Жаңа қазақстандық патриотизм - біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі.
«Елу жылда ел жаңа» деген халық даналығын есімізге түседі. Біз 2050 жылы «қазақстандықтар» деп аталатын мүлде жаңа ұлт болып қалыптасамыз. Бұл біріншіден, табиғи заңдылық. Екіншіден, экономикадағы толық өзгеру, жаңару бізді сол игілікке алып барады. Ең бірінші ол игілік қоғамдық сананың толық өзгеруінен басталады десек, қателеспеспіз. Мәселен, капитализм дүниесінде «мемлекет өлтірмейді» деген сенім мүлде жоқ. Әркім және барша қиын кезеңдерге өздері дайындалып, қор жинайды. Қоғамдық қатынас әркімді және баршаны осылай болуға еріксіз көндіреді. Жасыратын несі бар, біздің қазақстандықтардың сүбелі бір бөлігі әлі күнге дейін масылдық ұстанымнан арыла алмай мемлекет қазынасына жалтақ-жалтақ қараумен өмір сүріп жатыр. Тіпті, байлардың өзі «тендерден» пайда табуға құштар болып алған. Ал капитализм әлемінде негізгі табысты өз елінен емес өзге елден қармауға баса назар аударады. Өйткені өз еліңдегі ешқайда кетпейтін және отандастардың баршасына ортақ несібе екенін біледі. Сол қайнар көздің сарқылып қалмауы үшін күш салады. Міне, капитализмнің басты ақиқаты осы. Біз мұны әлі күнге түсіне алмай келеміз. Несі бар өмір бізді соны түсінуге көндіреді. Өйткені алғашқы жиырмалықтың сапында тұрсақ та капитализмнің көлеңкесіндей еріп жүретін дағдарыс тауқыметі бізге уақыт озған сайын тақай түседі. Себебі, қажет болмаса жер астында жата беретін шикізат емес нақты дайын тауарлы өндіріске дағдарыс атаулы үйірсек келеді. Ал ол шақта, яғни біз дамыған елдер сапына енген шақта билікте «әлеуметшілдік» ұстаным азая береді. Бұл да табиғи заңдылық. Демек, халық, әркім және барша өзінің ұстанымын өзгертуге бүгіннен бастап кіріссе артық емес.
Біз мәселенің ең ауыр тұсына келгендейміз. Өйткені экономиканы дамытып, әлеуметтік жағдайды соған сәйкес жақсарту оңай шаруа болғанымен халықтық ұстанымды, қоғамдық сананы толығымен жаңалау оңай шешілетін мәселе емес. Айталық, компартия 70 жыл бойына атеистік үгіт-насихат жұмыстарын тегеурінді жүргізумен қоймай қожа-молдаларды түрмеге отырғызып, итжеккенге айдаса да бұқараның діншілдік сенімін жоя алмағанын көріп отырмыз. Қоғамдық сана деген сол. Демек, бізге ұлт тәрбиесі мәселесінде тегеурінді және мақсатты қыруар жұмыс атқаруға тура келеді. Бұл Президент жарлығымен немесе Үкімет өкімімен шешіле салатын мәселе емес. Қоғамдық сананы өзгертуге, жаңалауға жанұядан университеттер аудиторияларына дейінгі тәрбие саласында жүргендердің барлығы, ол – ол ма, ақын-жазушылар, бұқаралық ақпарат құралдары түгелдей мақсаткерлікпен ат салысуы тиіс. Айталық, қазіргі таңда қазақстандықтар соншалықты бай деп ойламаймын. Ал Алматының көшесіне күн сайын 500 мың жеңіл автокөлік шығады екен. Баяғының 10 мың жылқы айдаған байлары ең көп дегенде көсем жеккен ғой. Ал бүгінгінің алматылықтары ең кемі 50 аттың күші бар көліктер мініп жүр. Олардың қоры 10 мың жылқысы бар байдың қазынасынан әлдеқайда аз екені айтпаса да түсінікті. Сол көліктердің көбісі несиеге алынғандар. Ал капитализм әлемінде несиеге көлік алып міну күнә саналады. Демек, біз бүгінге дейін тұрмысымыз жақсарған сайын жинаудың орнына шашқанды қалап алғандаймыз. Ал ұлт ұстазы данышпан Абай «бекер мал шашаақ» жаман әдет екенін баяғыда-ақ ескертіп кеткен жоқ па еді. Демек, біз отандастарға Абайды жаңа заманңа сай қайтадан оқытуымыз, түсіндіруіміз қажет секілді.
Біздің басты байлығымыз ішкі татулық екенін ұлт Көшбасшысы мақтанышпен айтып жүр. Иә, бұл жер бетінің түкпір-түкпірінде ұлттар аралық, діндер аралық қанды қырғындар болып жатқанда біздің көздің қарашығындай сақтайтын зор жетістігіміз. Ұлттар мен діндер аралық теке-тірестер болмағанымен елімізде ислам діні ішіндегі бөлігі қанды оқиғаларды өмірімізге әкелді. Исламның қазақ жеріне енгеннен бергі мың жыл ішінде бұзылмаған жалғыз ұстанымға жік түсті. Мінекей, осынау қатерден елді сақтау үшін де хақ дініміздің Пайғамбарымыздан қалған тура жолын діни сауаты жоқ бұқараға мектеп партасынан түсіндірсек те артық болмас. Демек бізге қоғамдық сананы түбегейлі өзгертіп, толық жаңа ұлт құру жолында тәрбие жұмыстарын жетілдіре түсу басты және ауқымды жұмыс болғалы тұр.
Қоғамдық сананы толығымен жаңарту қазақстандықтардың әрқайсысының күнделікті тұрмысынан көрініс табатындай насихат жұмыстары керек. Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарының басты тақырыбы ұлт тәрбиесі болса құба құп. Турасын айтқанда, 21 жылдан бері капитализмде өмір сүріп жатырмыз дегенімізбен отбасылық бюджетті жоспарлау, мұнда да үнем ұстанымын жүзеге асыру қажеттігін біле бермейміз. Ал Ислам ішінде жікке бөлінушілер хақ дінімізден мүлде хабары жоқтар десек, артық айтқандық емес. Олай болса кезінде компартия тамаша атқарғанындай халықтың «сауатсыздығын жою» жұмысын бүгіннен бастап қолға алсақ, артық болмайды. Шындығында дәл осы Жолдауында ұлт Көшбасшысы бұл мәселеге ерекше тоқталғанын ескере отырып, ең осал тұсымыз да осы екенін біліп жұмыс істесек, ісіміз алға басады.
Қорыта айтқанда, ұлт Көшбасшысы алға қойған жаңа міндеттерді жүзеге асырып, жаңа биіктерге көтерілу қазақстандықтардың қолынан келетін игілік. Сондай-ақ қазақстандықтар ол игілікке қоғамдық санасы, интеллектуалдық сапасы мүлде жаңарған жаңа ұлт болып қол жеткізеді.