ШыҒыс мӘселесі. Ұлт-азаттыҚ кӨтерілістер

Ырым соғысы

Шығыс мәселесіндегі ең маңызды, ең айтулы оқиға саналатын Қырым соғысы 1853-1856 жж. аралығында болды. Соғыстың басты мақсаты Еупора мемлекеттерінің Ресей ықпалынан арылу саясаты болатын. Сонымен қатар Қырым соғысына түрткі болған жағдайлардың қатарына орыс патшасы Николай І-нің тәжірбиесіз дипломатиясын да жатқызуға болады. ХІХ ғасырдың 40-жылдары Ресей билеуші таптары Осман империясындағы дағдарысты тым асыра бағалап, Балкандағы статус-кво саясатынан бас тарту арқылы Түркияны бөліске салуды ұсынды. Осыған байланысты Ресей Англия үкіметімен одақтасуды жөн көрді. Алайда Ресейдің Еуропадағы ықпалының күшеюінен сескенген ағылшын дипломатиясы әуелде жасырын позицияны, кейіннен ашық түрде қарсылық білдірген ұстанымда болды. 1849-1851 жж. Еуропа дипломатиясында Ресейге қарсы ағылшын-француз коалициясы құрылды. Францияның ұлттық мүддесі орыс патшасының Константинопольдегі ықпалын басу және Наполеон ІІІ-нің билік басындағы беделін көтеруінен көрініс тапты. Ресей мен Франция арасындағы қақтығыс Палестинадағы католиктік немесе православты шіркеудің үстемдігінен басталып, одан әрі түрік сұлтанына деген әсері үшін басталастыққа ұласты. Орыс-француз қарулы шиеленісі 1851 жылы Наполеон ІІІ-нің әскери-теңіз демонстрациясының көмегімен жүзеге асқан дипломатиялық демаршымен басталды. Бұған жауап ретінде Николай І Костантинопольге князь Меншиковты жіберіп, Осман Портасына талаптар қояды. Ультиматум бойынша Ресей әскерінің Түркиядағы славян халықтарының қозғалысына араласу құқығы берілуі тиіс еді. Дипломатиялық демаршын күшейту мақсатында 1853 жылы шілдеде Дунай аймағына орыс әскерін кіргізеді. Сол жылы 29 қыркүйекте Абдул-Меджида I сұлтан соғыс жайында баяндайтын хатт-и-хумаюн жариялады. 2 қарашада Николай І әскери манифестін жариялап, соғыс басталып кетеді. Түркияның әлсіздігімен басталған бұл соғыс кейіннен ірі державалардың Ресейге қарсы қақтығысына айналады. 1854 жылы наурызда ағылшын-француз-түрік әскери одағына қол қойылды, ал 27-28 наурызда сәйесінше Батыс державаларының Ресейге соғыс ашуы орын алды. Сәл кейінірек Сардиния (Пьемонт) Батыс Еуропа мемлекеттерінің одағына қосылды. Австрия бейтарап позицияны жариялай тұра, кез келген уақытта державалардың одағына кіруге даяр екенін білдірді. Осындай жағдайда Ниолай І Еуропалық мемлекеттерден құралған ірі коалицияға қарсы тұруға мәжбүр болды. Күштер бөлінісі жағынан Ресей әлдеқайда әлсіз екені айтпай-ақ белгілі. Қос тараптың арасындағы қарулы қақтығыстар Кавказ, Дунай княздықтарында, Балтық, Қара, Азов, Ақ және Баренц теңіздерінде, сонымен қатар Камчаткада орын алды. Ең шиеленіскен шешуші қарулы шайқас Қырымда болды. Севастопольдегі жеңілістен кейін Ресей әскері әбден қажыды. Бұл соғысты бұдан әрі жүргізудің мәні жоқ еді. Сондықтан бейбіт келіссөздер жүргізу мақсатында одақтас мемлекеттер мен Ресей 1856 жылы ақпан-наурыз айларында Париж конгресіне жиналды. Бас қосуда негізгі қатысушылар – Ресей, Франция, Англия, Австрия, Түркия, Сардиния және Пруссия – 1856 жылы 30 наурызда қорытынды құжатқа қол қойды. Қырым соғысы Ресейдің Қара теңіздегі осы уақытқа дейін жиып келген ықпалын әлсіретіп жіберіп, осы аймақтағы күштердің орналасуын жаңадан айқындап берді.

Мәселен, Англияны Қырым соғысының нәтижелері аса қанағаттандыра қоймады. Дегенмен де ағылшын үкіметі соғыстан кейін біраз жетістікке жетті: Англияның Түркиядағы ықпалы күшейді, Ресей саясатының Балкан және Таяу Шығыс аймағына араласуы шектелді. Англияның Шығыс мәселесіне қатысты статус-кво саясаты бұрынғыша сақталды, алайда ол Осман империясының сақталуын қадағалайтын әрі ресейлік саясатқа қарсы тұра алатын жаңашыл бағыттармен толықтырылған болатын.

Франция үшін Қырым соғысындағы жеңіс Англиямен салыстырғанда 5 есе көп шығын әкелді. Есесіне осы соғыс қорытындысымен Францияның Екінші империя режимі күшейді. Шығыс мәселесіне қатысты француз үкіметі иеліктік артықшылықтарған ие бола алмады. 1860 жылы Наполеон ІІІ «ұлттар қағидасын» енгізді. Ол идея жалпы халықтардың теңдігіне, өзін-өзі билеу саясатына негізделді. Наполеонның мұндай саясаты Осман империясында славян халықтарының ұлт-азаттық көтерілісіне қатт әсерін тигізді.

Қырым соғысы Шығыс мәселесіне қатысты Австрия мен Ресейдің арасындағы саяси ынтымақтастықты шектеп берді. Балкан түбегіндегі мақсаты әрі ұстанымы бірдей бұл мемлекеттер бір-біріне қарама-қайшы екі жолмен кетті. Франция не Англия сияқты Автро-Венгрия Түркияның жер иеліктеріне қол сұға алмады, сондықтан Габсбургтер христиан халықтарының қорғаушысы есебінде осы аймақтағы позициясын нығайта берді. Осман империясының құрамындағы халықтардың азаттығын желеу етіп, басты саяси бағытын Босния мен Герцоговинаға бағыштады.

Германияның осы кездегі саясаты Пруссияның бастамасымен бытыраңқы герман иеліктерін бір орталыққа бағындырып, ұлы мемлекет құру болатын. Отто фон Бисмарк Германияның Шығыс мәселесіндегі ұстанымы бейтарап екенін мәлімдеп отырды. Шын мәнісінде Германияны Осман империясының бөлінісі немесе ондағы статус-кво саясаты аландатпады. Өз әрекеттерімен неміс үкіметі ондағы славян халықтарының көтерілісін мойындап, колдау көрсетіп отырды. Бұл ұстаным тікелей Австрия мен Ресейді және өзге ірі державаларды әлсірету мақсатында жасалған болатын.

Ресей үшін Қырым соғысындағы жеңіліс оның сыртқы сасатындағы Горчаков бастаған жаңа бағыттың негізін қалап берді. Сан түрлі ішкі саяси мәселелер мен халықаралық қоршау саясаты Ресейдің жағдайын мәжбүрлі түрде тежеп отырды. Орыс дипломатиясы Балкан түбегіндегі мүддесінен бір уақытқа қол үзді. Ендігі кезекте Ресей жай ғана бейбітсүйгіш мемлекет ретінде Шығыс мәселесіне қатысты тыныштық саясатын ұстанды.

Наши рекомендации