Азақстан Республикасының шикізаты
Қазақстан Республикасында мұнай-газ секторын дамыту жөніндегі 2010- 2014 жылдарға арналған бағдарлама (бұдан әрі - бағдарлама) Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 958 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның шеңберінде әзірленді.
Бағдарламаны әзірлеу қажеттілігі ел экономикасындағы мұнай-газ саласының рөлін тұрақты нығайтумен шарттасады.
Мұнай-газ саласы елдің және оның жекелеген өңірлерінің дамуына маңызды әлеуметтік-экономикалық әсерін тигізеді, шын мәнінде мемлекеттің бүкіл экономикасы үшін алға тартушы күш болып табылады, экономиканың басқа да салаларының дамуына ықпал етеді. Мұнай-газ кешені кәсіпорындарының жұмысы өңірлер мен бүкіл мемлекет ауқымындағы неғұрлым маңызды әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылуымен байланысты.
Жақын болашақта елдің мұнай-газ секторы серпінді дамитын болады, бұл өндірістік, әлеуметтік және экологиялық бағыттағы объектілер құрылысын қамтитын салаларды кешенді дамытудың ел үшін бірыңғай жоспарларын әзірлеу жолымен барлық мүдделі тараптардың қызметін үйлестіруді талап етеді.
Бағдарлама қаралып отырған кезеңдегі салалық мәні бар маңызды міндеттердің шеңберін айқындайды және тиісінше, оларды шешуге бағытталған өзара байланысты ұйымдық, норма шығарушылық, әлеуметтік, экономикалық, қаржылық және басқа да шаралар кешенін қалыптастырады.Бағдарламаны іске асыру қорытындылары бойынша саланың жұмыс істеу тиімділігін арттыру арқылы көмірсутек шикізатын өндіру және өңдеу деңгейін өсіруден, мұнай мен газ ресурстарын тиімді пайдаланудан, халықаралық транзит көлемдерін өсіруден әлеуметтік-экономикалық әсерді ұлғайтуды қамтамасыз ету, сондай-ақ елдің толық энергетикалық тәуелсіздігіне, ішкі нарықты мұнай өнімдері мен газға қажеттіліктерін үздіксіз және толық қамтамасыз етуге қол жеткізу көзделеді.
Бағдарлама мұнай-газ кешенін дамыту мәселелерінен басқа, өндірістік, әлеуметтік және экологиялық бағыттағы ілеспе объектілерді жақсарту мүмкіндіктерін қарастырады.
Қазіргі уақытта республиканың шамамен 900 мың шаршы км. алаңы 1958 - 1965 және 1975 - 1995 жылдары Қазақстан мен Ресейдің әр түрлі ұйымдары жасаған өңірлік, іздеу және егжей-тегжейлі сейсмикалық бейіндерінің желілерімен қамтылған.
Қазақстан Республикасындағы көмірсутек шикізатының жалпы болжамды алынатын ресурстары 17 млрд. тоннаны құрайды, оның 8 млрд. тоннасы Каспий теңізінің қазақстандық секторына (бұдан әрі - КТҚС) тиесілі. Расталған мұнай қорлары бойынша Қазақстан әлемдегі 15 жетекші елдердің қатарына кіреді. Қазақстан көмірсутек шикізатының елеулі қорларына - әлемдік қордың 3,3%-на иелік етеді (алынатын мұнай қорлары 4,8 млрд. тонна және алынатын газ қорлары Каспий қайраңындағы жаңа кен орындарын есептегенде, 3 трлн. текше метрден асты, ал ықтимал ресурстары 6-8 трлн. текше метр деп бағаланады).
Республиканың 172 мұнай және 42 конденсатты кен орны орналасқан (оның ішінде, 80-нен астамы игерілуде) мұнай-газды аудандары, оның алаңы шамамен Қазақстан аумағының 62%-ын алып жатыр. Қазақстандағы мұнайдың негізгі қорлары (90%-дан астамы) ең ірі 15 кен орнында, олар - Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, Өзен, Жетібай, Жаңажол, Қаламқас, Кеңқияқ, Қаражанбас, Құмкөл, Солтүстік Бозашы, Әлібекмола, Орталық және Шығыс Прорва, Кенбай, Королевское, жартысы - екі ірі мұнай кен орны Қашаған мен Теңізде шоғырланған.
Кен орындары Қазақстанның он төрт облысының алтауының аумағында орналасқан. Бұл Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Маңғыстау облыстары. Бұл ретте көмірсутек қорларының шамамен 70% Қазақстанның батысында шоғырланған.
Мұнайдың неғұрлым барланған қорлары Атырау облысына тиесілі, оның аумағында өнеркәсіптік санаттағы 930 млн. тонна қормен 75-тен астам кен орны ашылды.
15-тен астам көмірсутек кен орны Батыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан. Мұнай-газды әлеует тұрғысынан Ақтөбе облысы тағы бір перспективті өңір болып табылады. Мұнда 25-ке жуық кен орны ашылды. Қызылорда және Қарағанды облыстарының мұнай өндіру саласының негізі - маңыздылығы бойынша Қазақстанның бесінші мұнай-газды провинциясы - Құмкөл кен орындар тобы болып табылады.
Қазақстанның мұнай-газ саласының ресурстық әлеуетін одан әрі молайтуға Каспий және Арал теңіздерінің айдынында республика жүргізіп жатқан жер қойнауы учаскелерін кең ауқымды зерттеулер ықпал ететін болады.
Каспийдің солтүстігінде алынатын 2,02 млрд. тонна болжамды қормен 2000 жылы ашылған Қашаған кен орны соңғы 30 жыл ішіндегі әлемдік тәжірибедегі ең маңызды оқиға деп аталды.
Мұнай мен газды іздеу перспективалары Каспий маңы ойпатындағы, Арал маңындағы зерттелмеген терең жатқан құрылымдармен, сондай-ақ Солтүстік, Орталық және Оңтүстік Қазақстан объектілерінде анықталған сейсмикалық барлау нәтижелерімен байланыстырылады.
Қазақстан үшін табиғи газ неғұрлым перспективті энергия тасығыш болуда, оның қорлары бойынша Қазақстан әлемдегі 14-орынды және тәуелсіз мемлекеттер достастығы (бұдан әрі - ТМД) елдерінің арасында Ресей, Түрікменстан мен Өзбекстаннан кейінгі 4 - орынды иеленуде.
Географиялық тұрғыдан барлық газ қорының 98% - ы аумақтық тиесілілігі Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарына жататын Батыс Қазақстанның жер қойнауында орналасқан.
Қазақстан Республикасындағы мұнай өндіру көлемінің 70%-дан астамын АҚШ, Қытай, Ресей, Еуропалық Одақ (бұдан әрі - ЕО) елдерінің шетелдік инвесторлары қамтамасыз етеді, ExxonMobil, Chevron, Agip, BG, BP/Statoil, Shell, Total, INPEKS, Philips, ЛУКойл, Оман Ойл, Eni сияқты ірі ұлттық және трансұлттық компаниялар және басқалар жұмыс істеуде.
Мұнай мен газды өндіру
2009 жылы республикада мұнай мен газ конденсатын өндіру 2008 жылмен салыстырғанда 8,3%-ға ұлғайып, 76,5 млн. тоннаны құрады, мұнай мен газ конденсатының экспорты 68,1 млн. тоннаға - 8,4%-ға өсті.
Қазақстан Республикасының аумағында 2009 жылдың қорытындылары
бойынша негізгі мұнай өндіруші компаниялар «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - ТШО) (22,5 млн. тонна), «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі - ҚПО б.в.) (11,9 мен. тонна), «ҚазМұнайГаз» барлау және өндіру» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - БҰ) (8,9 млн. тонна), «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы (бұдан әрі - «СНЛС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ) (6,0 млн. тонна) және «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамы (5,7 млн. тонна) болып табылады.
Республика аумағындағы көмірсутек шикізатының құрылықта игеріліп жатқан кен орындарының көбі жылдық өндірудің ең жоғары деңгейіне жетті. Құрылықтағы өндірістің одан әрі өсуі бірінші кезекте Теңіз және Қарашығанақ кен орындарының интенсивті игерілуіне байланысты. 2012 жылдың аяғында Қашаған кен орнын тәжірибелік-өнеркәсіптік игеруді іске асыруды бастау жоспарлануда. Құрылықтағы қалған кен орындарында (Теңіз бен Қарашығанақты есептемегенде) өндіру көлемі 45,0 млн. тоннаны немесе 2009 жылғы жалпы өндіру көлемінің 58,8%-ын құрайды, 2014 жылы бұл көрсеткіш 44,9 млн. тоннаға дейін немесе жалпы өндіру көлемінің 52,8%-на дейін төмендейді.
Қазақстан Республикасындағы жер қойнауын пайдаланушылардың газды өндіруі өндіру көлемдерінің тұрақты өсу үрдісін растайды - 2009 жылы 36,0 млрд. текше метр газ өндірілді, бұл 2008 жылғы газ өндіру деңгейінен 7,5% жоғары.
Қазақстан Республикасының аумағындағы негізгі газ өндіруші компаниялар (2009 жылғы деректер бойынша) ҚПО б.в (15,0 млрд. текше метр), ТШО (11,7 млрд. текше метр), «СНЛС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы (3,0 млрд. текше метр), «Толқынмұнайгаз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (2,3 млрд. текше метр), ҚМГ (0,4 млрд. текше метр) болып табылады.
Қазақстанның оңтүстік өңірлерін газбен тұрақты жабдықтау қажеттілігін ескере отырып, жылына 300-330 млн. текше метр деңгейінде Амангелді кен орындары тобын одан әрі игеру газ өндіру құрылымында маңызды орын алады. Осы кен орындары тобын одан әрі дамыту мәселесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің кен орындарының табиғи газын сату бағасын кезең-кезеңмен көтеріп отыру саясатына байланысты болады, себебі газға бағаның кезең-кезеңмен өсуіне тосқауыл қою жер қойнауын пайдаланушы-компанияға кен орындарының келісімшарттық аумағын барлау мен игерудің өндірістік бағдарламасын жүзеге асыру үшін жеткілікті қаражат көлемін шоғырландыруға мүмкіндік бермейді.
Мұнай өнімдерін өндіру тапшылығы мен оның импортының көлемі жұмыс істеп тұрған МӨЗ-дердің Қазақстанның ішкі тұтынуын қанағаттандыра алмайтын жалпы жеткіліксіз технологиялық жай-күйін сипаттайды. Атырау және Шымкент МӨЗ-дің технологиялық мүмкіндіктері мұнайды тереңдетіп өңдеуді жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді - мазут пен вакуумдық газойлды өндіру үлесі жоғары.
Қазақстан МӨЗ-дерінде ресей мұнайын өңдеу көлемі 50%-ды құрайды - ПМХЗ негізінен Ресей Федерациясынан жеткізілетін мұнайды өңдеуде, ПКОП 50%-ға дейін ресей мұнайын өңдейді.
МӨЗ-дерге ресейлік мұнай жеткізілімдерінің басым болуының себептері - қазақстандық мұнайды тасымалдаудың отандық инфрақұрылымының дамымағандығы. Мысалы, ПМХЗ-ға мұнай кеңес уақытында салынған және ресей мұнайының жүктемесіне бағдарланған мұнай құбыры бойынша жеткізіледі. Сонымен бірге, Қазақстанның Батыс өңірінен Павлодар зауытына қарай мұнай құбырын салу экономикалық жағынан тиімсіз болып табылады.
Қазіргі уақытта өндірілетін көмірсутек шикізатының негізгі көлемі экспортқа жіберіледі және отын нұсқасы бойынша пайдаланылады, көмірсутек шикізатын бастапқы өңдеу мұнай-химия шикізатын одан әрі шығармай, мұнай мен газды сепарациялауға негізделген.
Негізгі өндірістік қорлары 30 жыл бұрын құрылған мұнай-химия кәсіпорындары тауарлық өнімді шектелген көлемдерде (полистирол, полипропилен) немесе сырттан әкелінген шикізатпен (Ресей Федерациясы — синтетикалық каучуктар, қоспалардың негізгі компоненттері және т.б.) шығарып отырды.
Сонымен бірге, мұнай-химия өндірістерін құру үшін жеткілікті шикізат ресурстары бар: Қазақстан Республикасының түрлі өңірлеріндегі кен орындарын (Теңіз, Каспий) игерген кезде газдың жалпы көлемінің 13-тен 16 %-ға дейін және одан жоғары этан құрамының фракциялары болатын табиғи және ілеспе газдар, бұлар негізгі мұнай-химия өнімі - этиленді өндіру үшін негізгі экономикалық және технологиялық басымдық болып табылады. Жол маркалы битумдарды өндіру үшін Батыс Қазақстанның кен орындарынан өндірілетін мұнай. Мысалы, Қаражанбас кен орнындағы мұнайдың тұтқырлығы жоғары - 200С кезінде 0,9371г/тек.см, қату температурасы төмен, парафині аз (2,22 % масс.), құрамындағы шайыр мен асфальтені жоғары (тиісінше 13,28 % масс, 1,86 % масс), бұл жоғары сапалы жол битумын өндіру үшін қойылатын талаптарға сәйкес келеді.
Қазіргі уақытта Қазақстанда жағар майлар өндірісі жоқ және Шымкент МӨЗ-ді жаңғырту жөніндегі іс-шаралар шеңберінде базалық майлар өндірісін құру жөнінде техникалық шешімдер әзірленуде. «High Industrial Lubricants & Liquids Соrроrаtіоn» ЖШС компаниясы (майларды араластыру және өлшеп орау зауыты), сонымен бірге гидрокрекинг қондырғысын салумен және ПКОП шикізатынан (вакуумдық газойль) базалық майлар өндірісінің толық циклымен зауытты кеңейту мүмкіндігін зерттеуде (5 км орналасқан).
Республиканың мұнай-газ кешені өндіретін газ, негізінен ілеспе газ болып табылады, сондықтан кейіннен тұтынушылар мен кәсіпорындарға жеткізілетін тауарлық газ жасау үшін оны газ өңдеу зауыттарында өңдеу талап етіледі. Республикада жалпы өңдеу қуаты жылына 18,9 млрд. тек. м газ өңдейтін үш газ өңдеу зауыты (бұдан әрі - ГӨЗ) бар:
Қазақ газ өңдеу зауыты (бұдан әрі - ҚазГӨЗ);
Теңіз газ өңдеу зауыты (бұдан әрі - ТГӨЗ);
Жаңажол газ өңдеу зауыты (бұдан әрі - ЖГӨЗ).
Газ өндіру көлемі аздау кен орындарында газды тауарлық күйге дейін дайындау газды кешенді дайындау қондырғыларында (бұдан әрі - ГКДҚ) жүргізіледі.
2006 жылдан бастап 2009 жылға дейінгі аралықта мұнай өндірісі 2006 жылғы 64,9 млн. тоннадан 2009 жылғы 76,5 млн. тоннаға дейін және газ өндірісі тиісінше 27,0-ден 36,0 млрд. текше м-ге ұлғайтылған кезде, газды кәдеге жарату жөніндегі іс-шараларды орындау жағылатын газ көлемін 3,1 -ден 1,7 млрд. текше м-ге дейін, яғни 1,4 млрд. тек.м қысқартуға мүмкіндік туғызды. Бұл ретте кәдеге жаратылған газдың көлемі 23,9 млрд. текше метрден 34,3 млрд. текше метрге дейін, яғни 10,4 млрд. текше м ұлғайды. Республиканың жер қойнауын пайдаланушылары бекітілген Ілеспе газды кәдеге жарату бағдарламаларын орындауға тұрақты мониторингті жүзеге асырады.
Жалпы алғанда, жер қойнауын пайдаланушылардың газды кәдеге жарату жөніндегі іс-шараларды орындауы қуаты 256 МВт-тен астам 12 газ турбиналық электр станциясын (ГТЭС), газды кешенді кәдеге жаратудың 12 қондырғысын және жылына 8 млрд. текше м газ өңдеуге және 350 мың тоннадан астам сұйытылған газ шығаруға арналған газ өңдеу зауытын қамтитын кәдеге жаратылатын газды пайдалану жөніндегі жаңа инфрақұрылым құруға ықпал етті.
Тарихи қалыптасқан магистралдық және газ тарту құбырлары жүйесіне сәйкес табиғи газ республиканың 14 облысының 9-ына жеткізіледі. Қазақстан Республикасының Үкіметі республиканың елді мекендерін газдандыру жөніндегі іс-шараларға баса назар аударып отыр. 2006 - 2009 жылдары осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 15 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. Қабылданған шаралар Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарының 80 елді мекенін, сондай-ақ Қызылорда қаласындағы 46 көпқабатты үй мен 4 мың жеке үйді табиғи газбен қамтуға мүмкіндік берді.
Газдандыру жөніндегі белсенді жұмыстар жергілікті деңгейде жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылады. 2007-2009 жылдары осы мақсаттарға 30 млрд. теңгеден астам қаражат бөлініп, 400 мыңдай адам тұратын тұрғын үйлер газдандырылды.
Мұнай мен газды тасымалдау
Мұнай-газ саласының серпінді дамуы Қазақстанның бүкіл экономикасы үшін өте маңызды. Бүгінгі таңда мұнай-газ саласы Қазақстан Республикасы экономикасының құрылымында айқындаушы роль атқарады. Статистика органдарының оперативтік деректері бойынша 2009 жылы ІЖӨ-дегі мұнай-газ саласының үлесі 20,8 %-ды, ал 2008 жылғы ресми есеп бойынша - 21,8%-ды құрады.
Мұнай-газ компанияларынан түсетін түсімдер 2009 жылдан бастап енгізілген салық жеңілдіктеріне қарамастан, мемлекеттік бюджетте елеулі көлемді құрайды. Атап айтқанда, мемлекеттік кірістердегі саланың үлесі 1531,2 млрд. теңгені немесе 2008 жылмен салыстырғанда 1,2 пайыздық тармаққа ұлғайтылып 40,5 %-ды құрады. Мұнай-газ секторынан Ұлттық қорға түсетін төлемдер алдыңғы жылдағыдай 1371,4 млрд. теңгені немесе мемлекеттік кірістердегі 36,3%-ды құрады.
2009 жылы минералдық-шикізаттық кешеніндегі инвестициялар көлемі 3,2 трлн. теңгені (21,4 млрд. АҚШ долл.) құрады.
Көмірсутектерді өндіру көлемдерінің ұлғаюы мұнай-газ тасымалдау инфрақұрылымын қарқынды дамытуды талап етеді. Жұмыс істеп жатқан қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттық бағыттары Атырау - Самара құбыры, Каспий Құбыр Консорциумы құбыры (бұдан әрі - КҚК), Атасу - Алашанькоу құбыры, Ақтау порты болып табылады.
2009 жылы қазақстандық мұнайдың неғұрлым үлкен көлемі КҚК мұнай құбыры бойынша - 27,5 млн. тонна және Атырау-Самара құбыры бойынша - 17,5 млн. тонна экспортталды. Қытай бағытында - 7,7 млн. тонна тасымалданды, оның 6,2 млн. тоннасы қазақстандық мұнай. Теңіз экспорты - 11,1 млн. тоннаны құрады, темір жол бойынша 4 млн. тонна тиелді. Орынбор ГӨЗ-ге 1,8 млн. тонна газ конденсаты жеткізілді. 2009 жылы Қазақстан аумағы бойынша ҚХР-ға ресей мұнайының транзиті 1,5 млн. тоннаны құрады, 2010 жылы 2,0 млн. тоннаға жоспарланып отыр.
Жаңа экспорт жүйелерін құру және қолда барларын кеңейту өзекті жұмыс болып табылады. 2009 жылы КҚК акционерлері жүйені кезең-кезеңмен кеңейту туралы шешімді қабылдады, Қазақстан Каспий Тасымалдау Жүйесін құру жөніндегі жұмыс, сондай-ақ Қазақстан-Қытай мұнай құбыры жобасының 2-ші кезеңін салу жалғасуда.
2009 жылдың ішінде қазақстандық газ экспортының көлемі 7,0 млрд. тек. м құрады, Қазақстан Республикасының аумағы бойынша газдың халықаралық транзитінің көлемі 73,3 млрд. тек. м, оның ішінде ресейлік газ - 48,0 млрд. тек. м, түрікмен газы - 11,9 млрд. тек. м, өзбек газы - 13,4 млрд. тек. м құрады.
Қазақстан Республикасының аумағы бойынша газды тасымалдау және транзиті «Орта Азия - Орталық» (орта азия газы), «Бұхара газды өңірі - Ташкент-Бішкек-Алматы» (орта азия газы), «Қазақстан-Қытай» газ құбырының 1-ші учаскесі (орта азия газы), «Орынбор-Новопсков» (ресей газы), «Бұхара-Орал» (ресей газы) негізгі магистралдық газ құбырлары бойынша жүзеге асырылады.
2009 жылға дейін транзит көлемі жыл сайын шамамен 100 млрд. тек. м құрады. 2009 жылы транзит көлемінің төмендеуі Түрікменстан Республикасы мен «Газпром» ААҚ арасындағы экономикалық келіспеушіліктердің салдарынан 2009 жылдың сәуірінен бастап желтоқсанға дейін «Орта Азия - Орталық» магистралдық газ құбыры бойынша Қазақстан Республикасының аумағы арқылы түрікмен газын тасымалдаудың тоқтатылуына байланысты болды.
«Орта Азия — Орталық», «Мақат - Солтүстік Кавказ» және «Окарем - Бейнеу» магистралдық газ құбырларын дамытуға әзірленген инвестициялардың негіздемесі шеңберінде Түрікменстан мен Өзбекстаннан өсіп отырған табиғи газ көлемдерін тасымалдауды қамтамасыз ету мақсатында 2007-2008 жылдарда «Орта Азия - Орталық» - 4 магистралдық газ құбырының жаңа учаскелерінің, «Орта Азия - Орталық» лупингінің құрылысы және «Опорная» компрессорлық станциясындағы жаңа турбокомпрессорлық цех-4 құрылысы аяқталды, бұл «Орта Азия - Орталық» магистралдық газ құбырының бүкіл жүйесінің өнімділігін жылына 60 млрд. текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Қазақстандық үлес бойынша ғана жер қойнауын пайдалану жобаларында қалыптасатын сұраныс 16-18 млрд. АҚШ долл. құрайды, шамамен алғанда, оның 25% - тауарлар, 75% - жұмыстар мен қызметтер, оның ішінде құрылыс жұмыстары. Қазақстанда тауарларға, қызметтер мен еңбекке ең ірі тапсырыс берушілер мұнай компаниялары. 2009 жылы есеп берген мұнай-газ саласындағы өндіруші компаниялар 450 млрд. теңгеден астам сомаға, ал 2008 жылы - 802 млрд. теңгеден астам сомаға тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сатып алды.