Психологияда қалдырған ізі
Шоқан еңбектерінде психологиялық мәселелерге байланысты әр түрлі сипаттағы деректер баршылық. Осылардың ішінде басқа мәселелерден көбірек сөз болғаны — халқымыздың ұлттық санасы, оның ішінде өзіндік психологиялық ерекшеліктері туралы мәселе еді. Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстан тарихы мен этнографиясын зерттеген шовинистік рухтағы орыс ғалымдарының еңбектерінде халқымыздың ондаған ғасырлық тарихы бар мәдениетіне қиянат жасалып, тіпті ұлттық психологиямызға күйе жағылып, екінші сорттағы халық деп келгені белгілі. Осындай келеңсіз көзқарасқа қыр жағдайында туған халқының ұлттық ар-намысын қызғыштай қорғап, қазақ халқын "тағы халық" деп қарау мүлде қате, бұл білместіктен айтылған сөз, халқымыз ертеден елдігі, өзіндік өнері бар, ылғи да көшіп-қонудың салдарынан оқу-білімнен кенжелеу қалса да, рухани дүниесі бай, прогресс атаулыға ұмтылғыш, жаңалыққа бейім халық деп тебіренеді. Ол Шығыстың эпосына емес, индогермандық эпосқа ұқсайды", — деп ол түйіндей келе, ол қазақтардың рухани байлығын өркениеті аса бай ірі елдермен төркіндестіре қарайды Шоқан қазақ ақындарының төгілдіре жырлау қабілетін олардың негізгі ерекшеліктерінің бірі деп бағалады.
Шоқан Уәлихановтың пікірінше, халықтық психологиясын көрсететін белгілердің бірі — сол халықтың тіл байлығы, сөз өнері, шешендік қасиеттері. Ол сөз өнері халық бойына біткен зор таланттың, керемет қабілеттің, ақындық қуаттың белгісі деп санады. "Халықтың тұрмысы мен әдет-ғұрпы, — деп жазды ол, — бәрінен де артық көрініс табады. Өткенді қастерлеу мен аңыздардың молдылығы — терістік және Орта Азия көшпелі халықтарының ерекше қасиеті. Қазақ тілінде араб тіліндегідей жасама бояу сөздер жоқ, ол нағыз таза тіл". Ғұлама ғалымның осы пікірлерін кең-байтақ өлкемізде болған орыс, украин, поляк зиялылары да қостайды. Шоқанның психологиялық пікірлерінің екінші бір арнасы оның дін жөніндегі толғаныстарымен астарласып жатады.
Ғұлама ғалым алғашқы адамның қиялы мен діни сенімдері оның табиғатқа тікелей қатынастарының бейнесі ретінде пайда болғандығын айтады. Шоқан қазақ халқындағы шамандық ұғымдардың шығу тегін түсіндіргенде де, оның психологиялық жақтарын ашқанда да, материалистік позицияны берік ұстады. Шоқан туған халқының әдет-ғұрпының түрлі жақтарын таңдай келіп, қазақ арасындағы кейбір жағымсыз әдеттерді де мейлінше сынап, олардың психологиялық астарларына үңіліп, осы айтылғандардың қазақ қауымын ілгері бастырмай келе жатқан мерездер деп қарады. Мәселен, осындай кінәраттың бірі барымта екендігін, оны жұрттың көпшілігі баюдың мал жинаудың ең жеңіл әдісі деп қате түсініп жүргенін баса айтты. Ол мұндай "кәсіппен" айналысқан адамның еңбекке ынтасы болмайды, жан-жүйесі жұғымсыз, ұсқынсыз келеді. Белгілі бір кәсіппен айналысу уақытты, зор ынтаны керек етеді деп дұрыс тұжырымдады. Осылайша ол жастарды сұрқия кәсіптен бойын аулақ салуға шақырып, осынау жексұрын қасиеттің адамды арамтамақтыққа, еріншектікке итермелейтінін айта келіп, осы жаман әдеттің сайып келгенде қазақ даласында түрлі кәсіптің дамуына кедергі келтіретініне тоқталды
Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (1845-1904) — ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер[1], либералды білімді исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен
Абайдың педагогикалық көзқарасының қалыптасуы
Абайдың педагогикалық көзқарасы қазақ жерінде патриархалдық-феодалдық қатынастар әлсіреп, капиталистік қатынастардың өмірге ене бастаған кезеңінде қалыптасты. Ақынның ағартушылық ой-пікірлерінің қалыптасуына игі әсер еткен табиғи арналардың алғашқысы - ақынның дүниеге келген ортасы, жас Абайдың бойына адамгершіліктің ізгі қасиеттерін ақ сүтімен қоса дарытқан ана мейірімінің қуаты. Кеудесі шежіре-тарих, аңыз-әңгімеге толы, халықтың салт-дәстүрлерін жетік білетін мейірбан әжесі Зере мен мінезге бай, тілге шешен анасы Ұлжан бала Абайды өз алдына бір бөлек рухани қазына бесігі болып тербетті. Талантты жастың өз бетінше ден қоя оқыған, құныға тыңдаған ауыз әдебиеті шығармалары туған халқының өмірі мен дәстүрін, арманы мен мұңын ертерек танып білуіне себепші болды. Өмір заңдылықтарын түсінуге игі ықпал еткен әке тағылымы да ақын бойында ұстаздық қасиеттің қалыптасуына үлкен әсер етті. Туған халқының рухани мұрасын жан-жақты игеріп, Батыс пен Шығыстың ғылыми ой-санасын сыншылдықпен бойына сіңіру арқылы Абай қазақтың қоғамдық ой-пікірін өзінің ағартушылық тұрғыдағы тұжырымдарымен байытты. Ақынның жастарды білім алуға, ғылымға, адамгершілікке үндеген педагогикалық топшылаулары шығыстың атақты ғүламалары Әлішер Науаи, Ғ. Дауани, әл-Фараби т. б. ой-пікірлерімен сабақтас, өзектес келеді. Ол орыстың алдыңғы қатарлы ойшылдары мен көрнекті педагогтарының маңызды тәлім- тәрбиелік ой-толғаныстарын өзіндік құнды қағидалармен толықтырып, кейінгі ұрпаққа ағартушылық жаңа дәстүр қалдырды.
Абайдың дүниетанымын зерттеушілер
Абайдың дүниетанымы зерттеушілер назарын аударып, оқырман қауымның рухани қазынасына айналды. Профессор Т. Тәжібаевтың еңбектерінде Абайдың ақыл-ой, адамгершілік, еңбек тәрбиесі жайлы тұжырымдарына талдау жасалған. Ол Абайдың педагогикалық, психолиялық көзқарасын тұңғыш рет ғылыми тұрғыдан жан-жақты ашып берді. Ақынның ағартушылық түрғыдағы ой-пікірлері туралы бірқатар зерттеулер жазылып, диссертациялар қорғалды. Абайдың педагогикалық көзқарасы мәселелерін арнайы тақырып етіп қозғамаса да М. О. Әуезов, Қ. Б. Жарықбаев, X. Сүйіншәлиев еңбектерінде ақынның ағартушылық тұжырымдары жайлы біршама құнды пікірлер ұшырасады. Абай педагогика саласынан арнайы ғылыми- теориялық шығармалар жазып, тікелей педагогикалық қызметпен шұғылданбаса да, оның өлеңдері мен қарасөздерінен жастарды тәрбиелеу мен оқытудың кейбір дидактикалық мәселелері жөнінде үлгі-өнеге тұтарлық салиқалы ойлар мен тұжырымдарды көп кездестіруге болады.[1]
Жастарға үгіт
Ақын жастар тәрбиесінің сан қырына, оның өзекті салаларына баса назар аударды, жас ұрпаққа үміт артты, олардың жүрек сезімін оятып, өзінің көкейкесті мақсат-мұраттарына жұмылдыруға ұмтылды. Жастардың еңбек етіп, ғылым мен білімге ден қоюы, алда тұрған мақсаттарына жету жолында табандылық көрсетуі қажеттігі сияқты асыл қасиеттерді уағыздау - Абайдың бүкіл ақындық қызметінің негізгі де үзілмейтін идеялық- тақырыптық желілерінің бірі. Абай мектепте оқып жүрген қазақ балаларына үміттене қарап, елдің болашағы осылар деп қуанды. Елдің мешеулігін, халықтың қараңғылығын, надандықты әшкерелеп, жаңа өмірге бастар жол оқу-ағарту, адамның рухани жағынан азат болуы деп түсінді. «Адамның білімі, өнері - адамшылықтың таразысы» деп санаған Абай білімді барлық атақ, құрмет пен бедел, байлықтан жоғары қояды. Ақын адамның ең қымбат кезі - жастық шақты оқуға, ғылымға жұмсауды еске салады. Ойын-сауықты кейін қоя тұрып, алдымен ғылым жолында еңбек ет, ізден, білімдіден үйрен, үлгі ал, солардай болуға тырыс дей келе: «Дүние де өзі, малда өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз...», - деген тұжырым ұсынады.
Ескілікті сынауы
Абай оқу-ағарту ісінің дамуына кедергі жасап келе жатқан ескілік пен надандықты, қатаң жазалау тәртібіне негізделген түсініксіз тілдегі діни оқуды әшкере етті. Молдалардың діни қағидаларды жалаң, жаттанды әдіспен түсіндіріп, баланың сана- сезіміне, ақыл-ойына, өмір мен дүниені танып білуіне сенім тудыра алмайтынын, олардың діни оқудың толық мағынасын өз мәнінде жеткізбей жүргендерін қатты сынға алып, шынайы білімді меңгерудің әдіс-тәсілін терең ғылыми тұрғыда көрсетіп берді. «Отыз екінші сөзінде»: ... білім- ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектің өзін дәулет біл... білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттен...» деп, білімге ұмтылу, оқыған азаматқа еліктеу, іздену, талаптану сияқты қасиеттерді бойға дарыту арқылы оқып-білген сайын дүниені тани түсетінін, бұл таным ғалымдық жолды қалыптастыратынын атап өтті.
Ғылымды үйренушілерге
Ақын ел қамы үшін емес, өз қамы үшін, елді бірлестіру үшін емес, араздастыру үшін оқитын, ойында «я тілмаш, я адвокат болу» ғана жүрген пысықай жастарды сынап, ғалым болу үшін ғана емес, сол алған білімін туған халқының мәдениетін, экономикасын, сана-сезімін көтеру үшін жұмсауға шақырады. Ойшыл ақын ғылымды үйренушілерді екі топқа бөледі. Бірі - білімді ақиқатты тану, азамат болу үшін үйренушілер де, екінші - бақастық, яғни біреуден озу, артық болу мақсатын көздеушілер. Ақын ғылым жолын қалаған жастарға ғылымды жеке басының қамы, бақастық үшін емес, халқына адал қызмет ететін жан-жақты жетілген, білімді - «толық адам» болып шығу үшін үйренуге ақыл айтып: «үйреніп жеткенше осы да болады ғой деп тоқтамай, үйрене беру керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып, үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды», -деп, оларға тынбай талаптануға, үздіксіз ізденуге кеңес береді. Абай қазақ жастарын желөкпе, әр нәрсеге көрсеқызар болмай, өнерді үйренуге, табиғатты тануға, ғылыми көзқарасқа негізделген тиянақты білім алуға үндеді.
Оқыту методикасы
Ол оқу-ағарту саласындағы таптық, ұлттық және мүліктік шектеулерге қарсы шығып, оқытудың ана тілінде жүргізілуіне баса назар аударды. Сонымен қатар: «Орысша оқу керек... өнер де, ғылым да - бәрі орыста... Сен оның тілін білсең, көкірек- көзің ашылады», - деп, орыс тілін үйренуге де ерекше мән берді. «Балаңа қатын әперме, - дейді ақын замандастарына, - енші берме, барыңды салсаң да балаңа орыстың ғылымын үйрет». Абай Отыз сегізінші сөзінде ғылымды әл- Фарабидің үлгісімен сала-салаға бөліп, ұстаздарға ғылым негізін жоспарлы және жүйелі түрде балаға түсінігіне ұғымды, қызықты, тартымды етіп оқытуға, білімді өмір талабымен ұштастыра білуге кеңес береді. Ақын ғақлияларында оқудың шәкірттердің ынтасын арттыратындай түсініктілігі мен ерікті, көрнекілігі жайлы құнды дидактикалық пікірлер айтты. Ол жеке адамның қалыптасуына оқу-ағарту ісін ақыл-ой, адамгершілік тәрбиесімен тығыз сабақтастыра қарастырады. Ақын түсінігінде адамгершілік тәрбиені құрайтын қасиеттер: адам баласын сүю, адамдардың бір-біріне адал, мейірімді және бірлік, ынтымақта болуы. Ол адамгершілікке баулуда жастардың сол замандағы мінез-құлық олқылықтарын өз бойларынан іздетіп, олардан арылуға, өзін-өзі тәрбиелеуге өсиет етті. Жасөспірімдердің мінез-құлық, адамгершілік тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген Абай: «Тез үйреніп, тез жойма, Жас уақытта көңіл-гүл...» - деп, жас баланы тәрбиелеуді өте ерте қолға алып, олардың дақ түспеген санасына ізгі қасиеттерді еге білу қажеттігін ескертеді. Ол өзі өмір сүрген әлеуметтік ортада орын алған бес түрлі зиянды мінез-құлықтан адам боламын деген әрбір жасөспірімнің сақтануы керектігін ашық айтады. Адам өзіне-өзі сыншы болу керек: «Егер есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса айына бір, өзіңнен есеп ал», - деген Абай тұжырымы жастардың қоғам алдындағы жауапкершілігін арттырып, олардың бойында өзіне деген берік сенімін қалыптастырады.
Достық пен жолдастық
Ойшыл ақын адамдар арасындағы адалдық пен сезім тазалығына негізделген шынайы достық пен жолдастықты жоғары бағалады. Достық бағзы заманнан бері адамзатпен бірге жасалып келе жатқан жасампаз ұғымдардың қатарына жатады. Ол туралы әр ұрпақ заман шындығы мен талабына орай ой қорытты. Абай Ғ. Дауанидың достықтың табиғаты мен негізгі өлшемі жайлы айтқан пайымдауларын жүйелі тұжырымдармен байытып, достықтың мәнін кең тұрғыдан терең түсіндіріп берді. «Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым, Етек басты көп кердім елден бірақ...» - деп, өзі ескерткендей, заманында достық пен қастықты, әділдік пен қиянатты басынан мол кешіріп, өмір талқысы ой салған Абай өзі қастерлеп, ардақтаған достық пен жолдастықты келер ұрпаққа өсиет етіп жеткізуді азаматтық борышым деп білді. Ақын әділетсіздік жайлаған феодалдық қоғамдағы достықтың өлшемі малы үшін, күні үшін жағымпазданып, екіжүзділік жасау деп түсінетін жалған достықты жеріне жеткізе сынайды. «Жаман тату казады өзіңе ор, Оған сенсең, бір күні боларсың кор...» - деп, жалған достықтың бет пердесін әшкерелеп, жастарды жағымсыз жалған қылықтан сақтандырады. Ақын нағыз адал, шынайы достықтың құдіретті күшіне терең талдау жасайды. «Жолдастық, сұхбаттастық- бір үлкен іс, Оның қадірін жетесіз адам білмес. Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас, Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес...», - деп, құрбы-құрдас, дос-жолдас болып жүріп, көзі жоқ жерде жолдасын жамандап, келеке ететін екіжүзді залымдарды сынға алып, оларға адал достық пен шынайы жолдастықты қарама-қарсы қояды.
Гуманизм, интернационализм принциптері
Ойшыл ақын жастарды адамгершілікке тәрбиелеуде гуманизм, отаншылдық және интернационализм принциптеріне достықты, әділеттілік пен мейірімділікті негізгі қазық етіп алды. Абайдың ұлттар достығы, интернационалдық тәрбие жайлы ойлары өз халқына деген сүйіспеншілік сезімінен туындады. Көршілес халықтардың озық дәстүрлеріне, жетістіктеріне үңіле қарап, соларды үлгі-өнеге тұтты. Озық ойлы ақыл-ой иелерінің шығармаларын қазақ тіліне аударып, жақсы тәлім-тәрбие үлгілерін батыл насихаттады.
Еңбекке баулу
Жастарды адамгершілік рухында тәрбиелеп, оларға ғылым мен білімге бастар жолды көрсете отырып, ақын бұл мәселелердің шешімі еңбекте деп білді. Ол еңбектің адам мен қоғам өмірінде алатын қызметіне зор мән берді. Абай шығармалары олардың әр түрлі кәсіпті еркін меңгеруіне ықпал етіп, еңбекті тиімді ұйымдастыру жолдарына баулыды. Ақын жастарды бойындағы күш-қуатын пайдалы еңбекке жұмсауға шақырды. Өз заманындағы еңбекке салғырт көзқарастың зардабын дәлелдеп, адам бойындағы игі қасиеттердің қалыптасуында еңбектің атқаратын шешуші қызметіне талдау жасады. Жастардың айналысар кәсібінің аясы тарлығына тоқталып, өзімен көршілес халықтардың егіншілік пен қолөнерін, сауда жасауды, түрлі кәсіпті үйренуге үндеді. Ақын кейбір жастардың бойындағы еңбекке икемсіздігін, құлықсыздығын, жалқаулығын сынап, берекесіз адамның болашағы жоқтығын әрдайым еске салып отырады. Жастарға жеке басыңның қамын күйттеп кетпей, халқыңның жарқын болашағы үшін еңбек ет: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың», - деген өсиет қалдырды. Абай қалың бұқараны адал еңбекке үндеді, қулық-сұмдықпен, алдау-арбаумен, ұрлық-зорлықпен, еңбексіз тапқан мал мен мүліктің: «Еңбек қылмай тапқан мал дәулет болмас, Қардың суы сықылды тез суалар...»- деп, ондай арзан дүниенің жұғымсыз екенін ұқтырды. Ол қалың қазақ жұртшылығын адал, қарапайым еңбекті қадірлей білуге, ерекше құрметтеуге және оны бағалай білуге үндеді. Жастардың әрбірінің айналысар кәсібі болуын, ол кәсіпке дағдылану машығының неғұрлым ертерек басталуын, жастық шақта еңбекке деген ұмтылыстық, икемділіктің тұрақты қасиетке ұласуын құптады. Еңбек етуге де өзіндік байлам, талаптылық пен берік табандылық сияқты қасиеттердің керектігін ескертті. Ақын әрбір жастың келешегінің нұрлы, болашағының жарқын болуы адал еңбегі арқылы жүзеге асатыны туралы терең педагогикалық тұжырым жасады.[2]