Адамның өзін өзі қорғау құқығы ­ маңызды соттан тыс қорғау механизмі 4 страница

Қоғамдық бірлестіктер арасынан ерекше бөлінетіні ­ кәсіптік одақтар. Олардың қызметінің негізгі мақсаты ­ мүшелеріне еңбек құқытарын қорғау жағынан көмектесу болып табылады.

Заң кәсіподақтардың өз қызметін сырттан араласпау арқылы жүзеге асыру құқығын қорғайды. Бірақ, іс жүзінде үш тараптық келіссөздер жүргізу кезінде (яғни, жұмыс берушілер, жұмысшылар және мемлекет өкілдері арасында) билік тарапынан кәсіподақтардың өкілдеріне қысым көрсету фактілері орын алуда. Заң бойынша ұжымдық келіссөздер жүргізуге және ұжымдық шарттар жасасуға рұқсат етілген. Кәсіподақтар және олардың бірлестіктері мұндай шарттарды жасасу жөнінде келіссөздер жүргізіп келе жатыр [13].

Бүгінгі күні Қазақстанда әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің төрт деңгейлі жүйесі құрылып, іске қосылған, атап айтатын болсақ ол келесі деңгейлер:

1. Үкімет, республикалық кәсіподақтар және жұмыс берушілер бірлестіктері арасында жасалатын Бас Келісім.

2. Салалық (тарифтік) келісімдер. Бұл келісімдер министрліктер, концерндер, ассоциациялар мен өзге де мемлекеттік кәсіпорындардың бірлестіктері сияқты меншік иесінің (жұмыс берушінің) мүдделерін өкіл ететін мемлекеттік салалық басқару органдары, жұмыс берушілер одақтары (Қазақстанның өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағы, Қазақстанның кәсіпкерлері Форумы, Шаруалар одағы, Қазақстан Республикасы жұмыс берушілерінің Конфедерациясы, Мұнай және Биржалық одақтар және т.б.) және салалық кәсіподақ ұйымдары немесе жұмысшылардың өзге де өкіл етуші ұйымдары арасында жасалып отырады.

3. Аумақтық кәсіподақтардың, жұмыс берушілер аумақтық одақтарының және атқарушы биліктің аймақтық органдары өкілдері арасында жасалатын аймақтық (облыстық, қалалық, аудандық) келісімдер.

4. Жұмыс беруші немесе бірнеше жұмыс берушілер (олардың өкілдері) мен бір әлде бірнеше кәсіподақ әлде кәсіподақтың мүшесі болып табылмайтын және келіссөздер жүргізу үшін өз ұйымын құрған жұмысшылар арасында жасалатын ұжымдық шарттар [101, 188-189 б.].

Бұрынғы еңбек заңнамасы бұл ұжымдық шарттарды (келісімдерді) «құқықтық актілер» деп бағалаған еді, ал 1998 жылы қабылданған «Нормативтік құқықтық актілер туралы» ҚР Заңы «құқықтық акт» деген санатты тіптен қолданбайды және оның орнына «нормативтік құқықтық акт» немесе «нормативтік акт» деген ұғымдарды енгізген. Демек, ұжымдық келісімдер еліміздің құқықтық өрісінен тыс қалған. Сондықтан да, осыған байланысты еңбек құқығы саласындағы қазақстандық ғалымдардың ұсынып отырған ұжымдық шарттарды (келісімдерді) құқықтың тиісті нысаны ретінде бағалайтын арнайы «Ұжымдық келісімдер мен шарттар туралы» заңның қабылдану қажетілігін біз де құптаймыз [101, 195 б.].

Жалпы алғанда өзін өзі қорғау құқығына қатысты құқықтардың өзін екіге бөліп қарастыруға болады:

­ адамның жеке әрекеттері арқылы қорғау (мысалы, еңбек дауларын шешу бойынша келісім комиссиясы);

­ ұжымдық негіздегі қорғау (мысалы, ереуілге шығу құқығы мен қоғамдық бірлестік арқылы құқықтарын қорғау).

Адам құқықтарын халықаралық құқық арқылы қорғау – соттан тыс қорғау механизмінің бөлігі

Кеңестік кездің өзінде белгілі құқықтанушы-ғалым В.А. Карташкин «адам құқықтарын реттеудің халықаралық құқықтық қырларын зерттеудің теориялық және тәжірибелік мағынасы осы саладағы халықаралық келісімдердің үлкен жүйесінің болуымен, ...адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарының жаппай және өрескел бұзылуының кең таралуымен... анықталады», - деп айтқан сөздері бар. Сонымен қатар, бұл зерттеушінің пікірі бойынша «адам құқықтарының проблемасы үлкен, күрделі және көп қырлы», оның «халықаралық, саяси, экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және өзге де қырлары бар». Бұған қоса, «адам құқықтарының бір қатар қырларын қарастыру кезінде құқықтың басқа салаларына «кіріп кетуден» бас тарту мүмкін емес» [102, 7 б.].

Осы айтылған пікірді толық қолдай отырып, адам құқықтары мәселесінің күрделілігі бұл объектіні зерттеу кезінде әртүрлі құқық салаларына көңіл бөлу қажеттілігін тағы да басып көрсеткіміз келеді. Шыныменде, осы тарау шеңберінде адам құқықтары мен бостандықтарын халықаралық құқық арқылы қорғау мәселесін біз де айналып өтіп кете алмай отырмыз. Бұл мәселенің халықаралық өлшемін көрсетпесек еңбегіміз толық болмайтыны түсінікті.

Адам құқықтары мен бостандықтарын халықаралық құқық арқылы қорғау механизмін біздің тақырыбымызға қатысты зерттеудің қандай қажеттілігі бар деген сауал туындауы мүмкін. Бұл сауалдың жауабын ҚР Конституциясының нормаларынан табуға болады. Мысалы, Конституцияның 4-ші бабының 1-ші тармағында Қазақстан Республикасында қолданылатын құқықтың құрамына ішкі заңдармен бірге «Республиканың халықаралық шарттық және өзге де міндеттемелері жатқызылған».

Сол сияқты осы баптың 3-ші тармағында «Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшін заң шығару талап етілетін жағдайдан басқа реттерде, тікелей қолданылады», - делінген.

Конституцияның 4-ші бабының 4-ші тармағында барлық заңдармен қатар «Республика қатысушы болып табылатын халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен міндеттеріне қатысты нормативтік-құқықтық актілерді ресми түрде жариялау оларды қолданудың міндетті шарты болып табылады», - деген норма бекітілген. Ал Конституцияның 8-ші бабында мемлекетіміз халықаралық құқықтың прициптері мен нормаларын құрметтейді делінген.

Демек, Қазақстанның аумағында заңдармен қатар Республика тарапынан ресми танылған халықаралық шарттар, сондай-ақ халықаралық құқықтың жалпы танылған принциптері мен нормалары қолданылуы тиіс. Олай болса адам құқықтары мен бостандықтарын халықаралық құқық арқылы қорғауға қатысты халықаралық шарттар да еліміз үшін міндетті болады. Яғни, Қазақстан азаматтары және еліміздің аумағындағы басқа да азаматтар (шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар) Қазақстанның қатысып отырған халықаралық шарттарына сүйеніп халықаралық деңгейде өздерінің бұзылған құқықтарының қорғалуын талап етуі мүмкін. Сондықтанда, адам құқықтары мен бостандықтарын халықаралық құқықтағы механизмдер арқылы қорғау мәселесін біз айналып өте алмаймыз.

Ғылыми әдебиеттерде адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың халықаралық механизмі алуан түрлі және бұл механизмнің үйлестіруші орталығы ретінде БҰҰ жүйесі және адам құқықтары бойынша БҰҰ-ң Жоғары комиссары болып табылады, ал оның жекелеген бақылау функцияларын БҰҰ мен оның мамандандырылған мекемелері (ХЕҰ/МОТ, ДСДҰ/ВОЗ, ЮНЕСКО және т.б.), комитеттер мен комиссиялар (мысалы, адам құқықтары бойынша, қорлыққа қарсы, нәсілдік кемсітушілікті жою бойынша, бала құқықтары бойынша комитеттер; әйелдер жағдайы бойынша, әлеуметтік даму комиссиялары, адам құқықтары бойынша БҰҰ Комиссиясы және т.б.), БҰҰ-ң Халықаралық соты, Адам құқықтары бойынша Еуропалық сот, Қызыл Кресттің Халықаралық Комитеті және т.б. атқарады, - дейді [103, 203 б.].

Адам құқықтары мен бостандықтарын халықаралық құқық арқылы қорғаудың бір ерекшелігі - бұл жүйенің өзін, біздің ойымызша, екі топқа бөліп қарастыруға болады:

1) адам құқықтары мен бостандықтарын халықаралық деңгейде халықаралық соттық механизм арқылы қорғау (оның мысалы - Адам құқықтары бойынша Еуропалық сот немесе Адам құқықтары жөніндегі Америкааралық соты);

2) адам құқықтары мен бостандықтарын халықаралық деңгейде соттық емес механизмдер арқылы қорғау (әртүрлі халықаралық комиссиялар мен комитеттер арқылы).

Адам құқықтары мен бостандықтарын халықаралық құқық арқылы қорғау жүйесін осы тұрғыдан қарастырғанда бірнеше сауалдар пайда болады. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – адам құқықтары мен бостандықтарын халықаралық құқық арқылы қорғаудың ішкі құқық бойынша қорғау механизмдерімен байланысы. Сонымен бірге адам құқықтары мен бостандықтарын халықаралық құқық арқылы қорғау механизмдерін қалайша сыныптауға болады, мұндай сыныптаудың негізіне қандай белгі жатқызылуы тиіс және т.с.с.

Айтып кететін жайт – халықаралық құқық бойынша әдебиеттерде біз келтірген сыныптау (яғни халықаралық қорғау механизмдерін соттық және соттық емес деп бөлу) кездеспейді, бірақ бұл сыныптаудың да өмір сүруіне толық құқы бар.

Халықаралық құқық бойынша әдебиеттерде жиі кездесетін сыныптау бойынша адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың халықаралық механизмі екі топқа бөлінеді, олар:

1) адам құқықтарын қорғаудың халықаралық институциялық механизмі (яғни, адам құқықтарын халықаралық ұйымдар және мемлекеттердің өзге де бірлестіктері арқылы қорғау);

2) адам құқықтарын қорғаудың халықаралық шарттық (конвенциялық) механизмдері.

Мұндай сыныптауды, мысалы, Т.Б. Бекназар-Юзбашевтің еңбегінен байқауға болады [104, 52-80 бб.].

Біздің ойымызша, бұл сыныптау толық емес. Мысалы, Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар бойынша Комитет 1966-шы жылы қабылданған Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Халықаралық Пактінің негізінде құрылған орган [23]. Демек, бұл орган конвенциялық (шарттық) болып табылады. Сондықтанда, біздің ойымызша, бұл сыныптау толық емес, ал оны толықтыру үшін біз адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау механизмдерінің үшінші тобын ұсынар едік. Яғни, үшінші топты адам құқықтары мен бостандықтарын халықаралық қорғаудың аралас механизмі деп атаған жөн көріп отырмыз. Оның себебі – бұл топ конвенциялық белгіге де, институциялық белгіге де сай келетін халықаралық құрылымдарды қамти алады. Мысалы, жоғарыда аталған Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар бойынша БҰҰ комитетін осы үшінші топқа орналастыруға толық мүмкіндік бар және болашақта да осындай аралас сипаттағы органдар пайда болса оларды осы үшінші топқа орналастырған дұрыс болар еді.

Қорытынды түрде біздің толықтыруымызды ескере отырып бұл сыныптауды келесі нысанда ұсынуға болады:

1) адам құқықтарын қорғаудың халықаралық институциялық механизмі (яғни, адам құқықтарын халықаралық ұйымдар және мемлекеттердің өзге де бірлестіктері арқылы қорғау);

2) адам құқықтарын қорғаудың халықаралық шарттық (конвенциялық) механизмдері;

3) адам құқықтарын халықаралық қорғаудың аралас механизмі (институциялық механизм + конвенциялық механизм).

Сонымен қатар, құқықтық әдебиеттерде кең таралған тағы бір сыныптауды атап өтуіміз керек. Бұл сыныптау бойынша да адам құқықтарын қорғаудың халықаралық механизмі екі топқа бөлініп қарастырылады, олар:

1) адам құқықтары мен бостандықтарының халықаралық әмбебаптық деңгейде қорғалуы (бұл жағдайда әмбебаптық механизмінің институциялық не конвенциялық болуы есепке алынбайды);

2) адам құқықтары мен бостандықтарының халықаралық аймақтық деңгейде қорғалуы (көбінесе аймақтық халықаралық ұйымдар шеңберінде).

Мұндай сыныптау Е.А.Лукашеваның редакциясымен шыққан «Адам құқықтары» деген ұжымдық еңбекте орын алған [98, 495-522 бб.]. Қазақстандық ғалымдардың шығарған «Адам құқықтары» деген оқу құралында, өкінішке орай, оқу материалының белгілі бір сыныптау негізінде орналасқанын көре алмадық [105]. Ол орынды да шығар, өйткені оның авторлары халықаралық деңгейдегі адам құқықтары мәселесімен ғана шектелмей, жалпы адам құқықтары сауалдарына көңіл аударған.

Жоғарыда көрсетілген екі сыныптаудың да өз орны бар. Олардың негізгі айырмашылығы – сыныптау негізі ретінде әртүрлі белгілерді қолданудан көрініс табады. Егер бірінші сыныптау бойынша басшылыққа алынған белгі халықаралық қорғаудың құқықтық табиғатына сүйенген құқықтық нысан (форма) болса, екінші жағдайда сыныптаудың негізі ретінде географиялық белгі болып отырғаны анық көрінеді.

Біз келтірген сыныптаудың негізіне халықаралық құқықтық қорғауды жүзеге асыратын нақты органдар жатқызылған, яғни қандай орган қорғауды жүзеге асырса, соған байланысты мұндай қорғауды тиісті сыныпқа жатқызамыз. Бұл да, біздің ойымызша, ыңғайлы және теориялық та, тәжірибелік жағынан да көп қиындық туғызбайтын сыныптау. Бұл сыныптаудың тағы бір артықшылығы – ол мемлекет ішіндегі соттық емес қорғау механизмдері мен халықаралық соттық емес қорғау механизмдердің байланысын табуға жақсы мүмкіндік береді. Сондықтан да, халықаралық механизмдерді қарастыру кезінде біз өзіміз келтірген сыныптауға көбірек сүйенгіміз келіп отыр.

Сонымен қатар тағы бір нәрсені ескерген жөн. Келтіріліп отырған сыныптаулар тек ғылыми не оқыту мақсатында олардың ерекшеліктерінің түсінілуі ыңғайлы болсын деп жасалады, ал тәжірибеде бұл механизмдер бөлінбейді. Ол мәселенің бір қыры болса, екінші жағынан бір механизмінің өзі екі не, тіпті үш сыныптау бойынша да жіктелуге келе береді. Мысалы, Адам құқықтары бойынша Еуропалық Қауымдастық Сотын біздің сыныптауымыз бойынша халықаралық соттық механизмге жатқызар едік, ал бірінші келтірілген сыныптау бойынша ол конвенциялық (шарттық) механизм ретінде танылар еді. Екінші сыныптау бойынша бұл органды аймақтық механизмдерге жатқызған дұрыс болар еді. Демек, аталған халықаралық сот органы соттық, конвенциялық (шарттық) және аймақтық механизм болып табылады. Көріп отырғанымыздай аталмыш органды жіктейтін үш сыныптау да бір-біріне қайшы келмейді, керісінше, бірін бірі толықтырып отырады. Мұндай жағдай, біздің ойымызша, сыныптау жүйелерінің дұрыстығын, негізіділігін, шынайылығын байқатады.

Қазақстандық заңгер-ғалымдарының ішінен адам құқықтарын халықаралық құқық арқылы қорғау мәселесін терең зертеп шыққан Д.И.Нурумов. Осы бағыттағы оның ғылыми еңбегі Ресейде қолдауын тапты [106]. Бұл ғалымның пікірі бойынша қазіргі кезде халықаралық құқықтың құрамында «адам құқықтарының халықаралық құқығы» деген сала пайда болып даму үстінде. Бұл саланың пайда болуы екі ұшты. Бір жағынан, адам құқықтарының идеясы мемлекеттердің ішкі құқығы саласынан енген болса, екінші жағынан ол мемлекеттердің өзара қарым-қатынастарының тікелей өнімі. Мұны ғалым Еуропадағы мемлекеттілік құрудың тікелей нәтижесі болып табылатын шетелдік азаматтарды дипломатиялық қорғау институтын талдай келе, ұлттық азшылықтар құқықтарының пайда болуын және гуманитарлық интервенция прецеденттерін қарастыра отырып тұжырымдайды [106, 11 б.]. Ал қазіргі кезде адам құқықтарының халықаралық құқығы халықаралық құқықтың бөлігі ретінде және оның қалыптасуының ерекше белгісі ретінде әрекет етеді. Адам құқықтары әмбебаптық, аймақтық және ұлттық құқық кеңістігі үшін мононормалық сипатқа ие екені танылып келеді. Демек, кез келген құқықтық кеңістік тек адам құқықтарының сақталуы жағдайында ғана құқықтық сипатқа ие болады, - дейді ғалым. Басқа жағынан қарағанда адам құқықтарының арқасында құқық кеңістігі белгілі бір тұтастыққа ие болады және мұны әртүрлі құқықтық жүйелерін ұштастыратын құқықтың айрықша саласы ретіндегі адам құқықтарының халықаралық құқығының пайда болуының себебі деп түсінуге болатын шығар, - деп қорытындылайды бұл мәселені Д.И.Нурумов [106, 14 б.].

Адам құқықтары мен бостандықтарын халықаралық қорғау ұғымына көптеген әдебиеттерде анықтама берілмеген. Бұл жағынан отандық ғылымымызда Т.К.Ерджановтың «Халықаралық жария құқық» атты орыс тілінде шығарылған оқулығы ерекшеленеді. Бұл басылымда «адам құқықтарын халықаралық қорғау – тұлғаның құқықтық мәртебесінің әмбебаптық стандарттарын орнату, сондай-ақ оны жүзеге асыру механизмдерінің құрылуы және әрекет етуі бойынша мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды реттейтін нормалар мен қағидалардың жиынтығы», - деген анықтама берілген [107, 482-483 бб.]. Өз пікірін түсіндіре отырып Т.К.Ерджанов халықаралық құқықтың бұл саласының реттеу пәніне қатысты бірегей көзқарас қалыптаспағанын айтады. Бір жағынан, - дейді ғалым, - адам құқықтары саласындағы стандарттарға қатысты нормалар мен қағидалар қарулы қақтығыстар құрбандарын қорғау туралы ережелермен байланыстырылып, «халықаралық гуманитарлық құқық» деген ортақ ұғым арқылы біріктіріледі. Біз осыған қатысты Ресейде орыс тілінде шыққан профессор О.И.Тиуновтың «Халықаралық гуманитарлық құқық» деген оқулығын көрсетіп кетсек болады [108]. Екінші жағынан, кейбір ғалымдар бұл саланың реттеу пәніне азаматтық мәселелеріне, шетелдіктер мен халықтың өзге категорияларының құқықтық жағдайына қатысты қарым-қатынастарды жатқызады. Мұның дәлелі ретінде Т.К.Ерджанов ресейлік ғалым К.А.Бекяшевтің редакциясымен орыс тілінде шыққан «Халықаралық жария құқық» оқулығын келтіреді [107, 181-213 бб.].

Сонымен қатар, Т.К.Ерджановтың айтуы бойынша, адам құқықтарын халықаралық қорғау, тұлғаның құқықтары мен бостандықтарын сақтау бойынша мемлекеттердің қабылдаған міндеттемелерінен туындайтын мемлекетаралық қарым-қатынастарға ғана таратылады. Жоғарыда келтірілген пікірлерді ескеретін болсақ, бұл саланың аталуына байланысты терминологиялық бірегейліктің болмауы түсінікті. Бұл саланы «Адам құқықтарын халықаралық қорғау», «Адам құқықтарын халықаралық реттеу», «Халықаралық құқықтағы адам құқықтары», «Адам құқықтарының халықаралық құқығы» және т.б. атайды [99, 482 б.].

Т.К.Ерджановтың қарастырып отырған салаға қатысты тағы бір пікірін келтіргенді дұрыс көріп отырмыз. Ғалымның көзқарасы бойынша адам құқықтарының халықаралық қорғалуын құқықтық реттеу пәнін анықтау мәселесінің бірқатар қиындықтары индивидтердің халықаралық құқық бойынша субъектілігі мәселесіне байланысты, өйткені халықаралық құрылымдар арқылы белгілі бір тұлғаның құқықтарын қорғау мүмкіндігі халықаралық құқықтың кейбір өкілдеріне жеке тұлғалар мен мемлекет және жеке тұлғалар мен халықаралық сот органдары арасындағы қарым-қатынастарды халықаралық құқықпен реттелетін салаға жатқызу үшін мүмкіндік береді. Теориялық тұрғыдан мұндай көзқарас халықаралық-құқықтық реттеу аясын мемлекет ішіндегі кейбір қарым-қатынастарға таратуға алып келуі мүмкін, мұның мысалы ретінде белгілі бір мемлекеттің халықаралық шарттарымен көзделген тұлғаның құқықтары мен бостандықтарының сақталуы жөніндегі жеке тұлға мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастар келтірілуі мүмкін. Бірақ, әзірше, индивидтер мәртебесі халықаралық құқықпен реттеледі деп айтуға негіздер жеткіліксіз және осыған байланысты адам құқықтарын халықаралық қорғау мәселесі жариялық сипаттағы халықаралық қарым-қатынастарды ғана реттейді, - деп қорытындылайды зерттеуші [99, 482 б.].

Басқа авторлардың еңбектіріне қарағанда Т.К.Ерджановтың еңбегінде адам құқықтарының халықаралық қорғалуы туралы теориялық тұрғыдан көптеген мәліметтер берілген. Адам құқықтарының халықаралық қорғалуы туралы сөз болған кезде, - дейді ол, - мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар қызметінің кем дегенде екі бағытын атап өтуге болады:

Наши рекомендации