Ылмыстық құқық ғылымы

Қылмыстық құқық ғылымы – заң ғылымдарының құрамдас бөлiгi. Ол қылмыстық заң туралы түсiнiктердiң, олардың әлеуметтiк тиiмдiлiгiн, оның даму және жетiлдiру заңдылықтары мен тенденциялары жөнiнде, қылмыстық құқықтың қағидалары және тарихы туралы қылмыстық құқықтық көзқарастар мен ой-пiкiрлердiң жүйесiн құрайды.

Қылмыстық құқық ғылымының негiзгi зерттеу обьектiсi қылмыстық заң және оның құқық қолдану органдары тәжiрибесiнде дұрыс қолдануын, жаза тағайындаудың, қылмыстылықпен күрес жүргiзудiң ғылыми негiздерiн белгiлеу болып табылады.

Осы күрделi мәселелердi зерттеуде қылмыстық құқық ғылымы криминология, қылмыстық-атқару құқығы, құқықтық статистика, криминалистика, қылмыстық iс-жүргiзу құқығы, сот психологиясы, сот психиатриясы және басқа да заң ғылым салаларымен тығыз байланысты. Бұл ғылым салаларының ортақ мiндетi - қылмыстылықпен күрес проблемасын шешу, оны азайтудың және одан сақтандырудың жолдары мен әдiстерiн зерттеу болып табылады.

Қылмыстық құқық теориясы қылмыстық құқық нормалары мен институттарын тағайындау және оның әлеуметтiк мазмұнын түпкiлiктi түсiну үшiн ғылыми зерттеудiң белгiлi бiр әдiстерiн қолданады. Қылмыстық құқық ғылымы қолданатын әдiстердiң қатарына догмалық, социологиялық, салыстырмалы-құқықтық, тарихи-құқықтық, диалектикалық (философиялық) және т.б жатады. Ендi осы әдiстердiң негiзгiлерiне тоқталып өтейiк.

Догмалық (дәлелденбеген қағида) әдiс формальды логика және грамматика ережелерiн қолдануға негiзделген. Ол қолданылып жүрген қылмыстық құқықтық нормаларды жүйелеу және оларға түсiнiктеме беру, оларды талқылау мен қылмыстық құқықтық негiзгi ұғымдарды анықтау үшiн тағайындалады.

Социологиялық (нақты-социологиялық) әдiс қылмыстық құқықтық нормаларды, қылмыс пен жазаны әлеуметтiк құбылыс ретiнде талдауда пайдаланылады. Ол қылмыстық заң болмысының нақты оқиғаларын және оның қылмыскерге және қылмысқа әсерiн белгiлi бiр схема немесе бағдарлама бойынша талқылаудан немесе iрiктеудi қолданудан тұрады. Егер догматтық әдiс қылмыстық құқықтық нормалардың және қылмыстық заңның түсiнiгiн анықтауға көмектессе, ал социологиялық әдiс олардың әлеуметтiк мазмұнын ашуға ықпал жасайды. Социологиялық әдiстер сұрау жүргiзу, анкета, интервью алу, эксперттiк бағалау жүргiзу арқылы жүзеге асырылады.

Салыстырмалы-құқықтық әдiс қылмыстық құқықтық институттарды, категорияларды және ұғымдарды осыған ұқсас шет мемлекеттердiң қылмыстық заңдарымен салыстырып талқылаудан тұрады. Бұл әдiстi қолдану арқасында отандық қылмыстық құқық ғылымы едәуiр тәжiрибе жинақтады.

Тарихи-құқықтық әдiс қылмыстық құқықтық нормалардың, категориялары мен институттарының тарихи дамуын зерттеуден тұрады.

Диалектикалық (философиялық) әдiс диалектиканың негiзгi заңдары мен категорияларын қылмыстық құқықтық зерттеулерде қолданудан тұрады. Алғашқылары (қарама қарсылықтың бiрлiгi мен күресi, сан өзгерiсiнiң сапаға ауысуы, терiстi терiстеу заңдары) даму теориясының жалпы мәселелерiне қатысты. Ал екiншiлерi (қажеттiлiк пен кездейсоқтық, себеп пен салдар, мазмұн мен түр, мән мен құбылыс) өз жиынтығында дамудың жалпы заңдарының бiр көрiнiсi болып табылады. Диалектиканың заңдары мен категориялары жаңа нәтижелерге жету жолдарын iздеуге, белгiсiздiктен белгiлiге қозғалу әдiстерiн табуға қызмет етедi. Диалектикалық әдiстiң тәжiрибеде, сот-тергеу тәжiрибесiнде жүзеге асырылуын, мысалы, қоғамға қауiптi әрекет пен қылмыс салдары арасындағы себептi байланысты анықтау кезiнде көруге болады.

Сонымен, қылмыстық құқық ғылымының негiзгi мiндетi болып - қолданылып жүрген қылмыстық заңдарға жүйелi талдау жасап, оның пәрмендiлiгiн, тиiмдiлiгiн жетiлдiру; қылмыстық заңның және оны жүзеге асыру мәселелерiнiң тарихын зерттеу; қылмыстық заңдарды, оның жекелеген институттарын жетiлдiруге бағытталған ұсыныстар жасау; қылмыс қатарына жататын немесе қылмыс қатарынан алынып тасталатын әлеуметтiк құбылыстарды дер кезiнде анықтап отыру; қылмыстық заңдарды әзiрлейтiн мемлекеттiк органдардың қызметiне кеңiнен араласып, олардың заңды қолдану, қылмысты саралау жөнiндегi тұжырымдарды жасауына белсендi қатысу; шет мемлекеттердiң қылмыстық заңдарын және олардың iс-жүзiнде қолданылу әдiстерiн зерттеу арқылы, оның пайдалы жақтарын ескеру және т.б. ғылыми болжамдар жасау болып табылады.

Наши рекомендации