Бап. Жекешелендiру объектiсi

1. Мемлекеттiк мүлiктiң мынадай түрлерi:
1) мүлiктiк кешен ретiндегi кәсiпорын;
2) жекешелендiрiлуi тұйық технологиялық тiзбектi бұзбайтын мүлiктiк кешен ретiндегi кәсiпорынның өндiрiстiк және өндiрiстiк емес бөлiмшелерi мен құрылымдық бiрлiктерi;
3) осы Заңның 85, 135, 145, 153, 161-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк заңды тұлғалардың мүлкi;
4) акционерлiк қоғамдардың акциялары;
5) жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы қатысу үлестерi;
6) мемлекетке тиесiлi акционерлiк қоғамдардың акцияларына құқықты куәландыратын туынды бағалы қағаздар жекешелендiру объектiлерi болып табылады.
2. Мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi орган не жергiлiктi атқарушы орган мемлекет мүлiктi жекешелендiру туралы шешiм шығарған күннен бастап мемлекеттiк мүлiк жекешелендiру объектiсi болады.
Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жекешелендiруге жатпайтын тек мемлекеттiк меншiкте ғана болатын мемлекеттiк мүлiк, сондай-ақ мемлекеттiк меншiкте болатын және Қазақстан Республикасы Президентiнiң актiлерiне сәйкес иелiктен шығаруға жатпайтын мүлiк жекешелендiру объектiлерi бола алмайды.
Мүлiктiк кешендер ретiнде кәсiпорындарды немесе табиғи монополия субъектiлерi немесе тиiстi тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайды иеленетiн нарық субъектiлерi болып табылатын ұйымдардың мемлекетке тиесiлi акцияларын жекешелендiру туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Yкiметi қабылдайды және ол жекешелендiрудiң түрiне нұсқауды қамтуға тиiс.

97-бап. Мүлiктiк кешен ретiндегi кәсiпорынды
жекешелендiру

1. Мүлiктiк кешен ретiндегi кәсiпорынды жекешелендiруге осы баптың 2-тармағында және осы Заңның 93, 95, 96, 99 - 101, 103, 107 - 112-баптарында көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 25-тарауы 6-параграфының қағидалары қолданылады.
2. Жекешелендiруге жататын мүлiктiк кешен ретiндегi кәсiпорынның құрамына мемлекеттiк материалдық резервтiң онда сақталатын материалдық құндылықтары енгiзiлмейдi.
3. Мүлiктiк кешен ретiндегi кәсiпорынның құрамына әлеуметтiк-мәдени және коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы объектiлер енгiзiлуi мүмкiн.
4. Егер осы Заңда және сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмесе, сатып алушы мүлiктiк кешен ретiнде жекешелендiрiлген кәсiпорынның азаматтық құқықтары мен мiндеттерiнiң құқықтық мұрагерi болады.

98-бап. Акционерлiк қоғамдардың мемлекетке тиесiлi
акциялары және мемлекеттiң жауапкершiлiгi
шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталына
қатысу үлестерi

1. Акционерлiк қоғамдардың мемлекетке тиесiлi акцияларын және жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталына мемлекеттiң қатысу үлестерiн сату «Акционерлiк қоғамдар туралы», «Жауапкершiлiгi шектеулi және қосымша жауапкершiлiгi бар серiктестiктер туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген талаптар сақтала отырып жүргiзiлуге тиiс.
2. Шығарылуы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен тiркелмеген акцияларды сатуға жол берiлмейдi.
3. Мемлекетке тиесiлi акцияларды сату кезiнде сатып алушы – акционерлiк қоғам, егер ол сатып алушының акцияларын иеленген болса, акционерлiк қоғам акцияларының жиырма бес пайыздан астамын сатып ала алмайды.

99-бап. Жекешелендiру және жер учаскесiне құқық

Жылжымайтын мүлiктi жекешелендiру кезiнде жер учаскесiне құқық Қазақстан Республикасының Жер кодексiне сәйкес сатып алушыға өтедi.

100-бап. Сауда-саттықты жүргiзу шарттары

1. Аукционда ең жоғары баға ұсынған тұлға ұтып алушы болып танылады. Сатушы күнi бұрын тағайындаған тендер комиссиясының қорытындысы бойынша үздiк шарттар ұсынған тұлға тендердi ұтып алушы болып танылады.
Аукциондарда ұсыныстар жария түрде мәлiмделедi, тендерлерде ұсыныстар жабық конвертте жазбаша мәлiмделедi.
2. Сауда-саттық жария болуға тиiс. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгiн, қоршаған табиғи ортасын қорғауды, сыртқы экономикалық жағдайын қозғайтын, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын ерекше жағдайларда тендер жабық болуы мүмкiн.
Жекешелендiру объектiлерiн сату тәртiбiн Қазақстан Республикасының Үкiметi осы Заңның 101 - 104-баптарына сәйкес белгiлейдi.
3. Бiр қатысушы ғана қатысқан аукциондар мен тендерлер, жекешелендiру объектiсi оны сатып алуға тiлек бiлдiрген қатысушыға сатылуы мүмкiн үшiншi және одан кейiнгi сауда-саттықтарды қоспағанда, өткiзiлмеген деп танылады.
4. Сатып алушы сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн өзi сатып алатын объектiнiң экологиялық жай-күйiне тексеру жүргiзуге құқылы.

101-бап. Жария сауда-саттықты өткiзу тәртiбi

1. Сатушы сауда-саттық өткiзу туралы хабарламаны – ол өткiзiлгенге дейiн кемiнде күнтiзбелiк он бес күн бұрын, ал акционерлiк қоғамдардың мемлекетке тиесiлi акциялары мен жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы қатысу үлестерiн сату кезiнде сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн кемiнде күнтiзбелiк отыз күн бұрын беруге тиiс. Хабарлама «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сатушының конкурс өткiзу жолымен айқындалған мерзiмдi баспа басылымдарында қазақ және орыс тiлдерiнде жариялануға тиiс. Хабарламада сауда-саттықтың уақыты, орны мен түрi, сату объектiсi және өткiзiлу тәртiбi туралы, оның iшiнде сауда-саттыққа қатысуды ресiмдеу, сауда-саттықты ұтып алған тұлғаны айқындаудың шарттары туралы мәлiметтер, сондай-ақ бастапқы баға мен кепiлдi жарнаның мөлшерi туралы мәлiметтер қамтылуға тиiс.
2. Сатушы сауда-саттық шарттарын өзгерткен жағдайда ол барлық өзгерiстер туралы хабарламаны осы баптың 1-тармағында белгiленген тәртiппен және мерзiмде жасауға тиiс.
Сауда-саттық шарттарын өзгерту туралы хабарлама жарияланғанға дейiн оған қатысуға өтiнiм берген және осыған байланысты оған қатысудан бас тартқан тұлғалар кепiлдiк жарнасының және өздерiне келтiрiлген шығыстардың қайтарылуын талап етуге құқылы.
3. Сатушы сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей сауда-саттыққа қатысуға өтiнiм берген тұлғаларға келтiрiлген нақты зиянды өтей отырып, олардан бас тартуға құқылы.
Сауда-саттықты өткiзудiң мүмкiн болмауына байланысты ол өткiзiлмеуi мүмкiн. Егер сауда-саттықты өткiзу сатушыға байланысты емес себептер бойынша еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан мүмкiн болмаса, сатушы сауда-саттыққа қатысуға өтiнiм берген тұлғаларға келтiрiлген нақты зиянды өтеуден босатылады.
4. Сауда-саттыққа қатысушылар сауда-саттық өткiзу туралы хабарламада көрсетiлген мөлшерде, мерзiмде және тәртiппен кепiлдiк жарнасын енгiзедi. Егер сауда-саттық өткiзiлмесе, кепiлдiк жарна қайтарылуға жатады. Кепiлдiк жарна, сондай-ақ сауда-саттыққа қатысқан, бiрақ оны ұтпаған тұлғаларға және сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн үш жұмыс күнiнен кешiктiрмей оған қатысудан жазбаша түрде бас тартқан тұлғаларға да қайтарылады.
Кепiлдiк жарналар сауда-саттыққа қатысушының кепiлдiк жарнаны қайтару туралы осы қатысушының деректемелерiн көрсете отырып берген өтiнiшi негiзiнде қайтарылады.
Сауда-саттықты ұтқан тұлғамен сатып алу-сату шартын жасау кезiнде ол енгiзген кепiлдiк жарнаның сомасы жасалған шарт бойынша мiндеттемелердi орындау шотына есептеледi.
5. Сауда-саттықты ұтқан тұлға және сатушы аукцион немесе тендер өткiзiлген күнi сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға қол қояды.
6. Тараптар сатып алу-сату шартына сауда-саттық аяқталғаннан кейiн күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмей қол қоюға тиiс.
Сауда-саттықты ұтқан тұлға сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға немесе сатып алу-сату шартына қол қоюдан жалтарған кезде өзi енгiзген кепiлдiк жарнасынан айрылады және кепiлдiк жарнамен жабылмаған бөлiгiнде сатушыға өзi келтiрген нақты залалды өтеуге мiндеттi.
Сауда-саттықты ұтқан тұлға осы Заңның 93-бабының талаптарына сай келмейтiн жағдайлардан басқа, сатушы сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттамаға және сауда-саттықты ұтқан тұлғамен сатып алу-сату шартына қол қоюдан жалтаруға құқылы емес.
Сатып алу-сату шартының талаптары сауда-саттық талаптарына қайшы келмеуге тиiс.
Мүлiктiк кешен ретiндегi кәсiпорынды сатып алу-сату шарттарында мерзiмдер туралы талаптар болуға тиiс, сатушы осы мерзiм iшiнде кәсiпорын қызметiнiң тоқтатылуын тiркеу үшiн әдiлет органдарына жүгiнедi.
7. Сатып алу-сату шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексiнде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген коммерциялық және Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, мүдделi адамдардың талап етуi бойынша оларға танысу үшiн берiледi.
8. Осы бапта белгiленген қағидаларды бұза отырып өткiзiлген сауда-саттықты сот мүдделi тұлғаның, тиiстi уәкiлеттi органның не прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
Жекешелендiрудiң дау айтылған объектiсi бойынша сауда-саттықты жарамсыз деп тану сатып алу-сату шартының жарамсыз болуына әкеп соғады.
9. Егер осы Заңның 102, 104-баптарында өзгеше көзделмесе, сауда-саттық өткiзу кезiнде осы бапта белгiленген қағидалар қолданылады.

102-бап. Қор биржасындағы сауда-саттық

1. Мемлекетке тиесiлi бағалы қағаздарды қор биржасында сату «Бағалы қағаздар рыногы туралы» және «Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекетке тиесiлi бағалы қағаздарды шет мемлекеттердiң қор биржаларында сатуға жол берiледi.
2. Сату туралы хабарлама «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сатушы конкурс өткiзу жолымен айқындаған мерзiмдi баспа басылымдарында қазақ және орыс тiлдерiнде жариялануға тиiс. Сату туралы хабарлама қор биржасында сауда-саттық өткiзу басталғанға дейiн кемiнде күнтiзбелiк он бес күн бұрын жариялануға және онда сауда-саттық басталатын күн, сауда-саттықты өткiзу орны, сату объектiсi мен оның мөлшерi туралы мәлiметтер болуға тиiс.
Сатушы хабарламада мемлекетке тиесiлi бағалы қағаздарды сатуға қатысты өзге де мәлiметтердi көрсетуге құқылы.
3. Сатушының бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушысымен жасасқан шартында мемлекетке тиесiлi бағалы қағаздарды сатушы белгiлеген ең төменгi бағадан төмен емес бағамен сату мiндеттемесi болуға тиiс.

103-бап. Екi кезеңдiк рәсiмдер жолымен өткiзiлетiн конкурс

1. Екi кезеңдiк рәсiмдер жолымен өткiзiлетiн конкурс Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң жекешелендiрудiң баға басымдығын және (немесе) өзге де талаптарын айқындайтын шешiмi бойынша қаржы кеңесшiсiнiң қатысуымен өткiзiледi.
2. Конкурс мынадай iс-шаралар жоспарын:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен қаржы кеңесшiсiн тартуды;
2) жекешелендiру объектiсiн жан-жақты талдауды, оның құнын бағалауды және әлеуеттi сатып алушылар (инвесторлар) үшiн сату объектiсi туралы ақпараттық деректер базасын қалыптастыруды;
3) сатушының «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сатушы конкурс өткiзу жолымен айқындаған жекешелендiру объектiсiн сату туралы хабарламаны мерзiмдi баспа басылымдарында қазақ және орыс тiлдерiнде жариялауы, сондай-ақ қаржы кеңесшiсiнiң әлеуеттi сатып алушыларға (инвесторларға) сату туралы ұсынысты жiберуiн;
4) қаржы кеңесшiсiнiң әлеуеттi сатып алушылардың (инвесторлардың) ұсыныстары бар өтiнiмдерiнiң тiзбесiн қалыптастыруын;
5) келiссөздер барысында ең үздiк ұсыныстарды табыс еткен (конкурстың бiрiншi кезеңi) кемiнде екi әлеуеттi сатып алушыны (инвесторды) анықтау мақсатында өтiнiмдердiң тiзбесi бойынша сатушының әлеуеттi сатып алушылармен (инвесторлармен) қаржы кеңесшiсiнiң қатысуымен келiссөздер жүргiзуiн;
6) сатушының бұрын ұсынылған шарттарды жақсарту нысанасына конкурстың бiрiншi кезеңiнiң жеңiмпаздарымен қаржы кеңесшiсiнiң қатысуымен келiссөздер жүргiзуiн (конкурстың екiншi кезеңiн) қамтиды.
3. Сатушы, қаржы кеңесшiсi және конкурстың барлық қатысушылары өткiзiлген келiссөздердiң әрбiр кезеңiнiң қорытындылары бойынша оның нәтижелерi туралы хаттамаға қол қояды.
4. Конкурстың екiншi кезеңiнiң барысында ең үздiк шарттар ұсынған әлеуеттi сатып алушы (инвестор) конкурста ұтқан болып танылады.
5. Конкурстың жеңiмпазы сатушы белгiлеген мерзiмде сатып алу-сату шартына қол қоюдан бас тартқан немесе жалтарған жағдайда, ұсынысы конкурс жеңiмпазының ұсынысынан кейiнгi ең үздiк болып танылған әлеуеттi сатып алушы (инвестор) сатып алу-сату шартына қол қояды.

104-бап. Акционерлiк қоғамдардың мемлекетке тиесiлi
акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды
бағалы қағаздарды сату

1. Акционерлiк қоғамдардың мемлекетке тиесiлi акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң немесе тиiстi жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша жүзеге асырылады.
2. Туынды бағалы қағаздарды сатудың негiзгi талаптарын сатушы Қазақстан Республикасының Үкiметiне немесе жергiлiктi атқарушы орган тиiстi жергiлiктi өкiлдi органға бекiтуге ұсынады.
3. Туынды бағалы қағаздарды сату туралы шешiмде туынды бағалы қағаздар шығарылған, мемлекетке тиесiлi акциялардың саны, сатылатын туынды бағалы қағаздардың түрi, аумағында туынды бағалы қағаздарды сату жүзеге асыру көзделiп отырған шет мемлекет (шет мемлекеттер), мәмiленi аяқтаудың ең ұзақ мерзiмдерi туралы мәлiметтер, туынды бағалы қағаздардың меншiк иелерiнiң құқықтарын iске асырудың талаптары мен тәртiбi және қажет болған жағдайда, өзге де талаптар болуға тиiс.

Бап. Тiкелей атаулы сату

1. Осы Заңның 106-бабына сәйкес кейiннен сатып алу құқығымен мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) немесе сенiмгерлiкпен басқаруға тиiсiнше жалдаушыға (жалға алушыға) немесе сенiмгерлiкпен басқарушыға берiлген объектiлер тiкелей атаулы сатуға жатады.
Жекешелендiру объектiлерiн жалдаушыларға (жалға алушыларға) және сенiмгерлiкпен басқарушыларға сатуға олар тиiстi шартты тиiсiнше орындаған жағдайда ғана жол берiледi.
2. Егер жекешелендiру объектiсiн сату талаптары мүлiктiк жалдау (жалға алу) шартында немесе сенiмгерлiкпен басқаруға беру туралы шартта көзделмеген болса, олар тараптардың келiсiмiмен айқындалады.

106-бап. Жекешелендiрудiң алдын ала жүргiзiлетiн сатылары

1. Жекешелендiрудiң алдын ала жүргiзiлетiн сатылары болып: Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттiк мүлiктi мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) тапсыру не оны кейiннен сатып алу құқығымен сенiмгерлiкпен басқаруға беру танылады.
2. Сенiмгерлiкпен басқарушы немесе жалдаушы (жалға алушы) осы Заңның 100 және 101-баптарына сәйкес тендер негiзiнде таңдалады.
3. Осы Заңның 105-бабында және осы бапта көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, сенiмгерлiкпен басқару және мүлiктiк жалдау (жалға алу) қатынастарына осындай қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының нормалары қолданылады.
4. Мемлекеттiк мүлiктi сенiмгерлiкпен басқаруға немесе мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) беру мемлекеттiк мүлiк жөнiндегi уәкiлеттi органның не жергiлiктi атқарушы органның сенiмгерлiкпен басқарушымен немесе жалдаушымен (жалға алушымен) жасасқан тиiстi шартымен ресiмделедi. Шарт мемлекеттiк мүлiктiң қандай мерзiмде және қандай талаптар орындалған кезде сенiмгерлiкпен басқарушының немесе жалдаушының (жалға алушының) меншiгiне өтетiнiн көздеуге тиiс.
5. Мемлекетке тиесiлi акциялар осы Заңның 100 және 101-баптарына сәйкес тендер негiзiнде сенiмгерлiкпен басқаруға берiлуi мүмкiн.
6. Сауда-делдалдық қызметтi қоспағанда, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне бiр жылдан астам уақыт пайдаланылмаған мемлекеттiк мүлiк өндiрiстiк қызметтi ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшiн кейiннен меншiкке өтеусiз беру құқығымен бiр жыл мерзiмге сенiмгерлiкпен басқаруға немесе мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) берiлуi мүмкiн.

Наши рекомендации