» деген тоқтам жасалған. Сол себепті осы асыл қасиетті жоғалтып алмасақ екен деп ескерткім келеді. Елбасының айтуынша,

«Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық ең алдымен өзімізге – қазақтарға керек.Қазақты ешуақытта сырттан жау алған емес.Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген.» Осыны тек Бірлік пен ынтымақ күні қарсаңында ғана емес, әркез жадымызда мықтап ұстап, ел ішінде татулық орнауы үшін бар мүмкіндік жасалса екен деген тілегім бар. Менің болашағым физика пәніне байланысты. Физика – өте керемет, әрі қызықты ғылым саласы. Ол пәнді игеру үшін тек қағаз бетінде есеп шығарып қана қоймай, әр түрлі практикалық жұмыстарды жасау қажет. Бұл пән бізді қоршаған ортадағы құбылыстар қалай жүзеге асатынын және қандай заңдылықтарға бағынатынын түсіндіреді. Тілсіз әрі санасыз құбылыстар Жаратушының заңдылығымен қақтықпай өмір сүріп жатқанда, санасы бар, ақыл-ойы бар адамзат ең асыл қасиетімізді қастерлей білсе екен!

Наши рекомендации