Тахрим тәкбірінің дұрыстығына қажетті шарттар

1 - Тәкбірдің ниетпен қатар айтылуы.

Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(إذا قمت إلى الصلاة فكبر ثم اقرأ ما تيسر معك من القرآن)

«Намазға тұрғаныңда тәкбір айт! Сосын Құраннан жаттағаның болса, жеңілдеуін оқы!»[390].

Дәрет алғанда намазға ниет еткен кісі тахрим тәкбірін айтқанға дейін ниетін теріске шығаратын іспен шұғылданбаса, мысалы тамақ жеп, сусын ішпесе, сол ниеті намазын атқаруына әбден жеткілікті.

2 - Қиямға тұрарда немесе қиямға жақындағанда қылынуы. Рүкүғта қылынса, намаз дұрыс болмайды.

3 -Жалғыз тұрғанда өзі еститіндей дауыспен айтуы. Жамағатпен тұрғанда жамағат еститіндей дауыспен айтуы. Тахрим тәкбірін айтқанда, намазды ішінен оқығанда, сонымен қатар ташаһһудтің, зікірдің, талақ сөзінің, анттың кезінде дауыстың өзіне естілуі шарт.

4 -Имамға ұюшы кісі намазға ниет етуімен қатар имамға ұюына ниет етеді.

5 - Тәкбірді араб тілінде айту.

6 - «Аллаһ» сөзінің «һәмзә»-сі мен «әкбар» сөзінің «бә»-сін созуға болмайды.

7 - «Аллаһу әкбар» сөзін толық айту.

8 - Аллаһты ықыласпен еске алып, ұлықтау.

9 -Тәкбірмен қатар дүние сөздерінің айтылмауы.

2. Қиям (түрегеп тұру). Бұл парыз түрегеп тұруға шамасы келмейтін кісінің ғана мойнынан түседі. Қиямның парыздығын бекітетін дәлел:

﴿حَافِظُواْ عَلَى الصَّلَوَاتِ والصَّلاَةِ الْوُسْطَى وَقُومُواْ لِلّهِ قَانِتِينَ﴾

«Барлық намаздарды және ортаңғы намазды көздің қарашығындай сақтаңдар! Әрі Аллаһқа бағынған күйде тұрыңдар!»[391].

Ъимран ибн Хасин, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді: Мен көтеумен (геморроймен) ауырған едім. Бұл жайында пайғамбардан (саллаллаһу алайһи уа саллам) сұрадым. Ол маған:

(صلِّ قائماً، فإن لم تستطع فقاعداً، فإن لم تستطع فعلى جنب)

«Намазды тұрып оқы! Егер шамаң келмесе, отырып оқы. Оған да шамаң келмесе, жамбасыңа жатып оқы»-деді[392].

Бір аяқта тұрып намаз оқу мәкруһ. Тұрып оқуға шама келсе де, нәпіл намазын отырып оқуға болады.

Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) нәпіл намазы жайында былай деді:

(كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم يصلي ليلاً طويلاً قائماً وليلاً طويلاً قاعداً، فإذا صلى قائماً ركع قائماً وإذا صلى قاعداً ركع قاعداً)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) түнде ұзақ уақыт тік тұрып намаз оқитын және түнде ұзақ уақыт отырып намаз оқитын. Түрегеп оқығанында рүкүғті тұрып жасайтын. Отырып оқығанында рүкүғті отырып жасайтын»[393].

Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) нәпіл намазы жайында былай деді:

(أن رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم كان يصلي جالساً، فيقرأ وهو جالس، فإذا بقي من قراءته نحو من ثلاثين أو أربعين آية قام، فقرأها وهو قائم ثم يركع، ثم سجد، يفعل في الركعة الثانية مثل ذلك)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) нәпіл намазын отырып та оқитын. Оқып отырған Құран аяттарын аяқтауына 30-40 аяттай қалғанда намазын түрегеп тұрып жалғастыратын. Сосын рүкүғ жасайтын. Сосын сәжде жасайтын. Екінші рәкатта да осылай істейтін»[394].

Намазды себепсіз отырып оқыған адам тұрып оқығандағы сауаптың жартысына ғана ие болады. Абдулла ибн Амру, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(صلاة الرجل قاعداً نصف الصلاة)

«Отырып оқыған кісінің намазы - жарты намаз»[395].

3. Қирағат. Қирағат дегеніміз - Құран оқу. Намазда Құран оқу - парыз. Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай дейді:

﴿ فَاقْرَؤُوا مَا تَيَسَّرَ مِنَ الْقُرْآنِ عَلِمَ أَن سَيَكُونُ مِنكُم مَّرْضَى وَآخَرُونَ يَضْرِبُونَ فِي الْأَرْضِ يَبْتَغُونَ مِن فَضْلِ اللَّهِ وَآخَرُونَ يُقَاتِلُونَ فِي سَبِيلِ اللَّهِ فَاقْرَؤُوا مَا تَيَسَّرَ مِنْهُ ﴾

«Құраннан жеңілдеуін оқыңдар! Араларыңда науқастардың бар екенін Аллаһ біледі. Тағы біреулер Аллаһтың кеңшілігін іздеп, жер кезіп жүр. Енді біреулер Аллаһ жолында күресіп жүр. Сондықтан Құраннан жеңілдеуін оқыңдар»[396].

Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(لا صلاة إلا بقراءة)

«Құран оқылмайтын намаз жоқ»[397].

Аллаһ тағала: «Құраннан жеңілдеуін оқыңдар!»-деп бұйырғандықтан, имам Әбу Ханифа: «Қысқа бір аят оқылса, жеткілікті»-деді. Ал Әбу Юсуф пен Мұхаммед: «Бір ұзын аят немесе үш қысқа аят оқылуы қажет»-дейді.

Басқа мәзһабтарда намазда «Фатиха» сүресін оқу парыз болғанымен, ханафи мәзһабінда парыз емес, уәжіп. Яғни «Фатиха» сүресінің оқылмауы намаздың дұрыстығын жоққа шығармайды. Бұған дәлел: Аллаһ тағала: «Құраннан жеңілдеуін оқыңдар! Араларыңда науқастардың бар екенін Аллаһ біледі. Тағы бірулер Аллаһтың кеңшілігін іздеп, жер кезіп жүр. Енді біреулер Аллаһ жолында күресіп жүр. Сондықтан Құраннан жеңілдеуін оқыңдар!»-деді[398].

Сүннеттен дәлел: Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) бір кісіге былай дегенін айтты:

(إذا قمت إلى الصلاة فأسبغ الوضوء ثم استقبل القبلة فكبر ثم اقرأ ما تيسر معك من القرآن)

«Намазға тұрарыңда жақсылап дәрет ал! Сосын жүзіңді құбылаға қаратып, тәкбір айт! Сосын жаттаған Құраннан жаттағаныңнан жеңілдеуі оқы!»[399].

Ханафи, мәлики және ханбали мәзһаптарында бір мәселеге қатысты жеткен екі хадистің мәтіндері қарама-қарсы болса, яғни біреуі оның істелуін бекітсе, ал екіншісі істелуін теріске шығарса, амал бекітуші хадиске негізделеді. Мысалы, Ибн Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) Қағба ішінде намаз оқығанын жеткізді, ал Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, оқымағандығын жеткізді. Бұл хадистің екеуі де сахих. Жоғарыдаға мәзһаптардың қарарымен Ибн Омардың, Аллаһ тағала оған разы болсын, хадисі алға шығады. Өйткені пайғамбарымыз (саллаллаһу алайһи уа саллам) Қағба ішінде намаз оқығанда Ибн Омар қасында болған, ал Ибн Аббас болмаған[400].

Сол секілді «Құранның «Фатиха»-сі оқымаған кісінің намазы жоқ» деген хадис пен «..Сосын жаттаған Құраннан жатағаныңнан жеңілдеуін оқы»-деген хадистің бетпе-бет кездесуіндегі үкім де осылай. Бұл хадистің екеуі де сахих. Немесе Аллаһ тағаланың: «Құраннан жеңілдеуін оқыңдар! Араларыңда науқастардың бар екенін Аллаһ біледі. Тағы біреулер Аллаһтың кеңшілігін іздеп, жер кезіп жүр. Енді біреулер Аллаһ жолында күресіп жүр. Сондықтан Құраннан жеңілдеуін оқыңдар»[401]-деген сөзін негізге алсақ, ол тіпті алға шығады.

Имамға ұйыған адамның Құран оқуы[402].

Имамға ұюшының Құран оқуы ханафи мәзһабінда мәкруһ тахриман. Бұның дәлелі:

1. Аллаһ тағала Құран Кәрімде былай дейді:

﴿وَإِذَا قُرِئَ الْقُرْآنُ فَاسْتَمِعُواْ لَهُ وَأَنصِتُواْ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ﴾

«Құран оқылғанда оны тыңдаңдар және үндемеңдер! Мүмкін, сендерге рахымшылық жасалар»[403].

Ғұламалардың келіскен шешімінде бұл аяттың талабы намазға да, намаздан тыс уақытқа да қатысты. Бұл аят Құран естушіге оны тыңдауын және үндемей, мағынасына ой жүгіртуін бұйырады. Намаз дауыстап оқылғанда имамға ұюшылар оны тыңдауы қажет.

2.Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(إنما جعل الإمام ليؤتم به فإذا كبر فكبروا و إذا قرأ فأنصتوا)

«Негізінде, имам өзіне (жамағат) ілесу үшін ғана қойылған. Ол тәкбір айтқанда, сендер де айтыңдар. Ал Құран оқығанда үндемеңдер»[404].

Жәбир, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(من صلى خلف الإمام فإن قراءة الإمام له قراءة)

«Кім имамның артында намаз оқыса, әлбетте, имамның Құран оқығаны оның да Құран оқығаны болады»[405]. Бұл хадистің мағынасы іштей оқылатын намазды да, дауыстап оқылатын намазды да қамтиды.

Имран ибн Хасин, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أن نبي صلى الله عليه و سلم صلى الظهر. فجعل رجل يقرأ خلفه: سبح اسم ربك الأعلى. فلما انصرف قال: "أيكم قرأ" أو أيكم القارئ. فقال الرجل: أنا. فقال: لقد ظننت أن بعضكم خالجنيها)

Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) бесін намазын оқығанда артта тұрғандардың бірі: «Саббихисма Раббикал-Аъла»-ні оқи бастады. Намазды аяқтағанда пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Құран оқыған қайсың?»-деп сұрады. Бір кісі: «Мен»-деп жауап берді. Ол былай деді: «Кейбіреуің менен намазды (имамдықты) алғалы тұр ма?»-деп ойладым[406].

Осы хадистің негізінде имамның артында тұрған кісіге дауыстап оқылатын намаз түгіл, іштей оқылатын намазда да Құран оқуы мәкруһ.

4. Рукуғ.Рукуғ дегеніміз - бел бүгіп, бас пен арқаны бір деңгейде еңкейту.

Рукуғтың парыздығына дәлел:

Аллаһ тағал Құран Кәрімде айтады:

﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا ارْكَعُوا وَاسْجُدُوا وَاعْبُدُوا رَبَّكُمْ وَافْعَلُوا الْخَيْرَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ﴾

«Ей иман келтіргендер! Рабыларыңа бел бүгіңдер, сәжде жасаңдар және құлшылық етіңдер! Сондай-ақ жақсылық істеңдер! Мүмкін құтыласыңдар»[407].

Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(ثم اركع حتى تطمئن راكعاً)

«..Сосын беліңді бүгіп, денең жайланғанша (көтерілме)..»[408].

Бүкір адам басын еңкейтсе, жеткілікті. Намазды отырып оқушы бел бүккенде маңдайы екі тізесіне қарама-қарсы қалыпта болуы қажет.

5. Сәжде. Сәжде дегеніміз - маңдайдың жерге тиюі. Аллаһтың алдында маңдайын жерге қоюымен мұсылман өзінің әлсіз әрі мұқтаж құл екенін мойындап, Оған бой ұсынады.

Сәжденің парыздығына дәлел:

Аллаһ тағал Құран Кәрімде айтады:

﴿يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا ارْكَعُوا وَاسْجُدُوا وَاعْبُدُوا رَبَّكُمْ وَافْعَلُوا الْخَيْرَ لَعَلَّكُمْ تُفْلِحُونَ﴾

«Ей иман келтіргендер! Рабыларыңа бел бүгіңдер, сәжде жасаңдар және құлшылық етіңдер! Сондай-ақ жақсылық істеңдер! Мүмкін құтыласыңдар»[409].

Әбу Һурайра, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(أن النبي صلى اللّه عليه وسلم دخل المسجد، فدخل رجل فصلى، ثم جاء فسلم على النبي صلى اللّه عليه وسلم، فرد النبي صلى اللّه عليه وسلم عليه السلام، فقال: ارجع فصلِّ، فإنك لم تصلِّ. فصلى، ثم جاء فسلم على النبي صلى اللّه عليه وسلم فقال: ارجع فصل، فإنك لم تصلِّ ثلاثاً، فقال: والذي بعثك الحق، فما أُحسِنُ غيره، فعلمني، قال: إذا قمت إلى الصلاة فكبِّر، ثم اقرأ ما تيسر معك من القرآن، ثم اركع حتى تطمئن راكعاً، ثم ارفع حتى تعتدل قائماً، ثم اسجد حتى تطمئن ساجداً، ثم ارفع حتى تطمئن جالساً، ثم اسجد حتى تطمئن ساجداً، ثم افعل ذلك في صلاتك كلِّها)

Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) мешітке кірді. Сол уақытта мешітке бір кісі кіріп намаз оқыды. Сосын келіп, пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) сәлем береді. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) оған сәлем қайтарып, былай дейді: «Бар да, намазыңды қайта оқы! Өйткені сен намаз оқымадың!». Ол намазын қайта оқиды. Сосын пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) келіп, сәлем тілейді. Пайғамбар (саллаллаһу алайһи уа саллам) оған: «Бар да, намазыңды қайта оқы! Өйткені сен намаз оқымадың!»-деп, осылай үш мәрте айтады. Сонда ол кісі пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Сені шындықпен жіберген Аллаһпен ант етемін! Мен бұдан жақсырақ істей алмаймын. Сондықтан маған үйрет»-дейді. Ол (саллаллаһу алайһи уа саллам) оған: «Намазға тұрғаныңда тәкбір айт! Сосын жадыңдағы Құраннан жеңілдеуін оқы. Сосын беліңді бүгіп, денең жайланғанша (көтерілме). Сосын көтеріліп, тік тұр. Сосын сәжде жасап, денең жайланғанша (көтерілме). Кейін отырыс жасап, денең жайланғанша (сәжде жасама). Сосын сәжде жасап, денең жайланғанша (қиямға тұрма). Сосын намазыңның барлық рәкәтінда осылай істе!»-дейді[410].

Сәжде маңдай мен мұрынның, екі алақанның, екі тізенің, екі аяқ саусақтарының нәжіссіз таза жерге, құбылаға бағытталып қойылуымен іске асады.

Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(أمرت أن أسجد على سبعة أعظم، على الجبهة - وأشار بيده على أنفه - واليدين والركبتين وأطراف القدمين)

«Сәждені жеті мүшемен жасауым бұйырылды: қолымен мұрнын көрсетіп, маңдаймен, - деді, әрі екі қолмен, екі тіземен, екі аяқтың башпайларымен..»[411].

Наши рекомендации