Мұхамеджан Тынышбаев 6 страница

45. И.Слатиннің жеке басына табынушылық саясатын сынау. партияның хх съезі. Н.Хрущевтің жылымылығы жылдарындағы Қазақстан

1956 жылы 14 ақпанда Москвада КОКП-ның ХХ съезі өтіп, онда Сталиннің жеке басына табыну айыпталды. КОКП Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С.Хрущев бастаған коммунистер партиясы сталиндік диктат үстемдігін әшкерелеп, талдау жасауға тырысты. “Жеке басқа табынушылық және оның салдары” туралы мәселе 25 ақпанда съездің жабық мәжілісінде көтеріліп, съезд өткен соң, жарты жылдан кейін, 30 маусымында “Жеке басқа табынушылықтың зардаптарын жою” жөнінде қаулы қабылданды. Н.С.Хрущевтің ХХ съездегі «Сталиннің жеке басына табынушылығын әшкерелеу” туралы баяндамасының толық мәтіні 33 жыл өткен соң ғана 1989 жылы жарық көрді. Тарихта “жылымық” деп аталып жүрген 1954-1964 жылдары біршама басшылықтың ұжымдық принциптері енгізіліп, әміршіл-әкімшіл басқару жүйесі босаңси бастады. Қоғамдағы кеңес және қоғамдық ұйымдардың рөлі біршама өсті. Қоғамдық өмірді демократияландыруға бағытталған бұл шаралар біршама ой еркіндігін тұғызды. Нәтижесінде мыңдаған кінәсіз сотталған адамдар лагерлерден босатылып, партияның кейбір көрнекті қайраткерлері ақталды. 1930-1950 жылдары істі болған зиялылардың істері қайта қаралып, 1953-1956 жылдары партия қатарынан шығарылған 5456 адам, Ұлы Отан соғысы жылдары жау басып алған территорияларда қалғандары үшін жазаланған 243 коммунист ақталды. Сондай-ақ, 1954 жылы Е.Бекмаханов, Қ.Сәтбаев, М.Әуезов еліне оралды. К.Бекхожин, С.Мұқанов, С.Кенебаев партия қатарына қайтадан алынды. Әйтсе де, Н.С.Хрушев пен оның төңірегіндегілердің Сталиндік тәртіпті сынға алуы үлкен ерлік болғанымен, олар әбден орныққан әміршіл-әкімшілдік жүйені толық жойған жоқ. Әлі де кінәсіз соталған адамдар түрмелерде қалды. Ресейлік патша өкіметінің отарлау саясатын ақтау мақсатында, Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылғандығы кеңінен насихатталып, қазақтардан бірыңғай коммунистік ұлт шығаруға бағыт алынды. Тарихи шындық ақтандақ қалпында қалып, кеңестер жүргізген қанды қырғын біржақты көрсетілді. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов және т.б. алаш қайраткерлерінің қызметіне саяси әділ баға берілген жоқ. Ұлттық республикалардың егемендігі жоққа шығарылып, экономика салаларында жалпы бағытты белгілеу, кадрларды тағайындау және тағы басқа көптеген мәселелер орталықтағы шағын топтың қолында қала берді. Қайта құрулар соңына дейін жеткізілмеді. Сталиннің өлімінен кейін жасалған іс-әрекеттің жартыкештігінің салдарынан бір жағынан депортацияға ұшыраған башқұрттар, қалмақтар, шешендер, ингуштар мен қарашайлықтардың автономиясы қалпына келтірілсе, ал, екінші жағынан қырым татарлары, немістер, месхет түріктеріне өз автономиясын қайта құруға әкімшіл-әміршілдік жүйе тиым салды. Әкімшіл-әміршіл жүйені мойындаған қазақ зиялыларына біраз кешірімдер жасалғанымен тоталитарлық тәртіп зиялыларды бақылауын тоқтатпады. Мысалы, 1953-1954 жылдары М.Әуезовтің “Ақын аға”, К.Шаңғыбаевтың “Намыс” және т.б. еңбектері басылымнан алынып, жариялауға тиым салынды. 1956 жылы 19 желтоқсанында КОКП Орталық Комитеті жергілікті партия ұйымдарына “Партия ұйымдарының бұқара арасындағы саяси жұмысын күшейту және жау элементтердің антисоветтік бас көтеруіне тыйым салу жөнінде” арнаулы жабық хат жолдады. Сөйтіп, тұтқындау науқанының жаңа кезеңі басталды. Саяси тұрғыда басқаша ойлаушылар қоғамның қайшылықтарын ашық айтқандары үшін қудаланды. Бір ғана мысал, 1956 жылы белгілі тарихшы Э.Н.Бурджалов “1917 жылғы наурыз-сәуір айларындағы большевиктердің тактикасы” аты мақаласы үшін қызметтен алынып, қудаланды. Ал, 1957 жылдың 3 айында ғана “Советтік шындықты бұрмалағаны үшін” және өткенді қайта қарағаны үшін 100-ден астам адам тұтқындалды. Мұндай келеңсіздіктер 60-шы жылдары да қоғам өмірінен орын алды. 1959-1960 жылдары 155 еңбектің жариялануына партия тарапынан тыйым салынды. 1960 жылы Қазақстан жазушылар одағы республика компартиясының төрағасына С.Торайғыровтың творчествосын қайта қарау туралы ұсыныс жіберді. Екінші жіберілген хатта Шәкәрім творчествосын қайта қарауға рұқсат сұрады. Бұған жауап ретінде республика компартиясы 1961 жылы Қазақстан жазушылар одағының қызметін қанағатсыз деп тауып, ұлт мәселесін көтерушілермен күресті жандандырды. Осы жылдары, керісінше, орыс тілінің рөлін ұлтаралық тіл ретінде көтеру мәселесі өте маңызды болды. Коммунистік идеологияны басшылыққа алған Н.С.Хрущев республиканың барлық өміріне тікелей араласты. Қазақстанның оңтүстік аудандары Өзбекстанға берілді. Тың өлкесінде 6 облыстың өлкелік партия комитеті біріктіріліп, тікелей Мәскеуге бағындырылды. Ақмола – Целиноградқа, Батыс Қазақстан – Орал облысына айналды. Ұлт саясатындағы бұрмалаушылықтар халық арасында, әсіресе, зиялылар мен жастар арасында түрлі наразылықтар туғызды. Кеңестік жүйе оларды барынша жасырып, бүркемеледі. Осылайша, Теміртаудағы толқу кезінде тәртіпсіздіктің салдары ретінде бағаланды. 1963 жылы Мәскеуде оқитын қазақ жастарының бір тобы Б.Тайжанов, С.Ақатаев, М.Тәтімов, М.Ауэзов бас болып “Жас тұлпар” атты ұйым құрды. Мақсаты – қазақ жастарының ұлттық санасын ояту. Мұндай ұйымдар кейінірек Ленинградта, Киевте, Алматыда, Одессада, Ригада, Павлодарда, Қарағандыда, Ақмолада, Семейде, Шымкентте және басқа жерлерде пайда болды. Қазақстанды орталықтан басқару ұлттық егемендікті толығымен шектеді. Әсіресе, экономиканың әскери сұранысқа сай бейімделуі қоғамға теріс ықпалын тигізді. 1949 жылы 29 тамызда Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарында салынған ядролық сынақ полигоны орны толмас адам өмірі мен экологиялық және қаржылық шығын әкелді. 1963 жылға дейін полигонда ашық ауада 113 жарылыс жасалса, 1964 жылы жер астына көшіріліп, 1989 жылға дейін 343 сынақ жасалды. Н.С.Хрущев мемлекеттің “коммунизмге өтуіне байланысты” жаңа Конституцияның жобасын жасауды ұсынғаннан кейін, 1961 жылы Конституциялық комиссия құрылады. Бұл комиссияның жобалары 1977 жылы КСРО Конституциясын жасауда пайдаланды. Сол жылдардағы конституциялық заңдарда жазылған демократия талаптары із жүзінде жүзеге аспады. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесі КСРО Кеңесіне бағынды. Сонымен бірге Жоғарғы Кеңес тек бір палатадан тұрды, яғни балама болмады. Конституцияда тәуелсіз деп көрсетілгенімен, құқық қорғау, прокуратура органдары да орталыққа бағынды. Ал биліктің тармақтары: заң шығару, атқару, сот-тергеу, прокуратура Коммунистік партияға есеп беріп, бұйрық-жарлықтарын орындап отырған. Ешбір кеңестік заңда бұл процесс заңдастырылмағанымен, іс жүзінде әкімшіл-әміршіл жүйе билік құрды. Депутаттарды сайлау науқандары да демократиядан мүлдем алшақ еді. КСРО Жоғарғы кеңесіне 20 мың адамнан біреу, облыстық кеңеске 5 – 8 мың адамнан – біреу, аудандық кеңеске 1000 адамнан – 1 таңдау негізінде жүргізілді. Дауыс берушілер іс жүзінде депутаттарды көрмеді, білмеді. Дауыс беру тек сөз жүзінде жүргізілді. Депутаттарды халық таңдамады, жергілікті әкімшілік органдар “тағайындады”. Сайлаған депутаттар өз міндеттерін білмеді. Депутаттар орындауға тиісті мәселелерін атқару комитеттеріне өтініш ретінде беріп отырды. Саяси қателікке толы Хрущев қызметінің соңы 1964 жылдың қазан айында аяқталды. КОКП-ның Орталық Комитетінің Пленумында 1-хатшы қызметіне Л.И. Брежнев сайланса, ал Министрлер Кеңесінің төрағасы болып А.Н.Косыгин тағайындалды. Олардың ізін ала Қазақстан КП ОК 1- хатшысы болып Д.А. Қонаев сайланды. Соғыстың зардабы мәдениет саласының дамуында да үлкен қиыншылық тудырды. Республиканың интеллигенция өкілдері, мәдениет қайраткерлерінің соғысқа алынуы, мәдени мекемелер, оқу орындары мен мектептердің санының азаюы елдің мәдени даму үрдісіне кедергі келдірді. Аталған кезеңде дүниеге келген шығармаларда тек майданда ерлік көрсеткен жауынгерлер мен ауыл еңбеккерлерінің өмірі бейнеленді. Олардың қатарына Ғ.Мүсіреповтің “Қазақ солдаты”, Ә.Нұрпейісовтың “Курляндия”, С.Мұқановтың “Сырдария”, Ғ.Мұстафиннің “Миллионер” еңбектерін жатқызуға болады. Сонымен қатар республика әдебиеті жазушылар Ә.Нұрпейісовтың, Т.Ахтановтың, Б.Момышұлының, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, ақындар Қ.Аманжоловтың, Х.Ерғалиевтің т.б. жаңа шығармаларымен байыды. М.Әуезовтің “Абай жолы” романы дүние жүзіне танылды. М.Төлебаевтың “Біржан мен Сара”, Брусиловскийдің “Дударай”, Қ.Қожамияровтың “Назугул” опералары Қазақстанның музыкалық мәдениетінің алтын қорына кірді. 1946 жылы ҚазКСР Ғылым Академиясы ашылып, оның тұңғыш президенті болып Қ.И.Сәтбаев сайланды. Ғылым Академиясының толық мүшелері болып көрнекті ғалымдар – М.Әуезов, Ә.Бектұров, М.И.Горяев, А.Қ.Жұбанов, Н.Г.Кассин, Н.Т.Сауранбаев, мүше-корреспонденттеріне Н.О.Базанова, Р.А. Барукаев, Ә.Х.Марғұлан, М.И.Усанович және т.б. сайланды. 50-шы жылдардың аяғында Қазақстан Ғылым Академиясының жүйесінде 50 ғылыми зерттеу институты жұмыс жасады. 1958 жылы Орталық Қазақстанның комплексті металлогендік әрі болжамдық картасын жасағаны және оның методикасын зерттегені үшін ғалымдар: И.И.Бек, Р.А.Борукаев, Г.Ц.Медоев, Д.Н.Казанин, Қ.И.Сәтпаев және басқалары Лениндік сыйлыққа ие болды. Ал жоғарғы оқу орындарының құрамына тоқталар болсақ, 50-ші жылдары 13 институт: Семейде – малдәрігерлік-зоотехникалық және медициналық, Қарағандыда – медициналық, политехникалық және педагогикалық, Атырауда, Қостанайда, Шымкентте және басқа жерлерде педагогикалық институттар ашылды. Соғыстан кейінгі жылдарда мектепте білім беру ісі тоталитарлық тәртіптің ықпалынан шықпады. Партия, комсомол және пионер ұйымдары, мұғалімдер жас ұрпақтың санасы мен мінез-құлқын қатаң бақылауда ұстады. Оқу-тәрбие процестерін саясаттандырумен қатар жалпы көрсеткішті қудалау, оқу процестерін жасанды жүргізу, оқушылардың оқуға немқұрайлы қарауы орын алды. Осының салдарынан 20 жылдың ішінде (1950-1970) қазақ мектептерінің саны 3891-ден 2577-ге дейін азайды, ал сабақ орыс тілінде жүретін орыс мектептерінің саны 1,5 мыңға көбейді. Қазақ тілі тек тұрмыстық қолданыс дәрежесінде сақталса, орыс тілі негізгі мемлекеттік тіл ретінде қолданылды. Кітаптардың 95 % орыс тілінде басылды, теледидар хабарларының 70 % эфирде тек орыс тілінде жүргізілді. Кеңестік тәртіптің бұл қылмысының нәтижесінде қазақ халқының ұлттық мәдениетінің аясы жылдан жылға тарылып, тіпті ұлттық территорияға қауіп төнген жағдайлар орын алды. Сонымен, қаралған жылдары республикада интернационализм түсінігі үстем идеологияға айналды. Ұлттық мәселелердің барлығы тек интернационалдық тәрбиені жақсарту арқылы шешіледі деген түсінік негізінде ұлыдержавалық шовинизм жатты. Ұлттық салт-санадан гөрі кеңестік салт-сана үстемдікке ие болып, көбірек дәріптелді.

46. Тың игеру, тың және тыңайған жерлерді игеру — КСРО-да (Қазақстан, Сібір, Орал, т.б.) 1954 – 1960 ж. жүргізілген науқан. КСРО бойынша жалпы 41,8 млн га жер жыртылса, соның 25,5 млн га-сы қазақ жері болды. Тың игеру нәтижесінде Қазақстан КСРО-дағы ең ірі астықты республикаларының біріне айналды. Тың игеру. Кеңес үкіметі тұсында ең көп тәжірибе жасалған сала – ауыл шаруашылығы. Жасалған реформалар аграрлық саланы дамытудың орнына, көбінесе үлкен қиындықтарға алып келді. Ауыл шаруашылығымен қазақ халқы тығыз байланысты екені белгілі. Сондықтан қазақ халқының басым бөлігі ауылдарда тұрғандықтан реформалардың зардабы бірінші кезекте қазақтарға тиді. Ауыл шаруашылығындағы тәжірибелер 1950 жылдары өз жалғасын тапты. 1953 жылы қыркүйекте КОКП ОК пленумы ауыл шаруашылығында қалыптасқан жағдайды талқылады. Пленумда мемлекет басшысы Н.С.Хрущев баяндама жасады. Баяндамада аграрлық саланың артта қалу себептері талданды. Күштеп ұжымдастырудың зардаптары, миллиондаған шаруалардың ашаршылық пен саяси қуғын–сүргіннің құрбаны болғандығы атап көрсетілді. Сонымен бірге, өнеркәсіпті ауыл шаруашылығы есебінен дамыту ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайының төмендеуіне әкелді. Қыркүйек пленумы ауыл шаруалығының артта қалуын жою жөніндегі нақты шараларды белгілді. Мал шаруашылығының артта қалу себептері: матералдық-техникалық негізінің әлсіздігіне, жайылымдардың тың игеру кезінде егістікке айналуына тікелей байланысты болды. Ауыл шаруашылығындағы жағдайды жақсарту үшін жемдік дақылдар егісінің көлемін ұлғайту жүзеге асырылды. Техникамен жабдықтау және малшыларды материалдық тұрғыда ынталандыру жұмысы жүргізілді. Еліміздегі 47 колхоз бен 225 совхоз ет өндіруге бағытталып қайта құрылды. Осы шараларды жүзеге асыру нәтижесінде мал шаруашылығының жағдайы біршама жақсара бастады. 1950 ж. басында колхоздарды ірілендіру нәтижесінде олардың саны республикада екі есе қысқарды. Сол себепті Қазақстан колхоздары материалдық тұрғыда жарақтанған ірі шаруашылықтарға айналды. Осы кезеңде шаруашылықты жүргізуде талантты ұйымдастырушылардың есімдері көпшілікке таныла бастады. Олардың еңбегін мемлекет жоғары бағалады. Мысалы, Алматы облысындағы «Алматы» колхозының бастығы Л.Манько, «Мичурин» атындағы колхоздың бастығы Қ. Әбдіғұлов Социалистік Еңбек Ері атанды. Ал, Талдықорған облысындағы «Жаңа талап» колхозының бастығы Н.Алдабергенов екі мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алды. 1950 ж. екінші жартысында МТС-тер таратылып, олардың қарамағындағы ауыл шаруашылық техникасы колхоздарға берілді. Бұрынғы МТС-тер орнына республикада 213 машина жөндеу станциясы (МЖС) құрылды. Кейін олар «Казсельхозтехника» өндірістік–техникалық жабдықтау бірлестігінің құрамына енді. Мұндай қайта құрулар ауыл шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізбей қойған жоқ. Оның материалдық–техникалық тұрғыда жабдықталуында тұрақтылық болмады. 1954 жылы 23 ақпан - 2 наурыз арлығында Компартия ОК кезекті пленумы болып өтті. Онда «Елде астық өндіруді ұлғайту мен тың және тыңайған жерлерді игеру» туралы қаулы қабылданды. Жалпы, астық мәселесін шешудің екі бағыты болды: - интенсивтік бағыт, экономиканы реттеуде нарықтық қатынасқа көшу. - экстенсивтік бағыт, яғни астық өнімін тың жерлерді игеру арқылы арттыру жолы. Шаруашылықты нарықтық қатынастарға көшіру социализм идеологиясына қайшы келетін еді. Сондықтан, азық-түлік мәселесін шешуде Кеңес үкіметі осы екінші жолды таңдады. Қаулы бойынша тың игерілетін аймақтар: Қазақстан, Сібір, Орал және Солтүстік Кавказ, Еділ өңірі. Бұл аймақтарда егіс көлемін арттыру көзделді. Қазақстанда тың игерілетін аймақтарға солтүстік облыстар енді. Кеңес Одағы бойынша 1954 жылы 13,4 млн гектар тың жерлер жыртылды. Оның ішінде Қазақстанда 6,5 млн гектар, яғни барлық жыртылған жердің 50%. Ал жоспар бойынша Қазақстанда 1954-1957 жылдары егіс алқабының көлемі 2,5 млн га. артуы тиіс еді. Осылайша, жаппай тың игеру қозғалысы басталды. Тек 1954-1955 жылдары Қазақстанда жаңа 337 совхоз құрылды. Бұл совхоз атауларының өзі көп жәйтті аңғартып тұрса керек: «Москва», «Ленинград», «Киев», “Кантемировец”, “Тамановец” «Ростов», «Одесса» т.б. Жаңадан құрылған совхоздарда тұрғын үйлермен бірге жаңа мектептер, бала бақшалар, мәдениет үйлері, спорт алаңдары, кітапханалар салынды. Бұл республиканың әлеуметтік және мәдени дамуындағы оң істердің бірі еді. 1954 жылы тамызда КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесі «Астық өндіруді молайту үшін тың және тыңайған жерлерді одан әрі игеру туралы» жаңа қаулы қабылдады. Осы қаулыға сәйкес ауыл шаруашылығының техникалық базасын нығайту ісі қолға алынды. Қазақстан совхоздары сол кезеңде 169 мың трактор, 98 мың комбайн, 73 мың жүк машинасын және басқа да көптеген ауыл шаруашылық техникасын алды. КСРО Министрлер Кеңесі 1954 жылы қыркүйекте тың игерілген жерлерде темір жолдар мен автомобиль жолдарының құрылысын дамыту туралы қаулы қабылдады. Қаулы бойынша Қазақстанда 2.600 шақырым автомобиль жолы төселуге тиісті болды. Тың игеру барысында Тобыл–Жетіқара, Есіл–Арқалық темір жолдары іске қосылды. Тың және тыңайған жерлерді игерудің үлкен зардаптары да болды. Билік басындағылар ғалымдардың пікірімен санаспады. Экология мен жергілікті халықтың ерекшеліктерін ескермеуі үлкен зиян әкелді. Қазақстанның тың өлкелерінде жер эрозияға ұшырады. 1960 жылдарға қарай Қазақстанның тың өлкелерінде 9 млн га жер жел эрозиясына ұшырады. Тың игерудің рухани және демографиялық зардаптары да зор болды. Қазақстанға 1954-1962 ж. тың игеруге КСРО-ның еуропалық бөлігінен 2 млн адам келді. Сол себепті қазақ халқы өз жерінде азшылық жағдайына түсті. 1959 жылғы халық санағы бойынша республикада тұратын жергілікті ұлт өкілдерінің саны 2 миллион 787 мың, яғни барлық халықтың 29 % ғана құрады. Тың игерілген облыстарда 700 қазақ мектебі жабылды. Енді қазақ балалары мектеп–интернаттарда оқытыла бастады. Олардың басым көпшілігінде оқу орыс тілінде жүргізілді. Бұл біріншіден, қазақ жастарының ұлттық тілі мен мәдениетінен қол үзуіне әкеп соқтырды. Екіншіден, Қазақ елінің елді-мекендері мен жер–су атаулары орысша атала бастады. 1962 жылы Н.Хрущевтің бастамасымен Қазақстанның солтүстік облыстарын тың өлкесіне біріктіріп, Ақмола қаласы Целиноград деп өзгертілді. Мұндай орыстандыру саясатынан қазақ халқын еліміздің тәуелсіздігі ғана құтқарды. Тың игеру кезінде құрылған совхоздарда жергілікті халықтың ерекшеліктері ескерілмей, кейбір қазақ ауылдарына да шошқа өсіруге нұсқау берілді. Қазақ ауылдарында шошқа фермалары ашылғанымен олар көп ұзамай жабылып қалды. Өйткені, қазақтар шошқа шаруашылығын жүргізуден үзілді-кесілді бас тартты. Шошқа шаруашылығын дамыту мен жайылымдардың қысқаруы қазақ халқының дәстүрлі мал шаруашылығына кері әсерін тигізді. Түйе мен жылқы шаруашылығы құлдырап кетті. Емдік қасиеттері белгілі қымыз бен шұбат өндіру ұмытыла бастады. Халық үшін ең ауыр тигені сол кезеңде Кеңес үкіметінің жеке және қосалқы шаруашылық жүргізуге тиым салуы болды. Тың игеру 1964 жылға дейін жалғасты. Оның негізгі нәтижесі: сол уақыттан осы кезге дейін Қазақстан халқын нанмен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Сонымен бірге, Қазақстан астықты шет елдерге экспорттаушы елге айналды. Тың игерудің экологиялық және рухани зардаптары болғанымен, ол XX ғасырдың аса ірі экономикалық жобаларының бірі болды.

47. 1945-1965 Қазақстан білімі, ғылымы мен мәдениеті дамуының негізгі бағыттары

Соғыстан кейінгі уақытта мәдениет, еліміздің рухани жағдайы қатал сталиндік идеологияның қыспағында болды. Тоталитарлық режим бұл саланы өз дегенімен басқарып отырды.

Ағарту ісі.Соғыстан кейін қираған халық шаруашылығын қалпына келтіру жолында кездескен басты кедергілердің бірі – қажетті мамандардың жетіспеуі.

1946 жылы коммунистік партия Қазақстанда жоғары және орта білім беру ісін дамыту шаралары жөнінде қаулы қабылдады. Қазақстанға көптеген білікті мамандар жіберіліп, білім беру ісіне қаражат бөлінді. Соғыстан кейінгі алғашқы жылдары мемлекетке қажетті 60000-дай маман даярланды. 1950 жылы республикада білім беру ісіне 146,5 млн. сом жұмсалды. Нәтижесінде көптеген жаңа мектептер мен интернаттар салынды. 1950 жылы Қазақ КСР-дегі мектептердің саны 9088 болды. Бұл мектептерде 1493000 оқушы оқыды.

1950 жылы республикада міндетті орта білім алу жүйесі енгізілді.

Ғылым.Халық шаруашылығын қалпына келтіру барысында негізгі қажеттіліктердің бірі ғылыми-зерттеу жұмыстары болды. 1946 жылы маусымда Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылды. Ғылым академиясының алғашқы президенті болып ғалым, геология-минералогия ғылымдарының докторы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сайланды. Қазақ КСР Ғылым академиясының жұмысын ұйымдастыру бағытында С. И. Вавилов, И. П. Бардин, А. М. Панкратова сияқты КСРО Ғылым академиясының белгілі ғалымдары көп еңбек сіңірді. Құрылған күннен бастап Қазақ КСР Ғылым академиясы көптеген аса күрделі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1946–1949 жылдар аралығында Ғылым академиясы 900-дей жаңалық ашты.

1950 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы құрамында 50 ғылыми-зерттеу мекеме жұмыс істеді. Ғылым академиясының 19 ғылыми-зерттеу институтында 500 аспирант оқыды.

Әдебиет.Қазақ әдебиетінің соғыстан кейінгі жағдайы нашар болмады. Бірақ сталиндік идеология әдебиеттің дамуына кері әсерін тигізбей қоймады. 1947 жылы М. Әуезов «Абай жолы» роман эпопеясының екі кітабын аяқтады.

1949 жылы «Абай жолы» роман эпопеясы үшін ол мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бұл туынды – қазақ әдебиетінің аса үлкен жетістігі.

Соғыстан кейінгі жылдарда Ғ. Мұстафиннің «Миллионер», С. Мұқановтың «Сырдария», М. Иманжановтың «Алғашқы айлар» романдары, Қ. Бекхожин мен Ғ. Ормановтың, А. Тоқмағанбетов пен Т. Жароковтың, Ә. Тәжібаевтың өлеңдер жинақтары жарық көрді.

Ғылым мен мәдениетке сталиндік қыспақ. Е. Бекмаханов ісі (1951–1952 жж.)

Соғыстан кейінгі жылдарда сталиндік тоталитарлық жүйе ғылым мен мәдениеттің дамуына белгілі мөлшерде кедергі жасады. Мысалы, коммунистік партияның қатал идеологиясы қоғамдық ғылымдарға қатты қыспақ көрсетті.

Қазақстан партия комитеті БК (б) П Орталық Комитетінің 1946 жылғы зиялы қауымды саяси қудалауға арналған қаулысын орындау мақсатында жұмыс істеді. Осыдан бастап көптеген зиялы қауымдардың, ғылым, мәдениет өкілдерінің саяси қудалауы басталды. 1947 жылы коммунистік партия Қазақ КСР Ғылым академиясыныңқұрамындағы Тіл және әдебиет институтына XIX ғасырға дейінгі қазақ әдебиетінің рухани мұрасын зерттеуге тыйым салды. Себебі бұл кездің мұралары «ескінің қалдығы» ретінде сипатталды. Қазақ КСР Ғылым академиясында, Мемлекеттік университетте, жазушылар қауымы өкілдері ішінен «халық жауларын», «бөгде ойлы адамдарды» іздеді.

Наши рекомендации