Ііі-модуль. жаҢа замандаҒы ҚазаҚстан
12. Дәріс тақырыбы: Қазақстан Ресей империясының құрамында.
.
Дәріс жоспары:
1.ХVІІІ ғ. І-ширегіндегі Қазақстанның ішкі және сыртқы саяси жағдайы. Әбілқайыр хан саясаты.
2. Ресейдің Қазақстандағы әкімшілік реформалары және оның салдары.(1822ж., 1824ж.,)
1.ХVІІІ ғ. І-ширегіндегі Қазақстанның ішкі және сыртқы саяси жағдайы.
Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси жағдайы қазақтың билеуші тобының Ресеймен жақындаса түсуіне түрткі болды. Тәуке хан өлгеннен кейін қазақ хандығының ішкі жағдайы қиындай түсті. Тәукенің орнына Қайып сұлтан аға хан болды. Кіші жүздегі иеліктердің бірін билейтін Әбілқайыр хан өзінің Қайыпқа бағынышты, оған тәуелді екенін мойындайды. Бірақ көп ұзамай-ақ 1723 жылы аға ханның атағын Әбілқайыр алады.
Орта жүз бен Кіші жүздің көптеген билері де Әбілхайырды хан деп танымады, осының салдарынан қазақ жері жеке-жеке хандық, сұлтандық иеліктерге бөлініп кетті. Қазақтың ішкі саяси жағдайының тұрақсыздығы мен феодалдық бытыраңқылығын пайдаланған жоңғар феодалдары қазақ жеріне басып кірді. 1723 жылы басталған бұл жойқын, әрі тұтқиылдан шабуыл Қазақ хандығының берекесін кетірді. Сондықтан да, Әбілқайыр хан сыртқы шапқыншылықтардан қорғану үшін және хан билігін нығайтуға қажет күшті тіректі солтүстік-батыстағы көршісі – Ресей мемлекетінен іздеуге мәжбүр болды. Әбілқайырдың Түркістаннан Ырғыз жағына кетіп қалуы, Кіші жүз жеріне Ресейдің қол астындағы қалмақ пен башқұрт феодалдарының қазақ жеріне тынымсыз шабуылдарын күшейтті.
Ресей патшасына бодан болуы туралы 1730 жылы қыркүйектің 8 күні хат жазып, елшісі Сейітқұл мен Құттымбетті орыс мемлекетінің астанасы Петербургке жіберді.
Әбілқайырдың бұл тілегін Анна Ионовнаның үкіметі қабылдап, қазақтарды Ресейдің қарамағына алуға ұйғарды. Содан соң 1731 жылы 19 ақпанда императрица Аннаның Әбілқайыр ханға және бүкіл қазақ халқына олардың Ресей бодандығына қабылданғаны туралы грамотасын тапсыру үшін және Кіші жүз қазақтарынан ант алуға Сыртқы істер коллегиясының тілмашы әрі дипломат А.И.Тевкелев басқарған елшілері келді. Елшілер Қазақстанның Ресей қоластына алынғандығы туралы Ресей патшасы Анна Ионовнаның Әбілқайыр атына жазылған грамотасы мен қазақ сұлтандары үшін көптеген сый-тартулар алып келеді.
1731 жылы қазан айының 7-10 күндері Кіші жүздің ханы Әбілхайыр бас болып 27 сұлтан Ресейдің қол астына бодан болғандығын сендіріп ант берді. Мұның өзі қазақтардың Ресейге қосылуының алғашқы кезеңі еді. Кіші жүз ханы Әбілқайырдың Ресейге кіруіне Кіші жүз бен Орта жүз сұлтандары мен билері қарсы болды.
1735 ж. желтоқсанның аяғында Орта жүздің Ресей қол астына қабылдануын қуаттаған жаңадан сайланған Күшік хан мен Барақ сұлтан Орта жүзге Ресей елшілігін жіберуді өтінді. Орта жүздің ханы Әбілмәмбет 1740 жылы Ресейге қосылу жөнінде Орынборда ант берді.
ХҮІІІ ғ. соңы мен ХІХ ғ. бірінші жартысындағы Қазақстан. 1734 жылы Кириллов экспедициясын Орынбор өлкесіне аттандырып жатып, патша үкіметі оның алдына мынандай талаптар қояды:
- қазақ даласымен сауда байланысын күшейте отырып, қазақтарды тәуелді ету;
- қазақ даласы мен башқұрттардың шекарасынан Орынбор қаласын тұрғызып, оған орыс адамдарын қоныстандыру;
- қандай тәсілмен болса да, қайырымды болып көріну, немесе сыйлықтар беру арқылы, күш көрсету немесе үнемі үрейде ұстау арқылы болса да, әйтеуір қалай да қазақтарды мойынсұндырып, ырыққа көндіру;
- Жайық өзенін бойлай қазақтар өте алмайтындай етіп әскери бекіністердің шебін салу;
- алтын және басқада бағалы кен орындарын іздеп тауып, зауыт салу. Орта Азия мен сауда жүргізу және Арал теңізде кеме қатынастарын орнату;
- қазақтар мен башқұрттарды үнемі бақылауда ұстау;
- егер олардан патша үкіметінің жүргізген саясатына қарсылық білдірген толқулар білінсе, оларды бір-біріне айдап салып, өзара қырқыстыру.
Осы 1731 жылғы келісімді көп ұзамай Ресей патшалығы бұзды. Ресейге бағынышты қалмақтардың, башқұрттардың, казак-орыстардың қазақ еліне шабуылы тоқтаған жоқ. Ор өзенінің бойына салынған қорған-қала Орынбор Әбілқайыр үшін емес, бүкіл қазақ даласын басып алуға арналған бекініс болды. Көп ұзамай Кіші жүзде – Переволоцкая, Новосергеевка, Чернореченская, Кулагинская, Калмыковская, Иргульская, Орская, Сажерная, Губернинская сияқты казак-орыстардың әскери бекіністері қаптап кетті.
ХVІІІ ғ. 40-шы жылдары үздіксіз қан төгіс, қарулы қақтығыстардан титықтаған қазақтар мен ойраттар өзара жақындасуға қадам жасауға мәжбүр болды. Бірақ, орыс үкіметі мен Орынбор әкімшілігі Орта жүз бен Кіші жүздің жоңғарлармен жақындасуына кедергі жасап бақты. Орынбор комиссиясының бастығы И. Кириллов 1734 жылы мамыр айында патша Анна Иоановнаға жазған жолдамасында «Үш жүз ынтымақты болғанда, бірлескен күшпен жауларын жеңе алар еді»-деп пайымдады.
Орынбор губернаторы Неплюевтің 1742 жылғы шешімі патша Елизаветаның 1756 жылғы қабылданған жарлығы бойынша Кіші және Орта жүздің руларына Жайық пен Ертіс арқылы мал айдап өтуге, Есіл мен Тобылдың төменгі сағаларын жайлауға тиым салып, бұл шекаралық өңірге алдын-ала бекіністер тұрғызылды.