Мұраты бірдің – қуаты бір

Біз – алыс сапарға бел буып, кемемізді тәуекел теңізіне түсірген елміз,

елес үмітті емес, ерлік пен елдік мұратты тәуелсіздік тұғырына ту етіп байлаған елміз.

Бұл кітап не үшін жазылды? Оның маңызды себептері бар.

Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдық кезеңін мемлекет дамуының игілікті нәтижелерімен қарсы алдық. Әлемдік өркениеттен егемен ел қатарында өз орнымызды таптық. Өзгелермен бойымыз да, ойымыз да теңесті. Халықаралық қоғамдастықтың белді әрі белсенді мүшесі ретінде мәртебелі мінберлерден сөз ұстап, көзқарасымызды кеңінен танытуға қол жеткіздік. Мұның бәрі тарих үшін қас-қағым сәт саналатын ширек ғасырда жүзеге асырылды.

Қарудың күшімен емес, ақыл-парасаттың, сарабдал саясаттың қуатымен әлем назарын өзімізге бұрдық. Тәуелсіз мемлекет атанып, шекарамызды шегендедік. Төл теңгемізді төрге шығарып, аумақтық тұтастығымызды төрткүл дүниеге мойындаттық. Мемлекеттік рәміздерімізді жұмыр жердің қай түкпірінде де асқақтатып келеміз.

Әлем қазақ жерінің кеңдігін ғана емес, байлығы мен бақытын да, бейбітшілік сүйгіш жігерін де мойындайтын болды. Мұның бәрін аз кезеңде абыроймен атқарып шығу оңай болды ма? Әрине, жоқ. Бірақ бұлардың бәрін жүзеге асыруға бізде ежелден қалыптасқан халықтық дәстүр, тарихи үлгі бар еді. Еуразияның алып аймағын мекендеген қазақ жұртының бұрынғы даңқы мен салты дербес мемлекет қалыптастыруда даналық даңғылы бола алды. Арғы тарихи бастауларды айтпағанда, бергі қазақ хандығының дәуіріндегі тәуелсіз ел болудың ұлттық мұраты кеңестік кезеңнің күйзелісінен кейінгі жылдарда бірден еңсе тіктеп, ірге бекітуімізге негіз қалады. Тегінде бар тез оңалар деген осы. Асыл арман алдымыздағы жолды ашып отырды.

Мұның түп-төркіні мемлекеттік мұратта, халықтық мақсатта жатыр. Бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай бірігіп өмір сүрудің баянын ұсынған бабалар тарихында жатыр. Байтақ кеңістіктің байырғы жұрты болғандықтан, біз өз жерімізде асыл арманымыздың қанат қағуына жақ-жақты қол жеткіздік. Ел дамуының кезең-кезеңдік кестесін түзіп, демократиялық құндылықтарды жаңғырта отырып, жаңа тұрпатты мемлекеттік модель жасадық. Отанымыздың әрбір мүшесінің көкейіндегі үміт пен күдіктің ара салмағын дер кезінде таразылап, күдіктің көлеңкесін күншуаққа айналдыра алдық. Біреуден оздық деп мақтанбай-ақ қоялық, бірақ өзгелер сабақ алатын, үлгі тұтатын мемлекеттік құрылым жасақтап, тәуелсіздік талаптарын тұтастыққа ұластырдық.

Уақыт бізбен санасты. Заман бізге мойнын бұрды. Ел есейді, елмен бірге мен де үлкен өмір мектебінен өттім. Қандай қиын кезеңде де халқымыздың бірлік пен ынтымақты бірінші орынға қойған ұлттық дәстүрін нық ұстай отырып, көп ұлтты Қазақстан халқының ауызбіршілігі мен өзара түсіністігін, сыйластығы мен төзімділігін мемлекет дамуының темірқазығы етіп қалыптастырдық. Жаппай қырып-жоятын ядролық алапат қарудан өз еркімізбен бас тарта отырып, халықаралық қоғамдастықтан, іргелі мемлекеттерден бейбітшілігімізге кепілдік алдық. Бұл қадам да ынтымақшыл халқымыздың тарапынан өз кезінде қолдау тапты. Мұнда да мұратымыз бір, мақсатымыз ортақ болды. Мұның бәрі еліміздің бүгіні мен ертеңін тереңнен ойлап, дұрыс шешім қабылдау нәтижесінде жүзеге асты.

Бүгінгі таңда 5 институттық реформаны жүзеге асыру жолында 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын орындауға кірісіп кеттік. Біз үшін бұл да сындарлы кезеңнің тағы бір сынағы болмақ. Міне, осы тұста сөз бен істің бірлігі қашанда ел дамуының нақты көрсеткішіне айналады.

Біз егемен ел болу жөніндегі ата-бабаларымыздың асыл арманын жүзеге асырдық. Еліміздің өзі таңдаған дара жолы бар, ол – бейбітшілікті сүйетін, қауіпсіздікті қорғайтын Қазақстан Жолы.

Тәуелсіздіктің жиырма бесінші жылын жаңа қазақстандық арманды жүзеге асырудың айқын жетістіктерімен қарсы алып отырмыз. Ел экономикасының серпіні мен әлеуметтік әлеуеті әлемдік дағдарыстың сын-тегеуріндеріне берік шыдас беріп келеді. Ең бас­тысы, халқымыздың көңілінде рухани-психологиялық дағдарыс жоқ. «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың жалпыұлттық бағдарламасы жаңа қуатпен жүзеге асуда. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Ата-бабамыз қанымен, жанымен қорғаған ұлы далада Мәңгілік Ел қалыптастырудың барлық шарттары мен мүмкіндіктері жасалды. Мемлекеттік ұстаным тұғырын бекітті.

Ғасырлар тоғысын біз жаңа елорда төрінде қарсы алдық. Енді, міне, екі ғасыр тоғысында, жаңа мыңжылдық табалдырығында өшкен жанып, өлген тіріліп, кеткен есе түгенделіп, жығылған ту қайта желбіреп, құлаған орда қайта бой көтергеніне де куә болып отырмыз. Ұзағынан сүйіндіргей, ұлы жорықта қазынамыз молайып, қадіріміз арта түскей!

Саясаттың ең басты ұстанымы – тұтастық, татулық. «Бірлігі жеткен ел озады, бірлігі кеткен ел тозады» деген сөзді де айтқан дана халқымыз. Туған жұртыңа мүмкіндігің жеткенше тұстастық туралы айтарыңды айтып қалу керек. Өйткені, бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің қайнар көзі. Осыны әрдайым жадымызда ұстауымыз қажет. Ата тарихымыздың аманатын есте ұстап, бағзы замандардың шаңдағындағы шежіреге айналған ұлттық ұлағат пен тарихи ақиқатты жас ұрпақтың жадына мықтап сіңіруге тиіспіз.

Коммунистік идеология кезіндегі лениндік ұран бойынша «біз қай мұрадан бас тартамыз?» деген сұрақ күн тәртібіне қатаң қойылды. Бұл сұрақтың жаттанды жауабы мен беймәлім нұсқасын бізге де мықтап таңды. Өз ішімізден шыққан неше түрлі ағымдардың көкпар тартқандай болған даурықпа, ұраншыл науқандары да артта қалды. Қай кезде де асыра сілтеу мен мансапшыл мәңгүрттік халықтың көз жасымен суарылып отырған. Ол тарихты жақсы білеміз. Көргеннен кеңес, қателіктен сабақ алып отырсақ, көшіміз өз бағытынан жаңылмайды.

Біз ұлттық мұрадан ешқашан бас тартпаймыз. Қалай болғанда да, ол – біздің ортақ тарихымыз. Сол қымбат қазынаны заман талабына сай жаңғыртып, жас ұрпақтың қажетіне жарата білуіміз керек. Мәртебелі болашақ туралы армандай отырып, мерейлі өткенімізді де жадымызда сақтағанымыз абзал. «Өткеннің өнегесі – бүгіннің кенересі, ертеңнің керегесі» деген тәмсілді көкейімізге жазып қойғанымыз жөн.

2015 жылғы БҰҰ-дағы басқосуда Қазақстан әлемдік үлкен мінберден өзінің уақыт алдындағы борышын сезіну тұрғысында аса маңызды бірнеше ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, БҰҰ-ның 100 жылдығына қарай Жаһандық Стратегиялық Бастама – 2045 Жоспарын жүзеге асырудың бірінші кезектегі қадамы ретінде «Жаңа Болашақ» тұжырымдамасын жасау қажет. Бұл үшін: «БҰҰ-ның Экономикалық және әлеуметтік кеңесін Жаһандық даму кеңесіне айналдыру; БҰҰ-ның ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізу жөніндегі Жалпыға ортақ декларациясын қабылдау; санкцияларды өз еркімен қолдануды БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына қайшы келетін қадам ретінде болдырмай тастап, 2016 жылы халықаралық құқықтың арқаулық қағидаттарын бекітуге үндейтін БҰҰ-ның жоғары деңгейдегі халықаралық конференциясын шақыру; терроризм мен діни экстремизм қатері жаһандық ауқым алып отыр. БҰҰ туы астында халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл танытатын біртұтас әлемдік жүйе құру; БҰҰ-ның «Орнықты энергетика – барша үшін» бастамасын қолдау мақсатында 2017 жылы Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбында бүкіләлемдік ЭКСПО көрмесі өткізіледі. ЭКСПО-2017 көрмесінің инфрақұрылымдары негізінде Астанада БҰҰ туы астында Жасыл технологиялар мен инвестициялық жобаларды дамытудың халықаралық орталығын ашу.

Бұл ұсыныстардың бәрін сессия делегаттары толық қолдап, мақұлдады. Өйткені, бұл проблемалар тек бір елге емес, барша мемлекеттерге де қажет, ортақ мәселе. Қазір жеке ел ретінде немесе жалғыз мемлекет болып озып кету мүмкін емес. Әлемдік жаһандану жағдайында әлемдік түсіністік пен ынтымақтастық ауадай қажет. Бұл жерде «жалғыз жүріп жол тапқанша, көппен жүріп адас» деген сөзді еске алудың артықтығы жоқ. Бірақ көп болып адасу үшін емес, көппен бірге дұрыс жол табу үшін. Адам санасындағы өзгерістер сонда мемлекеттік сананың жаңа белеске көтерілуіне тұғыр болады.

Жол іздеген жолаушының, арман қуған жастықтың және ел бірлігі мен тыныштығын тілеген қарттықтың жолы бір. Мемлекет дамуының әлемдік өркениеттен өз орнын тауып, сол биіктен үнемі көріне беруіне қызмет істеп жүрген саясаткер жолы да сондай. Бұлардың бәрін адал мұрат, асыл мақсат тоғыстырады. Мұраты бірдің – қуаты бір. Ол қуат елдіктен, дамудан, өркендеуден, бірлік пен бейбіт күндерден бастау алады. Және оның бағыты да, бағдары да халықтікі. Халық ортақ арман, бір мақсатқа бірлесе ұмтылса – оның ертеңі бақытты боларына еш күмән жоқ.

Менің мұратым – елімнің бүгінгі бейбіт өмірі, ертеңгі нұрлы болашағы. Келер ұрпақтың алғысы мен ризашылығы біздің бүгінгі істеріміздің жарқын нәтижесіне тікелей байланысты. Осы жолда халық бірге болса, қамал аламыз. Осы жолда мақсат ортақ болса – қуатымыз тасып, күш-жігеріміз еселене түседі. Сол жолда мемлекет пен халық мүддесі ұштасып жатса, мәртебелі міндет – осы.

Жас кезімде арманшыл болдым. Алдыма қойған мақсатыма жетуге қашанда бар күшімді салдым. Елімнің қажетіне жарайтын бір азаматы болсам деген арман мені үнемі биік шыңдарға жетелеп отырды. Еңбектің қиындығынан, өмірдің сынынан қашып, тайсақтаған кезім болған жоқ. Бұл жөнінен туған елімнен өмірлік сабақ алдым.

Әрине, ол кезде тәуелсіз мемлекеттің Тұңғыш Президенті болам деп армандаған жоқпын. Бірақ адам өзінің маңдайына жазылған тағдырынан қашып құтыла алмайды. Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Елбасы болу тағдыры маған бұйырды. Бұл жолда аянып, жасқанып қалған жерім жоқ. Менің бақытым – халқымның бақыты. Менің жеңісім – жұртымның жеңісі. Менің тапқаным – елімнің қазынасы.

Елдің бүгіні мен ертеңі туралы ой әркез, қайда жүрсем де бір сәтке де тыншу таптырмайды. Кейде өзімді көптеген ұлдары мен қыздары, немере-шөбересі бар қарияға, көпті көрген атаға ұқсатамын. «Балалы үй – базар» деген халқымыздың қанатты сөзі бар ғой. Ал кейде өзімді халқымның алдында баладай сезінемін.

Халқыммен бірге өстім. Балалық шағымнан бастап өзімді туған елімнің бір пайдасына жаратсам, абыз Абай айтқандай, елімнің бір кірпішіне айналсам деген мақсат-мұрат менің ержету жолындағы басты жолбасшым болды. Қарапайым ауылда, көп балалы үйде өстім. Көпшіл, халықшыл болуымның бір себебі осында жатыр деп ойлаймын. Жақсыны көрсем, ұмтылып, соған теңелуге тырыстым. Үлкенді сыйлап, кішіге қамқор болып ержеттік.

Ой еркіндігі сөз еркіндігін туғызады. Сөзі еркін басқалардан озық көрінеді. Озған сайын оның мәнін ұғынып, мәнісін біліп, көңілің көкке көтеріліп, өзіңді азамат ретінде сезіне түсесің.

Біздің ұрпақ – тезірек ержетуге асыққан ұрпақ. Біздің балалық балдәуренді белшеден кешіп ұзақ жүруге мүмкіндігіміз де болмады. Бір жасқа келгенімде Ұлы Отан соғысы басталыпты. Ата-анамыз сол бір сұрапылдың сұмдығын жұртымен бірге көріп, ортақ жеңіске өз үлестерін қосты. Елдегі тылда күндіз-түні бел шешпей еңбек етті.

Майданнан келген «қара қағаздардың» қасіретін бас­тан кешпеген шаңырақ Шамалғанда да болмаған секілді. Алыс майданда атылған әрбір ажал оғы біздің балалық шағымызды да баудай түсіріп жатты. Сол кездегі халықтың көз жасы, аналардың аңыраған үні мен әкелердің жер шұқып, көкірегі қарс айырыла күрсінгені әлі көз алдымызда. Бірде байыбына барып, бірде бара алмай, әркімнің бетіне жалтақ-жұлтақ қараған жетімдердің боталаған көзіндегі бадана жас бала көкіректе қалып қойғандай.

Әрине, бес жастағы балаға жеңістің салтанатын толық сезіну қиын болар. Дегенмен, ауылдағы ұлан-асыр қуаныш пен шанағынан асып төгілген шаттықты аналарымыздың ақжарқын күлкісінен, әзіл-қалжыңынан сезініп, жерошақ басындағы самсаған самаурындар мен иісі бұрқыраған қозықұлақ бауырсақтардан дәм татқан са­йын балаң жүрегіміз тамаша бір қуанышты сезініп, қызыққа батқанбыз. Киіз үйдің іргесін түріп тастап, төрінде сақалын саумалап, талай жыл қабағы қарс жабылған ақсақалды аталардың алдарына немерелерін алып, бастарынан сипап, маңдайларынан иіскеп отырған сол бір сәт халқымыздың қилы ғұмырындағы ең бір бақытты кезеңі болған еді.

Қазақстан халқының ауызбіршілігі, ынтымағы бұзылмаса, біз әлемдегі бақытты елдердің біріне айналарымыз сөзсіз. Өткен тарихтан «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деген сөз қалған. Біз – Сарыарқаның сайын даласында жаңа елорда тұрғызып, оның төсіне самұрық қондырған елміз. Алып әлемнің дамуында енді самұрықтар қанат қағатын болады. Ол қазақ елінің – Ұлы Дала елінің азат аспанында мәңгі қалықтай береді.

Елдің атауы да сол сияқты. Мұнда да терең пайым, талғампаз ой, тарихи сабақтастықты ұлттық ұғымға ұштастыру мәселесі басты назарда болғаны жөн. Біздің халқымызды кезінде «қырғыз» деп атады, кейін, 1925 жылы әупірімдеп жүріп, Алаш арыстарының арқасында қазақ атауын әрең дегенде алдық. Тәуелсіздік алған тұста ел атауы қалай болады деп қатты ойландық. Даму үрдісін, қалыптасқан қағидаттар мен көп ұлтты республиканың тұрақтанған атауын өзгертуді келер күндердің еншісіне қалдырып, «Қазақстан Республикасы» деген қазіргі атауға тоқтадық. Бұл қадамымыздың дұрыстығын қазіргі кезеңдегі ел дамуы көрсетіп отыр.

Елдің атауы – бүгінгінің баяны, ертеңнің мерейі. Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойын неге біз жалпыұлттық мереке, мемлекеттік мейрам ретінде атап өттік? Не үшін тойладық? Ел мерейінің өсуі үшін. Өзгелер бізді тануы үшін. Жас ұрпақ сабақ алуы үшін. Ұрпақтар сабақтастығының жалғасуы үшін. Тарихымыз жаңаша жаңғырсын дедік. Тәуелсіздік тұғырының одан әрі беки түсуін қаладық. Қол жеткен табыстарымыз тұрақты болып, әлемнің дамыған елдері бізбен санассын дедік.

Осы мерейтойда Ұлы Дала елі деген атауды ұлттық идеяның ұстыны, мемлекеттік саясаттың басты бағдары, «Мәңгілік Ел» идеясын мәңгілік ету бағытындағы негізгі міндет деп қарастырдық. Біз осы орайда мұның мән-мақсатын ашатын «100 қадам» жалпыұлттық жоспарын іске асырудың негізгі тетіктері деп тұжырымдаймыз. Бұл аса маңызды да күрделі бағдарламалар Ұлы Дала елі атауын әлемге танытудың бастапқы тарихи алғышарты деп қабылданады.

Ел атауын ауыстыруда кейде асығыстық пен албырттыққа да жол беріп аламыз. Кейбір азаматтар бұл орайда менен шапшаңдық пен шұғыл шешім күтеді. «Үй менікі демеңіз, үй артында кісі бар» деген емес пе халқымыз? Өзгермелі әлемнің қас-қабағына қарап, әр қадамымызды ақыл, парасатпен өлшеп, бейбіт күннің бесігінде жатқан «тыныштық атты сәбиді» тербетуден жаңылып қалмау үшін жан-жақты байыптауымыз қажет. Сәтін салса, батырлықтың бағы бар, баяны болса, байлықтың да бағы бар. Біздің байлық – бірлік пен тұрақтылық.

Халқымыз – кейде дана, кейде бала. Әсіресе, бала дегенде жүрегі елжіреп, тілегі мөлдіреп тұратыны содан болса керек. Ұрпағым жалғасса деген шынайы тілектерін дүниеге келер балаларына риясыз көңілден арнап, олардың аман-есен болуларына ерекше мән берген. Даланың өз философиясы мен шындығы, өз заңдылықтары бар. Оның бәрі ата-бабамыздың өмір сүру салтынан, ұлттық дәстүрінен айқын көрініп, анық танылып жататын. Қазіргі кезде біз оны бірде ескіліктің қалдығы, енді бірде күні өткен дәстүр ретінде қарап, жеңіл байлам, желбуаз әрекеттерге де бой беріп қалып жүрміз.

Дана халқымыздың ұлы қасиеттері көп. Ол қасиеттер – біздің өмірлік мектептеріміз. Оқимыз, үйренеміз. Бұл үшін құштарлық, талапшылдық және талғам керек. Жұртымыздың жақсы қасиеттерінің бірі туралы айта кеткеннің артықшылығы бола қоймас. Ол – кешірімпаздық. Біздің халқымызда «алдыңа келсе – атаңның құнын кеш» деген ұлы сөз бар. Жастарымыз да осы қасиетті бойларына сіңіріп өссе екен деп армандаймын. Кең болсаң, кем болмайсың.

Ал енді туған елің, халқың туралы бәзбіреу орынсыз сөз айтып, тіл тигізіп жатса, онда бүгежектеуге қақымыз жоқ! Ондайда алдаспандай айбарлы болып, намыстың найзағайын ойнатуымыз керек. Махамбет бабамыз: «Мен кескекті ердің сойымын, кескілеспей бір басылман», деп ар-намысын ту етіп ұстанған. «Мен қайраулы қара балта едім, шабуын таппай кетілдім, қайрасаң тағы, жетілдім» дейтіні және бар. Ел намысы, ел абыройы дегенде бәріміз де Махамбет болуымыз керек. Ел ақылы, ел парасаты дегенде бәріміз де Абай болуымыз қажет. Сонда есеміз кетпейді, еңсеміз түспейді.

Халқымыздың өмірі – қасиетті өнеге. Мыңжылдықтар қалыптастырған ұлы салт-дәстүрлерімізді жаңа дәуірде жарқыратып ашып, үлгісінен үйренуде, жас толқын – жаңа буынға жеткізуде жалпыұлттық пейіл-ниет керек. Халқымыздың мәрттігі тарылмасын деп тілеймін.

Мен ресми сапарлармен алыс елдерге жол тартқан сайын туған халқыма жақындай түсемін. Туған елімнің ұлан-байтақ дархандығы өзіммен бірге сапарда жүргендей сезімде боламын. Сондай кезде мәртебем өсіп, мерейім тасып, бойыма күш-қуат құйылғандай болады. Сонда өзімді шынайы бақытты сезінемін.

Қайда жүрсем де туған елім әрқашан жадымда. Алыс сапарға кеткенде елімнің ыстық сезімін жүрегіме құйып ала кетемін. Елімді біреу мақтаса, ол көптен бері табысқан досыма айналып шыға келеді. Туған жердің тікеніне дейін табаныма майдай тиеді десем, артық айтқандық емес. Туған елімнің желі де анамның алақаны сияқты, маңдайымнан сипап, жанымды нұрға бөлеп тұрады. Тауларымды көргенде көңілім көкке өрлеп, оның ұшар басындағы ақша қардан ескен сергек самалын, тау бөктеріндегі жасыл орманның жұпар жамалын сезгендей болатыным бар. Атамекеннің ауасы қандай, шіркін! Жанға – дауа, дертке – шипа ғой!

Бұл кітапты өмір бойы жазғандай, жазатындай сезімдемін. Көз алдымда күрделі кезеңдер, заман парақтары суылдап жабылып жатқан шақтардағы халық жүрегіндегі көкейкесті мәселелер, оларды шешудің жолдары, шалқар Даламызда болып жатқан ұлы оқиғалар, дәуір тудырған дастандар – бәрі-бәрі менің де жүрегім арқылы өтеді.

Оңашада отырып ой теңізін кешемін. Халқымның маңдайындағы бақ жұлдызы әрқашан жарқырап тұрса екен деп армандаймын. Осынау алып кеңістікте ғұмыр кешкен бабалардың баянды аманатын орындау жолындағы атқарып жатқан істеріміздің келер күндердегі кемел жалғасын жұртыммен бірге көріп, елмен бірге қуансам деп аңсаймын. Халқымыздың асыл арманын орындау жолындағы қызметіме Жаратқан Иеміздің шапағаты тиіп, қолдау жасап келе жатқанына тәубе қыламын.

Алыс сапардан туған еліме оралып келе жатқанда, ата-анамның құшағына асыққан баладаймын. Халқымның өзіме деген сенімі мен құрметін көргенде ғасыр жасаған данадай боламын. Сондай кезде кең далам мен сай-салам менімен бірге ұшып келе жатқандай сезініп, еңсемді тіктеп, ертеңгі күнге елдің көзімен қарайтыным тағы бар. Ұлан-ғайыр ұлы істердің алдында тұрған еңбеккер елімнің болашағына бақыт тілей елжіреймін.

Біз – Ұлы Дала елінің ұрпағымыз. Осы жердің заңды да тарихи мұрагеріміз. Әрбір қазақстандық осы атауды жүрегіне жазып, оны мақтан еткен жағдайда ұлы бабаларымыздың мәңгілік арманын орындап, тәуелсіздіктің туын берік қолда ұстай аламыз.

Мен де, сіз де – осы жұрттың ұланымыз. Дала – біздің анамыз. Дала – біздің панамыз. Ендеше, оның бүгінгі келбеті мен ертеңгі болашағына бәріміз қарыздармыз әрі жауаптымыз. Қазақтың алып даласы, ұлан-ғайыр ұлы жері – біздің Атамекеніміз, тәуелсіз мемлекетіміздің ту тіккен атажұрты. Ол, сондай-ақ, егемен еліміздің еңселі өрісі.

Мұратымыздың да, қуатымыздың да мәңгілік болуы үшін бірліктің туын ешуақытта төмен түсірмеу керек. Келер ұрпақ осы ұлттық ұранымызды одан әрі жетілдіріп, жаңғыртып, дәуірлер талабына сай қолдарына берік ұстайды деп сенеміз. Солай болатыны еш күмәнсіз! Өйткені, біздің жол – ардақты бабалардың, ұлы мұраттардың жолы. Бұл – Қазақстанның өзіндік бірегей жолы. Бұл жол елдер мен елдердің, ғасырлар мен ғасырлардың арасын жалғай береді. Бұл жолмен жүргендердің көші болашақтың баспалдақтарымен жалғасады. Алаш жұртының жолы әрқашан ашық болсын!

Менің тілдік қорымда ең жиі қолданылатын үш ұғым бар. Ол – Тыныштық. Татулық. Бірлік. Әрі олай болуының да сыры бар. Оларды маған дейін де мыңдаған адам айтқан. Бәрі де тарих тағылымынан туып, ежелгі бабаларымыздан екшеліп жеткен сара сөздер. «Алтау ала болса – ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса – төбедегі келеді», «Бөлінгенді бөрі жейді», «Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», «Тынысы бірдің – ырысы бір» дейтін аталы, баталы сөзді де айтып кеткен солар. Біз ұлы бабаларымыздан қалған асыл сөзге де, жөн-жосыққа да, дәстүрге де әрқашан адал болуымыз керек.

Біз Ұлы Дала елінің кешегісін бүгінге, бүгінін ертеңге жалғаймыз. Оның ұлы тарихын жаңа дәуірде жарқыратып жаңадан жазамыз. Жаңа ғасыр – үшінші мыңжылдыққа Қазақстанның қолтаңбасын басамыз.

Мұратымыз – Мәңгілік Ел! Тәуелсіз мемлекетіміз Еуразияның осынау алып кеңістігінде мәңгілік өмір сүретін болады.

Мәртебесі биіктеп, өсе берсін, өркендей берсін Ұлы Дала елі – Мәңгілік Ел – Тәуелсіз Қазақстан!

Наши рекомендации