Шағын бизнес субъектілеріне арналған арнаулы салық режимі

1. Арнаулы салықтық режимдер: экономикалық мазмұны және қолданылу сферасы

2. Патент негізіндегі арнаулы салық режимі

3. Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі

1с. Арнаулы салық режимі шағын бизнес субъектілері үшін, төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда, әлеуметтік салықты және корпорациялық немесе жеке табыс салығын есептеу мен төлеудің оңайлатылған тәртібін белгілейді. Аталмаған салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша есептеу, төлеу және салық есептілігін табыс ету жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының аумағында және оның шегінен тыс жерлерде алынған (алынуға жататын) табыстардың барлық түрлерінен тұратын салық кезеңі ішіндегі табыс патент немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін салық салу объектісі болып табылады.

Шағын бизнес субъектілері салықтарды есептеу мен төлеудің, сондай-ақ олар бойынша салық есептілігін табыс етудің төменде санамаланған тәртіптерінің біреуін ғана дербес таңдауға құқылы:

1) жалпыға бірдей белгіленген тәртіп;

2) патент негізіндегі арнаулы салық режимі;

3) оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі.

Жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке ауысқан кезде жалпыға бірдей белгіленген тәртіп күнтізбелік екі жыл қолданылғаннан кейін ғана арнаулы салық режиміне қайта ауысуға болады.

Арнаулы салық режимін:

1) филиалдары, өкілдіктері бар заңды тұлғалардың;

2) заңды тұлғалар филиалдарының, өкілдіктерінің;

әртүрлі елді мекендерде өзге де оқшауланған құрылымдық бөлімшелері және (немесе) салық салу объетілері бар салық төлеушілердің;

басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25 проценттен асатын заңды тұлғалардың;

құрылтайшысы арнаулы салық режимін қолданатын басқа заңды тұлғаның бір мезгілде құрылтайшысы болып табылатын заңды тұлғалардың қолдануға құқығы жоқ.

Арнаулы салық режимi мынадай қызмет түрлерiне:

1) акцизделетiн өнiмдi өндiруге;

2) акцизделетiн өнiмдi сақтауға және көтерме саудада өткiзуге;

3) мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн – бензиндi, дизель отынын және мазутты өткiзуге;

4) лотереяларды (мемлекеттiк (ұлттық) лотереялардан басқа) ұйымдастыруға және өткiзуге;

5) жер қойнауын пайдалануға;

6) шыны ыдыстарды жинауға және қабылдауға;

7) түстi және қара металл сынықтары мен қалдықтарын жинауға (дайындауға), сақтауға, қайта өңдеуге және өткiзуге;

8) консультациялық қызметтер көрсетуге;

9) бухгалтерлiк есеп және аудит саласындағы қызметке;

10) қаржы және сақтандыру қызметiне қолданыл­майды.

2с. Патент негізіндегі арнаулы салық режимін мынадай талаптарға сай келетін:

1) қызметкерлердің еңбегін пайдаланбайтын;

2) жеке кәсіпкерлік нысанындағы қызметті жүзеге асыратын;

3) салық кезеңiндегi табысы Республикалық Бюджет туралы Заңда белгiленген және тиiстi қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған ең төменгi жалақының 300 еселенген мөлшерiнен аспайтын дара кәсiпкерлер қолданады.

Күнтізбелік жыл салық кезеңі болып табылады.

Дара кәсіпкер патент негізінде арнаулы салық режимін қолдану үшін оны қолдана бастағанға дейін орналасқан жері бойынша салық органына салықтық өтінішті табыс етеді.

Қайтадан құрылған дара кәсіпкерлер аталған өтінішті дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей табыс етеді.

Дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелген күн аталған дара кәсіпкерлер үшін арнаулы салық режимін қолдану басталатын күн болып табылады.

Дара кәсіпкерлердің салықтық өтінішті осы тармақта аталған мерзімдерде табыс етпеуі, олардың жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте бюджетпен есеп айырысуды жүзеге асыруға келісімі деп саналады. Патент негізінде арнаулы салық режимін қолдануға салықтық өтінішпен бір мезгілде уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша патент алуға арналған есеп-қисап табыс етіледі.

Бюджетке төленген патент құнын, әлеуметтік аударымдарды төлеуді, міндетті зейнетақы жарналарын аударуды растайтын құжаттар есеп-қисапқа қоса беріледі.

Есеп-қисапты электронды түрде табыс ететін салық төлеушілер аталған құжаттарды табыс етпейді.

Кезекті патентті алуға арналған есеп-қисап патент негізінде арнаулы салық режимін қолдануға салықтық өтінішті табыс етпестен осының алдындағы патенттің қолданыс мерзімі аяқталғанға дейін табыс етіледі.

Салық органдары есеп-қисап пен есеп-қисапқа қоса берілетін құжаттар табыс етілгеннен кейін бір жұмыс күні ішінде патент беруді жүргізеді немесе уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша патент беруден бас тарту туралы шешім шығарады. Шешім екі данада ресімделеді, оның біреуін салық төлеушіге қол қойылып тапсырылады.

Патент кемінде бір ай қолданылады.

Патент құнына жеке табыс салығының (төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығынан басқа), әлеуметтік салықтың, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың төленуге жататын сомалары қосылады. Патент құнын есептеу салық салу объектісіне 2 процент мөлшеріндегі ставканы қолдану жолымен жүргізіледі. Патент құны:

1) патент құнының 1/2 бөлігі мөлшерінде - жеке табыс салығы;

2) «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес есептелген әлеуметтік аударымдарды алып тастағаннан кейінгі па­тент құнының 1/2 бөлігі мөлшерінде әлеуметтік салық түрінде бюджетке төленуге жатады.

Әлеуметтік аударымдар сомасы әлеуметтік салық сомасынан асып түскен кезде, әлеуметтік салық сомасы нөлге тең болады.

Егер нақты табыс патенттің қолданылу мерзімінің ішінде есеп-қисапта көрсетілген табыс мөлшерінен асып түссе, дара кәсіпкер бес жұмыс күні ішінде асып түскен сомаға қосымша есеп-қисапты табыс етуге және осы сомадан салықтар төлеуге міндетті.

Аталған есеп-қисаптың негізінде бұрын берілген патенттің орнына жаңа патент беріледі.

Егер патенттің қолданылу мерзімінің ішінде нақты табыс есеп-қисапта көрсетілген табыстың мөлшеріне жетпесе, дара кәсіпкер азаю сомасына қосымша есеп-қисапты табыс етуге құқылы.

3с. Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі

Мынадай шарттарға сай келетін шағын бизнес субъектілері:

1) дара кәсіпкерлер үшін:

дара кәсіпкердің өзін қоса алғанда, қызметкерлердің шекті орташа тізімдік саны салық кезеңі ішінде жиырма бec адам болса;

салық кезеңі ішінде шекті табысы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының 1400 еселенген мөлшерін құраса;

2) заңды тұлғалар үшін:

қызметкерлердің шекті орташа тізімдік саны салық кезеңі ішінде елу адам болса;

салық кезеңі ішінде шекті табысы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі жалақының 2800 еселенген мөлшерін құраса, оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолданады.

Салық кезеңі жартыжылдық болып табылады.

Салық төлеудiң өзге де режимдерiнен ауысқан кезде оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдану үшiн салық төлеушi, егер осы тармақта өзгеше белгiленбесе, алдағы салық кезеңi басталғанға дейiн орналасқан жерi бойынша салық органына салықтық өтiнiштi табыс етедi.

Бұл ретте аталған салықтық өтiнiш табыс етiлген күннен кейiнгi салық кезеңiнiң бiрiншi күнi арнаулы салық режимiн қолдануды бастау күнi болып табылады.

Жаңадан құрылған дара кәсiпкерлер оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдануға арналған салықтық өтiнiштi салық органына дара кәсiпкер ретiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап он жұмыс күнiнен кешiктiрмей табыс етедi.

Жаңадан құрылған заңды тұлғалар оңайлатылған декларация негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдануға арналған салықтық өтiнiштi салық органына әдiлет органында заңды тұлға ретiнде мемлекеттiк тiркелгеннен кейiн жиырма жұмыс күнiнен кешiктiрмей табыс етедi.

Дара кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркелген күнi аталған салық төлеушiлер үшiн арнаулы салық режимiн қолдануды бастау күнi болып табылады.

Патент негiзiнде арнаулы салық режимiнен оңайлатылған декларация негiзiндегi арнаулы салық режимiне ауысу үшiн салық төлеушi салықтық өтiнiштi:

патент негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдану шарттарына сәйкессiздiк туындаған күннен бастап күнтiзбелiк он күннен кешiктiрмей;

өзге де жағдайларда патенттiң қолданылу мерзiмi аяқталғанға дейiн табыс етедi.

Бұл ретте:

патент негiзiнде арнаулы салық режимiн қолдану шарттарына сәйкессiздiк туындаған айдан кейiнгi айдың бiрiншi күнi;

өзге де жағдайларда патенттiң қолданылу мерзiмi аяқталғаннан кейiнгi бiрiншi күн оңайлатылған декларация не­гiзiнде арнаулы салық режимiн қолдануды бастау күнi болып табылады.

Салықтарды оңайлатылған декларация негізінде есептеуді салық төлеуші салық салу объектісіне есепті салық кезеңінде 3 процент мөлшеріндегі ставканы қолдану арқылы дербес жүргізеді.

Егер есепті кезеңнің қорытындылары бойынша қызметкерлердің орташа айлық жалақысы республикалық бюджет туралы заңда белгiленген және салық кезеңiнiң бiрiншi күнi қолданыста болған ең төмен жалақының, дара кәсіпкерлерде кемінде 2 еселенген, заңды тұлғаларда кемінде 2,5 еселенген мөлшерін құраса, салық кезеңі ішінде есептелген салық сомасы қызметкерлердің орташа тізімдік санын негізге ала отырып, әрбір қызметкер үшін салық сомасының 1,5 проценті мөлшеріндегі сомаға азайтылу жағына қарай түзетілуге жатады.

Оңайлатылған декларация салық төлеушінің орналасқан жері бойынша салық органына есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірілмей табыс етіледі.

Оңайлатылған декларация бойынша есептелген салықтарды бюджетке төлеу жеке (корпорациялық) табыс салығы мен әлеуметтік салық түрінде есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі.

Бұл ретте жеке (корпорациялық) табыс салығы - оңайлатылған декларация бойынша есеп­телген салық сомасының 1/2 мөлшерінде, әлеуметтік салық Қазақстан Республикасының міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы заңнамалық актісінесәйкес Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына есептелген әлеуметтік аударымдар сомасын алып тас­тағаннан кейінгі оңайлатылған декларация бойынша есептелген салық сомасының 1/2 бөлігі мөлшерінде төленуге жатады.

Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар сомасы әлеуметтік салық сомасынан асып түскен кезде, әлеуметтік салық сомасы нөлге тең болады.

Оңайлатылған декларацияда төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығының, міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың есептелген сомалары көрсетіледі.

Наши рекомендации