Лттық өндіріс көлемдерін өлшеу.
Шет елдің оқулық әдебиеттерінде экономиканың даму ауқымының өлшем көрсеткіші – кірістер мен шығыстар бойынша анықталатын жалпы ұлттық өнім (ЖҰӨ) пайдаланылады. Кірістер бойынша ЖҰӨ-ні өлшеу мына элементтерді жинақтаумен жасалынады: 1) тұтынылған капиталдың көлемі (амортизациялық аударымдар); 2) бизнеске салынатын жанама салықтар; 3) жалдамалы жұмыскердің жалақысы; 4) ренталық төлемдер; 5) пайыздар (ақшалай капиталдың жеткізушілеріне жекеше бизнестің ақшалай табысын төлеу); 6) меншіктен (жеке жұмсалымдардан) түсетін табыстар; 7) корпорациялардың пайдасы (бұл пайдаға салынатын салық, дивидентдер, бөлінбеген пайда).
Шығыстар бойынша (яғни өнімнің бүкіл массасын сатып алу үшін субъектілер шығыстарының жиынтығы бойынша) ЖҰӨ мыналарды кіріктіреді: үй шаруашылықтарының, яғни елдің бүкіл халқының тұтыну шығыстарының көлемі – С (consume); жалпы жекеше ішкі инвестициялар – Іg (gross private domestic investment); тауарлар мен қызметтерді үкіметтің сатып алуы – G (government purchases of goods and services); Xn (net exports)– таза экспорт (экспорт көлемінің импорттан асып түсуі немесе, керісінше, «минус» белгісімен).
ЖҰӨ (GNP) = С+ Іg+ G+ Xn.
Бұл көрсеткіш қоғамдық өндірістің түпкілікті нәтижесін сипаттайды, ол айналым қорларының (капиталының) (бұл қорлардың қалыптасуы мен қозғалысында қаржы зор рөл атқарады) елеулі бөлігі болып келетін аралық өнімнің құнын кіріктірмейді. Сондықтан бұл оқулықта жалпықоғамдық өнімнің дәстүрлі формуласы алынды:
P=C+V+m
Экономиканың қорытындылаушы көрсеткіштерінің неғұрлым егжей-тегжейлі есеп-қисаптарын статистикалық органдар Ұлттық шоттар жүйесінде (ҰШЖ) ұдайы өндіріс үдерісінің түрлі стадияларында бұл көрсеткіштердің өз арасында өзара үйлесімде жүргізеді.
Ұдайы өндірістің әрбір стадиясына арнаулы шот немесе шоттар тобы сәйкес келеді. Мысалы, тауарлар мен қызметтер шоты; өндіріс шоты; кірістерді жасау шоты; кірістерді қайталама бөлу және қайта бөлу шоты; кірістерді пайдалану шоты; капиталмен жасалатын операциялар шоты.
Шоттар екі бөліктен тұрады: ресурстар және пайдалану.
ҰШЖ-да айрықшалықты терминология пайдаланылады:
негізгі бағалардағы шығарылым – есепті кезеңде экономикада өндірілген тауарлар мен қызметтердің жиынтық құны;
аралық тұтыну трансформацияланатын немесе өндіріс үдерісінде түгелдей тұтынылатын тауарлар мен қызметтердің құнын білдіреді;
жалпы қосылған құн – тауарлар мен қызметтер шығарылымы мен аралық тұтыну арасындағы айырма;
өнімдерге және импортқа салынатын салықтар – бизнеске салынатын жанама салықтар;
өнімдерге және импортқа берілетін субсидиялар –шаруашылық жүргізуші субъектілердің белгілі бір тауарлар мен қызметтерді өндіру шарты кезінде оларға мемлекеттік бюджеттен берілетін өтемақы төленбейтін төлемдер;
өндіріске салынатын салықтар – өндіріс факторларын (олардың мөлшері өндірістің көлемі мен рентабелділігіне тәуелді болмайды) пайдалану кезіндегі салықтардың сомасы; өндіріске берілетін субсидиялар; негізгі капиталды тұтыну – амортизациялық аударымдар.
ҰШЖ-ның маңызды көрсеткіші ІЖӨ елдің экономикалық кызметінің түпкілікті нәтижесін сипаттайтын ішкі жалпы өнім болып табылады. Ол салалардың қосылған құндарының сомасы ретінде есептеп шығарылады: негізгі бағалардағы шығарылымнан аралық тұтыну шегеріледі – жалпы қосылған құнның – ЖҚҚ-ның көрсеткіші шығады; ЖҚҚ-ға өнімдерге және импортқа салынатын салықтар қосылады және өнімдермен импортқа берілетін субсидиялар шегеріледі; жиыны – ІЖӨ.
ІЖӨ-ні есептеудің екінші тәсілі кірістерді сомалауда екендігінде: еңбекке ақы төлеуді, өндіріске және импортқа салынатын салықтарды, өндіріске берілетін субсидияларды, негізгі капитал мен таза табысты (пайданы) және таза аралас табыстарды тұтынуды. Соңғы көрсеткіш жиынтық түрде еңбекке ақы төлеуді және үй шаруашылықтары қызметінің табысын (пайдасын) бейнелейді.
«Басқа елдерден» (яғни басқа мемлекеттердің субъектілерінен) түскен немесе «басқа елдерге» берілген бастапқы табыстардың сальдосына (еңбекке ақы төлеу, өндіріске және импортқа салынатын салықтар, меншіктен түсетін табыстар бойынша) ІЖӨ-нің өзгеруі жалпы ұлттық табыстың көрсеткішін құрады.
Жалпы ұлттық табыс пен негізгі капиталды тұтыну көлемі арасындағы айырмашылық таза ұлттық табыс көрсеткіші болып табылады.
«Басқа елдерден» түскен немесе «басқа елдерге» берілген ағымдағы трансферттер сальдосына таза ұлттық табысты түзету таза ұлттық мүмкіндігі бар табысты қалыптастырады.
Таза ұлттық мүмкіндігі бар табыстан түпкілікті тұтыну мен таза жинақ ақшаның көлемдерікалыптасады:
«Басқа елдерден» алынған және «басқа елдерге» берілген күрделі трансферттердің мөлшеріне түзетілген таза жинақ ақша меншікті капиталдың таза құнындағы өзгеріс болып табылады. Негізгі капиталды тұтыну көлемімен және өндірілмеген қаржылық активтерді таза сатып алумен бірге сомада ол жалпы қорланым көрсеткішін құрады және таза қарыз алу сомасымен ішінара жабылуы мүмкін; жалпы қорланым көлемдерінің артылуы жағдайында таза кредиттеу мүмкін.
Түпкілікті тұтынуға жұмсалатын шығыстар үй шаруашылықтарының, үй шаруашылықтарына қызмет көрсететін коммерциялық емес ұйымдардың, мемлекеттік басқарудың шығыстарын кіріктіреді.
ҰШЖ-да ұлттық экономиканың мына секторлары бөлектеніп көрсетіледі:
қаржы институтына жатпайтын кәсіпорындар;
қаржы мекемелері;
мемлекеттік мекемелер;
үй шаруашылықтарына қызмет көрсететін коммерциялық емес ұйымдар.
Қызмет түрлері ұғымы пайдаланылады, мысалы: кен өндіру өнеркәсібі; өңдеу өнеркәсібі; электр қуатын, газды және суды өндіру және бөлу; құрылыс; көлік және байланыс; ауыл шаруашылығы, аң аулау және орман шаруашылығы; балық аулау, балық өсіру; сауда, автомобильдерді және үйде пайдаланылатын бұйымдарды жөндеу, қаржылық қызмет; жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар; жалға беру және кәсіпорындарға көрсетілетін қызметтер; мейманханалар мен мейрамханалар; мемлекеттік басқару; білім беру; денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер; басқадай коммуналдық, әлеуметтік және дербес қызметтер.
Статистикалық есепке алуда сондай-ақ қызмет түрлерінің немесе экономика салалары ретінде олардың топтарының атауларына рұқсат етіледі. Экономика секторларында, салаларында, қызмет түрлерінде институционалдық бірліктер (яғни шаруашылық жүргізуші субъектілер) деп аталатын, орындалатын функциялары және қаржыландыру көздері тұрғысынан біртекті, ұқсас мақсаттары бар ұқсас экономикалық бірліктердің жиынтығы топтастырылады, мұның өзі олардың ұқсас экономикалық тұрғысына себепші болады. Олар активтерге ие, міндеттеме қабылдайды, басқа бірліктермен экономикалық қызмет пен операцияларды жүзеге асырады. Заңи тұлғалар мен үй шаруашылықтары түріндегі жеке тұлғалар (немесе олардың топтары) институционалдық бірліктер бола алады.