Тыныс алу мүшелерінің құрылысы
Тыныс алу мүшелеріне мұрын қуысы, көмей (көмекей), кеңірдек және бронхылар жатады. Бұлар ауа тасымалдайтын жолдар
Мұрын қуысының құрылысы. Ауа танау тесіктері арқылы кеңсірікке барады. Кеңсірікті сүйекті - шеміршекті перде оң және сол жақ жартыға бөліп тұрады. Кеңсіріктің қабырғаларын эпителий ұлпасынан түзілген кірпікшелері мен түктері бар сілекейлі қабықша қаптайды. Онда көптеген ұсақ бездер болады. Безді жасушалардан бөлінген шырыш шаң мен тозаңдарды ұстап қалады. Әрі ауа ылғалданады. Сілемейлі қабықша қантамырларына бай. Мұрын қуысындағы ұсақ көптеген қантамырлардың әсерінен ауа біршама жылынып, одан әрі өтеді. Қан жасушалары - лейкоциттер мұрын қуысына енген микробтарды жояды.
Кеңсіріктің жоғарғы жағында түрлі иістерді қабылдайтын иіс сезу жүйкелерінің ұштары орналасады. Ерте жастағы балаларда мұрын кіреберістері тар,төменгі мұрын кіреберісі 4 жасқа таман қалпына келеді. Шырышты қабаты нәзік, сондықтан ринит кезінде кішкене ісік пайда болса бірден тыныс алуды тарылтады, ол баланы емізуге бөгет жасайды. Шырыш асты қабатта кавернозды (қуысты) тіннің толық жетілмеуі кішкентай балаларда жиі мұрыннан қан ағудың себебі болады. Қуысты тін 8-9 жасқа толғанда дамиды. Бұл жастағы балаларда мұрыннан қан ағу оңай әрі тез болады, себебі шырышты қабаты нәзік, ол тез жараланады және қанмен қамтамасыз етілуі жақсы. Мұрын қойнаулары туылған уақытта толық дамымайды. Жақ үстілік (гайморлық ) , этмойдальды және сыналы қойнаулар толық түзілген, бірақ олардың көлемдері өте кішкентай. Маңдайлық қуыс болмайды. Бұлар ерте жастағы балалрда синуситтердің сирек болуымен ерекшеленеді. Қойнаулардың толық қалыптасуы 15 жасқа таман болады.
Мұрын қуысы ішкі танау тесігі арқылы жұтқыншақпен жалғасады. Жұтқыншақта асқорыту және тыныс алу жүйелерінің жолы түйіседі. Тамақ жұтқыншақтан өңешке, ауа жұтқыншақ арқылы көмекейге өтеді. Жұтқыншақ әрі асқорыту, әрі тыныс алу мүшелер жүйесіне жатады.
Көмекей- мойынның алдыңғы жағында орналасқан іші қуыс шеміршекті мүше. Оның ішкі бетін сілемейлі қабықша астарлап жатады. Қабырғасы 3сыңар, 3жұп шеміршектерден түзілген. Ірі шеміршектеріне: төменгі бөлігіндегі сақина тәрізді, алдыңғы жағы мен бүйіріндегі қалқанша тәрізді, үстіңгі жағындағы көмекей қақпақшасы жатады. көмекейдің артқы жағында 3жұп майда шеміршектер болады.
Дыбыс сіңірлерінің арасындағы кеңістікті дыбыс саңылауы дейді.
Адам дем шығарғанда дыбыс саңлауы таралып, дыбыс шығады. Дыбыстың шығуы адам сөйлегенде ауа ағынының дыбыс сіңірлерін тербетуіне байланысты. Дыбыс сіңірлері неғұрлым ұзын болса, оның тербелісінен жуан дыбыс шығады. ер адамдардың көмекейі үлкен, дыбыс сіңірлері ұзын, дауыстары жуан. Мойынның алдыңғы жағындағы ең ірі қалқанша шеміршектің үлкен үшкір түйіні жұтқыншақ шодыры деп аталады. Ер адамдарда көмекейдің орташа ұзындығы 44мм. Әйелдердің көмекейі кішілеу, дыбыс сіңірлері қысқа болғандықтан, дауысы жіңішке болады, оның орташа ұзындығы 36мм. Ауыз қуысында дыбыс шығаруға тіл, ерін, жақсүйектері қатысады.
Кеңірдек – көмекейдің жалғасы, іші қуыс түтік пішінді шеміршекті мүше. Ол өңештің алдыңғы жағында орналасады, ұзындығы шамамен 9-12см, ал диаметрі 15-18мм. Кеңірдектің алдыңғы қабырғасы бірімен - бірі сіңірлер арқылы өзара байланысқан жартылай шеміршекті сақиналардан тұрады.
Кеңірдек 5-ші арқа омыртқасының тұсынан оң және сол жақ өкпеге баратын 2 ауатамырға тармақталады. Ауатамыр кеңірдектің жалғасы. Ішкі беті сілемейлі қабықшамен қапталған. Ауатамырлары өкпеде өте көп тармақтарға бөлінген. Ең жіңішке тармақтары ауа тамырлық тармақшалар деп аталады. Альвеоланың диаметрі 0, 2 - 0, 3мм, қабырғалары бір қабат эпителий жасушаларынан тұрады. Өкпе көпіршіктерінің сыртын тұтас қылтамырлар торлап жатады.
Тыныс алу жүйесінің маңызды бөлігі - өкпе. Бұл бронхылардың ұсақ тармақтарының қуыстарынан жасалған альвеолалар мен серпімді дәнекер ұлпалардан тұратын жұп мүше. Альвеолалар немесе өкпе қуыстары өте ұсақ, шар тәрізді домалақ, оларды микроскоп арқылы ғана көруге болады. Олардың қабырғалары жұқа, көптеген қан тамырларының капиллярларымен қоршалған. Өкпе альвеолаларының жалпы ауданы 200 м2. Мұндай құрылыс альвеолалардағы ауаның және қанның құрамындағы газдардың тез алмасуын қамтамасыз етеді.
Балалардың өкпесі ересектерде сияқты сегментарлы құрылымы бар, бірақ ацинус жеткіліксіз. Туған кезде өкпеде 60 млн-ға жуық алвеолалар болады, олардың көлемі алғашқы 2 жылда ұлғаяды. Одан кейін өсуі ақырындайды және 8-12 жаста альвеолалардың көлемі 375 млн-ға жуық болады, бұл ересектердің альвеолаларымен бірдей. Кішкентай жастағы балалардың өкпесі қосымша тіндерге бай, үлкен мөлшерде қан айналымы бар, эластикалық тіні әлсіз. Кішкентай баланың өкпесі ересектерге қарағанда ауалы және қанға толы. Бұл факторлар ателектаздың дамуы мен обструкциясына әкелуі мүмкін. Сурфактанттың аз болуы мен оның лецитинінің аз болуыда, ателектаздын дамуына себебші болады. Сурфактант жеткіліксіздігі- шала туылған балаларда өкпенің жазылуына мүмкіндік бермейді. Оң өкпенің үш бөлігі бар (жоғары, ортанғы және төменгі), сол жақта – екі бөлік (жоғары және төмен). Өкпе бөлік аралық шекаралары келесідегідей: алдынан сол жағында жоғарғы, оң жақта – жоғарғы және төменгі бөліктері ( олардың арасындағы шекара IV қабырғамен өтеді ); оң жақ қырынан 3 бөлігін ажыратады, сол жақтан- 2 бөлігін; артынан екі жақтан да жоғарғы және төменгі бөліктері орналасқан; олардың арасындағы шекара spina scapulae линиясы бойынша өтеді, ол омыртқамен шекараласқан.
Өкпенің дәнекер ұлпасы өте серпімді және өкпенің жиырылу күшін қамтамасыз етеді. Ішкі күш деп аталатын өкпенің жиырылу күші дем алу мен дем шығаруда аса маңызды.
Тыныс алу жүйесінің құрылысы мен қызметі адамның жасына, жынысына және жеке басының ерекшелігіне байланысты.
Жаңа туған сәбидің өкпесінің ұлпасы нашар дамыған, бірақ қан тамырларына өте бай болады. Алғашқы 3 айлық өмірінде және жыныстық жетілу шағында өкпе қарқынды өседі. Өмірінің алғашқы кезінде барлық нәрестелер ішпен дем алады (еркекке тән дем алу), бірақ жүре бастағанда баланың кеудесі төмен түседі де, диафрагмалық-кеуделік дем алу пайда болады. 3-7 жаста ғана кеудемен дем алу басым болады. Дем алудың минуттік мөлшері дене салмағымен салыстырғанда бала өсе келе азаяды: жаңа туған сәбиде - 220 см3, 6 жаста 168 см3, 14 жасқа таман 128 см3, ал ересек адамда 96 см3, дем алу көлемі жаңа туған сәбиде - 25 см3, 1 жаста - 80 см-ге дейіи артады, 2 жаста - 140 см3, ересек адамда - 400 см1. Өкпесінің мөлшері жаңа туған сәбиде – 50 см3, 1 жаста - 210 см3, 13 жаста - 707 см3, 20-25 жаста - 1680 см3, ал 30-40 жаста орта шмамамен 1788 см3.
Өкпе альвеолаларының диаметрі ересек адамда 0,2 мм, ал жаңа туған сәбиде - 0,07 мм. Олай болса өкпенің жалпы көлемі жаңа туған балада - 1,617 см3, ал ересек адамда -67,7 см3. Осы көрсеткіштерді пайдаланып ғалымдар өкпенің шар тәрізді альвеолаларының әрқайсының көлемі жаңа туған нәрестеде 4,10s тең болатынын есептеп шығарған. Олай болса, өкпе қуыстарының жалпы ауданы жаңа туған сәбиде - 6 м2, ересек адамда - 50 м2, яғни 8 есе артық.
Көмейдің жалғасы кеңірдектің ұзындығы балаларда - 4 см, 10 жаста — 7 см, ересек адамда - 10-12 см.
Кеуде қуысының пішіні адамның жасына және жынысына байланысты өзгереді. Туған кезде баланың кеуде қуысы конус тәрізді болады, себебі ұрық кезінде өкпе нашар дамыған, ал бауыры қарқынды өсіп, дамиды. Баланың кеуде қуысы көтеріңкі болып, қабырға сүйектері ересек адамдардағыдай төмен түспейді. Сондықтан бала терең дем алып, дем шығара алмайды да, қажетті мөлшердегі ауа мен оттегін тынысының жиілігі арқылы қамтамасыз етеді. Қабырға сүйектерінің қиғашталуы күшейе бастағаннан кейін терең дем алатын мүмкіндік туғаннан соң дем алу жиілігі азаяды. Қартайғанда қабырға аралық еттердің әлсіздігіне байланысты қабырғалардың қиғашталуы артады. Әйел адамның кеуде қуысы ерлермен салыстырғанда қысқарақ келеді.
Өкпенің тіршілік сыйымдылығы (ӨТС). Өкпенің тіршілік сыйымдылығы, яғни өкпеге кіретін және шығатын ауаның мөлшері адамның жасына сай өзгереді. Адам қалыпты жай дем алғанда өкпеге 300-500 мл ауа кіреді. Мұны дем алу ауасы деп атайды. Қалыпты жағдайда жай ғана дем алғаннан соң, демін шығармай тұрып, тағы да 1,5-2 литрдей ауаны сіміруге болады. Мұны қосымша ауа деп атайды. Қалыпты дем шығарудан кейін дем алмай тұрып, тағы да күшпен дем шығарып 1 -1,5 литрдей ауаны сыртқа айдауға болады. Бұл –қордағы ауа . Егер дем алу, қосымша және қордағы ауаны қосса, өкпенің тіршілік сыйымдылығы шығады.
Өкпенің тіршілік сыйымдылығы 6-7 және 15-16 жастарда дереу және айтарлықтай көбейеді. 16-17 жаста өкпенің тіршілік сыйымдылығы ересек адамдармен бірдей болады. Балалардың өкпе алвеоласындағы газ бен дем шығарғандағы газдың құрамында айырмашылық бар. Балалардың альвеолалық газының құрамында оттегі көбірек болып, көмірқышқыл газы азырақ болады. Бала неғұрлым жас болса, соғұрлым бұл айырмашылық көп болады.