Саяси жүйенің құрылымы

Зерттеушілер саяси жүйенің мынадай негізгі төрт бөлігін атайды: 1) саяси институттар; 2) саяси қатынастар; 3) саяси ережелер; 4) саяси мәдениет. Соларға қысқаша сипаттама берелік. Саяси институттарға (ұйымдар, мекемелер) мемлекет, саяси партиялар, кәсіподақтар, кооперативтік, жастар, әйелдер, т.б. ұйымдар мен бірлестіктер жатады. Бұл ұйымдардың бәрі таптық, топтық, ұлттық, жыныстық, кәсіби, жас мөлшеріне қарай және т.с.с. байланысты пайда болатын көптеген әлеуметтік мақсат-мүдделерді білдіріп, корғау үшін құрылады.

Солардың ішіндегі ең негізгісі — мемлекет. Ол қоғамда белгілі бір тәртіпті орнатады, оны басқарады, экономикалық және әлеуметтік құрылымын қорғайды. Ол үшін мемлекеттің арнайы аппараты, еріксіз көндіретін күштеу, зорлау органдары (әскер, сот, полиция, милиция және т.т.) болады. Солардың көмегімен ол адамдардың жүріс-тұрыс, іс-әрекетін реттейді. Мемлекет коғам атынан оның ішкі және сыртқы саясатын атқара алады.

Мемлекеттік емес ұйымдардың арасында қазіргі қоғамның саяси өмірінде ең үлкен рөл атқаратындар — саяси партиялар. Олар мемлекеттік билікті жүзеге асыруға, саяси жүйені, идеологиялар мен доктриналарды, қоғамдык, пікірді, саяси сана мен мәдениетті қалыптастыруға ат салысады.

Қоғамның ең бұқаралык ұйымына кәсіптік одақтар жатады. Олардың ықпалы әр елде әр түрлі. Біздің елімізде олар халық шаруашылығын өркендетудің маңызды міндеттерін шешуге қатысады. Еңбекшілердің заңды талаптарын қорғайды, еңбек заңдарының қатаң сақталуын қадағалайды. Олардың денсаулығын сақтауға, мәдени-тұрмыстық қажетін өтеуге қамқорлық жасайды. Тұрғын үйлерді бөлу, бала бақшасына орналастыру, мектеп окушыларының жазғы демалысын ұйымдастыру жумыстарын басқарады. Қазір оның ықпалы төмендеп кетті.

Қоғамның саяси жүйесіне діни ұйымдар да кіреді. Олардың рөлі, әсіресе, феодалдық коғамда зор болды. Ол кезде олар ақсүйектер билігін де өздеріне қаратқысы келді. Сондықтан олар мемлекеттік билікпен қатар өздерінің заң шығарушы, аткарушы, сот билігін де құрды. Олардың ішіндегі ең озбыры католик шіркеуінің XIII ғасырда өздеріне қарсыларды ерекше қатал қудалаған сот, полиция ұйымы — инквизиция еді. Олар 5 миллионға жуық адамды қуғын-сұргінге салып, біразын тірідей отқа жағып жіберді. Капитализм кезінде дін орындарының әсері әлдеқайда бәсеңдеді, бірақ саяси өмірде ықпалын тоқтатқан жоқ. Бұрынғы Кеңестер Одағы кезінде олар қатты қудаланған болатын. Қазіргі кезде жағдай өзгерді. Қайткен күнде де соңында миллиондаған дінге сенушілері бар ұйыммен санаспауға болмайды.

Жоғарыда көрсетілген ұйымдардың ішінде мемлекет пен саяси партиялардың саяси жүйеге тікелей қатынасы бар. Кәсіподақтар мен шіркеудің тура болмағанмен жанама қатынасын байқаймыз. Олардың қатарына жастар одағын, еңбек ұжымдарын, кооперативтерді жатқызуға болады. Солармен қатар биліктен алшақ дегенмен, белгілі бір жағдайларда оған ықпал да жасай алатын ұйымдар бар. Оларға жазушылар, суретшілер, композиторлар одағы, ғылыми-техникалық қоғамдар, көптеген ерікті, спорт, мәдени және т.б. ұйымдар жатады.

Қоғамдық жүйенің екінші бөлігін саяси қатынастар құрайды. Оған таптардың, этникалык бірлестіктердің, тұлғалар мен коғамның, азамат пен мемлекеттің арасындағы қатынастар кіреді. Олардың басқа (экономикалық, ұлттық, діни, жанұялық және т.с.с.) қатынастардан айырмашылығы мұнда олардың саяси және мемлекеттік билікке қатынасы көрініс береді.

Саяси жүйенің үшінші бөлігі болып саяси ережелер (нормалар) есептеледі. Олар саяси институттардың өзара бірлесіп әрекет етуін қамтамасыз етеді және саяси жүйенің ережелік негізін құрайды. Олардың ішіндегі ең маңыздысына Конституция және соған сүйенетін заңдар мен басқа нормативтік актілер жатады.Оларға белгіленген тәртіпті бұзғаны үшін мемлекет тарапынан шаралар қолданылады. Сонымен қатар саяси кызметті атқару үшін қоғамдық ұйымдар жасаған және солардың ішіндегі қатынастарды реттеуге арналған ережелердің де маңызы зор. Оларға ең алдымен сол ұйымдардың жарғылық ережелері жатады.

Саяси жүйенің төртінші белгісі — саяси мәдениет. Ол саяси сана мен іс-әрекетте, саяси көзқарастарда, идеяларда, теорияларда, саяси тұғырнамаларда, бағдарламаларда, шешімдерде, саяси ережелерге қатынаста көрініс табады. Саяси мәдениеттің реттеушілік қызметі адамдардың іс-әрекетіне және олардың ұйымдарына ететін әсерінен білінеді. Сонымен бірге бұрынғы және қазіргі саяси жүйе және оның элементтеріне, саяси қызметкерлер, басқару аппаратының лауазымды адамдарына, саяси-басқару шешімдерін дайындау және қабылдау процесіне және т.б. ықпал етуінен де байқалады.

Саяси жүйенің көрсетілген бұл төрт бөлігі үздіксіз дамып отырады. Олар өздеріне тән арнайы әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып, белгілі бір мақсаттар мен кызметтерді атқарады. Олар бір-бірімен тығыз байланыста болады.

Саяси жүйенің басты қызметі — қазына, байлықты бөлу саласына бақылау жасау. Олардың дұрыс бөлінбеуі ел ішінде әр түрлі әлеуметтік топтар арасында алакөздік, дау-дамай тудыруы мүмкін. Саяси жүйе оған жібермей, қайшылықтарды қиюластырып, келістіріп, шиеленістерді өршітпей, өрбітпей, жан-жақты бітістіріп отырғанда ғана өз рөлін ойдағыдай атқарады.

Саяси жүйе қоғамдық өмірдің барлық салаларының дамуына бағыт беріп, ықпал етеді, оларды басқарады. Қоғам дамуының мақсатын айқындайды. Мақсатына байланысты саясат экономикалық, әлеуметтік, мәдени, ұлттық, ішкі және сыртқы болып бөлінеді. Әдетте, мақсаттарды саяси партиялар зерттеп дайындайды. Парламенттік сайлауда жеңген партияның саяси бағыты мемлекеттін еріксіз мәжбүр ететін күштеріне (әскер, милиция) сүйеніп жалпыға міндеіті мемлекеттік жарлық сипатын алады. Мемлекеттік басқару органдары қоғамды қабылдаған шешімдерді орындауға жұмылдырады, қоғамдық процестерге әсер ететін негізгі тетікке айналады.

Біз осыған дейін бір мемлекеттін ішіндегі саяси жүйе туралы сөз еттік. Сонымен қатар саяси жүйе дүниежүзілік (БҰҰ), аймақтық (Еуропалық одақ, НАТО және т.б.), екі жақты ("Шығыс пен Батыс" қатынастары) болуы да мүмкін.

Наши рекомендации