Төртінші бөлім: «Һади» малы

Һади малы арап тілінде "الهدي" деп айтылады. Һади малы малы дегеніміз - қажы кісінің ал-Харамға жетектеп апарып, сонда шалатын малы. Қажы кісіге ал-Харамда шалатын һади малын жетектеп апару үкімі сүннет. Сондай-ақ қажылыққа барушылар һади малын өздерімен апармай Меккеде сатып алуларына болады. Оған түйе, сиыр және қой малдары кіреді. Бір адам бір қой шалады. Жеті кісі қосылып бір түйе немесе бір сиыр шалуларына болады.

Аллаһтың елшісіне (саллаллаһу алайһи уа саллам) қажылықты атқаруына Худайбияда дұшпан тарапынан тосқауыл қойылғанда ихрамнан шығу үшін ол түйе малын шалған. Осы сүннеттің негізінде һади малының ең абзалы - түйе. Сосын сиыр, сосын қой, сосын ешкі.

Шалынатын жері

Һади малы ал-Харамда шалынуы шарт. Өйткені ал-Харам территориясынан басқа жерде шалынған мал һади малы емес. Мал шалынатын ең абзал орын - Мина. Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(نحرت ههنا ومنى كلَها منحر فانحروا في رحالكم)

«Мен малды мына жерді шалдым. Мина - бүтіндей мал шалынатын орын. Минадағы тұрған орындарыңда шала беріңдер»[1262].

Ади малының түрлері

1 - Уәжіп һади. Уәжіп һадиге нәзір малы, қиран және таматтуъ малдары кіреді. Сондай-ақ олардың қатарына қажылықтың атқарылусыз қалған уәжіп амалдарының орындарын толтыру үшін және ихрам тыйымдарын бұзып қойғандығы үшін шалынатын малдар кіреді. Кім қажылыққа барғанда Аллаһ тағала үшін мал шалуға ант берсе, қажылықта мал шалуы уәжіп болады. Бұл нәзір малы деп аталады.

2 - Нәпіл һади. Нәпіл һади дегеніміз - Аллаһ тағалаға жақындау үшін қажы кісінің өз еркімен Минада шалатын малы. Әл-Бұхари мен Мүслімнің сахихтарында Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) ал-Харамға жүз түйе жетектеп әкелгені мен шалғаны айтылады. Осы сүннеттің негізінде қажылықты немесе умраны атқару үшін Меккеге келген әр мұсылманның мұндай ниетпен мал шалуы мустахап. Сондай-ақ шалынатын малдың семіз және жақсы мал болуы мустахап. Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай дейді:

﴿ ذَلِكَ وَمَن يُعَظِّمْ شَعَائِرَ اللَّهِ فَإِنَّهَا مِن تَقْوَى الْقُلُوبِ ﴾

«Бұл дегеніміз, кім Аллаһтың діннен еткен белгілерін ұлықтаса, онысы - жүректердің тақуалығынан болғаны»[1263].

Бұл аяттың тәпсіріне қатысты Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: «Малдың семізін, жақсысын және үлкенін таңдау да Аллаһтың діннен еткен белгілерін ұлықтауға жатады».

Шалынатын уақыты

1 - Нәпіл, таматтуъ және қиран малдары Құрбан айт күндерінің үш күнінің ішінде және одан кешікпей шалынуы шарт.

2 - Ихрамдағы ереже бұзушылықпен, кәфарат өтеумен және кедергімен байланысты шалынатын малдар айт күндерінен ертерек немесе кешігіп шалынса да болады. Әрине, жасалған қателіктен көп кешікпей шалынғаны абзал.

Ади малының шарттары

1 -Һади малының жасы, мысалы, түйе малы бес жасар, сиыр малы екі жасар, ал қой малы бір жасар және ешкі малы екі жасар болуы шарт.

2 -Малдың екі көзі де сау болуы шарт. Сондай-ақ құлағы кесілген, арық және соқыр болмауы шарт. Әбу Хасиннің айтуынша Ибн Зубайр, Аллаһ тағала оған разы болсын, өзіне сатып әкелінген һади малы түйенің бір көзі жоқ екенін көріп:

(إن كان أصابها بعدما اشتريتموها فأمضوها وإن كان أصابها قبل أن تشترها فأبدلوها)

«Егер көзіне зиян сатып алынған соң тисе, жетектей беріңдер. Алайда көзіне зиян сатып алуларыңнан бұрын тисе, басқасын айырбастаңдар»-дейді[1264].

3 -Ереже бұзушылықтың жазасы мен кәфарат ретінде шалынған малдың етінен дәм татуға болмайды.Тауыс пен Саъид ибн Жабир, Аллаһ тағала оларға разы болсын, былай деді:

(لا يأكل من جزاء الصيد ولا من الفدية)

«Аң өлтіріп қойған үшін шалынатын жаза малы мен пидъя малының етінен жеуге болмайды»[1265].

Нәпіл, таматтуъ және қиран малдарының еттерінен жеуге болады. Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(كنا لا نأكل من لحوم بدننا فوق ثلاث منى، فأرخص لنا رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم فقال: كلوا وتزودوا فأكلنا وتزودنا)

«Шалған түйелеріміздің еттерінен үш күндей жемедік. Сосын пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) жеуімізге рұқсат етіп: «Жеңдер және қамданыңдар»-деді. Біз одан жеп, қамданып алдық[1266].

4 -Һади малын бауыздаушы және мүшелеуші қасапшыға берілетін ақы құрбандық малының етінен берілмейді.

Әли, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) маған жетектеп әкелген түйелерін шалуға тұруымды және олардың еттері мен терілерін бүтіндей міскіндерге үлестіріп беруімді және қасапшыға одан ешнәрсе бермеуімді бұйырды да: «Біз оған өз қасымыздан төлейміз»-деді[1267].

Наши рекомендации