Л.Н.Гумилевтің өмірі мен өскен ортасы

ГумилевЛев Николаевич(1912 ж. қазанның 1, Ресей, Петербор губерниясы, Царское село — 1992 ж. маусымның 15, Санкт-Петербор) — белгілі кеңестік және Ресей этнолог-тарихшы, Қазақстанның ежелгі тарихын жетік білген.

Лев Николаевич Гумилевтің ата-анасы орыстың текті ақсүйегі, атақты ақын Николай Степанович Гумилев пен ақын Анна Андреевна Ахматова болатын. Бұл адамдардың өмірі мен шығармашылығы XX ғасыр басындағы жаңа орыс мәдениетіндегі айтулы құбылысқа айналған еді.

Ғалымның анасы Анна Ахматова ІІ ранг капитаны, теңіз инженерінің отбасында дүниеге келгенімен, оның арғы атасы Ахмат хан Шыңғысханның ұрпағы, ол 1840 жылғы Русьте аяқталған Орда билігінің соңғы билеушісі еді. 1733 жылы осы ханның ұрпағы Ресей дворяндығын алған. Оның ұлы Петербургте татар типографиясын ашқан. Ахматовтардың соңғы ханшайымы Прасковья Егоровна ХІХ ғасырдың басында сібір алпауыты Егор Мотиловқа тұрмысқа шығады. Олардыңқызы Анна Егоровна (Анна Андреевнаның әжесі) полковник Эразм Стоговқа күйеуге шығады. Сол кісінің құрметіне (болашақ ақын) Анна деп аталады.

Мектепте Лев Гумилев біркелкі оқыған жоқ. Бірінші әдебиет, қоғамтану, биология сабағына баратын болған. Оның себебін өзі былай деп түсіндіреді: «Мен үшін география мен тарих қызықты болған, математика мен тілдер үйренуге қызықпағанмын. Неге бұлай болды айту қиын, айтудын да қажеті жоқ, менің психофизиологиялық немесе тума қабілетіме байланысты». Лев Гумилев «Адам 6-7 жасынан бастап қана өзіне керекті нәрсені алып, керек еместі итеріп тастайтын болады» деп көрсетсе, бұл туралы ол өзінің П.Савицкийге жазған хатында «Мен тарихпен 38 жыл бойы айналысып келемін, яғни тарихқа қызығушылығым 6 жасымнан басталды. Алғашқы он жылым гимназиялық курстарға арналса, кейін Шығыс қызықтырды»-деп келтіреді.

Л.Гумилев Бежецк орта мектебінде 1926-1929 жылдары оқып, 1929 жылы Ленинградқа анасына барады, сонда №65 орта мектепті тәмамдайды. Герцен атындағы пединститутқа түскісі келеді, бірақ ата-анасының дворян тегінен шыққанына байланысты жаңа қоғамдық құрылыс адамының әлеуметтік мәртебесіне лайықты болмағандықтан оқуға қабылдау кезінде қарсылыққа тап болады. Дегенмен, Лев Гумилевтің қайғы мен мұңға толы балалық шағы, оның болашақ ғылым жолына түсуіне кері әсерін тигізбеді. Ғалым тағдырдың салған қиындықтарына қарамастан, ғылымға деген қызығушылығы оны ары қарай білімін жетілдіруге ұмтылдырды.

Лев Николаевич Гумилев Ленинградқа қиын уақытта қайтып келді. Оның «қайтып келу» себебі, ол мұнда бір кездері аз уақыт болса да әкесімен бірге тұрған еді. «Халық жауының» баласы ретінде мұнда оны ешкім керек етпеді. Ал, анасы болса өз жеке басымен шығармашылығымен әуре болып жүрді. Бірақ та, қатал қала оның сүйіктісіне айналды, лагерлік өмірінде үлкен арман болып қалды. Олар анасымен бірге қиын күндерді бастарынан өткерді.

Анна Андреевна 1930 жылы профессор, атақты өнер танушы Николай Ниолаевич Пунинмен тұрмыс құрады. Лев гумилев анасының жаңа күйеуімен келісе алмады. Ол осы үйдегі жағдайдан шаршады, жұмысы да (1930 ж. қыркүйек-1930 ж. желтоқсаны аралығында тоқ пен жол қызметінде қара жұмысшы) өте ауыр еді. Лев Гумилевтің елдерді аралағаны жөнінде өзінің «Л.Н.Гумилев қатысқан экспидициялардың тізімі» атты жеке іс-қағазында жазып кеткен. Мұнда 1938 жылы сотталғанға дейінгі өмірінің «бірінші Ленинградтық» кезеңінде төрт экспедиция жөнінде - Қырым (1932-1933 ж.ж), Маныш археологиялық (1935ж) және Саркел археологиялық экспидициялары туралы айтылады. Осы тізімде Л.Н. Гумилев өзінің 13 экспидицияға қатысқанын жазады (1932-1962 ж.ж). КСРО география қоғамының президенті, академик С.В.Калесник Л.Н.Гумилев туралы мақаласында оның 21 экспедицияға қатысқандығын айтады. Гумилев өзінің тізімінде жалақыға бола қатысқан экспидицияларын санамаған.

1931 жылы Забайкальедегі Саян геологиялық іздеу экспедициясы құрамында коллектор болып жұмыс жасайды. Оған мұндағы Ландшафтар, Рельефтер ұнады. Мұнда ол Анна Дашковамен танысып, ұзақ жылдарға дейін бір-бірімен хат алмасып тұрды. Жазған хаттарында Лев Аннаға Тәжікстанға жасаған экспидициясына қызығатынын көрсеткен. Л.Н.Гумилев 1932 жылы алғашқы бесжылдықтардың қызған кезінде, аштық азабын арқалаған ауыр уақытта өндіріс күштерін зерттеу жөніндегі Кеңес ұйымдастырған, академик Евгений Никанорович Павловский басшылығымен болған Памир тауларын зерттеу экспедициясы құрамында ғылыми-техникалық қызметші болып барады. Осы жерде Ресейдің шет аймақтарындағы түркі этносының соңғы тұяқтарымен бетпе-бет кездеседі. Памир Лев Николаевичті өзіне баурап алады. Осында ол Догар совхозындағы маляр станциясына маляр разведчик болып жұмысқа тұрады. Тәжік-парсы тілдері мен араб төте жазуының қырларымен танысады. Тәжік пен қырғыздың ауызекі сөйлеу тілін меңгереді, дәруіштермен, босқындармен танысады. 1933 жылы ол Қырымдағы Г.А. Бонч-Осмоловскийдің археологиялық экспедициясында ғылыми–техникалық қызметкер ретінде жұмыс істейді. Аджи-Каба палеолит кезеңінің тұрағын ашуға қатысады. 1934 жылы Лев Николаевич Гумилев Ленинград мемлекеттік университетінің тарих факультетіне түседі. Е.Тарле, В.Струве және басқа да әлемге танымал ғалымдардан дәріс алады. 1935 жылы студенттік комсомол бірлестігінің қаулысымен Лев Гумилев «антисоветтік адам» деп есептеліп, совет университетінде оқуға лайықсыз деп айып тағылды. Біреулердің жаласымен отбасында айтылатын әңгімелер сипатынан хабардар етпегені үшін тұтқындалады. Анна Ахматова Мәскеуге келіп, таныстары арқылы Сталинге жеке хат жолдайды. Осы хаттан кейін Л. Гумилев босатылады. 1938 жылдың наурызында Лев 4 курста оқитын еді. Осы кезеңде оған екінші рет айып тағылады. Лев Гумилев кейін өз жазбаларында «Бұл аресттің болуына ықпал еткен өзім болдым» деп жазады. Сот үкімі бойынша Л. Гумилевке он жыл беріледі. Бірақ бір жарым жылға созылған қайта тергеу жұмысының нәтижесі боынша басқа айыптарсыз үшеуіне де бес жылдан берді. Әуелі жазасын өтеу үшін Беломорканал жері белгіленеді. 1939 жылы қаңтарда Лев Гумилевті Беломорканалдан Ленинградқа әкетті. 1940 жылдары Анна Ахматова Сталинге екінші рет хат жазады. Бірақ оған КСРО прокуратурасы оған өте қатал жауап қайтарғаны соншалық, А.Ахматова ол туралы Лев Гумилевқа жазған хаттарында айта алмады. 1939 жылы тамызда Лев Норильск лагеріне барады. Лев Гумилев бұл жерде жер қазушыдан мыс шахтасының кеншісіне дейін, одан соң геотехник, ал мерзімінің соңына дейін (1943 жылдың наурызы) химик-лаборант дәрежесіне дейін өсті. Мерзімінің аяқталғанына қарамастан, ол «геологиялық карьерасын » Хантай көліне экспедициясына құрамында жалғастырады. Ал, келесі жылы (1944 жылы) төменгі Тунгус бассейніне магнитометрлік сьемкаға кетеді. Бұл жерде Лев Гумилев үлкен темір рудасы шығатын жерді ашады.

Норильск комбинатында Лев Гумилев жергілікті военкомға өтініш білдіріп, өзі майданға сұранады. 1944 жылы I-ші Белорусь майданындағы Ерекше екпінді әскердің айып батальонына ерікті солдат ретінде жіберілді. Соғыс аяқталған соң 1946 жылы сәуірде Л. Гумилев кандидаттық емтихандарын тапсырып, Шығыстану институты Ленинград бөлімшесінің аспирантурасына оқуға қабылданып, сол жылдың күзінде диссертация тақырыбын анықтайды.

Қоғам өміріндегі саяси-әлеуметтік сілкіністер мен жүйелік алмасулардың өлара кезеңі Лев Николаевичтің жалын атқан жастық дәуренін тағдырдың тәлкегіне ұшыратты. Бір емес, екі емес, үш рет жауапқа тартылып, табандатқан 13 жыл өмірін түрменің тар қапасында өткеріп, лагерьдегі жылдар арасында екінші дүниежүзілік соғыстың от-жалынына шарпылып, туған қаласы Ленинградқа 1956 жылы оралғанда Лев Николаевич 44 жаста еді. "Алғаш рет – 1935 жылы "өзімнің албырттығымнан, екінші рет – 1938 жылы "әкем үшін", үшінші рет – 1948 жылы "шешем үшін" сотталдым", – деп отыратын марқұм. Лев Николаевичтің әке-шешесі – орыстың әйгілі ақындары Николай Гумилев пен Анна Ахматова. Николай Гумилев 1921 жылы контрреволюциялық әрекеттері үшін атылса, Анна Ахматова 1946 жылы мемлекеттік идеолог, КСРО-ның инквизиторы атанған Ждановтың қанқұйлы баяндамасына ілігіп, шығармашылы-ғына ресми түрде тыйым салынады. Әке мен шеше үшін баласының да күйетін заманы Лев Николаевичтің де басын базарлы етеді. Мәскеудің "Лефрртовы" мен Ленинградтың "Крестінде" атылу жазасына кесілгендердің сапында болып, онан соң Беломорканал, Норильск, Кузбасс, Саян, Қарағанды түрмелері мен лагерьлерінде өксікті өмірін өткереді. Осындай аласапыран жылдар шарпуында жүріп, Лев Николаевич 1946 жылы Ленинград университетін бітіреді. Қатардағы бітірушілердің бірі емес, француз, неміс, байырғы түркі және латын тілдерін меңгеріп, хунну өркениеті мен байырғы моңғол тарихы бойынша маман болып шығады. Университет қабырғасында В. Струве, Е. Тарле, Б. Греков, С. Малов, М. Артомонов, С. Руденко сияқты ғалымдармен етене танысып, Памирде, Украинаның Подолиясында, Грузияның Картлиінде, Орталык Азияның Алтайында (Пазырық) жүргізілген археологиялық экспедицияларға қатысады. 1948 жылы Бірінші Түркі қағанатының (546-659) саяси тарихына арналған тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды.

Мұнан әрі тағы да бас бостандығынан айырылған Лев Николаевич 1956 жылы каторгалық эпопеясын біржола аяқтап келіп, Эрмитажға кітапхана қызметкері болып орналасады. Осы қызметте жүріп, байырғы түркілер тақырыбы бойынша 1967 жылы докторлық диссертация қорғайды. Сол жылы докторлық диссертациясының толықтырылған нұсқасы "Байырғы түркілер" деген атпен жарық көреді. Тақырыптың сонылығы және беймәлім мәдениеттің жеріне жете ашылуы, автордың ғажайып аңғарғыштығы мен терең білімі, сондай-ақ мейлінше оралымды тіл-стилі ғылыми ортаның да, былайғы оқырманның да назарын аударады.

1967 жылы Ленинград университетінің аясында география ғылыми-зерттеу институты ашылып, ректор А. Александровтың шақыруымен Лев Николаевич ғылыми қызметкер болып келеді. Осы орында 1986 жылы еңбек демалысына шыққанға дейін кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкер деген сатылардан өткенімен, профессор шеніне іліге алмайды. Оның есесіне Лев Николаевич "Халықтану" деп аталатын арнаулы курс бойынша студенттерге аттай 20 жыл бойы армансыз лекция оқиды.

Наши рекомендации