Орта Азиядағы әлеуметтік-экономикалық даму процесі
Орта Азиядағы әлеуметтік-экономикалық даму процесі ұлт болып ұйысумен бірге Орта Азия халықтарының ұлттық мемлекеттілігін құру үрдісін де күшейтті.
1924 жылғы қаңтарда Қазақ АКСР-інің үкіметі іс жүзінде Жетісу және Сырдария облыстарының қазақ аудандарын Қазақстанға қосу туралы мәселе көтерді. Орта Азияны межелеуге Түркістанның барлық тұрғылықты халықтары мүдделілік танытты.
1924 жылғы 31 қаңтарда РК(б)П ОК-нің Ұйымдастыру бюросы межелеу туралы мәселені алдын ала қарап, РК(б)П ОК-нің хатшысы Я. Рудзутаққа Ташкентте осы мәселе бойынша кеңес өткізуді тапсырды. Кеңес 1924 жылғы 10 наурызда өтті. Онда «Түркістанды ұлттық-аумақтық межелеу туралы» Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы А. Рақымбаев баяндама жасады. Өз баяндамасында ол Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеу қажеттігінің басты себептерінің бірі ретінде Түркістан АКСР-ін, Хорезм, Бұхар халық республикаларын қамтыған өңірде ұлтаралық қатынастардың ұшығып отырғанын атады. Осы пікірін дәлелдеу үшін ол Түркістан Республикасы қазақтарының 1921 жылғы съезінде өздеріне автономиялық республика беру, сондай-ақ РК(б)П-ның 1922 жылғы XI съезінде Қазақ АКСР-іне Түркістанның қазақ аудандарын қосу туралы ұсыныстарын, Қазақ АКСР-і басшыларының РК(б)П ОК-нің алдына бірнеше қайтара қойған талаптарын, Орта Азия түрікмендерінің өз республикасын құрғысы келетінін және т.б. фактілерді келтірді.
Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеудін тағы бір себебі КСРО-ның большевиктік басшыларының өңірде ұлттық республикалар және ұлттық-мемлекеттік құрылымдарының басқа да нысандарын құру арқылы олардың қай-қайсысында болсын таптық қарама-қайшылықты күшейту, сөйтіп әр түрлі әлеуметтік топтардың, әр түрлі халықтардың бірлігіне сүйенген басмашылық қозғалысты әлсіретуге тырысуы болып табылады.. Өз баяндамасында А. Рақымбаев бұл туралы ашық баяндады. Ол тұп-тура былай деді: «Біздің партияның көзқарасы тұрғысынан алғанда мұндай ұйымдардың (яғни біртекті ұлттық республикалар құру. - авт.) пайдалылығы мынада, егер өзбек кедейлері өзбек кулактарымен, түркімен кедейлері түркімен, қырғыз кедейлері қырғыз кулактарымен күресетін болса, онда бізде таптық күрес ұлттық дәстүрмен тұншықтырылмайтын болады».
Кеңеске қатысушылардың көпшілігі межелеу ісін қолдады. Түркістан OAK Төрағасының орынбасары Н. Айтаков өз сөзінде Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеудің дұрыстығын және түрікмен халқын біртұтас кеңестік республикаға біріктіру қажеттігін атап көрсетті. Түркістан Компартиясының жауапты хатшысы, белгілі мемлекет қайраткері және ғалым С. Асфендияров өз сөзінде Қарақырғыз (Қырғыз. — авт.) автономиялық облысын құрудың дұрыстығын дәлелдеді. Басқа бағыттағы да ұсыныстар болды. Мәселен, Орта Азия экономикалық кеңесінің төрағасы М. Паскуцкий өңірдің «экономикалық тұтастығының» тиімділігін алға тартып, Орта Азияның барлық республикаларын біріктіруді талап етті, сөйтіп шын мәнінде Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеуге қарсы болды. Түркістан АКСР-інің Жер халық комиссары және «Ақ жол» газетінің редакторы С. Қожанов «түрік тайпалары біртұтас түрік тілді халықтарды құрайды», «оларды жасанды түрде ажыратуға болмайды» деп мәлімдеді. М. Паскуцкийдің, С. Қожановтың және олардың кейбір жақтастарының ұсыныстары іс жүзінде Түркістан АКСР-ін, Хорезм мен Бұхарды Закавказье Федеративтік Республикасы сияқты етіп саяси біріктіруді қарастыратын еді.
Кеңес М. Паскуцкий мен С. Қожановтың пікірін қолдамай, ол А. Рақымбаевтың баяндамасындағы Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеу жөніндегі негізгі қағиданы мақұлдады.
1924 жылғы сәуірдің соңында РК(б)П ОК Орта аз бюросы мен Түркістан Компартиясы ОК-нің бірлескен отырысында үш шағын: қазақ, өзбек және түрікмен комиссияларынан тұратын Орта Азияны межелеуге дайындық және оны өткізу жөніндегі комиссия құрылды. Жобаларды әзірлеу барысында комиссияның жекелеген мүшелері Орта Азия республикаларының федерациясын құру туралы да айтты, бірақ мұқият талкылаудан кейін федерация құрмай-ақ, Орта Азияны межелеу жөнінде шешім қабылданды.
Орта Азияны межелеу жөніндегі комиссия материалдарды қарап, РК(б)П ОК Орта аз бюросы 1924 жылғы 12 мамырда екі одақтас республика – Өзбек және Түрікмен республикаларын және екі автономиялық облыс - Өзбекстанның құрамында Тәжік, РКФСР құрамында Қарақырғыз облыстарын құру, ал Түркістанның қазақ аудандарын Қазақ АКСР-інің құрамына енгізу туралы шешім қабылдады. Комиссиянын материалдары және РК(б)П OK Орта аз бюросының осы шешімі партияның Орталық Комитетіне жіберілді. 1924 жылғы 12 маусымда РК(б)П ОК-і Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік межелеу туралы қаулы қабылдады. Аумақтық комиссияның құрамында бірқатар шағын комиссиялар: саяси, экономикалық, статистикалық және бірнеше ұлттық комиссиялар құрылды. Олардың құзыретіне: саяси салада — жаңадан құрылатын республикалардың конституцияларын, жаңа ұлттық республикалардың шарттары мен декларацияларының жобаларын дайындау; мемлекеттік аппараттың ұйымдық және құрылымдық мәселелерін әзірлеу; жаңа республикалар Кеңестерінің құрылтай съездеріне баяндамалардын тезистерін дайындау; экономикалық салада - жаңа шекараларында ұлттық республикалардың мемлекеттік бюджеттері мен шаруашылық жоспарларының жобаларын жасау; кредитті ұйымдастыру нысандарын әзірлеу мен белгілеу, банк капиталдары мен ирригация мәселелерінде және т.б. республика үлесін айқындау жатты.
1924 жылдың жаз айларында Орта аз бюросы кешенді күрделі мәселелермен айналысты, сөйтіп аумақты, сонымен бірге материалдық-қаржылық құндылықтарды бөліске салумен, сондай-ақ жаңа әкімшілік аудандастыру принциптерін белгілеумен байланысты біраз қиындықтарды еңсерді.
Межелеуге жатқызылған барлық аудандарда, мұрағат құжаттарының бірінде айтылғандай, «ерекше құштарлықпен және адамдардың мейлінше мол және ықыласты қатысуымен» [9]. қайсыбір халықтар өкілдерінің қызу жиналыстары өткізілді. Осындай талқылаулардың барысында Түркістан АКСР-інде тұратын қарақалпақтар Хорезм республикасының Ходжейлі облысындағы отандастарымен бірігу және Қазақ А КСР құрамында Қарақалпақ автономиялық облысын құру қажеттігі туралы айтты.