Рбан шалуды уәжіп ететін шарттар

1 -Мұсылман болуы.

2 - Азат болуы.

3 - Тіршілік қажеттіліктерінен тыс мал-мүлкі өспесе де (зекет төленетін) нисапты құрауы.

4 - Тұрғылықты болуы. Жолаушы кісіге уәжіп емес. Әбу Бәкір мен Омар, Аллаһ тағала оларға разы болсын, жолаушы кездерінде құрбан шалмайтын[1279].

Имам Әбу Ханифа мен Әбу Юсуптің көзқарастарында құрбан шалуды уәжіп ететін көлемде мал-мүлкі бар сәби құрбан шалуы уәжіп. Құрбандық малын қамқоршысы баланың қаражатынан алып шалады.

Қайсыбір мұсылман құрбан айт күндерінен басқа күндері Аллаһ үшін құрбан шалуға нәзір серт берсе, құрбан шалуы уәжіп, тіпті пақыр болса да. Сонымен қатар кім малды құрбан шалу ниетімен сатып алса, оны құрбандыққа шалуы уәжіп, тіпті пақыр болса да.

Құрбандық малы аталған уақытта туып қойса, немесе одан кейін жүкті болсын, баласы қоса шалынады. Ол малдың сүтін қожайынына ішуге болмайды.

Кім құрбандық малын жоғалтып немесе ұрлатып алса, орнына басқасын сатып алып шалады. Егер жоғалғанын тауып алса, екеуін де шалғаны абзал.

Рбан шалудың дұрыстығына қажетті шарттар

1 -Шалынатын мал түйе, сиыр, қой және ешкі болуы. Мал ішінде түрі тұрғысынан құрбандыққа ең абзалы - қой малы, ал салмағы тұрғысынан ең еттісі. Сондай-ақ түсі тұрғысынан құрбандық малының ең абзалы - ағы, сосын сарысы, сосын бозғылты, сосын қызылы, сосын шұбары, сосын қарасы. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) құрбандыққа ақ қошқар шалғандықтан, қой малында құрбандыққа ең абзалы - қошқар. Ешкі, түйе және сиыр малдарында, салмақтары тең келсе, еркектеріне қарағанда ұрғашылары абзал. Өйткені ұрғашы малдың еті жақсы болады.

Сиыр мен түйе малына қатысты құрбандықты бірнеше адам бірігіп шалуларына болады, алайда кісі саны жетеуден аспауы шарт. Бірігіп шалуға жетеуі малды сатып алардан бұрын келісулері қажет. Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(نحرنا مع رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم عام الحديبية البدنة عن سبعة، والبقرة عن سبعة)

«Худайбия жылы Аллаһтың елшісімен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге бір түйені жеті кісі бірігіп және бір сиырды жеті кісі бірігіп құрбан шалдық»[1280].

Алайда жеті кісі бірігіп сиыр немесе түйе шалғанға қарағанда әркім қой шалғаны абзал. Бірігіп құрбан шалушы жеті кісінің де ниеті Аллаһ тағала жақындау болуы шарт. Егер олардың бірінің ниетінде ет үйіне арналған болса, жетеуінің шалғаны құрбандық саналмайды[1281].

2 -Түйе малы бес жасар, сиыр малы екі жасар, ешкі малы бір жастан асқан болуы шарт. Құрбандыққа қой малының бір жасарын, тіпті жеті айға аттағанын да шалса болады. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(يجوز الجذع من الضأن أضحية)

«Қойдың алты айдан асқаны құрбандыққа болады»[1282].

3 -Құрбандық малы түрлі аурулардан және айыптардан аман болуы шарт. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай деді:

(أربع لا تجوز في الأضاحي: العوراء بَيِّن عورها، والمريضة بيّن مرضها، والعرجاء بيّن ظلعها، والكسير التي لا تُنقى)

«Төрт түрлі мал құрбандыққа жарамайды: бір көзі анық жоқ мал, ауруы анық мал, ақсақтығы анық мал және жілік майы жоқ (арық) мал»[1283].

Сонымен қатар құлағының, мүйізінің және құйрығының үштен бірі кесілген мал да құрбандыққа жарамайды. Әлидің, Аллаһ тағала оған разы болсын, айтуынша Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) құлағы мен мүйізі кесілген малдың құрбандыққа шалынуына тыйым салды[1284].

Тістері жоқ және нәжісті жерде жайылған мал да құрбандыққа жарамсыз.

4 - Өз уақытында шалынуы. Құрбан шалынатын уақыт құрбан шалынатын күндердің біріншісінде айт намазынан кейін басталып, үшінші күні күн батар алдын тоқтайды. Ал-Барра, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(خطبنا النبي صلى اللّه عليه وسلم يوم النحر قال: إن أول ما نبدأ به في يومنا هذا أن نصلي، ثم نرجع فننحر)

Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) бізге Құрбан айт күні құтпа айтып: «Бұл күні ең бірінші атқаратын ісіміз - намаз оқуымыз. Сосын намаздан қайтып, құрбан шаламыз»-деді[1285].

Құрбан шалынатын күндер - зүлхижжаның оныншы, он бірінші және он екінші күндері. Ең абзалы - зүлхижжаның онында айт намазынан кейін шалынуы. Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(الأضحى يومان بعد يوم الأضحى)

«Құрбан айт күнінен кейінгі екі күн де - құрбан шалынатын күндер»[1286].

Құрбан шалуы уәжіп болған кісі құрбандық малды сатып алғанымен оны белгіленген уақытынан өткізіп алса, малды тірідей садақа етеді. Ал әлі сатып алмаған кісі уақытты өткізіп алса, бір қойдың құнындай садақа беруі уәжіп. Кім айт күні құрбан шалмастан дүниеден озса, уәжіп мойнынан түседі.

5 -Мұсылман кісінің бауыздауы. Малды мұсылман емес кісіге бауыздатуға болмайды.

Наши рекомендации