Пайдалы Қазбаларды ҚорҒау

Жер шарында пайдалы қазбаларды өндіру барған сайын арта түсуде. Ал олардың жер қойнауындағы қоры шексіз емес және қазып алғаннан кейін қайтадан қалпына келмейді. Қазіргі кезде қоры сарқылуға айналған немесе мүлде сарқылған кен орындары аз емес. Сондықтан пайдалы қазбаларды қорғаудың үлкен мәні бар.

Пайдалы қазбаларды қорғау оларды өндіруге, сақтауға және пайдалануға байланысты бірқатар шаралардан тұрады. Олардың ішінде бастылары мыналар:

1) кен орнындағы пайдалы қазбаны қалдырмай, сарқа қазып алу керек;

2) пайдалы қазбаларды тасымалдау кезінде төгіп-шашуға болмайды;

3) пайдалы қазбаларды бүлінуден сақтау керек (мәселен, үйілген көмір көп жатса, қызып өзінен-өзі жанады);

4) пайдалы қазбаларды өңдеуде ысырапқа жол бермеу керек (кейде мыс немесе қорғасын тау жынысымен бірге шығарылып тасталады).

Осы айтылғандармен бірге көптеген елдердің ғалымдары кейбір пайдалы қазбаның орнына жүретін зат ойлап табудың тәсілін іздеуде. Мәселен, энергияны жанғыш пайдалы қазбалармен қатар су электр станциясынан, атом станциясынан, күн, жел, теңіздегі толысу және жер қойнауындағы жылуды пайдалану арқылы алатыны белгілі. Бірақ әзірге энергияның бұл көздері дүние жүзінде пайдаланылатын бүкіл энергияның он процентіне де жетпейді.

Металл орнына жүретін анағұрлым арзан және оңай алынатын заттар ойлап табылған. Қазіргі кезде машина бөлшектерінің, үйде күнделікті пайдаланылатын заттардың көпшілігі пластмассадан жасалады.

Тапсырмалар.

1.Жаңа сөздерді оқыңыз, айтылуына көңіл бөліңіз, аударыңыз, олармен сөз тіркестерін құрастырыңыз.

2.Мәтінді тыңдаңыз, оқыңыз.

3.Тиісті қосымшаларды қойыңыз: сарқыл... кен орындары, пайдалы қазбалар... қорғау, сарқа қазып ал..., бүліну... сақтау, заттар ... көпшілік... .

4.Мына сөйлемдерді толықтырыңыз: Металл орнына жүретін анағұрлым арзан және оңай алынатын заттар ... . Жер шарында пайдалы қазбаларды өндіру ... арта түсуде. Қазіргі кезде қоры сарқылуға айналған немесе мүлде сарқылған кен орындары ... .

5.Мәтіннің қысқаша мазмұнын жеткізіңіз.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Күзекова З. С. Қазақ тілінің практикалық курсы (гуманит). Алматы: Ғылым, 2001.

2. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

3.Түймебаев Ж. Қазақ тілі (Грамматикалық анықтағыш). Алматы, 1991.

4. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (6-тақырып) [қосымша14,15,17, 20]

1. «Ұлттық байлық» тақырыбына шығарма жазу.

2. «Қазақстанның пайдалы қазбалары» тақырыбына реферат жасау.

3. «Пайдалы қазбаларды қорғау» тақырыбына слайд жасау.

Тақырып. Аралық тест. Экономикалық тәуелсіздік. Өндірісті экологияландыру.

Практикалық (семинарлық) сабақтың жоспары

1. №327 кабинеттерде тест тапсыру.

2. Лексикалық тақырыптар бойынша сұрақ-жауап, әңгімелесу.

3. Жаңа сөздермен жұмыс жүргізу.

4. Сөздікті пайдалана отырып, техникалық мәтіндерді аударту.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ТӘУЕЛСІЗДІК

Егемендік, тәуелсіздіктің екі жағы бар. Бір жағы саяси тәуелсіздік. Саяси тәуелсіздік алу - өз алдына ұлттық мемлекет болу, жеке ел болу. Екінші жағы – экономикалық тәуелсіздік.

Ғылыми тұрғыдан алғанда экономикалық тәуелсіздік саяси тәуелсіздіктің негізі болып табылады. Экономикалық тәуелсіздігі жоқ елдің тәуелсіз болуы екіталай. Елдің экономикалық тәуелсіздігі үшін не қажет? Ол үшін ең алдымен, ел экономикасын көтеру, экономика тиімділігін арттыру, халықтың әл-ауқатын көтеру қажет.

АҚШ пен Батыс Еуропаны айтпағанда, мына өзіміздің алып көршіміз Қытайды алайық. Қытайдың ақыл-оймен асықпай жасаған реформасы қазір миллиардтан астам халықтың тұрмысын көтеруде.

Бар ісін техника атқаратын АҚШ, Англия, Жапония сияқты елдердің ауыл шаруашылығына мемлекет дотация береді. Ауыл шаруашылығы өнеркәсіп өндірісіне ұқсамайтын ерекше шаруашылық, себебі ол табиғатқа тәуелді. Табиғатпен байланысты экономика тілінде ұдайы өндіріс дейміз. Мал өсуі үшін уақыт керек, егін өсіп шығуы үшін уақыт керек. Ең қиыны ауыл шаруашылығын дамытпай бірде-бір ел, ел болмайды. Ауыл шаруашылығы деген – азық-түлік. Ал, азық-түліктің 50-60 пайызын өзі өндірмей, шетелден әкелетін ел экономика тәуелділікке түседі.

Тапсырмалар.

1. Мәтінді оқыңыз.

2. Мәтінді әңгімелеуге қажетті сөздер мен сөз тіркестерін жазыңыз.

3. Мәтінді әңгімелеңіз.

4. Саяси тәуелсіздік деген не?

5. Экономикалық тәуелсіздік деген не?

6. Ауыл шаруашылығы қандай шаруашылық?

7. Жалқы зат есімдерді табыңыздар.

8. Тәуелдік жалғаулы сөздерді табыңыздар.

9. –лық, -лік, -дық, -дік, тық,-тік жұрнағымен жасалған сөздерді табыңыз.

НДІРІСТІ ЭКОЛОГИЯЛАНДЫРУ

Өндірісті экологияландыру - жоғары сапалы өнім алуды қамтамасыз етумен бірге, айналадағы ортада экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, оны ластамайтын, адам мен табиғат үшін қолайсыз болып табылатын басқа да өзгерістерді болдырмауға мүмкіндік беретін технологияны өндіріске негіздеу немесе қайта құру. Бұл процестің маңызды жақтары - табиғат байлықтарын үнемді әрі жан-жақты пайдалану, қалдықсыз технология жасау, қалдықтармен ластайтын заттарды да кәдеге асыру. Өндірістік экология – қазіргі кезде барлық мемлекеттердің алдында тұрған маңызды мәселелердің бірі.

Тапсырмалар.

1. Мәтінді оқыңыз.

2. Мәтінді әңгімелеуге қажетті сөздер мен сөз тіркестерін жазыңыз.

3. Мәтінді әңгімелеңіз.

4. Мәтінді аударыңыз.

Ұсынылатын әдебиеттер:

1. Күзекова З. С. Қазақ тілінің практикалық курсы (гуманит). Алматы: Ғылым, 2001.

2. Бектұров Ш.К., Бектұрова А.Ш. Қазақ тілі (Ана тілі деңгейінде үйрету құралы). Алматы, 1998.

3.Түймебаев Ж. Қазақ тілі (Грамматикалық анықтағыш). Алматы, 1991.

4. Аяпова Т. Қазақ тілі (Негізгі оқулық, үй кітабы, мұғалім кітабы). Алматы, 1998.

СӨЖ арналған бақылау тапсырмалары (7-тақырып) [қосымша14,15,17, 20]

1. Аралық тест. «Экономикалық тәуелсіздік» тақырыбына әңгіме жазу.

2. «Өндірісті экологияландыру» тақырыбына шығарма жазу.

Наши рекомендации