ІІ. Ғұсыл сүннет болатын жағдайлар

Негізінде,жамағатпен кездесетін күндері дене мен киімдегі жағымсыз иісті кетіру үшін мұсылман адамға ғұсыл құйыну сүннет:

1.Жұма намазы үшін. Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін жеткізді:

(إذا جاء أحدكم إلى الجمعة فليغتسل)

«Сендерден біреу жұма намазына келсе, ғұсыл алсын»[194].

2.Екіайт намазы үшін. Факиһ ибн Саъд, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(كان يغتسل يوم الجمعة ويوم عرفة ويوم الفطر ويوم النحر)

Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) жұма, Арафа, Ораза айты мен Құрбан айт күндері ғұсыл құйынатын»[195].

3.Арафада тұрарда. Абдрахман ибн Язид, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

)اغتسلت مع ابن مسعود يوم عرفة تحت الأراك(

«Мен Ибн Масъудпен бірге Арафа күні мәсуәк ағашының астында ғұсыл құйынған едім»[196].

4.Үлкен немесе кіші қажылыққа ихрам кигенде.

روي عن زيد بن ثابت رضي اللّه عنه أنه (رأى النبي صلى اللّه عليه وسلم تجرد لإهلاله واغتسل)

Зайд ибн Сабит, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) ихрамға кірерде ғұсыл құйынғанын көріпті[197].

5.Ислам қабылдау үшін.

)لحديث قيس بن عاصم أنه أسلم فأمره النبي صلى اللّه عليه وسلم أن يغتسل بماء و سدر(

«Қайс ибн Ъасим, Аллаһ тағала оған разы болсын, ислам қабылдағанда пайғамбар оған сумен және сидрмен ғұсыл құйынуын бұйырды»[198].

6.Кәмелетке толғанда.

ІІІ. Ғұсыл құйынуға ұнамды жағдайлар

1.Жындылығы немесе мастығы басылған кісі үшін. Сондай-ақ есінен талған кісіге есін жиғанда ғұсыл құйынуы мустахап. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(ثقل النبي صلى اللّه عليه وسلم. فقال: أصلى الناس؟ قلنا: لا. وهم ينتظرونك يا رسول اللّه! قال: ضعوا لي ماء في المِخْضَبِ. ففعلنا. فاغتسل. ثم ذهب ليَنُوء فأغمي عليه. ثم أفاق فقال: أصلى الناس؟ قلنا: لا. وهم ينتظرونك يا رسول اللّه فقال: ضعوا لي ماء في المخضب. ففعلنا. فاغتسل..)

«Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) қатты ауырып қалған күні: «Адамдар намаз оқыда ма?»-деп сұрайды. Біз: «Әй, Аллаһтың елшісі, олар сізді күтіп, әлі оқымады»-дедік. Ол: «Маған су әзірлеңдер»-деді. Біз оны әзірледік. Ол ғұсыл құйынды. Орнынан тұра бергенде талып түсті. Кейін есін жинап: «Адамдар намаз оқыда ма?»-деп тағы сұрады. Біз: «Әй, Аллаһтың елшісі, олар сізді күтіп, әлі оқымады»-дедік. Ол: «Маған су әзірлеңдер»-деді. Біз айтқанын істедік. Ол ғұсыл құйынды...»[199].

2.Мәйітті жуындырған кісіге. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін жеткізді:

(من غسَّل ميتاً فليغتسل)

«Кім мәйітті жуындырса, ғұсыл құйынсын»[200].

3.Күн мен ай тұтылғанда оқылатын намаз бен жаңбыр тілеу намазы үшін.

4.Кімге өлім жазасы белгіленсе, жазаны қабылдаудан бұрын ғұсыл құйынуы ұнамды.

5.Сапардан келген кісі үшін.

6.Күнәсінән тәубаға келуші кісі үшін.

7.Мекке мен Мәдинаға кірген кісі үшін.

عن ابن عمر رضي اللّه عنهما أنه (كان لا يقدم مكة إلا بات بذي طوى، حتى يصبح ويغتسل، ثم يدخل مكة نهاراً ويذكر عن النبي صلى اللّه عليه وسلم أنه فعله)

Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Меккеге келерінде әрдайым Зи Туа деген жерде түнеп, ертесіне ғұсыл құйынатын. Кейін Меккеге күндіз кіретін. «Пайғамбар да (саллаллаһу алайһи уа саллам) осылай істейтін»-деп айтатын[201].

8.Қажылықта шайтанға тас лақтыру үшін.

9.Муздалифада тұру үшін.

10.Меккені зиярат еткенде Қағбаны тауап ету үшін.

11.Етеккірі тоқтағанымен, истихада қаны келе беретін әйел үшін әр намазға ғұсыл құйынуы.

)أم حبيبة استحيضت فسألت النبي صلى اللّه عليه وسلم فأمرها أن تغتسل فكانت تغتسل عند كل صلاة(

Үмму Хабиба, Аллаһ тағала оған разы болсын, истихада кезінде пайғамбардан (саллаллаһу алайһи уа саллам) пәтуа сұрайды. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) оған ғұсыл құйынуын бұйырады. Сөйтіп, ол әр намазға ғұсыл құйынатын[202].

12.Қан алдырған соң.

)كان النبي صلى اللّه عليه وسلم يغتسل من أربع: من الجنابة و يوم الجمعة و من الحجامة و من غسل الميت(

Айша анамыздан, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) төрт жағдайда ғұсыл құйынатын: жүніп болғанда, жұма күні, қан алдырғанда, мәйітті жуғанда[203].

Сылдың парыздары

Ғұсылды дұрыс құйыну - оның парыздарының толық атқарылуымен байланысты:

1. Дененің барлық жеріне, шаштың түбіне, қолтықтарға, кіндікке, жыныс жолдарына судың тиюі. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін жеткізді:

(تحت كل شعرة جنابة فاغسلوا الشعر وأنقوا البشر)

«Әр тал шаштың түбінде бойдәретсіздік болады. Шашты жақсылап жуыңдар және терілеріңді жақсылап тазалаңдар»[204].

Шаш, мейлі ұзын, мейлі қысқа болсын, мейлі сирек, мейлі қалың болсын әйел кісі бүкіл шашын жууы шарт емес. Алайда су әр шаш талшығының түбіне жетуі шарт.

قالت أم سلامة: يا رسول الله صلى اللّه عليه وسلم إني امرأة أشد شعر رأسي أ فأنقضه لغسل الجنابة أو الحيضة؟ فقال: )لا إنما يكفيك أن تحثي على رأسك ثلاث حثيات(

Үмму Салама, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардан (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Әй, Аллаһтың елшісі, мен шашым өрілетін әйелмін. Бой дәретсіздіктен немесе етеккірден тазалануым үшін шашымның бұрымын тарқатуым қажет пе?»-деп сұрайды. Ол (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Жоқ, тек екі алақаныңа үш мәрте су толтырып, басыңа құйсаң жеткілікті»-дейді[205].

Ғұсылдың дұрыстығы үшін бастың жуылуы дегеніміз - шаштың емес, бас терісінің жуылуы.

Асма, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардан (саллаллаһу алайһи уа саллам) ғұсыл жайында сұрағанда ол оған былай дейді:

)تأخذ إحداكن ماء فتطهر, فتحسن الطهور ثم تصب على رأسها فتدلكه حتى تبلغ شؤون رأسها ثم تفيض عليها الماء(

«Жуынатын біреуің (ыдыстан) су алып, тазалансын және жақсылып тазалансын. Кейін басына су құйып, бас терісі жуылғанға дейін оны ысқыласын. Кейін үстіне су құйсын»[206].

Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын,

(كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم إذا اغتسل من الجنابة، يبدأ فيغسل يديه ثم يفرغ بيمينه على شماله فيغسل فرجه)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) бой дәретсіздіктен тазару үшін ғұсыл құйынғанда, алдымен, екі қолын жуудан бастайтын. Сосын оң қолымен сол қолына су беріп, мүшесін жуатын...»-деді[207].

2. Ауыз бен мұрынды шаю. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, нағашы тәтесі Маймунаның, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай дегенін жеткізді:

)وضعت للنبي صلى اللّه عليه وسلم ماء للغسل فغسل يديه مرتين أو ثلاثا ثم أفرغ على شماله فغسل مذاكيره ثم مسح يده بالأرض ثم مضمض واستنشق وغسل وجهه ويديه ثم أفاض على جسده ثم تحول من مكانه فغسل قدميه(

«Мен пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) ғұсыл суын әзірлеп қойған едім. Ол екі қолын екі не үш мәрте жуды. Кейін сол қолына су алып мүшесін жуды. Кейін жерге қолын сүртті. Кейін аузы мен мұрнын шайды. Кейін беті мен екі қолын жуды. Кейін үстіне (денесіне толық) су құйды. Кейін орнын өзгертіп, аяқтарын жуды»[208].

3. Судың денеге тиюіне кедергі болатын нәрселерді денеден кетіру.

Наши рекомендации