Азақстан Республикасының бюджет жүйесі және бюджеттік құрылғы
Қазақстан Республикасының бюджет жүйесі мына қағидаттарға негізделеді. Бірлік қағидаты бюджет жүйесін ұйымдық-экономикалық орталықтандырудың дәрежесін білдіреді. Бірлік қағидаты бұрынғы КСРО-ның бюджет жүйесінде неғұрлым толық көрінді. Қазіргі кезде биліктің жергілікті органдарының дербестік алуымен және оларға қаржылық ресурстарды иелену жөніндегі құқықтардың берілуімен байланысты бұл қағидат біршама әлсіреді. Бюджет жүйесінің бірлігі бірыңғай қаржылық саясатты қамтамасыз етуге бағытталған және ең алдымен Қазақстан Республикасы егеменді мемлекетінің жалпы экономикалық және саяси негізін тірек етеді. Ол реттеуші кіріс көздерін пайдалану арқылы барлық деңгейдегі бюджеттердің өзара іс-әрекетіне, төменгі деңгей бюджеттерінің теңгерімділігі үшін оларды қаржылық қолдауға, сондай-ақ ішінара қайта бөлудің мақсатты және аумақтық бюджет қорларын жасауға да негізделген. Бюджеттердің бірлігі бюджет жүйесін ұйымдастыру мен оның жұмыс істеуінің бірыңғай қағидаттарын қолданумен,бірыңғай бюджеттік сыныптаманы және бюджеттік үдерістің бірыңғай рәсімдерін пайдаланумен қамтамасыз етіледі. Бюджет жүйесінің бірлігі салықтық саясатты қоса бірыңғай әлеуметтік-экономикалық саясат арқылы іске асырылады. Алайда бюджеттердің бірлігі бюджет жүйесін құрудың маңызды қағидаты болып отырған оның жеке буындарының дербестігін жоққа шығармайды. Бюджеттің дербестік қағидаты – түрлі деңгейдегі бюджеттер арасында түсімдердің тұрақты бөлінуін белгілеу және Бюджеттік кодекске сәйкес олардың жұмсалу бағыттарын анықтау,мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінің бюджеттік үдерісін дербес жүзеге асыру құқығы,жергілікті бюджеттердің атқарылуы барысында қосымша алынған кірістерді және жергілікті бюджеттер қаражатының қалдықтарын жоғарғы бюджеттерге алып қоюға жол берілмеуі төменгі бюджеттерге оларды тиісті өтеусіз қосымша шығыстар жүктеуге жол берілмеуі. Бюджеттің толымдылығы қағидаты Қазақстан Республикасы заңнамаларында көзделген барлық түсімдер мен шығыстарды бюджетте және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорында көрсетуді, бюджеттік қаражаттарды пайдалана отырып, өзара талаптарды есепке жатқызуға, сол сияқты бюджеттік қаражаттар бойынша талап құқықтарынан шегінуге жол бермеуді білдіреді. Сөйтіп, ол мемлекеттік билік пен басқару органдарының барлық кірістері мен шығыстарын бюджетке жинақтап, жұмылдырудың объективтік қажеттігін бейнелеп көрсетеді. Осыған байланысты барлық ақшалай түсімдерді, сондай-ақ бюджет шығыстарының көлемі мен нақтылы бағыттарын айқындау қажет. Әлемдік практикада бұл қағидат оны дәл қолдану бюджетке кірістерінің дербес көздері бар автономды түрде бөліп көрсетуге болатын аса көп шығыстарды жүктейтіндіктен қазіргі кезде орынды деп есептелмейді. Қазақстанда мемлекеттік қаражаттарды қалыптастырудың орталықтандырылған әдісі қабылданған, сондықтан 1998 жылдан бастап мемлекеттік бюджетке бюджеттен тыс қорлардың – зейнетақы, әлеуметтік сақтандыру, жол, халықтың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу және т.б. қорлардың қаражаттары кіріктірілген. Реалистік қағидаты – бекітілген (нақтыланған, түзетілген) бюджеттік көрсеткіштердің әлеуметтік-экономикалық дамудың және бюджеттік, параметрлеріне бекітілген(түзетілген), мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары параметрлеріне болжамдарының бағыттарына сәйкестігі. Транспаренттілік қағидаты – мемлекеттік немесе заңмен қорғалатын өзге құпия болып табылатын мәліметтерді, сондай-ақ қоғам мен бұқаралық ақпарат құралдары үшін бюджеттік үдерістің міндетті ашықтығын қоспағанда, бюджет заңнамасы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді, бекітілген, нақтыланған (түзетілген) бюджеттерді және олардың атқарылуы туралы есептерді, стратегиялық жоспарлар мен олардың іске асырылуы туралы есептерді, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын қалыптастыру және пайдалану туралы ақпаратты міндетті түрде жариялау. Дәйектілік қағидаты деп мемлекеттік органдардың бюджеттік қатынастар сферасында бұрын қабылдаған шешімдерді сақтауын айтады. Нәтижелілік қағидаты – мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында көзделген тура және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуге бағдарланған бюджетті әзірлеу және атқару. Сабақтастық қағидаты – өткен кезеңдерде бекітілген әлеуметтік-эконо-микалық даму мен бюджеттік параметрлер, базалық шығыстар, болжамдарына, бюджеттік мониторинг қорытындыларына, нәтижелерді бағалауға негізделген республикалық және жергілікті бюджеттерді жоспарлау. Негізділік қағидаты – бюджет жобасына қандай да болсын түсімдерді немесе шығыстарды кіріктіру қажеттігін айқындайтын нормативтік құқықтық актілердің және басқа құжаттардың негізінде бюджетті жоспарлау. Касса бірлігінің қағидаты – бюджеттке түсетін барлық түсімдерді бірыңғай қазынашылық шотқа есептеу және бірыңғай қазынашылық шоттан барлық көзделген шығыстарды ұлттық валютада жүзеге асыру. Уақтылық қағидаты – республикалық және жергілікті бюджеттерге, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қолма-қол ақшаның бақылау шотына түсімдерді есептеу және оларды Ұлттық банктегі Үкімет шотына аудару, міндеттемелер бойынша қаржыландырудың дара жоспарларына сәйкес мемлекеттік мекемелердің міндеттемелер қабылдауы, төлемдер бойынша қаржыландырудың дара жоспарларына сәйкес төлемдер жасау және тиісті нормативтік құқықтық актілерде белгіленген тәртіпті сақтай отырып, мерзімінде бюджеттік қаражаттарды алушылар шоттарына аудару. Тиімділік қағидаты – бюджеттік қаражаттардың бекітілген көлемін пайдаланып, ең үздік тура нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін негізге ала отырып, бюджеттерді әзірлеу және атқару немесе бюджеттік қаражаттардың аз көлемін пайдаланып тура нәтижеге қол жеткізу. Жауапкершілік қағидаты – тура және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуге және бюджеттік бағдарламалар әкімшілері мен мемлекеттік мекемелер басшыларының Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес келмейтін шешімдер қабылдағаны үшін жауапкершілігін қамтамасыз етуге бағытталған қажетті әкімшілік және басқару шешімдерінің қабылдануы. Бюджеттік қаражаттардың атаулық және нысаналық сипаты қағидаты – бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің Қазақстан Республикасы заңнамасын сақтай отырып, бюджеттік қаражаттарды мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларымен көзделген нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағыттауы және пайдалануы. Бюджет жүйесін құрудың барлық қағидаттары өзара үйлестірілген және бірін-бірі толықтырып отырады, олар егеменді еліміздің Конституциясында және Бюджеттік кодексте, «Жергілікті өкілді және атқарушы органдар туралы», «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару туралы» арнайы заңдарында және басқа заңнамалық актілерінде көрсетілген