Умраның уәжіптері

1 - Айналым санын жетіге толтыру.

2 -Сағи.

3 -Шашты толық алу немесе қысқарту.

4 - Ихрамға миқаттан кіру.

5 - Ихрамның тыйымдарын сақтау.

Умраның бұзылуы

Тауаф атқарылмастан төсектік қатынасқа түсумен умра бұзылады.Бұзған кісінің қой шалуы және умрасының қазасын өтеуі уәжіп.

Екінші бөлім: Ереже бұзушылық

Бірінші: Ал-Харам территориясымен байланысты ереже бұзушылық

Ал-Харам территориясында аң аулау немесе ағаш сындыру қылмыс саналады. Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Мекке алынған соң Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) адамдардың алдына шығып, Аллаһ тағаланы пәктеді және мадақтады. Сосын былай деді:

(إن الله حبس عن مكة الفيل وسلط عليها رسوله والمؤمنين , ألا وإنها أحلت لي ساعة من النهار ,ألا وإنها ساعتي هذه حرام , لا يختلى شوكها ولا يعضد شجرها , ولا يلتقط ساقطتها إلا منشد , ومن قتل له قتيل فهو بخير النظرين : إما أن يقتل وإما أن يفادي أهل القتيل)

«Расында, Аллаһтың тиым салуымен Меккеге Абраха әкелген піл де кіре алмады. Алайда бұл қалаға елшісі мен мүміндердің кіруіне рұқсат етті. Менен бұрын ешкімге Меккеде соғысуы адал етілмеді. Тек маған ғана Меккеде күндіздің бір ғана сағат уақытын соғысуға рұқсат етілді. Бұл рұқсат, енді ешкімге берілмейді. Бұл жерде аңшылық жасауға және тікенекті сындыруға болмайды. Бұл жерде біреудің жоғалған мүлкі табылса, оны тек табылғанын жариялау үшін алуға болады. Мұнда біреудің туысы өлтірілсе, зардап шегуші тарап екі шешімнің бірін қабылдай алады: қылмыскер не өлтіріледі, не өлтірілген кісінің отбасына төлем төлейді...»[1254].

Ал-Харамда аң аулап қойған кісінің жазасы сол аңның құнын садақа етіп ақшалай пақырларға үлестіреді. Орнына ораза ұстауға болмайды. Міндетті түрде ақшамен төленуі шарт. Аулаған аң өлексе саналады. Етін жеуге де, сатуға да болмайды.

Сонымен қатар ал-Харамда өсіп тұрған ағаштарды кесу мен өсімдіктерді жұлу қылмыс саналады. Сындырған немесе жұлған өсімдіктің құны пақырларға садақа етіледі.

Екінші: Ихраммен байланысты ереже бұзушылық

Ихрам кезіндегі қылмыстар:

1 -Төсек қатынасы. Кім Арафадағы тұрысынан бұрын төсек қатынасына түсіп қойса, қой шалуы және бұзылған қажылығын аяғына жеткізуі уәжіп. Сосын келесі жылы қажылығының қазасын өтейді. Кім әйелімен Арафадағы тұрысын атқарған соң және шашын алғанға дейін төсек қатынасына түсіп қойса, бір түйе не сиыр шалып, қажылығын толық аяқтайды. Кім шашын алған соң төсек қатынасына түсіп қойса, ифада тауафын атқаруға ихрамының жалғасуы үшін бір қой шалады.

2 - Жұбайын құмарлықпен ұстау, аймалау, құшақтау және сүю. Нәтижесінде шәует бөлінсе де, бөлінбесе де бір қой шалады.

3 -Кім шәуетті қол әркетімен шығарса, бір қой шалады. Кім құмарлықпен біреуге қараса не ойланса, ешнәрсе өтемейді.

4 - Кім дене мүшелеріне әтір жақса немесе бір күн бойы әтір себілген киім кисе, бі қой шалады.

5 -Кім бүкіл денесіне толық немесе бір мүшесіне май жақса, бір қой шалады.

6 - Кім бір күн бойы тігілген киім кисе немесе басын бүркесе, қой шалады. Бір күннен аз уақыт болса, садақа береді. Сол секілді бетін бүркеген әйел кісі де осылай істейді.

7 - Шаштан, сақалдан, қолтықтан және мүшеден төрттен бірі қырылса, қой шалады. Бұдан аз болса, бидайдан жарты сағ (1900г) садақа береді.

8 - Кім бір отырғанда барлық тырнағын алса, бір қой шалады. Кім бірнеше мәрте отырып алса, әр бес саусақтың тырнағы үшін бір қойдан шалады. Кім бес саусақтан аз алса, бидайдан жарты сағ садақа береді.

Себепсіз әтір себінген, шашын алған, тігілген киім киген кісінің еркінде: не бір қой шалады, не алты міскінге үш сағ көлемінде тамақ береді, не үш күн ораза ұстайды. Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай деді:

﴿ وَلاَ تَحْلِقُواْ رُؤُوسَكُمْ حَتَّى يَبْلُغَ الْهَدْيُ مَحِلَّهُ فَمَن كَانَ مِنكُم مَّرِيضاً أَوْ بِهِ أَذًى مِّن رَّأْسِهِ فَفِدْيَةٌ مِّن صِيَامٍ أَوْ صَدَقَةٍ أَوْ نُسُكٍ ﴾

«Құрбандық малы өз орнына жетпейінше шаштарыңды алмаңдар. Кім сендерден науқас болса не басынан зиян шексе (басы ауырса не биттесе), онда оны ораза ұстауымен, не садақа беруімен, не мал шалуымен өтейді..»[1255].

Каъб ибн Ъажараның, Аллаһ тағала оған разы болсын, айтуынша Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) Худайбия кезінде оның қасынан өтіп:

(آذاك هوامّ رأسك. قال: نعم. فقال له النبي صلى اللّه عليه وسلم: (احلق رأسك ثم اذبح شاة نسكاً أو صم ثلاثة أيام أو أطعم ثلاثة آصُعٍ من تمر على ستة مساكين)

«Басыңдағы бит мазаңды алды ма?»-деп сұрайды. Ол: «Иә»-деп жауап береді. Сонда пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) оған: «Шашыңды алып таста. Сосын бір қойды құрбан шал. Не үш күн ораза ұста. Не болмаса, алты мәскінді үш сағ құрмамен тамақтандыр»-дейді[1256].

Мал Ал-Харам территорисында шалынуы шарт. Басқа жерде шалынса, пидья (төлеу) жүзеге аспайды. Ал ораза мен садақа елге оралғанда атқарылса да болады.

9 -Аң аулау. Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай дейді:

﴿ يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تَقْتُلُواْ الصَّيْدَ وَأَنتُمْ حُرُمٌ وَمَن قَتَلَهُ مِنكُم مُّتَعَمِّداً فَجَزَاء مِّثْلُ مَا قَتَلَ مِنَ النَّعَمِ يَحْكُمُ بِهِ ذَوَا عَدْلٍ مِّنكُمْ هَدْياً بَالِغَ الْكَعْبَةِ أَوْ كَفَّارَةٌ طَعَامُ مَسَاكِينَ أَو عَدْلُ ذَلِكَ صِيَاماً لِّيَذُوقَ وَبَالَ أَمْرِهِ عَفَا اللّهُ عَمَّا سَلَف وَمَنْ عَادَ فَيَنتَقِمُ اللّهُ مِنْهُ وَاللّهُ عَزِيزٌ ذُو انْتِقَامٍ ﴾

«Әй, иман келтіргендер, ихрамда болғандарыңда аң өлтірмеңдер. Сендерден кім оны біле тұра өлтірсе, оның жазасы тура сондай (құнды) мал төлеуімен өтеледі. Қағбаға[1257] жететін құрбандық малдың (құнына қатысты) үкімді екі әділ кісі береді. Немесе кінәсін өтеу үшін міскіндерді тамақтандырады. Немесе орнына ораза ұстайды. Бұның бәрі - ісінің кесірін тату үшін. Өткенді Аллаһ кешірді. Кім тағы қайталаса, Аллаһ оған сазайын тартқызады. Аллаһ - үстем әрі жазалаушы»[1258].

Бұл аяттың негізінде ихрам кезінде еті адал аң өлтірген кісі тура сондай құнды мал шалады. Немесе малдың құнын міскіндерге садақа етеді. Әр міскінге 3800г құрма не арпа, немесе 1900г бидай береді. Немесе әр міскінге берілетін тамақтың орнына бір күн ораза ұстайды.

Кім ихрам кезінде еті арам аңды өлтірсе, жазасы бір қойдан аспайды. Сол секілді кім құс-жануардың жүнін жұлса, жұмыртқасын сындырса, құнын төлейді.

Үшінші: Тауафпен байланысты ереже бұзушылық

1 -Ифада тауафын дәретсіз атқарған кісі бір қой шалады. Ал жүніп немесе етеккір күйінде атқарса, түйе немесе сиыр шалады.

2 -Кім умра тауафын толық немесе көп бөлігін дәретсіз немесе жүніп күйінде атқарса, бір қой шалады.

3 -Келу тауафы мен қоштасу тауафын дәретсіз атқарған кісі садақа береді. Ал жүніп күйінде атқарған кісі бір қой шалады.

4 -Кім нәпіл тауафын дәретсіз атқарса, садақа береді.

5 -Кім ифада тауафының үш не одан да аз айналымын атқарусыз қалдырса, бір қой шалуы уәжіп. Кім оның төрт айналымын атқарусыз қалдырса, тауафты толық атқармайынша ихрамнан мүлде шыға алмайды.

6 - Кім қоштасу тауафын толық немесе оның төрт айналымын атқарусыз қалдырса, бір қой шалады. Ал кім оның үш айналымын атқарусыз қалдырса, садақа беруі уәжіп.

Ескерту: Меккеден әлі шықпаған болса, екі жағдайда да ең абзалы - тауафты дәретпен қайта орындауы. Өйткені тауафын дәретпен қайта орындаған кісінің мойнынан мал шалу уәжібі түседі.

Наши рекомендации