Ажылықтың әдептері

1 -Қажылыққа шығардан бұрын тәубә келтіру.

2 -Отбасымен қоштасу және қамқоршысынан сұрану. Хаттаб ұлы Омар, Аллаһ тағала оған разы болсын, умраға бару үшін пайғамбардан (саллаллаһу алайһи уа саллам) рұқсат сұрайды. Сонда Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) оған:

(أي أخي أشركنا في دعائك ولا تنسنا)

«Әй, бауырым, бізді дұғаңнан мақрұм қалдырма және бізді ұмытпа»-дейді[1224].

3 -Қажылыққа бейсенбі күні шығу. Каъб ибн Мәлик, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(قلما كان رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم يخرج في سفر إلا يوم الخميس)

«Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) кейбір сапарында болмаса, жолға көбінесе бейсенбі күні шығатын»[1225].

4 -Дәретті сақтау.

5 -Қаражатты мол жұмсау.

6 -Көп садақа беру.

Бесінші бөлім: Қажылықтың түрлері

Негізінде, шариғатта қажылықтың үш түрі заңды. Айша анамыз, Аллаһ тағала оған разы болсын, былай деді:

(خرجنا مع رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم عام حَجّة الوداع، فمنا من أهلّ بعمرة، ومنا من أهل بحجة وعمرة، ومنا من أهلّ بالحج، وأهل رسول اللّه صلى اللّه عليه وسلم بالحج، فأما من أهلّ بالحج، أو جمع الحج والعمرة، لم يحِّلوا حتى كان يوم النحر)

«Қоштасу қажылығы атқарылатын жылы Аллаһтың елшісімен (саллаллаһу алайһи уа саллам) бірге жолға қажылық үшін жолға шықтық. Арамызда біреулер ихрамға умра үшін ғана кірді, енді біреулер ихрамға қажылық пен умраны бірге атқару үшін кірді. Тағы біреулер ихрамға қажылық үшін ғана кірді. Аллаһтың елшісі (саллаллаһу алайһи уа саллам) ихрамға қажылық үшін кірді. Қажылық үшін ихрамға кіргендер де, қажылық пен умраны қосқандар да құрбан шалынатын күнге дейін ихрамнан шықпаған еді»[1226].

Бірінші: Ифрад қажылығы

"الإفراد" - «ифрад»сөзінің тілдік мағынасы: бөлектеу, жекелеу. Ал шариғаттық тұрғыда ифрад қажылығы дегеніміз - ихрамға қажылықты ғана атқару үшін кіру.Ифрад қажылығын орындаушы кісі қажылығын толық аяқтамайынша умра жасамайды.

Жасалу жолы

Ифрад қажылығына ниет еткен кісі ихрамға кірудің алдында:

- Ғұсыл құйынады немесе дәрет алады. Әрине, дәретке қарағанда ғұсыл құйынғаны абзал.

- Сосын жаңа немесе жуылған ихрам киімін киініп, әтір себінеді.

- Сосын екі рәкат ихрам намазын оқиды. Намаз мәкрүһ емес уақытта оқылуы қажет. Намаз оқыған соң: «Аллаһым, қажылықты атқаруға ниет етемін. Маған оны жеңіл атқаруымды нәсіп етіп, оны менен қабыл ала гөр. Аллаһым! Қажылықты атқаруым үшін алдыңда тұрмын»-дейді. Бұл сөздің арапша мәтіні:

"اللّهم إني أريد الحج فيسره لي وتقبله مني لبيك اللّهم بحجةً"

- Ниеттеніп тәлбия айтуымен ихрамға кіреді. Енді оған қажылығын аяқтағанша қажылықты бұзатын сөздер мен істерден мүлде тыйылуы парыз.

- Меккеге кіргенде қолындағы заттарын қауіпсіз жерге тапсырып, ал-Харам мешітіне бет алады. Меккеге кіргенде жасалатын дұға: «Аллаһым, бұл - Сенің құлдарыңа арнаған қасиетті және қаіуіпсіз орның. Мені отқа арам етіп, құлдарыңды қайта тірілтетін күні мені азабыңнан аман алып қалшы. Сондай-ақ мені достарың мен бой ұсынушы құлдарыңнан қылшы». Дұғаның арапша мәтіні:

"اللهم هذا حرمك و أمنك فحرمني على النار وآمني من عذابك يوم تبعث عبادك واجعلني من أوليائك وأهل طاعتك"

Меккеге кірген соң Аллаһ тағаланың алдына келгенін есінен шығармай ал-Харам мешітіне жуасыған және бой ұсынған күйде кіреді. Қағба көзіне көрінген бетте үш мәрте тәкбір және тәһлил[1227] сөздерін айтып, Аллаһ тағаладан қалаған дұғасын тілейді. Өйткені бұл жағдайда дұғаның қабыл болуы үміт етіледі.

- Сосын келу тауафын жасайды. Мұнысы - Қағбаға сәлемдесекені. Тауафы қара тастың тұсынан басталады. Қара тасқа бағытталған қалыпта намаз кезінде секілді қолдарын көтеріп, тәкбір және тәһлил сөздерін айтады. Сосын алақандарын қара тасқа тигізеді және сүйеді. Бұл істерді қолдан келгенше орындауы қажет. Айналасындағы адамдарға зиян тигізуі күнә саналады. Сосын Қағбаны қара тастың тұсынан сағат тіліне қарсы бағытта айналуын бастайды. Қағбаны жеті мәрте айналады. Қағбаны айналғанда оның Ирактік қыры мен Сириялық қырына қарама-қарсы орналасқан Хижр дуалының сыртынан айналады. Өйткені Хижр дуалы Қағбаның бөлігі саналады. Әр айналымның кезінде қара тас пен йемендік қырға қолдарын тигізеді. Тауафты қара тастың тұсында бастағанындай қара тастың тұсында оны ұстауымен аяқтайды. Сосын «Мақам ал-Ибраһим»-нің артында екі рәкат намаз оқиды. Адамдардың көптігінен оның артында намаз оқуы мүмкін болмаса, оны басқа қолайлы жерде оқуына болады. Кім келу тауафын жасамастан Арафаға барып тұрса, келу тауафы мойнынан түседі және бұл үшін ешнәрсе өтемейді.

- Сосын Сафа мен Маруа арасындағы жүрісті атқарады. Сафа мен Маруа арасындағы әрі-бері жасалатын жүрістердің жалпы саны - жетеу. Сафа мен Маруаның әрқайсысына жеткен кезде оларға көтеріледі. Қағбаға бағытталып, тәкбір және тәһлил айтады, дұға жасайды. Сондай-ақ пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) салауат тілейді. Сафа мен Маруа арасында белгіленген екі жасыл сызықтың арасында жеңіл жүгіріс жасайды. Сафа мен Маруа арасындағы жүрісі Сафадан басталып, Маруада аяқталады.

- Сосын Меккеде тұрақтайды. Қолдан келгенше Қағбаны қайта-қайта тауап етуіне болады.

- Зүлхижжаның сегізінде Минаға барып, сонда қонады. Бесін, екінді, ақшам, құптан және таң намаздарын Минада оқиды.

- Зүлхижжаның тоғызында Арафаға қозғалады. Бесін азаны шақырылған соң имамның құтпасын тыңдайды. Сосын бесін мен екінді намаздарын тақдим сипатында қосып оқиды. Әрқайсысына қамат жеке айтылып, екеуі де қысқартылып оқылады. Арафадағы тұрысқа кірісерден бұрын ғұсыл құйынғаны мустахап. Сосын Арафадағы тұрыс орнына барады. Аллаһ тағаланы зікір етуімен және Оған жалбарынумен онда ұзақ тұрады.

- Күн батқанда адамдар имаммен бірге асықпай Мүздәлифаға қозғалады. Мүздәлифаға келгенде Қузах тауының қасында тоқтаған мустахап. Мұнда имам адамдармен бірге бір азанмен және бір қаматпен ақшам мен құптанды та'хир сипатында қосып оқиды. Құптан намазы қысқартылып оқылады.

- Құрбан шалынатын күннің таң намазын имам адамдармен таң сәріде (ертеректеу) оқиды. Өйткені Мүздәлифада тұру уақыты таң атқанда басталады. Сосын таң атқаннан күн шыққанша адамдармен бірге Мүздәлифада тұрып, тәкбір және тәһлил айтады. Тәлбия айтып дұға жасайды. Пайғамбарға (саллаллаһу алайһи уа саллам) салауат тілейді. Сосын Мүздәлифадан жетпіс ұсақ тас теріп алады.

- Сосын күн шықпастан имам адамдармен бірге Минаға қозғалады. Минаға келгенде сайдың ортасында түсіп Ақаба жамратына терген тастарының жетеуін жеке-жеке лақтырады. Бірінші тасты лақтырарда тәлбия айтуын тоқтатады. Әр тасты тәкбір айтып лақтырады. Тас лақтырған соң онда тұрмайды.

- Сосын еркі қаласа, мал шалады.

- Сосын шашын толық алады немесе саусақ ұшындай мөлшерде шашын қысқартады. Шашын толық алдырғаны абзал. Бұдан кейін қажылық кезінде тыйым салынған нәрселердің бәрі, әйеліне жақындаудан басқасы, рұқсат етіледі.

- Сосын айт күні Меккеге келіп, Қағбаны жеті мәрте айналуымен тауаф ал-ифаданы орындайды. Оның алғашқы үш айналымын ер адам оң иығын ашық ұстап, жеңіл жүгіріспен орындайды. Сосын Сафа мен Маруа арасындағы жүрісті атқарады, әрине, егер оны келу тауафынан кейін атқармаған болса. Тауафты зүлхижжаның он бірінші, он екінші және он үшінші күндерінен кешіктіру мәкрүһ. Кім тауафты бұл күндерден кешіктірп атқарса, қой шалуы уәжіп.

- Сосын Минаға оралады. Минада қалған тастарын үш жамаратқа лақтыру үшін тоқтайды. Тас лақтыру уақыты он екінші зүлхижжаның тал түсінен кейін кіреді. Алдымен, кіші жамаратқа жеті тас лақтырады. Оның қасында тұрып дұға жасайды. Сосын орта жамаратқа барып, оған жеті тас лақтырады. Оның қасында да тұрып дұға жасайды. Сосын Ақаба жамратына жеті тас лақтырады. Мұнда тұрмайды.

- Сосын он үшінші зүлхижжада тал түстен кейін тас лақтыру рәсімін жалғастырады. Үш жамаратқа жеті тастан лақтырады және кіші жамарат пен орта жамараттың қасында дұға жасайды. Бұдан кейін оған асыққан болса, Меккеге түсуіне болады. Асықпаған болса, келесі күнге қалып, тал түстен кейін қалған тастарын лақтырады. Сосын Меккеге түсерінде Мухассаб сайында сәл тұрып дұға жасауына болады.

- Сосын еліне оралуды қаласа, Қағбаны жеті мәрте айналуымен қоштасу тауафын атқарады. Бұл тауафты орындауы уәжіп. Осылайша қажылықты аяқтап, еліне оралады.

Ескерту:Әйелдер ер кісілер секілді тауафтың алғашқы үш айналымы мен Сафа мен Маруа арасындаға екі жасыл сызықтың арасында жеңіл жүгіріс жасамайды. Сондай-ақ тәлбия айтқанда дауыстарын көтермейді. Шашын толық алмайды, тек саусақ ұшындай көлемін қысқартады. Ер кісілерден тағы бір айырмашылығы, олар ихрамда тігілген киім және аяқкиім киеді. Қажылық кезінде етеккірі келген әйелдер тауафты қоспағандағы қажылықтың бүкіл амалдарын жасауына болады.

Наши рекомендации