Шипалы сулар мен олардың географиясы.
Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан қазақ даласы ерекше тау-тастарға, өсімдіктерге, суларға бай. Олар туралы әртүрлі аңыздар шертіліп, тарихи оқиғалар айтылады. Бүгін күллі қазақ білуі керек осындай ерекше сулар туралы сөз қозғамақпыз.
Минералды сулар
Табиғатта түрлі ауруларға шипа болатын минералды сулар болады. Бұл суларды ішу, шомылу арқылы емге пайдалану ертеден-ақ белгілі болған. Судың шипалық қасиеті ондағы еріген заттардың мөлшеріне қарай анықталады және олар салқын, жылы, ыстық күйінде кездеседі. Минералды сулар денедегі ісіктерге қарсы, жүйке жүйесін нығайту, қан тамырын кеңейту, өт пен ішті тазалау, тамақтың қалқанша безінің, өкпе-бауырдың қызметін жақсарту және т.б. көптеген ауруларды емдеу үшін қолданылады. Бүгінде Қазақстанда 100-ден астам минералды су көзі анықталып, көпшілігі ел игілігіне жаратылуда. Мысалы: "Алмаарасан", "Қапаларасан", "Сарыағаш", "Мерке" т.б. Соның біріне ғана тоқталайық.
"Алмаарасан" минералды суы. "Алмаарасан" – жер асты ыстық суы. Алматы облысы Қарасай ауданында (Алматы қаласынан оңтүстікке қарай 26 шақырым жерде) орналасқан. Құрамында кремний көп, яғни, емдік қасиеті бар суларға жатады. Судың өзіне тән иісі бар. 1951-53 жылдары бұрғыланған 5 ұңғымадан су өздігінен атқылап шыққан. Судың температурасы Цельсий шкаласы бойынша +33-38 градус. Алмаарасан минералды суы негізінде 1932 жылдан бері "Алмаарасан" шипажайы жұмыс істеуде. Онда аяқ-қол, буын, тері және асқазан ауруларын емдейді.
Артезиан сулары
Жер астынан артезиан суын пайдалану үшін құдық қазылады немесе бұрғыланған ұңғымалар жасалады. Қазақстанда артезиан құдығы ХІХ ғасырдан бастап қазылды. Артезиан құдығының қабырғасы берік болса шегенделмейді. Ал қабырғалары қиыршық тас, құм тас, малта тас немесе борпылдақ, сусымалы болса таспен, ағашпен шегенделеді. Қазіргі кезде арнаулы қондырғылармен жүздеген метр тереңдікке дейін бұрғыланып, темір немесе құйматас құбырлар орнатылу жұмыстары қолға алынған.
"Мыңжылдық" құдығы. Бұл – шамамен ХVІІІ ғасырда қазылған құдық. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданының Қурайлы даласында орналасқан. "Мыңжылдық құдығы" – қазақ даласындағы теңдесі жоқ құрылыс үлгісі. Құдықтың кіреберіс кеңдігі 20-25 метр арық ретінде қазылып, әр метр сайын 10 сантиметрге тереңдей беретін каналға айналған. Каналдың ұзындығы 400 метр жерді төмендете қаза келіп, 40 метрге тереңдегенде жер асты суына жетеді. Құдықтың айналасын мал су ішін шығатындай етіп, кеңейте қазған. Түбін тереңдете тазартып, кішкене көлшік жасаған. Суға баратын канал жолы да кең. Оған 5-6 жылқы қатарынан емін-еркін түсіп, өз бетімен су ішін шыға алады. Ел аузындағы аңызға сенсек, бұл құдықты Қабанбай батырдың жасағы жорық алдында аялдау үшін қаздырған екен. Шөл даладағы құдықтан түз тағылары мен жыртқыш аңдар да бір-біріне зиян тигізбей шөлін қандырады деседі.
Бұлақтар
Бұлақ – жер бетіне шығып жатқан табиғи жер асты су көзі. Ол таулы, қыратты аймақтарда, өзен, көл жағалауларында жиі кездеседі. Бұлақтың арынды және арынсыз деген түрлерінің болатындығын да айта кетейік. Онан басқа, таулы аймақтарда, қыраттарда жер астындағы кең көлемді жарықтарды бойлай өзен секілді ағып жер бетіне шығып жататын бұлақтың ерекше түрлері де кездеседі.
Арынсыз бұлақ – ылғалды жылдарда, көктемде қар ерігеннен кейін немесе жауын-шашынды кезеңдерде жер бетіне таяу жатқан жер асты суы деңгейінің көтерілуінен пайда болатын су көздері. Мұны әдетте "тұма" деп атап жатады. Құрғақшылық жылдары, ылғалсыз жаз айларында мұндай бұлақтың суы тартылып қалады.
Арынды бұлақ – жер асты суларынан бастау алып, сай-жылғаларда, өзен мен көл бойында немесе тау-тастардың терең жарықтарынан табиғи жолмен шығатын бұлақ. Бұл "қайнар" деп аталады. Арынды су көзінің шығымдылығы, температурасы, минералдылығы тұмаға қарағанда жыл маусымдарының барлық кезеңінде тұрақты келеді.
Суы мол, көлемі тұрақты бұлақтар Қазақстан жерінде Қаратауда (Оңтүстік Қазақстан), Ерейментауда (Орталық Қазақстан), Шыңғыс тауында, Жайық бойындағы Индер тауында, Үстіртте т.б аудандарда кездеседі. Кейбір өзендер осындай бұлақтардан бастау алып жатады.
Рахман қайнары. Бұл – Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданындағы шипалы жылы су көзі. Оңтүстік Алтай ойпатында, Арасан көлінің жағасында теңіз деңгейінен 1750 метр биіктікте орналасқан. Су граниттегі терең жарықтан шығады. Температурасы Цельсий шкаласымен +35-42 градус аралығында. Рахман қайнары – шиапалық қасиеті мен құрамындағы пайдалы элементтердің молдығымен ерекшеленеді. Оның суы асқазан, жүйке және тыныс ауруларына, әртүрлі жараларға, уды қайтаруға пайдалы. Суы тұщы келеді. Рахман қайнары биік тауда, орманның өте көрікті жерінде орналасқандықтан, 1925-1936 жылдары бұл жерде демалыс орны болған. Ал 1960 жылдан бастап шипажай жұмыс істей бастады.