Мәйіт үшін садақа таратып, сауабын оған сыйлау
Саъд ибн Ғибада, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Бір кісі пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) келіп:
(يا رسول الله إن أمي ماتت فينفعها إن تصدقت عنها؟ قال: نعم)
«Әй, Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам)! Менің анам өмірден озды. Анамның орнына берген садақам оған пайда бере ме?»-деп сұрайды. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Иә»-деп жауап береді[853].
Абдулла ибн Аз-Зубайр, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:
(يا رسول الله إن فريضة الله في الحج أدركت أبي شيخا كبيرا لا يستطيع أن يثبت على الراحلة فأحج عنه؟ قال: أرأيت لو كان على أبيك دين أكنت قضيته؟ قالت: نعم, قال: فدين الله أحق أن يقضى)
Бір әйел пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) келіп: «Әй, Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам)! Қажылық парызы әкемнің тым кәрілік кезіне жолықты. Көлік үстінде өзін ұстауға шамасы келмейді. Оның орнына қажылық атқарсам бола ма?»-деп сұрайды. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Қалай ойлайсың? Әкең біреуге қарыз болса, қарызын өтер ме едің?»-дейді. Ол әйел: «Иә»-дейді. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Олай болса, өтелуге ең лайықты - Аллаһтың қарызы»-деп жауап береді[854].
Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты: «Адам дүниеден озғанда оның үш амалынан басқасы үзіледі: (пайдасы дүниеде жалғасып жатқан) үздіксіз садақа, (артында қалғандарға) пайдасы тиіп жатқан білім, оған дұға жасаушы салиқалы баласы»[855].
Туысқан тарапынан орындалған амалдың сауабын мәйітке сыйлауға болатындығына бұл сахих хадистер дәлел болады. Ханафи мен ханбали мәзһаптарында қабір басында Құран оқу мәкрүһ емес[856].
Сол секілді мәлики мен шафиғи мәзһабтарының кейінгі ғұламалары оқылған Құран сауабының мәйітке пайда беретінінін айтады[857]. Дұғаның бейнесін Ибн Ас-Салах былай бейнелейді:
"اللهم أوصل ثواب ما قرأنا لفلان"
«Аллаһым, оқығанымыздың сауабын пәленшеге жеткізе гөр»[858].
Маъқал ибн Ясар, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(اقرؤوا على مواكم يس)
«Өлілеріңе (өлім үстінде жатқан кісілеріңе) «Йасин» сүресін оқыңдар»[859],[860]
Ибн Таймия бұл жайында былай деген: «...Әһл ас-сунна уал-жамаъа ғұламаларының көзқарасында садақа мен құл азат ету секілді ақшалай құлшылықтар сауабының мәйітке жететіндігі туралы тартыс жоқ. Сондай-ақ дұға мен истиғфар, жаназа намазы , қабірінің басында дұға жасау секілді амалдарға қатысты да ешқандай тартыс жоқ. Алайда араларындағы тартыс ораза, намаз, Құран оқу секілді құлшылықтармен байланысты. Дегенмен дұрыс көзқарас - барлық құлшылықтардың сауабы мәйітке жетеді. Бұл - Ахмад пен Әбу Ханифа мәзһаптарының, сондай-ақ Мәлік пен Шафиғи мәзһаптарындағы бір топ ғұламалардың көзқарасы[861].
Абірстанға бару
Рух дегеніміз - сөзді ұғатын және сөйлеу қабілетіне ие жан. Тәннің шіруімен ол шірімейді, жоғалмайды. Сондай-ақ ол елес емес, заттек. Қабір азабы мен қабір бақытын мәйіттің рухы да, тәні де сезеді.
Қабірлерге бару - ер кісілер үшін де, әйел кісілер үшін де сүннет. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(فزوروا القبور فإنها تُذكر بالموت)
«Қабірлерге барыңдар! Расында, олар өлімді еске түсіреді»[862].
Әбу Барида, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:
(كنت نهيتكم عن زيارة القبور فزوروها، واجعلوا زيارتكم لها صلاة عليهم واستغفاراً لهم)
«Қабірлерге баруларыңа тыйым салушы едім. Енді, оған барыңдар. Расында, олар өлімді еске түсіреді»[863].
Ибн Әбу Шәйба, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: «Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) Ухуд шаһидтерінің қабірлеріне жылына бір мәрте барып:
(كان يأتي قبور الشهداء بأحد على رأس كل حول فيقول: السلام عليكم بما صبرتم فنعم عقبى الدار)
«Сабыр еткендерің үшін сендерге сәлем болсын. Соңғы тұрақтарың қандай жақсы!»-дейтін.
Сол секілді Мәдинадағы «Әл-Бақиъ» қабірстанына барып:
"السلام عليكم، أهل الديار من المؤمنين والمسلمين، وإنا إن شاء اللّه، للاحقون. أسأل اللّه لنا ولكم العافية"
«Мүмин қауымның жайы, сендерге сәлем болсын! Аллаһ қаласа, сендерді қуып жетеміз. Аллаһтан өзіме де, сендерге де азаптан құтқаруын сұраймын»-дейтін[864].
Әйел кісілердің қабірлерге баруы олардың қайғыларын жаңарту қаупін тудыратын жағдайда ғана мәкрүһ болады. Мұндай қауіптен аман болса, қабірлерге барулары сүннет үкімінде қала береді. Өйткені өлім туралы ойлау ер кісіге де, әйел кісіге де пайдалы. Абдулла ибн Әбу Мәлика, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Қабірлер жақтан келе жатқан Айшаны, Аллаһ тағала оған разы болсын, көріп қалып, одан:
(يا أم المؤمنين من أين أقبلت. قالت: من قبر أخي عبد الرحمن بن أبي بكر فقلت لها: أليس كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم نهى عن زيارة القبور؟ قالت: نعم. كان نهى ثم أمر بزيارتها)
«Әй, мүминдердің анасы, қайдан келе жатырсыз?»-деп сұрадым. Ол: «Абдурахман ағамның қабірінен »-деді. Мен: «Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) қабірлерге баруға тыйым салмады ма?»-дедім. Ол: «Иә, тыйым салған еді. Алайда, кейін оларға баруға бұйырды»-деді[865].