Л.Н.Гумилевтің теориялық тұжырымдамаларының мәнісі мене ерекшеліктері

Лев Николаевичтің соңында ұлан-ғайыр мұра қалды. Сол мол мұрадан алғаш рет қарпып алып жариялаған еңбектерінің өзі 15 том.

Әрине, мәселе санда емес. Лев Николаевич еңбегіндегі тосын да тың ойлардың, мейлі, оң болар немесе теріс болар, әлі де талай ұрпаққа ден қойдырып, әлі де талай-талай ғылыми ізденістерге тұғыр болатыны хақ. Өйткені, Лев Николаевич Гумилев бар болмысын, барша ғұмырын ғылыми шындықты іздеуге арнаған жан. Басқасын былай қойғанда, оның ғажайып эрудициясы мен логикасы тарихқа іңкәр әркім үшін тамаша тағылым болатынына күмән жоқ.

Лев Николаевич еңбектерінде тың ойлар, тапқыр тұжырымдар, тосын идеялар көп. Оның бәрін тәптіштеп қайталау мейлінше көп уақыт алар еді, бәлкім олай ету қажет те болмас. Сондықтан, әйгілі ғалымның еңбектеріндегі ең бір жоталы-жоталы деген идеялар мен ой-тұжырымдарға қысқаша тоқталып өткен жөн.

Тарихшысы,қалай десе де, Лев Николаевич ең алдымен Ресей тарихшысы. Оның барша еңбегі, сайып келгенде, Ресей тарихымен ұштасып, Ресей тарихын танып-түсінуге қызмет етіп жатады. Оған ғылыми алаң болған Ұлы Даланың тарихы да, түптеп келгенде, Ресей тарихының қилы үрдістерін танып-түсінуге мұрындық болып отырады. Бұл ретте, ол өзінің табиғатына тән батылдықпен, Ресей тарихының ең бір ақтаңдақ кезеңіне із салған ғалым. Ол кезең ХІІІ-ХV ғасырлар аралығы болатын.

Тарих көкжиегінен XIII ғасырға дейін-ақ төбе көрсетіп үлгерген Русь 1250 жылдан бастап, табандатқан 250 жыл бойы тым-тырыс күй кешкен сияқты болатын. Тек, XV ғасырға қарай Еуропа монархиясы еңсе көтеріп, Ұрымның (Византия) мұрасына талас басталған кезде, түрік лигасына қарсы ұйымдасқан еуропалық мемлекеттер коалициясының сапынан Московия да көрінеді. Оған дейінгі 250 жылдық ақтаңдақ Ресей тарихында тарихи тежелу кезеңі тұрғысында қарастырылып, оның құныкері ретінде моңғол шапқыншылығы мен Алтын Орда езгісі көлденең тартылатын.

Лев Николаевич бұл мәселені мүлде басқаша қарастырады. Этнос дамуының тарихына диахронды салыстырмалы жүйені қолдана отырып, бұған дейінгі еуроцентристік тұжырымдамалардың кеудемсоқ бопсасын нақтылы айғақ-деректермен әшкерелейді. Бақсақ, осы уақытқа дейін адамзатты Батыс пен Шығысқа бөлу еуроцентристік тарихтың философиясы тудырған жасанды түсінік екен. Мұндай жасанды түсінік роман-герман суперэтносын әлемнің қалған бөлігіне қарсы қою үшін қажет болыпты. Ал Ресей суперэтносы, оқулықтарда жазылғандай, дербес этнос ретінде Киев Русі кезінде қалыптаспапты. Алтын Орданың жағымды ықпалының арқасында ХІІІ-ХІV ғасырда еңсе көтеріпті. Сөйтіп, папалық Еуропаның қанды шеңгелінде кетуден аман қалыпты. Демек, моңғол шапқыншылығынан Еуропаны қорғап қалмақ болған Русь емес екен. Керісінше, Русьті Еуропаның жұтып қоюынан аман алып калған Моңғол ұлысы екен. Мұндай ақиқатты қазіргі ресейліктер басқаша жорып жүргенімен, сол кездің ахуалын дұрыс түсінген әулие Александр Невский найзасының ұшын Еуропаға қаратып, арқасын хан ордасына сүйепті. Керек десеңіз, Куликово шайқасында Орданың ең тандаулы сайыпқыран жауынгерлері Дмитрий Донскойға жақтасқаны жөнінде бұлтартпас дерек бар...

Қысқасы, Гумилев ілімі ортағасырлық Ресей тарихына мүлде жаңаша қарауға шақыратын идея екенінде дау жоқ. Әрі-беріден соң, бұл жерде Ресей тарихына қатысты Лев Николаевич көзқарасының жаңалығы немесе тосындығы мәнді болмаса керек. Мәселенің мәні, тарих шіркіннің алдынала сайлап қойған прокруст қалыбына сыя бермейтінінде болып отыр. Әрі-беріден соң, мәселе жаңа идеяның ұсынылуында да емес, мәселе бұрыннан қалыптасқан жаңсақ ой-тұжырымдарға күмәнмен қараудың басталуында. Яғни, ғылым кеңістігінің көкжиегін кеңейте түсуге тағы да бір мүмкіндік бар деген сөз.

Лев Николаевич Гумилевке дейін этнос, яғни халық, ұлт, жұрт(национальность) дегеніміз – тіл, мемлекеттік билік, тарихи ағым (инерция), өмір, салт біріктірген адамдардыңқоғамдастығы деп түсіндірілетін. Ал Лев Николаевич болса, этносты нақтылы категория ретінде қарастырады. Яғни, этнос дегеніміз – өзіндік шек-шекарасы бар, өзіндік қалыптасқан мінез-құлқы бар, өзіндік ішкі құрылымы бар, уақыт аясында өзіндік заңдылықтармен өзгеріске түсіп отыратын біртұтас жүйе дейді.

Бұрын (соцжүйе кезінде) этнос немесе этникалыққауымдастық дегеніміз тарихи-табиғи жолмен қалыптасатын әлеуметтік категория делінетін. Ал Лев Николаевчи болса этнос дегеніміз био-географиялық категория дейді. Жай ғана био-географиялық категория емес, этнос дегеніміз – әлеуметтік және формациялық құрылымнан (устройства) тыс, әлеуметтік проблемаға кіріптар болмайтын жаралым дейді. Мұның өзін этнос тарихы мен табиғат тарихының шендесуі арқылы болатын антропосфералыққұбылыс деп біледі. Әйгілі ғалымның ой-тұжырымы бойынша, біріншіден, этностың күш-қуатын өзі тіршілік құратын табиғи ортамен кіндіктес, екіншіден, әрбір этнос тіршілік құру барысында әлеуметтіккеңістігін ұдайы ұлғайтып отыруға бейім болады. Ал этностың алғашқы жаралымына космос қуаты әсер етеді. Сол әсердің нәтижесінде қайрат-жігері ерекше "пассионар" адамдар қалыптасады. Өз кезегінде пассионар адамдар соңдарынан қалың тобырды ертіп, өздеріне қарсыластарға (субпассионарларға) тойтарыс беріп, өзіне дейінгі "мәдени жаралымды" жойып,"этнос"деп аталатын жаңа қауымдастықты қалыптастырады. Мұның бәрі де қоршаған ортамен біте қайнасқан тұтастықта жүзеге асып жататын үрдіс. Яғни, әрбір этносты ең алдымен био-географиялық құбылыс ретінде қабылдау керек. Этнос био-географиялыққұбылыс болса, онда өзінен-өзі олардың өлшеулі ғұмыр жасы болмақ. Ондай ғұмыр жастың ұзақтығы әдетте 1200-1500 жыл шамасында болып келеді. Осынау өлшеулі уақыт аясында этнос нобай танытып дүниеге келеді, еңсе көтеріп етек жияды, өркен жайыпдамиды (акматикалық фаза), сонсоң бірте-бірте құлдырап сейіле бастайды (обскурация немесе аннигиляциялық фаза). Яғни, этнос та адам сияқты, балалық, жігіттік,қарттық шақты бастан кешеді. Бұл үрдіс "этногенез" деп аталады.

Міне, қысқа-қайырым тілмен түйіндеп айтқанда, Л.Н.Гумилевтің этнологиялық ой-тұжырымдары осындай. Мұндай ой-тұжырымдар негізінен ғалымның "Этногенез және Жердің биосферасы" деп аталатын еңбегінде баяндалған.

Наши рекомендации