Адамның өзін өзі қорғау құқығы ­ маңызды соттан тыс қорғау механизмі 1 страница

Егер жоғарыда қарастырылған жағдайлар соттан тыс қорғау механизмінің мемлекеттік органдар сияқты бөлігіне қатысты болса, осы механизміні құрайтын субъектілердің екінші бөлігі ­ адам құқықтарын қорғаудың мемлекеттік емес нысандарына сүйенеді.

ҚР­ң Конституциясының 13 бабына сәйкес әрбір адамның өз құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға құқы бар. Тұлға құқықтарын қорғаудың мемлекеттік емес нысандары арасынан адамның өзін өзі қорғау құқығы маңызды орын алады. Бұл құқықтың құрамына қолданыстағы заңнамаға сәйкес келесі құқықтарды жатқызуға болады:

1) қажетті қорғаныс пен аса қажеттілікті қоса алғанда адамның өзін өзі қорғау құқығы (Конституцияның 13 бабына сүйенеді);

2) адамның ереуіл жасау құқығын қоса алғанда, заңмен белгіленген тәсілдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы (Конституцияның 24 бабының 3 тармағы);

3) ҚР­сы азаматтарының бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұру құқығы (Конституцияның 32 бабы);

4) ҚР­сы азаматтарының мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін­өзі басқару органдарына тікелей өзі жүгінуге, сондай­ақ жеке және ұжымдық өтініштер жолдауға құқығы (Конституцияның 33 бабының 1 тармағы).

Келтірілген тізімде көзге түсетіні ­ қажетті қорғаныс, аса қажеттілік және ереуіл жасау құқықтарының кез келген адамға тиесілі болатындай тұжырымдалуы. Ал ұжымдық жиындар өткізу құқығы (митингілер, шерулер және т.с.с.) мен мемлекеттік органдарға тікелей жүгіну әлде жеке не ұжымдық өтініш жолдау құқығының тек ҚР­ң азаматтарына ғана қатысты тұжырымдалған.

Біздің ойымызша, кейбір жағдайларда шетелдік азаматтардың да жиындар өткізу және мемлекеттік органдарға жүгіну құқығы болуы тиіс. Бұған дәлел 2006 жылы Ресейдің көптеген қалаларында оқып жатқан шетелдік студенттерді ресейлік ұлтшыл жасөспірімдердің (скинхедтердің) өлтіруі және артына түсуі. Осыған байланысты кейбір ресейлік қалаларда шетелдік студенттер митингілер өтікізіп, қала басшыларына өздерінің өтініштерін жолдаған болатын. Мұндай әрекеттер елдің Конституциясында бекітілмесе, әрине заңсыз әрекет ретінде дәрежеленуі мүмкін. Сондықтан, Конституцияда болмаса да, салалалық заңнамада бұл құқықтардың кейбір жағдайларда шетелдіктерге де берілу мүмкіндігін қарастыру керек (мысалы, өмірі мен денсаулығына тікелей зиян келтірілу қауіпі туындаған жағдайларда).

Сонымен қажетті қорғаныс пен аса қажеттілік институттарынан бастаған жөн болар.

Біздің ойымызша соттан тыс қорғау механизмі шеңберінде өзін­өзі қорғаудың маңызды бөлігін қылмыстық құқықтың «қажетті қорғану» институты құрайды. Қажетті қорғану ҚР­сы Конституциясының 13 бабында былай деп белгіленген (1-ші тармақ): «Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы».

Конституцияның түсінігінде қажетті қорғаныс құқығының әрбір адамда болуы және ол қоғамға қауіпті қолсұғушылықтан қашып құтылу не басқа адамдарға әлде мемлекеттік органдардан көмек сұрауға байланысты емес екендігі айтылған [75, 65 б.].

Қажетті қорғану институтының мазмұны ҚР ҚК­ң 32-ші бабында баянды етілген: «Қажетті қорғану жағдайында қол сұғушы адамға зиян келтіру, яғни қорғанушының немесе өзге бір адамның жеке басын, тұрғын үйін, меншігін, жер учаскесін және басқа да құқықтарын, қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қоғамдық қауіпті қол сұғушылықтан қол сұғушыға зиян келтіру жолымен қорғау кезінде, егер бұл орайда қажетті қорғану шегінен асып кетушілікке жол берілмеген болса, ол қылмыс болып табылмайды» (1-ші тармақ). ҚР Жоғарғы Соты Пленумының 1994-ші жылғы қаулысының 20 тармағында қажетті қорғану құқығы азаматтардың өміріне, денсаулығына, қадір­қасиетіне, ар­намысына қоғамдық қауіпті қолсұғушылықтардан қорғану, сондай­ақ мүлкін қорғау конституциялық құқығын жүзеге асыру кепілдіктерінің бірі болып табылады және заңға сәйкес қашып құтылу не басқыншылықтан бас тартудың өзге тәсілдерін қолдану мүмкіндігінің болуына қарамастан азаматтар қоғамға қауіпті қол сұғушылықтан қол сұғушыға зиян келтіру арқылы қорғану бойынша белсенді әрекеттер қолдануға құқылы делінген. Мұндай жағдайда азаматтар қол сұғушыға зиян келтіргені үшін жауап бермейді [76].

ҚР ҚК түсінігінде қажетті қорғану қылмыспен күресуде маңызды және тиімді әдістердің бірі болып отыр, ол азаматтардың конституциялық құқығы бола отырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі, қоғамға пайдалы әрекет ретінде, қылмыстың болдырмауын ескерту немесе қылмыспен күресуде белсенділікті арттырады, әрбір адамның заңды және заңмен көтермеленетін әрекеті болып табылады, өйткені қорғану қиянат жасауды тыюдың, оған тойтарыс берудің белсенді нысаны ретінде шабуыл жасаушыға қарсы істелген әрекет болып саналады делінген [77, 65 б.].

ҚР ҚК түсінігінде анықтауды талап ететін де жері бар. Түсініктің авторлары былай дейді: «көптеген азаматтар үшін қажетті қорғануды қолдану олардың жеке құқығы болып табылады» [77, 66 б.]. Бұл сөйлемге қатысты біздің екі ескертпеміз бар: 1) жоғарыда келтірілген ҚР Конституциясының 13-ші бабына сүйенсек қажетті қорғану құқығы «көптеген азаматтардың ...жеке құқығы» емес, кез келген азаматтың құқығы болып табылады; 2) қажетті қорғану институты тек Қазақстан азаматтарына ғана емес, кез келген адамға, мейлі ол шетелдік азамат не азаматтығы жоқ тұлға болсын, тиесілі.

Осы ескертпелерді басшылыққа алсақ, ҚР ҚК қажетті қорғануға қатысты түсінігіне кейбір өзгерістердің керек екендігі айқын.

Қажетті қорғануды жүзеге асырудың бірқатар жайлары бар, атап айтсақ олар:

1) қиянат қоғамға қауіпті болуы керек (адам өміріне жасалған қиянат заңға қарсы болары сөзсіз). Бұл жерде адамға жасалатын қиянат абайсыздықта не қасақана жасалғаны есепке алынбауы тиіс, өйткені өміріне қауіп төнген адам үшін ол маңызды емес. Сол сияқты қажетті қорғану мұндай қиянат келтіруші адамның кім екендігіне байланысты болмауы керек (оның жынысына, жасына, ақылының дұрыстығына және т.с.с.). Ал қиянаттың қоғамдық қауіптілігі оның жасалған жағдайына, қиянат жасаушылардың санына, жасына, қару­жарақтың болуына және т.с.с. жағдайларға байланысты;

2) қол сұғушылықтың нақты орын алуы, яғни, адам өміріне зиян келтіруді бастағалы жатқан немесе кіріскен әрекеттің осындай сипаты болады (осыған қатысты қарастырып отырған ҚР ҚК­ң түсінігінде Атырау облысы аудандарының бірінде болған екі милиция қызметкерінің біреуін соққымен жығып, екінші милиция қызметкерінің бірнеше рет жоғарыға оқ атқанына құлақ аспай, жығылған адамды сом темірмен ұрмақшы болып қолын сермей бастаған қиянат келтірушіні атып тастау фактісі келтіріледі [77, 66 б.]. Бұл жағдайда қол сұғушылық бітіп кетсе, оған қажетті қорғаныс қолдануға болмайды);

3) жалған қорғаныстың болмауы, яғни қоғамға қауіпті қол сұғушылық шын мәнінде, айқын орын алуы тиіс;

4) қиянаттың қаупі мен сипатына қорғанудың көрінеу сәйкес келмеуі орын алмауы тиіс, яғни қажетті қорғаныстың шегінен шығуға болмайды (ұрып­соғуға оқталған адамды өлтіріп тастау қажетті қорғаныс шегінен шығу болып есептеледі және қылмыстық жауаптылыққа алып келеді, ал адам өлтіруге оқталған кісіні өлтіру қажетті қорғанысқа жатады).

ҚР ҚК қажетті қорғануға қатысты бір ғана жағдайда қылмыстық жауапкершілік көзделген, ол ­ қажетті қорғану шегінен шығу, яғни «нәтижесінде қол сұғушыға анық шектен тыс, жағдай мәжбүр етпейтін зиян келтірілетін, қол сұғушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілігі дәрежесіне қорғанудың көрінеу сай келмеуі» (ҚР ҚК 32-ші бабының 3-ші тармағы). Бірақ бұл жағдайдың өзінде шектен шығу тек қасақана зиян келтірілген жағдайларда ғана қылмыстық жауаптылыққа әкеп соқтырады.

Бұл институт адамның өзін­өзі қорғау бойынша табиғи құқығы болса да, мемлекетпен кепілдендірілген жағдайда ғана құқыққа сай іске асырылатын мүмкіндік. Яғни, мемлекет адамның қажетті қорғану мүмкіндігін құқық арқылы шектейтін болса, ол үшін жауапқа тартса, индивидтің қауіпті жағдайларда өзін өзі қорғай алмай қалатыны сөзсіз. Жалпы алғанда қажетті қорғануға қатысты Жоғарғы Сот Пленумының 1994-ші жылғы қаулысы ескірді, өйткені ол ҚР­ң бұрыңғы ҚК негізінде қабылданған болатын, сондықтан бұл мәселе бойынша 1997-ші жылғы ҚК пен жаңа тәжірибені ескеретін жаңа нормативтік қаулы қабылдау қажеттігі туындады. Осыған байланысты 2007 жылғы 11 мамырда ҚР Жоғарғы Сотының «Қажетті қорғану жөніндегі заңдарды қолдану туралы» №2 нормативтік қаулысы қабылданды [78]. Осы қаулыны түсіндіре отырып Жоғарғы сот судьясы Ж.Бәйішев «қаулыда әрбір адамның қажетті қорғануға табиғи құқығы адамның кәсіби немесе басқа арнаулы даярлығына, қызметтік жағдайына, жынысына, жасына және басқа да мән­жайларға қарамастан бекітіледі», ­ дейді [79].

Сөйтіп жоғарыда көрсетілген ең үлкен кемшілік, яғни қажетті қорғану институтын тек ҚР­сы азаматтарының құқығы ретінде тану мәселесі осы жаңа нормативтік қаулы ретінде өз шешімін тауып отыр. Ендігі жерде қажетті қорғану институтының кез келген адам баласына тиесілі екендігі де көрсетілген.

Адамның өзін өзі қорғау құқығына қатысты келесі маңызды институт ­ аса қажеттілік институты. Аса қажеттілік адам құқықтарына қатер төндіретін қауіпті жою үшін зиян келтіру, егер бұл қауіпті басқа амалдармен жою мүмкін болмаса және бұл орайда аса қажеттілік шегінен шығып кетушілікке жол берілмесе, қылмыс болып табылмайды (ҚР ҚК­ң 34-ші бабы). Бұл жағдайда келтірілген зиянның мөлшері тойтарылған зиян мөлшерінен кем болуы керек. Аса қажеттіліктің қажетті қорғануға ұқсастығы болғанымен айырмашылығы да бар: қажетті қорғануда қиянат жасаушыға келтірілген зиян, тойтарылған зияннан көп болуы мүмкін, ал аса қажеттікте тойтарылған зиян болғызбаған немесе орын алған зияннан гөрі көбірек болғанда ғана ол заңды болып саналады. Сонымен қатар, қажетті қорғану кезінде қорғанушының басқа амал арқылы қиянаттан құтылып кету мүмкіндіктері болса, аса қажеттілік жағдайында зиян келтірген әрекеттен басқа амал болмауы тиіс [77, 71 б.]. Демек, аса қажеттіліктің шегінен шығушылық тек қасақана зиян келтірілген жағдайларда ғана жауаптылыққа әкеліп соғады.

Өзін өзі қорғаудың келесі нысаны ҚР­сы Конституциясының 24 бабының 3 тармағында баянды етілген, ол - адамның ереуіл жасау құқығын қоса алғанда, заңмен белгіленген тәсілдерді қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы.

Бұл нормада екі субъективтік құқық белгіленгені байқалады. Біріншісі ­ жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы. Бұл құқық әлеуметтік­экономикалық құқықтар тобына жатады [80, 166 б.] және көптеген елдердің конституцияларында кездеседі [81, 23 б.].

Кеңестік кезеңде бұл субъективтік құқық азаматтар құқықтарының қатарына қосылмайтын, тіпті көрсетілмейтін де [82, 245-258 бб.]. Көрнекті отандық заңгер­ғалым Ғ.С. Сапарғалиев айтатындай «еңбек адамдары өздерінің экономикалық құқықтарын қорғау мақсатында ұйымдасып бой көрсету құқығынан айырылған болатын» [83, 85 б.].

ҚР Конституциясының түсіндірме сөздігінде бұл құқық туралы былай делінген: «жеке және ұжымдық дауларды шешу құқығы ­ әрбір адамның немесе адамдар бірлестігінің еңбек жағдайын қарап, заңда баянды етілген тәсілдермен оны шешу жөнінде жұмыс берушілермен арадағы өздерінің келіспеушіліктерін ұсыну мүмкіндігі. Еңбек жағдайы бұл жерде еңбектің жүзеге асырылуына ұйытқы болатын: жұмыс уақыты, норма, сыйақы мөлшері және т.б. түсініктерді береді» [18, 92 б.].

ҚР Конституциясының түсінігінде жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы біздің елімізде алғаш рет белгіленіп отыр, бұрыңғы кезде еңбек заңнамасы тек жеке еңбек дауларын шешу құқығын қарастырған болатын деп айтылған. Қазіргі қолданыстағы Конституцияның қабылдануына дейін ұжымдық дауларға кәсіпорынның, мекеменің, ұйымның кәсіподағы мен әкімдік арасындағы еңбек жағдайларын орнату не өзгерту туралы мәселелер бойынша келіспеушіліктерді қарастыру жатқызылатын, ал басқа еңбек даулары жеке даулар болып табылатын [75, 146-147 бб.].

Бүгінгі күні жеке және ұжымдық еңбек даулары ҚР­ң 2015 жылғы 23 қарашада қабылданған жаңа Еңбек кодексімен (ЕК) реттеледі [84]. Кодекстің 1-ші бабының 16-шы тармақшасы бойынша «еңбек дауы - Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келісімдердің, еңбек және (немесе) ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша жұмыскер (жұмыскерлер) мен жұмыс берушінің (жұмыс берушілердің) арасындағы келіспеушіліктер» ретінде анықталған.

ҚР­сы ЕК 15 тарауы толығымен жеке еңбек дауларын шешу мәселесіне арналған (159-161 баптар). Сонымен жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі органдар қатарына келісім комиссиялары мен соттар жатқызылған. Жеке еңбек дауларын еңбек дауы тараптарының өтініші бойынша келісім комиссиясы қарай алады. Сонымен қатар, еңбек шартының тараптары жеке еңбек дауын шешу үшін өз қалауы бойынша тікелей сотқа жүгіне алады.

Жеке еңбек дауларын қарау жөніндегі органдарға жүгіну үшін мынадай мерзімдер белгіленеді:

1) жұмысқа қайта алу туралы даулар бойынша - жұмыс берушінің еңбек шартын бұзу туралы актісінің көшірмесі табыс етілген күннен бастап бір ай;

2) басқа еңбек даулары бойынша - қызметкер немесе жұмыс беруші өз құқығының бұзылғаны туралы білген немесе білуге тиісті күннен бастап бір жыл.

Келісу комиссиясы, ЕК­де және ҚР өзге де заңдарында қараудың өзгеше тәртібі белгіленген дауларды қоспағанда, ұйымдарда туындайтын еңбек дауларын қарау жөніндегі орган болып табылады. Егер қызметкер келіспеушіліктерді жұмыс берушімен арадағы өзі немесе өз өкілі қатысатын тікелей келіссөздер барысында реттемеген болса, еңбек дауын келісу комиссиясы қарайды.

Ұжымдық еңбек дауларын реттеуге ЕК 16 тарауы толығымен арналған (162-178). Ұжымдық еңбек дауы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, келісімдердің, еңбек және (немесе) ұжымдық шарттардың, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша жұмыс берушіні жазбаша хабардар еткен күннен бастап туындаған деп есептеледі.

Жұмыс беруші жұмыскерлердің қойған талаптарын - оларды алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей, жұмыс берушілер бірлестігі бес жұмыс күнінен кешіктірмей қарауға және оларды шешу үшін шаралар қабылдауға, ал көрсетілген мерзімде шешу мүмкін болмаған кезде, туындаған келіспеушіліктерді одан әрі қарау үшін өз өкілдерін көрсете отырып, өздерінің шешімдері мен ұсыныстарын жұмыскерлерге жазбаша түрде жеткізуге міндетті.

Ұжымдық еңбек даулары мынадай реттілікпен шешіледі: жұмыс беруші (жұмыс берушілер бірлестігі), шешу мүмкін болмаған жағдайда - татуластыру комиссиясы, онда келісімге қол жеткізілмеген кезде - еңбек төрелігі, ол реттемеген мәселелер бойынша - соттар қарайды.

Жұмыскерлердің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасын қолдану, жұмыскерлер мен жұмыс беруші, жұмыс берушілер бірлестігі арасындағы келісімдердің, ұжымдық және (немесе) еңбек шарттарының, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындау немесе өзгерту мәселелері бойынша талаптары жұмыскерлердің жалпы жиналысында (конференциясында) қалыптастырылады және бекітіледі.

Жұмыскерлердің өкілдері жұмыс берушімен жұмыскерлер жиналыстарын (конференцияларын) өткізу регламентін, орнын, уақытын, жиналысқа (конференцияға) қатысушылардың санын келіседі.

Жұмыскерлердің талаптары жазбаша нысанда жазылады және жұмыс берушіге, жұмыс берушілер бірлестіктеріне жиналыс (конференция) өткізілген күннен бастап күнтізбелік үш күн мерзімде жіберіледі.

Татуластыру комиссиясында келiсiмге қол жеткiзiлмеген кезде оның жұмысы тоқтатылады, ал дауды шешу үшін еңбек төрелігі құрылады.

Еңбек төрелігін ұжымдық еңбек дауының тараптары татуластыру комиссиясының жұмысы тоқтатылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде құрады.

Еңбек төрелігінің шешімі белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, тараптардың дауды шешуді сот тәртібімен жүзеге асыруға құқығы бар.

Ұжымдық еңбек дауын делдалдың қатысуымен қарау тәртібі ұжымдық еңбек дауы тараптарының келісуі бойынша айқындалады.

Тараптар делдал ретінде өздеріне қатысты тәуелсіз ұйымдар мен тұлғаларды айқындайды. Әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық, салалық, өңірлік комиссиялар ұжымдық еңбек дауы тараптарының келісімімен ұжымдық еңбек дауларын реттеу жөніндегі жұмысқа орталық және жергілікті атқарушы органдардың, қауымдастықтардың және басқа да қоғамдық бірлестіктердің басшылары мен жұмыскерлерін, жұмыс берушілерді, сондай-ақ тәуелсіз сарапшыларды тарта алады.

Делдалдарды тарту жағдайларының бәрінде олардан делдалдық етуге жазбаша келісім алынуға тиіс.

Көрсетілген рәсімдердің нәтижелерімен келіспеген жағдайда, қызметкерлер өз мүдделерін қорғаудың заңда көзделген, ереуіл өткізуге дейінгі өзге де барлық тәсілдерін пайдалануға құқылы.

Сонымен жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешудің көрсетілген тәртібі ЕК­де егжей­тегжейлі реттелген және ҚР­сы Конституциясының 24 бабының 3 тармағындағы конституциялық құқықты жүзеге асырады.

Н.З. Сеитованың айтуынша «еңбек дауларын қарастыру органы бола тұрып ...келісім комиссиясы дербес шешім қабылдай алатын және олардың тиісті орындалуын бақылай алатын тәуелсіз орган болып табылады» [85, 18 б.]. Бұл пікірмен біз де келісеміз.

Сонымен, Қазақстан заңнамасында ереуіл өткізу құқығы танылса да, бұл құқық көптеген құқықтық шектеулер мен кедергілерден бос емес. Заңсыз ереуілге қатысқаны үшін жұмысшыны жұмыстан шығаруға заңи түрде рұқсат етілмеген, бірақ мұндай шараға тыйым да салынбаған. Іс жүзінде ереуілді ұйымдастыратын жұмысшылар кәсіпорынның әкімдігімен түрлі себептерге байланысты жұмыстан шығарылады.

Өзін өзі қорғау құқығының келесі қыры ­ ҚР азаматтарының бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұру құқығы (Конституцияның 32 бабы). Азаматтардың бұл субъективтік құқығы бүгінгі күні арнайы заңмен реттеледі [86]. «Қазақстан Республикасында бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткiзу тәртiбi туралы» 1995 жылғы 17 наурыздағы Заң бойынша «жиналыстар, митингiлер, шерулер және демонстрациялар деп аталатын қоғамдық, топтық және жеке мүдделер мен қарсылық бiлдiрудiң нысандары ретiнде, сонымен қатар қоғамдық орындарда аштық жариялауды, киiз үйлер, шатырлар, өзге де құрылыстар тұрғызуды және пикет қоюды түсiну керек». Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткiзу туралы республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органына өтiнiш берiледi. Мұндай өтiнiштердi еңбек ұжымдарының, қоғамдық бiрлестiктердiң немесе ҚР азаматтарының жекелеген топтарының он сегiз жасқа толған уәкiлдерi бередi. Өтiнiш жиын өткiзудiң белгiленген датасынан кемiнде он күн бұрын жазбаша нысанда берiледi. Өтiнiште шараны өткiзу мақсаты, нысаны, өткiзiлетiн жерi немесе қозғалыс маршруттары, оның басталатын және аяқталатын уақыты, қатысушылардың ықтимал саны, уәкiлдердiң (ұйымдастырушылардың) және қоғамдық тәртiптiң сақталуына жауапты адамдардың тегi, аты, әкесiнiң аты, олардың тұратын және жұмыс iстейтiн (оқитын) жерi, өтiнiштiң берiлген датасы көрсетiледi. Өтiнiштiң берiлген мерзiмi оның республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергiлiктi атқарушы органында тiркелген күнiнен бастап есептеледi.

Наши рекомендации