І. Ғұсылды парыз қылатын жағдайлар

1. Шаһауаттық сезіммен шәуеттің бөлінуі. Әбу Саъид әл-Хұдри, Аллаһ тағала оған разы болсын, Аллаһтың елшісінің (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін айтты:

(إنما الماء من الماء)

«Суға түсу шәует бөлінсе ғана (жасалады)»[185].

Шәует ер кісінің бел сүйегі мен әйел кісінің кеуде сүйегінен бөлінеді. Шәует ер мен әйелінің жақындасуымен, не ұйқы кезінде, не құмартып қараумен және не өзін-өзі ләзаттандырумен бөлінеді. Үмму Салама, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

)جاءت أم سليم إلى النبي صلى اللّه عليه وسلم فقالت: يا رسول اللّه إن اللّه لا يستحي من الحق فهل على المرأة من غسل إذا احتلمت؟ فقال رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم: (نعم إذا رأت الماء). فقالت أم سلمة: يا رسول اللّه وتحتلم المرأة؟ فقال: (تَربَتْ يداك فبم يشبهها ولدها)

Үмму Сулайм, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) келіп былай дейді: «Аллаһтың елшісі-ау, әлбетте, Аллаһ тағала шындықты айтуда ұялмайды. Әйел кісі ұйқы кезінде жыныс ләззатын сезсе, ғұсыл құйынуы қажет пе?». Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Әрине, егер бөлініп шыққан су байқаса»-дейді. Сонда Үмму Салама одан: «Әй, Аллаһтың елшісі! Әйел кісіден су бөліне ме?»-деп сұрайды. Ол (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Әрине, әйтпесе, бала анасына қалай ұқсауы мүмкін?»-дейді[186].

Ұйқыдан оянғанда шәуеттің дымқылы байқалса, ғұсыл алынады. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

)سئل رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم عن الرجل يجد البلل ولا يذكر احتلاماً. قال: (يغتسل)

Аллаһтың елшісінен (саллаллаһу алайһи уа саллам) ұйқыдан оянған соң дымқыл байқап, алайда қашан бөлінгенін білмейтін адам жайында сұралады. Ол: «Ғұсыл құйынсын»-деп жауап береді[187].

Ал кімде-кім ұйықтап жатқанда шәуеттің бөлінгенін сезсе, алайда оянғанда ешқандай дымқыл көрмесе, ғұсыл құйынбайды.

Біреудің шәуеті ауырғандықтан, шаршағандықтан, ауыр көтергеннен, омыртқаға соққы тигеннен бөлінсе, ғұсыл құйынбайды. Шәуеті осындай жағдайлармен шыққан кісі шаһуат сезбегендіктен және тұла бойы сезімнен дірілдемегендіктен «жүніп» үкіміне кірмейді. Ал Құран аятында: «..Егер жүніп болсаңдар..»-делінген[188].

Мужаһид айтады:

)بيننا نحن أصحاب ابن عباس حلق في المسجد، طاووس، وسعيد بن جبير، وعكرمة، وابن عباس قائم يصلي، إذ وقف علينا رجل فقال: هل من مُفتٍ؟ فقلنا: سل. فقال: إني كلما بلت تبعه الماء الدافق، قلنا: الذي يكون منه الولد؟ قال: نعم، قلنا: عليك الغسل، قال: فولى الرجل وهو يرجع، قال: وعجل ابن عباس في صلاته، ثم قال لعكرمة: عليَّ بالرجل، وأقبل علينا فقال: أرأيتم ما أفتيتم به هذا الرجل عن كتاب اللّه؟ قلنا: لا، قال: فعن رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم؟ قلنا: لا، قال: فعن أصحاب رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم؟ قلنا: لا، قال: فعمَّه؟ قلنا: عن رأينا، قال: فلذلك قال رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم: فقيه واحد أشد على الشيطان من ألف عابد. قال: وجاء الرجل، فأقبل عليه ابن عباس فقال: أرأيت إذا كان ذلك منك أتجد شهوة في قبلك؟ قال: لا، قال: فهل تجد خدراً في جسدك؟ قال: لا، قال: إنما هي إبردة يجزيك منها الوضوء(

«Біз мешіт ішінде Ибн Аббастың қасында, Аллаһ тағала оған разы болсын, білім алып отырған ізбасарлары едік: Тауыс, Саъид ибн Жубайр және Икрима. Ибн Аббас намазда тұрғанда алдымызға бір кісі келіп:«Пәтуа беруші бар ма?»-деді. Біз оған:«Сұра»-дедік. Ол:«Мен кіші дәрет сындырғанда зәрден кейін шәует шығады»-деді. Біз:«Бала пайда болатын суды айтып тұрсың ба?»-деп сұрадық. Ол:«Иә»-деді, біз оған:«Саған ғұсыл алу керек»-дедік. Ол кісі кетіп қалады. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, намазын тездетіп аяқтады да Икримаға:«Әлгі кісіні маған алып кел»-деді. Кейін бізге жақындап:«Әлгі кісіге берген пәтуәләріңді Аллаһтың кітабынан көрдіңдер ме?»-деп сұрайды. Біз:«Жоқ»-дедік. Ол:«Аллаһтың елшісінен (саллаллаһу алайһи уа саллам) естідіңдер ме?»-деп сұрайды, біз:«Жоқ»-дедік. Ол:«Сахабалардан естідіңдер ме?»-деп сұрайды, біз:«Жоқ»-дедік. Ол:«Онда қайдан алдыңдар?»-деді. Біз:«Көзқарасымыз солай болды»-дедік. Сонда ол былай деді:«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам):«Құлшылық жасаушы кәдімгі мың адамға қарағанда бір фақиһ адам шайтанға ауыр келеді»-деп, бекер айтпапты,-дейді.Әлгі кісі келген соң, Ибн Аббас оған жақындап: «Сенен ол нәрсе бөлінгенде шәһуат сезесің бе?»-деп сұрады. Ол:«Жоқ»-деді. Ибн Аббас одан:«Денеңде бір нәрсе (діріл) сезесің бе?»-деп сұрады. Ол:«Жоқ»-деді. Ибн Аббас:«Бұл - суық тигеннен. Дәрет алсаң, жеткілікті»-деді.

2. Екі мүшенің кездесуі. Тіпті, су бөлініп шықпаса да. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, пайғамбардың (саллаллаһу алайһи уа саллам) былай дегенін жеткізді:

(إذا قعد بين شُعبها الأربع، ثم مسّ الختان الختان، فقد وجب الغسل)

«Ер кісі әйелінің қолдары мен аяқтарының шырмауында отырғанда мүше мүшеге енсе, ғұсыл уәжіп болады»[189].

Айша анамыздан жеткен тағы бір хадисте былай делінеді:

)إذا التقى الختانان فقد وجب الغسل و إن لم ينزل(

«Екі мүше кездессе, ғұсыл уәжіп болады, тіпті шәует бөлінбесе»[190].

3. Хайыз бен нифас тоқтағанда. Аллаһ тағала айтады:

﴿وَيَسْأَلُونَكَ عَنِ الْمَحِيضِ قُلْ هُوَ أَذًى فَاعْتَزِلُواْ النِّسَاء فِي الْمَحِيضِ وَلاَ تَقْرَبُوهُنَّ حَتَّىَ يَطْهُرْنَ فَإِذَا تَطَهَّرْنَ فَأْتُوهُنَّ مِنْ حَيْثُ أَمَرَكُمُ اللّهُ إِنَّ اللّهَ يُحِبُّ التَّوَّابِينَ وَيُحِبُّ الْمُتَطَهِّرِينَ﴾

«(Әй, пайғамбар!)Олар сенен етеккір жайында сұрайды. Ол сүйкімсіз нәрсе,-деп айт, еттеккір кезінде әйелдеріңе (төсектік қатынасқа) жоламаңдар, әрі етеккірден тазармайынша оларға жақындаспаңдар. Ал тазарған кездерінде өздеріңе Аллаһ бұйырған жерінен жақындасыңдар. Расында, Аллаһ тәубашілар мен тазарушыларды жақсы көреді»[191].

4. Өлген мұсылманды жуындыру. Ибн Аббас, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

)أن رجلاً كان مع النبي صلى اللّه عليه وسلم فوقصته ناقته وهو محرم فمات فقال رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم: (اغسلوه بماء وسِدْر)

Пайғамбармен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге келе жатқан ихрамдағы бір кісіні түйесі жығып кетеді де мойны үзіліп, мерт болады. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам): «Оны сумен және сидрмен[192] жуындырыңдар»-дейді[193].

Наши рекомендации