Тарау. авторлық құқықты халықаралық қорғау

§1 Авторлық құқықты халықаралық

Орғау жүйесінің дамуы

Азаматтардың шығармашылық интеллектуалдық әрекеттерінің нәтижесі болып табылатын рухани өмір - әрбір қоғам үшін маңызды болып келеді.

Азаматтардың шығармашылық еңбегінің жемістілігі тікелей қоғам дамуына әсер етеді және де көптеген факторларға байланысты болады. Олардың маңыздыларының бірі – шығармашылық нәтижелері иелерінің құқықтарының қорғалуы дәрежесі болып табылады. Қазіргі таңда интеллектуалдық меншік иелерінің құқықтарын қорғау мәселесі бір мемлекет шеңберінде ғана емес, халықаралық деңгейде қарастырылып жатыр.

Соңғы уақытта отандық және шетелдік баспасөздерде интеллектуалдық меншіктік құқық бұзушылықтар жөніндегі мақалалар жиі шығып жатыр. Көбінесе «Пираттық» аудио және видео нарығы, плагиат және басқа да авторлық құқықты бұзушылықтар жөнінде сөз қозғалуда.

Кезекті видео фильм көру немесе жаңа ән тыңдау барысында, автордың аты көрсетілетін титр немесе аннотацияларға көңіл бөлетіндер біздің арамызда аз-ақ. Ал шын мәнінде, кез келген музыкалық немесе әдеби туынды - бұл автордың ұзақ, жігерлі еңбегінің нәтижесі, және де ол, сөзсіз, сыйлы болуы тиіс. Бірақ, өкінішке орай, туынды авторларының түксіз қалуы да аз емес, ал оған тиесілі сыйақысын оған ешқандай қатысы жоқ адамдар алып жатуда.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында бұл мәселе өте өзекті мәселелер қатарына жатқызылып жатыр. 2003 жылы қазан айында Астана қаласында өткен «Қазақстанның ақпараттық технология индустриясындағы интеллектуалдық меншік құқығы» атты республикалық акция отырысында Қазақстандағы пираттық деңгейі 78%-ға жеткені және де бұл көрсеткіш тек Қытайға ғана орын беріп жатқаны жөнінде айтып кетілген.

Қазақстанның көптеген қалаларының аудио және видео нарығы лицензияланбаған таспа, компакт диск және басқа да ақпарат сақтаушыларымен толып жатыр. Сапасы төмен болғанымен, бағасы да өте арзан. Қаламыздың кез келген базарында бейне таспаны 400 теңгеге, ал аудио таспаны 150-ақ теңгеге алуға болатыны бәрімізге белгілі, ал олардың түп нұсқалары өз кезегінде 3-4 есе қымбат. Егер санайтын болсақ осылардың нақты авторлық құқығының иелері «пираттар» кесірінен миллиондаған долларлар көлемінде зиян көреді.

Мұндай құқықбұзушылықтың өзгешелігі – мемлекеттің ішкі заңнамасының шеңберінен шығуда болып табылады. Және де мұндай мәселелерді шешкенде соттар тек мемлекеттің ішкі азаматтық құқықтың нормаларына ғана емес, сонымен қатар халықаралық құқық нормаларына сүйенуі тиіс.

Авторлық құқықты қорғаудың халықаралық жүйесі – күрделі механизм болып табылады, және де оның негізінде «әдеби және көркем шығармаларды қорғау туралы» Берн конвенциясы жатыр.

ХІХ ғасырдың ортасына дейін «авторлық құқық» деген түсінік мүлдем болмаған, меншік құқығы тек нақты зат түріндегі өнер туындыларына таралған.

Ал ХІХ ғасырдың ортасынан бастап авторлық құқық меншіктің жекелеген нысанына айналды. Университеттердің, кітапханалардың құрылуы, кітап саудасының дамуы, шетел тілдерін үйрену, кітаптар айналымының өсуі – бұның бәрі капитал орналастырудың пайдалы және қолайлы орнына айналған баспа ісіне жаңа шарттар енгізді, ал интеллектуалдық еңбектің нәтижелері – туындылар тауардың барлық белгілеріне ие болды.

«Жазушы идеаларды шығарғаны үшін емес, оның шығармаларын өңдейтін, яғни, кітап жасаушыны байытқаны үшін өндіргіш жұмыскер болып табылады, яғни белгілі бір капиталисттің жалдамалы жұмыскері болып табылады.» К. Маркс.[22]

А) «Берн» одағы.

«Әдеби және көркем шығармаларды қорғау туралы» 1886 жылғы Берн конвенциясы.

Авторлық құқықты қорғауға байланысты мұқият жұмыс 1858 жылы Брюссель қаласында әдебиет және өнер туындылары авторларының конгресінде басталды. Кейін бұл жұмыс Антверпен (1861 және 1877 жылдар) және Париж (1878 жыл) конгрестерінде жалғасты. Ал 1883 жылдан бастап жұмыс Бернде жалғасып, 1886 жылы 3 дипломатиялық конференциядан кейін «әдеби және көркем шығармаларды қорғау туралы» Берн конвенциясы атағына ие болған халықаралық келісім жасалынды. Бұл келісімге 10 мемлекет қол қойды: Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Испания, Италия, Либерия, Гаити, Тунис, Франция және Швейцария. 1887 жылдың қыркүйегінде аталған мемлекеттер делегаттары (Либерияны қоспағанда) ратификацияланбаған грамоталармен алмасты және конвенцияның 20-бабына сәйкес ол 3 айдан кейін, яғни 1887 жылдың 5 желтоқсанында күшіне енді.

1886 жылғы Берн конвенциясы негізгі материалдық құқықтық нормаларымен қатар әкімшілік ережелерімен де қамтылған. Конвенцияға сәйкес, қатысушы мемлекеттерінің ұлттық заңнамасы авторлық құқық иелеріне қорғаудың неғұрлым төмен режимімен қамтыған жағдайда, бұл конвенция ережелерін сол мемлекет заңнамасына енгізу міндеті жүктелді.

Бұл конвенциядағы маңызды ережелерінің бірі – авторлық құқық иелері шетел мемлекетінде құқықтық қорғау іздесе, белгілі бір формальдылықтарды орындамау мүмкіндігі беріледі, егер де бұл шарттарды өз мемлекетінде, яғни тұңғыш жарияланған жерде орындаған болса (2-3 баптар).

Сонымен қатар, 1886 жылы қатысушы мемлекеттерден Берн одағын құру жөніндегі шешім хабарланды және де бұл одақтың халықаралық бюросы сайланды. Жаңа мемлекеттердің қосылу тәртібі қарастырылды. Оған қоса, қосымша бап және түпкілікті хаттама қабылданды. Қосымша бап авторлық құқық қорғалынуының неғұрлым жоғарғы деңгейін қамтыған барлық екі жақты шарттарды күшінде қалдырды. Ал хаттамада конвенцияның кейбір жағдайларына түсініктеме берген болатын.

1896 жылғы Париж конференциясы.

1896 жылдың 15 сәуірінде Париж қаласында 1886 жылғы конвенцияға өзгерістер енгізу үшін бірінші конференция өтті. Сол уақытқа таман конвенцияға тағы 4 мемлекет қосылды: Люксембург (1888 ж.), Монако (1889ж.), Черногория (1893ж.) және Норвегия (1896 ж.). Бұл конференцияға қатысушы мемлекеттерден басқа 14 мемлекеттен бақылаушылар қатыстырылды: Аргентина, Болгария, Боливия, Бразилия, Дания, Гватемала, Греция, Колумбия, Мексика, Перу, Португалия, Румыния, АҚШ және Швеция.

1896 жылы жаңадан енгізілгендерінің қатарына конвенцияға «жариялау» деген түсініктің енгізілуі және де бұл түсінікке «көшірмелерді шығару» деген анықтама беруі. Осылайша, драмалық, музыкалық туындыларды, өнер туындыларын көрмелерде көрсету немесе орындау жариялау терминімен сәйкес келмеді. Сонымен қатар, маңызды өзгерістерінің қатарына – конвенцияның 3-бабына енгізілген анықтаулар болды, оларға сәйкес, авторы Берн одағының емес, басқа бір мемлекеттің азаматы болса да, оның туындысы қатысушы мемлекетте тұңғыш рет жарияланған болса, мұндай туындыға да құқықтық қорғау берілген. Осылайша, аумақтық принцип өзгеріссіз қалды, бірақ та мұнда ерекше көңіл бастырып шығарушыдан туынды авторына аударылды.

1908 жылғы Берлин конференциясы.

Берн конвенциясының дамуының келесі кезеңі – 1908 жылғы Берлин конференциясы болды. Сол кезде конвенцияға тағы да 4 мемлекет қосылды : Жапония (1899ж.), Швеция (1901ж.), Дания (1903ж.) және Либерия (1908ж.). Бұл конференцияға қатысушы мемлекеттерден басқа 19 мемлекеттен жіберілген делегаттар қатысты. Жаңа редакция 30 бабтан тұрды және келесі 4 мәселеге қатысты болды:

1. 1886 жылғы конвенция бірінші жариялаған мемлекетте көзделген шарттар мен формальдылықтарды орындауына байланысты авторлық құқықтық қорғау берді. Берлин конференциясында бірінші жарияланған мемлекетте формальдылықтар бар болса да, мұндай барлық шарттардан бас тарта алу мүмкіндігі жөнінде келісілді.

2. Берлин конвенциясының мәтінді қорғалатын объектілер тізімін нақтылады және кеңейтті, оған хореография, пантомима, кинематография, фотосурет және архитектура туындылары қосылды.

3. Аудару құқығын реттейтін ережелер кеңейтілді. Берлин конференциясы ешбір шектеусіз оның жарамдылығын авторлық құқықтың бүкіл мерзімі бойы таниды.

4. 1908 жылғы конференция авторлық құқықтың қорғау мерзімін автордың өмір бойы және қайтыс болған сәтінен 50 жыл көлемінде белгіледі. Бірақ бұл ереженің міндетті күші болған жоқ. Ұлттық заңмен бұдан ұзақ немесе қысқа мерзім көзделсе, бұл конвенцияның ережесі қолданылмауы мүмкін.

Сонымен қатар, 1908 жылғы конференцияда авторға өзінің жұмысын ұсыну және жариялау киноматография арқылы жүзеге асыру құқығы берілді.

1914 жылғы Қосымша Берн хаттамасы.

Бұл уақытқа таман конвенцияға тағы 2 мемлекет қосылды: Португалия (1911ж.) және Нидерланды (1912ж.).

Ұлыбританиямен ұсынылған 1914 жылғы қосымша хаттаманың мақсаты – конвенциямен бекітілген кейбір режимдерді шектеу. Мұнда конвенцияның келесі мәтіндерінде көрініс тапқан «клаузула о репрессалии» құрылған. Клаузулаға сәйкес – қатысушы мелекеттерге олардың аумақтарында тұрмайтын авторларға олардың авторлық құқығын қорғауын шектеу мүмкіндігін берді.

Бұл ереже тәжірибеде тек бір-ақ рет қана, Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Ұлыбритания өзі соғыс жағдайында болған мемлекеттердің азаматтарына қатысты қолданылған болатын.

1928 жылғы Рим конференциясы.

1914 жылдан 1928 жылға дейінгі уақыт аралығында конвенцияға келесі мемлекеттер қосылды: Австрия, Болгария, Бразилия, Венгрия, Греция, Ливан, Марокко, Польша, Румыния, Сирия, Чехословакия, Эстония сонымен қатар тәуелсіздік алған Ұлыбритания доминиондары: Австралия, Ирландия, Жаңа Зеландия және Оңтүстік Африка Республикасы.

Рим конференциясы ХХ ғасырдың басына тән бұқаралық ақпараттар құралдары және коммуникациялар дамуының кезеңінде өтті.

Бұл конференцияға сәйкес, енді авторлардың құқықтары – туындыларын радио арқылы трансляциялағанда да қорғалды. Қорғалатын объектілер шеңбері кеңейді. Конвенцияның 2-бабында көзделген объектілер қатарына – ауызша әдеби шығармалар кірді (дәрістер, сөз сөйлеу т.б.). Бірақ та, қосымша бапта мемлекеттерге объектілер қатарынан заңшығарушылық немесе қоғамдық жиналыстарда немесе соттарда айтылған саяси баяндамалар, мәлімдемелер толық немесе ішінара алып тастау құқығы берілді.

1948 жылғы Брюссель конференциясы.

ІІ Дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада халықаралық авторлық құқыққа байланысты жұмыстар жаңғыртылды . Берн конвенциясы 1984 жылы Брюсселде қайтадан өзгерістерге ұшырады.

Конференцияның басты мақсаты – ұлттық заңдар мен конвенция ережелерін неғұрлым бірдейленуіне жеткізуге ұмтылу, сонымен қатар ғылыми техниканың жаңа даму шарттарын ескеру.

Конвенция қолдану ережелерінің бірдейлігін оның ұлттық заңдардан басымдылық қағидасы арқылы қол жеткізілді.

1967 жылғы Стокгольм конференциясы.

Берн конвенциясын өзгерткен және толықтырған конвенциялар арасында 1967 жылғы Стокгольм конференциясы ерекше орын алып отыр.

Сол уақыттарда халықаралық аренада көптеген дамыған мемлекеттер пайда болды. Олар өздеріне қажетті ғылым және мәдениет туындыларына неғұрлым еркін қол жетулері үшін, Берн конвенциясындағы авторлық құқықты қорғау деңгейін төмендетуге тырысты. Ұзаққа созылған күрделі конференцияның нәтижесі болып дамыған мемлекеттерге одан бұрын болмаған артықшылықтар беретін хаттаманың жасалынуы болды.

Оған қоса, бұл хаттамада бұрын болмаған авторлық құқыққа байланысты жаңа ұсыныстар енгізілді.

Стокгольм конференциясында қабылданған елеулі өзгерістер қатарына келесі ережелерді жатқызуға болады:

1. Конвенцияны іске асыру критерийлерін жетілдіруі;

2. Пайда болу мен жариялаумемлекеттері түсініктерін анықтау;

3. Көшірмелеу құқығын тану;

4. Кинематографиялық және оған теңестірілген туындылардың ерекше режимін бекіту (телефильм, т.б.);

5. Автордың жеке құқықтар шеңберін кеңейту;

6. Конвенция тұңғыш рет фольклор туындыларына қорғауды бекіту туралы ережені бекітті.

Бірақ, батыс мемлекеттердің ірі баспа монополиялары мен фирмаларының мүддесін қорғайтын саясатының нәтижесінде бұл хаттама күшіне енбей қалды.

Париж конференциясына келген келісімнің нәтижесінде (1971 ж.) дамушы мемлекеттерде оқу және ғылыми мақсаттарында аударымды әдебиеттің таралуын жеңілдететін кейбір ережелер Берн конвенциясына енгізілген1.

ә) «Американаралық конвенциялар»

Көптеген мемлекеттердің басын қосқан Берн одағы авторлар және бұл салада істейтін кәсіпкерлер құқықтарын қорғайтын мықты әрі берік халықаралық құрылымға айналды. Бірақ, оны бүкіл әлемдік деп атауға болмайтын еді. Бұның себебі, Берн одағымен қатарлас авторлық құқықты қорғайтын басқа мемлекетаралық одақ дамыды.

Бар шамалы өзгешеліктерге қарамастан, Берн және американ авторлық құқықты қорғау жүйесінде елеулі келіспеушіліктер жоқ.

Авторлық құқықты қорғаудың американаралық жүйесінің негізінде 1889 жылы Монтевидеода жасалынған «көркем және әдеби меншік туралы» конвенция болды.

Оған қоса, келесі конвенциялар қабылданды:

- Көркем және әдеби меншікті қорғау туралы конвенция (Мехико, 1902 ж.);

- Әдебиет пен көркем меншігін қорғау туралы конвенция (Рио Де Жанейро, 1906 ж.);

- VІ Американдық конференциясында қайта қаралған көркем және әдеби меншікті қорғау туралы конвенция (Гавана, 1928 ж.);

- Әдеби, ғылыми және көркем туындыларына авторлық құқық туралы Американаралық конвенция (Вашингтон, 1946 ж.).

Аталған барлық конвенциялардың басты кемшілігі – АҚШ-тың жоқтығы. АҚШ 1946 жылғы Вашингтон конвенциясын әзірлеуге белсенді түрде қатысқанымен, оны өзі ратификацияламады. Мүмкін, АҚШ авторлық құқықты қорғауға байланысты ыңғайлы шарттарды қамтамасыз ететін өзінің ішкі ұлттық заңнамасын өзгерткісі келмеуі бұған себеп болған болар.

Екі одақтың қатысушы мемлекеттері екі одақты біріктіру жөніндегі өздерінің мүдделерін білдірген. Осыған байланысты 1928 жылы Рим конференциясында сөз қозғалған еді. Бұл ұмтылыс Ұлттар Лигасының ІХ сессиясының шешімдерінде көрініс тапты, оларға сәйкес Берн мен Американ жүйелерін біріктіру арқылы авторлық құқықты халықаралық қорғау туралы біркелкі келісімді жасау мүмкіндігі жөніндегі мәселені қарастыру жұмыстары басталды.

1934 жылғы Ұлттар Лигасының ХV сессиясы екі конвенцияны біріктіру (Гавана мен Рим) немесе бар екі конвенцияның орнына келетін жаңа бір конвенцияны құру мақсатында 2 жүйені бірдейлендіру үшін қолданылған күш салулармен ерекшеленеді.

Берн одағының атқарушы органы конвенциялар арасындағы бар кемшіліктерді ескере отырып, олардың бірікітірілуі мүмкін емес деп саналды. Сондықтан Гавана мен Рим конвенциялар ережелерін басшылыққа алатын жаңа конвенцияны құруға тура келді. Кейінірек, бұл келісімнің жобасы құрылды. Бірақ ІІ Дүниежүзілік соғыс басталғандықтан жаңа конвенцияны құру мүмкін болған жоқ.

б) «Авторлық құқықты қорғау туралы Дүниежүзілік конвенция»

Берн конвенциясы Брюссельде енгізілген өзгерістерінен кейін де Батыс Еуропа капиталистік мемлекеттерінде, Азия мен Американың кейбір дамыған мемлекеттерінде әлі де авторлық құқық қорғау саласындағы құқықтың негізі болып қала берді. Оның ең негізгі кемшілігі – ірі кітап шығарушылар пікірінше, АҚШ-тың жоқ болуы. АҚШ-тың Берн одағына кірмеуінің басты себебі – Конвенция бойынша авторлық құқықты қорғау деңгейі ұлттық заңына қарағанда күрт жоғары болды. Американың кітап нарығы капиталистік мемлекеттер арасында ең ірі болған. 50 жылдардың басында АҚШ-та бұл салада істейтін жұмыскерлер саны (6 млрд. доллар көлеміндегі жылдық табыспен) 470 мың адамнан асты. Бұл банкілік, электр, газ және көмір өндіру, сияқты өнеркәсіп салаларының көлем көрсеткіштерінен жоғары болды. Бірақ, шет мемлекеттерге өзінің баспа өнімдерін экспорттағанда кітап өндірушілер мен саудагерлер елеулі зардап шеккен. Оған себеп, АҚШ-та тұңғыш жарияланған туындылар, оның шегінен тыс жерде қорғалынуға жатпады, нақ осы мәселе АҚШ-тың авторлық құқықты халықаралық қорғау жүйесіне кіруге ұмтылысына себеп болды.

Осылайша, авторлық құқықты қорғау туралы Дүниежүзілік конвенцияны қабылдау себептері жөнінде айта келгенде, біріншіден бұған АҚШ-тың ұмтылысын ескеру керек, екіншіден, басқа да көптеген мемлекеттердің формальдылық пен императивтік шарттары неғұрлым аз мөлшерде болатын халықаралық конвенцияны құру мүдделерінің болғаны да сөзсіз.

Жаңа конвенцияны құру жұмыстары 1948 жылы басталып, 3 жыл жүргізілді. 1951 жылдың қарсаңында конвенция жобасы дайын болды.

Авторлық құқық туралы Дүниежүзілік конвенция Женева қаласында 1952 жылдың қыркүйегінде 50 мемлекеттің қатысуымен үкіметаралық конференцияда ЮНЕСКО қолдауымен қабылданды. Конвенция 1955 жылдың қыркүйегінде күшіне енді.

Конвенция нормативтік емес сипаттағы ережелерден тұратын преамбуладан басталады. Бұл конвенция халықаралық өзара түсіністіктің неғұрлым жағымды болуы мақсатында интеллектуалдық шығармашылық туындыларының еркін таралуына және бұл ереженің мүмкіндігінше барлық мемлекеттерге ыңғайлы болуына бағытталған жалпы декларацияның бар болуымен ерекшеленеді.

Конвенцияның преамбуласында Берн мен Американаралық конвенцияларына негізделген халықаралық келісімдер негізінде құрылғандығы нақты белгіленген және бұл ережелерге таралмайды.

Бар көпжақты және екіжақты келісімдер мен конвенцияның ара қатынасын реттеу мәселесіне конвенцияның 17, 18, 19 баптары мен 17-баптың қосымша Декларациясы арналған.

Мұнда екі мәселе реттеледі:

1) Берн одағынан шығып Дүниежүзілік конвенцияға қосылған мемлекеттерге санкция қолдану арқылы Дүниежүзілік конвенцияның бәсекелесу әсерінен Берн одағын қорғау;

2) Берн одағының мемлекеттеріне Дүниежүзілік конвенцияны қолдану тәртібін орнату. Дүниежүзілік конвенция Берн конвенциясы ережелеріне және одақ мүшелігіне ешқандай әсер тигізу ниеті жоқ деп 17-бапта нақты белгіленген.

Берн мен Дүниежүзілік конвенциялар арасындағы құқықтық байланысты 17-бапта негізделген Декларация орнатты. Декларацияға сәйкес Берн одағы мүшелерінің аумағының бірінде де 1951 жылдың 1 қаңтарынан кейін шығарылған туындылар Дүниежүзілік конвенцияның қорғауына жатпайды.

Берн одағын нығайту мақсатына Декларацияның тағы да бір ережесі арналған. Оған сәйкес, Дүниежүзілік конвенция Берн одағы мүшелерінің арасындағы қатынастарына араласпауы тиіс. Мысалы: Итальяндық туынды Францияда қорғануды қажет етсе, (2 мемлекетте Берн, Дүниежүзілік конвенцияларының қатысушылары болып табылады), тек Берн конвенциясының ережелерін ғана қолдануға болады.

Авторлық құқық иелерінің мүдделерін қорғауының негізгі ережесі ретінде ұлттық режим қағидасын басшылыққа ала отырып, Дүниежүзілік Конвенцияның қатысушы мемлекеттерінде авторлық құқықтық қорғауының минимумын қамтамасыз ететін материалдық құқықтық нормаларынан тұрады. Мұндай нормалар қатарына: аудару құқығын бекіту мен 25 жылдың минималды қорғау мерзімін орнату ережелері жатқызылады.

Аудару құқығын шектеу кезінде, Конвенция бұрын халықаралық тәжірибеде болмаған бұл құқықты шектеу әдісі «мәжбүрлі лицензия» беруді арқылы жүзеге асырды. ұлттық режимді шектеудің тағы бір жағдайын айтып кетуге болады. Кейбір мемлекеттерде мүдделі тұлғаның қорғалынатын туындысына авторлық құқығы танылуы үшін формальдылықтарды1 орындауы тиіс.

Авторлық құқық туралы Дүниежүзілік конвенцияның негізгі ережелерін қарастыруды бітіре келе, оның тағы да үш жағдайын ескеру керек:

1. Конвенцияға ескертпе жасауға болмайды. Осыған сәйкес, конвенцияға қосылатын мемлекеттер конвенцияның барлық ережелерін түгелімен қабылдауы тиіс.

2. Қатысушы мемлекеттердің арасында дамуындағы жағдайда, ол халықаралық соттың қарауына жатқызылуы тиіс.

3. Конвенцияға мүше болғысы келетін әрбір мемлекеттің өзінің ішкі заңдылығы конвенция ережелеріне бейім болуы тиіс.

Наши рекомендации