Дыбыс-бейнежазу туындысына авторлық құқықтың ерекшеліктері

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) автор - шығармашылық еңбегімен ғылым, әдебиет, өнер туындысын жасаған жеке тұлға;
2) авторлық құқық - автордың жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтары;
3) авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралы - туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қол жеткізуді бақылайтын, автор, сабақтас құқықтар иесі немесе өзге де айрықша құқықтар иесі туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қатысты рұқсат етпеген іс-әрекеттерді жүзеге асыруды болғызбайтын не шектейтін техникалық (бағдарламалық-техникалық) құрылғы немесе оның компоненттері;
4) авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектiсiнiң контрафактiлiк данасы – жасалуы, таратылуы немесе өзгедей пайдаланылуы осы Заңның ережелерiне не Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларына орай авторлық құқықтың және (немесе) сабақтас құқықтардың бұзылуына әкеп соғатын туындының, жазылған орындаушылықтың, фонограмманың, эфирлiк және кәбiлдiк хабар тарату ұйымдары хабарының данасы. Құқық иеленушiнiң рұқсатынсыз құқықтарды басқару туралы ақпараты жойылған немесе өзгертiлген не авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралдарын айналып өтуге мүмкiндiк беретiн заңсыз пайдаланылатын құрылғылардың көмегiмен жасалған авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектiлерi де контрафактiлiк болып танылады;
5) авторлық шарт – нысанасы бір немесе бірнеше авторлық құқық объектілерін пайдалануға мүліктік құқықтарды беру болып табылатын шарт. Авторлық шарт лицензиялық шарттың бір түрі болып табылады;
6) айрықша емес құқық - осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, автордың немесе өзге құқық иеленушінің тиісті рұқсатымен басқа адамдардың құқық иеленушімен бір мезгілде туындыны, орындаушылықты, қойылымды, фонограмманы, эфирлік және кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарын пайдалана алатын құқығы;
7) айрықша құқық - автордың немесе өзге құқық иеленушінің туындыны, орындаушылықты, қойылымды, фонограмманы, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарын осы Заңда белгіленген мерзім ішінде өз қалауы бойынша кез келген әдіспен пайдалануға мүліктік құқығы;
8) аккредиттеу - ұжымдық басқару салаларында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың осы Заңда белгіленген заңды құқықтарын уәкілетті органның ресми тану рәсімі;
8-1) ақпараттық-коммуникациялық желі – ақпараттық жүйелер арасындағы немесе олардың құрамдастары арасындағы өзара іс-қимылды, сондай-ақ ақпараттық ресурстарды беруді қамтамасыз ететін техникалық және аппараттық-бағдарламалық құралдардың жиынтығы;
9) деректер базасы - деректер электронды-есептеу машинасының (бұдан әрі - ЭЕМ) көмегімен табылатындай және өңделетіндей етіп жүйеге түсірілген материалдардың іріктелуі және (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектің нәтижесін білдіретін деректер (мақалалар, есептер, фактілер және басқалар) жиынтығы. Деректер базасы ұғымы оның көмегімен деректер базасының материалдарына электрондық қол жеткізуді жүзеге асыруға болатын ЭЕМ-ге арналған бағдарламаға қолданылмайды;
10) дыбыстау-бейнелеу туындысы - тиісті техникалық құрылғылардың көмегімен көріп және естіп (дыбыспен берілетін жағдайда) қабылдауға арналған өзара байланысты кадрлардың немесе бейнелердің (дыбыспен сүйемелдеп немесе сүйемелдемей) түсірілген сериясынан құралатын туынды. Дыбыстау-бейнелеу туындылары кинематографиялық туындыларды және бастапқы немесе одан кейінгі түсірілу тәсіліне қарамастан, кинематография құралдарына ұқсас құралдармен бейнеленген туындылардың барлығын (телефильмдерді және бейнефильмдерді, диафильмдер мен слайдфильмдерді және сол сияқты туындыларды) қамтиды;
11) дыбыстау-бейнелеу туындысын шығарушы - осындай туындыны жасаудың бастамасы мен жауапкершілігін мойнына алған жеке немесе заңды тұлға. Өзге дәлелдемелер болмаған кезде, осы туындыда есімі немесе атауы белгіленген тұлға дыбыстау-бейнелеу туындысын шығарушы деп танылады;
12) жазу - дыбыстарды және (немесе) бейнелерді техникалық құралдардың көмегімен оларды бірнеше қайтара қабылдауға, қайта шығаруға немесе хабарлауға мүмкіндік беретін қандай да бір материалдық нысанда жазып алу;
13) жалпы жұрттың назарына жеткізу - авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін көпшілік оларға өзінің жеке қалауы бойынша кез келген жерден және кез келген уақытта (интерактивтік режимде) қол жеткізуді жүзеге асыра алатын сым арқылы немесе сымсыз байланыс құралдарымен хабарлау;
14) жариялау - автордың не авторлық немесе сабақтас құқықтар объектілеріне өзге құқық иеленушінің келісімімен туындының, орындаушылық жазбасының немесе фонограмманың даналарын көпшіліктің орынды қажеттіліктерін қанағаттандыратын мөлшерде көпшілікке ұсыну;

Наши рекомендации