Инфляция ұғымы және оның себептері

Инфляцияның мазмұны мен оқыған әрбір оқулықта әр түрлі болып шықты. Мысалы, "Ақша, несие, банктер" деген 1998 жылы, Мәскеуден шыққан көлемді оқулықта: "инфляция, бағаның жоғарлағанын, тауардың жетіспеушілігінен және тауар мен көрсетілген қызметтің сапасыздығынан шыққан ақшаның құнсыздануы, оның сатып алу мүмкіншілігінің төмендеуі болып көрінеді",- делінген.

Менің ойымша, бұл анықтаманың басты кемшілігі, айналымдағы ақша белгілерінің аса көбейіп кетуінің инфляцияға тигізетін әсері айқын көрініс таппаған.

1999 жылы, Алматыда шыққан "Толық экономикалық, орысша қазақша сөздікте" инфляция былай сипатталады: "Ақшалай табыстың тауарлар мен көрсетілетін қызметтерден асып түсуі, нарықта қаржы активтерінің көбеюі салдарынан тауарлар мен көрсетілетін қызметтер бағасының өсуі".

Бұл анықтамадан байқайтынымыз, ең басты мәселе табыстың өсуінде сияқты. Соның, салдарынан айналымда ақша көбейіп кетеді деген ой туады. Бірақ, бұл да толыққанды түсінік емес тәрізді. Әңгіме табыста емес. Ол өскен жоқ, ал тауар мен қызмет жетпегендіктен, олардың сапалары төмен болғандықтан, ұсыным азайып, сұраным көбейгеннен кейін, айналымда ақша көбейген сияқты болып көрінеді.

«Инфляция (латын. inflatio, аудармасы — «қабыну», «ісіну») — бұл бағаның өсуінен, тауарлар тапшылығынан және тауарлар және қызметтер сапасының төмендеуінен туындайтын ақшаның құнсыздануы, сондай-ақ оның сатып алу қабілетінің төмендеуі» - деп жазыпты МақышС.Б. өзінің оқулығында.

Инфляция — бұл кез келген экономикалық даму үлгісіне тән объективті құбылыс. Инфляцияның себептері айналыс және өндіріс саласында орын алады.

Қазіргі инфляция мынадай факторларға байланысты:

1) Ақша айналысының факторларына: бюджет тапшылығын жабуға пайдаланылған шексіз көп ақшаның эмиссиялануы есебінен айналыс аясының артық ақша массасына толып кетуі; халық шаруашылығының артық несиеге толуы.

2) Ақшалай емес факторларға: қоғамдық өндірістегі теңсіздікке, шаруашылықтың шығындық механизміне, мемлекеттің экономикалық саясаты, онын ішінде, салық саясаты, баға саясаты, сыртқы экономикалық саясатына байланысты факторлар жатады.

Аталған факторлардың қанат жаюына байланысты инфляцияның екі типі болады: сұраныс және шығын (ұсыныс) инфляциясы.

Сұраныс инфляциясы мынадай факторлардың әсерінен туындайды:

• әскери шығыстардың өсуі, яғни әскери техникалардың азаматтық салаларда пайдалану қажеттігінен, нәтижесінде ақша баламасы айналыс үшін артық болып қалады;

• мемлекеттік бюджет тапшылығы және ішкі қарыздардың өсуі, яғни мемлекеттің қысқа және орта мерзімді міндеттемелерін шығару есебінен бюджет тапшылығын жабу, нәтижесінде мемлекеттің ішкі қарызы артады;

• несиелік экспанциялау, яғни елдің орталық банкінің коммерциялық банктер мен үкіметке несие беретін несиелер көлемінің ұлғаюын сипаттайды;

• импортталған инфляция, яғни шетел валюталарын сатып алу барысында тауар айналымына қажеттіліктің үстіне ұлттық валютаның эмиссиялануы;

• ауыр өнеркәсіп саласына өте көп мөлшерде инвестиция жұмсау.

Шығын (ұсыныс) инфляциясы — бұл баға белгілеу процесіне әсер ететін мынадай факторлардың болуымен сипатталады:

• еңбек өнімділігінің өсуін азайту және өндірістің құлдырауы;

• көрсетілетін қызметтің маңызының артуы;

• бір өнім бірлігіне жұмсалатын шығынның өсуінің жеделдетілуі, әсіресе жалақының өсуі;

• энергетикалық дағдарыс.

Инфляция жағдайында қағаз ақшалар мыналарға қатысты құнсызданады:

• алтынға;

• тауар;

• шетел валютасына.

Бірінші жағдайда қағаз ақшамен берілетін алтынның нарықтық құны артады. Екінші жағдайда тауарлардың бағасы өседі. Үшінші жағдайда шетел валютасына қатысты ұлттық валютаның бағамы төмендейді.

Инфляцияны мынадай белгілеріне байланысты жіктеуге болады:

1) Инфляциялық процестің сипатына қарай:

• ашық инфляция, яғни бағаға ешқандай да кедергі болмайды, оның еркін өсуі байқалады;

• жабық инфляция, яғни тауар тапшылығы жағдайында бағаға мемлекет қатаң бақылау жасап отырады;

• инфляциялық шок, яғни бір мезетте бірден баға өсіп кетеді.

2) Таралу орнына қарай:

• локальдық инфляция, яғни баға бір ғана елдің шекарасында өседі;

• дүниежүзілік инфляция, яғни кейбір елдер топтарын немесе барлық, ғаламдық экономиканы түгелдей дерлік қамтиды.

3) Бағаның өсу қарқынына қарай:

· баяу инфляция — баға баяу қарқынмен біртіндеп жылына 10%-ға өседі;

· орташа инфляция — баға тез қарқында жылына 20-дан 200%-ға дейін өседі, мұндай баға қарқыны ауыр экономикалық және әлеуметтік зардаптарға шалдықтырады;

· ұшқыр инфляция — баға жылына 500-ден 1000%-ға дейін және одан жоғары қарқынмен өседі. Ұшқыр инфляция ақша жүйесінің құлдырауына әкеліп соғады. Мұндай жағдайда ақша өзінің атқаратын қызметтерін жоғалта бастайды.

Негізгі әдебиеттер: 7 нег. [272-404], 13 нег. [1-7]

Қосымша әдебиеттер: 7 қос. [1-15], 8 қос. [1-6], 9 қос. [1-10], 10 қос. [1-7]

Бақылау сұрақтары:

1) Ақшаның мәні мен атқаратын қызметтері?

2) Ақша жүйесінің элементтері

3) Инфляция дегеніміз не? Инфляцияның факторлары мен түрлерін атап беру?

4) Инфляцияның ішкі және сыртқы себептері.

Наши рекомендации