Бап. Тергеп-тексеруді жүргізу

1. Нарық субъектісінің, мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның әрекеттерінде осы Кодекстің 216-бабының 2-тармағында көзделген мәліметтерді қарау шеңберінде белгіленетін Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылық белгілерінің болуын көрсететін нақты деректер болған жағдайда, монополияға қарсы орган тергеп-тексеру жүргiзу туралы бұйрық шығарады.
2. Осы Кодекстің 174-бабының бұзылуы нысанына тергеп-тексеру жүргізу кезінде монополияға қарсы орган тауар нарықтарына талдау жүргізу арқылы өзіне қатысты өтініш (шағым) беріліп отырған нарық субъектісінің үстем немесе монополиялық жағдайын анықтауға құқылы. Бұл ретте, осы нарық субъектісіне қатысты монополияға қарсы ден қою шаралары оның нақты үстем болған кезеңі үшін де қолданылады.
3. Тергеп-тексеру жүргізу туралы бұйрықта:
1) тергеп-тексеру объектісінің атауы;
2) тергеп-тексеру барысында анықталуға жататын мәселелер тізбесі және мән-жайлар тобы;
3) тергеп-тексерудің басталу және аяқталу мерзімі;
4) монополияға қарсы органның тергеп-тексеру жүргізуге уәкілеттік берілген лауазымды адамдарының тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) қамтылуға тиіс.
4. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзушылықтарын тергеп-тексеру Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзушылықтарына тергеп-тексеру жүргізу туралы бұйрық шығарылған күннен бастап екі айдан аспайтын мерзімде жүргізіледі. Істі тергеп-тексеру мерзімін монополияға қарсы орган ұзартуы, бірақ екі айдан аспайтын мерзімге ұзартуы мүмкін. Мерзімін ұзарту туралы бұйрық шығарылады, бұйрықтың көшірмесі ол шығарылған күннен бстап үш күн ішінде өтініш беруші мен тергеп-тексеру объектісіне жіберіледі.
5. Монополияға қарсы орган тергеп-тексеру басталғанға дейін тергеп-тексеруді тағайындау туралы актіні құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне, оның ішінде электрондық нысанда ұсыну арқылы оны құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда тіркейді.
6. Монополияға қарсы орган тергеп-тексеру барысында бірнеше тергеп-тексеруді біреуіне біріктіру туралы немесе бөліп алу және жеке тергеп-тексеру жүргізу туралы шешім қабылдай алады.

Бап. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеру кезіндегі дәлелдемелер

1. Тергеп-тексеруді дұрыс жүргізу үшін маңызы бар кез келген нақты деректер, оның ішінде:
1) өтініш берушінің, тергеп-тексеру объектісінің, мүдделі тұлғалардың және куәлардың түсініктемелері;
2) сарапшылардың қорытындылары;
3) заттай дәлелдемелер;
4) өзге де құжаттар (оның ішінде, компьютерлік ақпараты, фото және кино түсірілімдері, дыбыс-, аудио- және бейнежазбалар бар материалдар) Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылу фактілерінің дәлелдемелері бола алады.
2. Дәлелдемелерді жинауды монополияға қарсы органның лауазымды адамы жүзеге асырады.
3. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеруге қатысатын тұлғалар нақты деректер ұсынуға және олардың анықтығын дәлелдеуге құқылы.

Бап. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеруге қатысатын тұлғалардың құқықтары

Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасының бұзылуын тергеп-тексеруге қатысатын тұлғалардың:
1) нарықтың басқа субъектiлерiнiң құпия ақпараты және (немесе) коммерциялық құпиясы бар материалдарын қоспағанда, iстің материалдарымен танысуға, олардан үзiндi көшірмелер жасауға және көшiрмелерiн алуға;
2) дәлелдемелер ұсынуға және оларды зерттеуге қатысуға;
3) іске қатысатын басқа да адамдарға сұрақтар қоюға;
4) сарапшылар тарту туралы өтінішхатпен шығуға;
5) жазбаша немесе ауызша нысанда түсіндірмелер беруге, тергеп-тексеру барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәйектерін келтіруге;
6) тергеп-тексеруге қатысатын басқа да тұлғалардың өтінішхаттарымен танысуға, тергеп-тексеруге қатысатын басқа да тұлғалардың өтінішхаттарына, дәйектеріне қарсылық білдіруге құқығы бар.

Наши рекомендации