Лттық-мемлекеттік межелеудің ресми деңгейлерде жалғасуы

Ұлттық-мемлекеттік межелеуге жатқызылған республикаларда мәселені талқылау ресми деңгейлерде де жалғасты. Мәселен, Бұхар халықтық Кеңестік республикасы кеңестерінің 1924 жылғы 19 қыркүйектегі бесінші құрылтайында: «Бұхар халықтарының ерік-жігерін білдіре отырып, Түркістан мен Хорезмнің өзбектерімен бірге Өзбек Кеңестік Социалистік Республикасын құруға келісім білдіреміз. Құрылтай Өзбекстан мен Түркістанның КСРО құрамына кіру қажеттігін бірауыздан қолдайды» деген қаулы қабылданды. 10 күннен кейін Бүкілхорезм Кеңестерінің бесінші құрылтайы нақ осындай қаулы қабылдады.

Түркістан ОАК-нің 1924 жылғы 16 қыркүйектегі III Төтенше сессиясында қабылданған қаулыда былай деп жазылды: «Қырғыз (қазақ. — авт.) халқының жұмысшылары мен диқаншыларының бүкіл ерік-жігерін қолдау үшін ТАКСР-інің киргиз (қазақ) облыстарын Қырғыз (Қазақ) Кеңестік Социалистік Республикасының құрамына біріктіру мақсатында қырғыз (қазақ) халқына ТАКСР құрамынан шығуға құқық берілсін».

Жаңадан құрылған республикалар мен облыстар өкілдерінің қатысуымен РК(б)П ОК Саяси Бюросының 1924 жылғы 11 қазанда өткен кезектен тыс отырысында жаңа республикалар мен облыстар бойынша мемлекеттік қорлар мен капиталы экономикалық межелеу мен бөлу тәртібі айқындалды.

Шешімде Ташкент жөніндегі дауға нүкте қойылды (бұған дейін қазақ пен өзбек халықтары өкілдерінің арасында осы қала туралы айтыс болып келген еді) - Ташкентті Өзбек КСР-іне жатқызу бекітілді. Осы өкілетті кеңесте, сондай-ақ Өзбекстан құрамында Тәжік АКСР-ін құру туралы мәселе шешілді, ал Памир туралы мәселені әзірлеу арнаулы комиссияға тапсырылды, кейін КСРО OAK Төралқасының ұсынысымен Тәжік АКСР құрамында Таулы-Бадахшан автономиялық облысы құрылды.

КСРО ОАК-нің 1924 жылғы 27 қазандағы екінші сессиясында Орта Азияны ұлттық-аумақтық межелеу мен «ұлттардың өзін-өзі басқару принципі бойынша» құрамындаТәжік АКСР-і кіретін Өзбек КСР-ін,Түркімен КСР-ін және РКФСР құрамында Қарақырғыз автономиялық облысын құру туралы қаулы қабылданды. Осы қаулыға сәйкес, этникалық қазақтардың бір бөлігін қамтитын Түркістанның жекелеген өңірлері Қазақ АКСР-інің құрамына қосылды. КАКСР-інің құрамына жаңадан құрылған Қарақалпақ облысы кірді. Жаңа республикалар мен облыстардың құрылуына байланысты Түркістан, Бұхар және Хорезм Орталық атқару кеңестері 1924 жылғы қарашадағы сессиясында өздерінің қызметін тоқтататыны туралы шешім қабылдады. Республикалар мен облыстарды экономикалық межелеу және жекелеген ұйымдар мен мекемелерді тарату үшін Орта Азияда уәкілеггі Еңбек және Қорғаныс Кеңесі жанынан Тарату комитеті құрылды. Бұрынғы республикалар құрамынан бөлінген аумақтарды уақытша басқару және жаңадан құрылатын республикалар мен облыстар кеңестерінің құрылтай съездерін әзірлеу уақытша билік органдарына - революциялық комитеттерге (ревкомдарға) жүктелді. 1924 жылғы 21 қарашада Қазақ АКСР ОАК-і ТАКСР-інен Қазақ АКСР-І құрамына берілген аудандарды басқару жөніндегі революциялық комитет туралы Ережені бекітті.

Ұлттық-аумақтық межелеу нәтижесінде Түркістан АКСР-інің бұрынғы Жетісу және Сырдария облыстарының біраз бөлігі Қазақ АКСР-інің құрамына өтті. 1924 жылғы қарашадан бастап осы облыстарды басқаруды КАКСР-інің үкіметі құрған, жоғарыда аталған ревкомдар жүзеге асырды.

1924 жылдың соңы мен 1925 жылдың басы аралығында Қазақ АКСР-іне қосылған жекелеген уездер мен болыстардың шекараларын нақтылау одан әрі жүргізілді.

Қарақалпақ автономиялық облысы кеңестерінің 1925 жылғы ақпанда Төркүлде өткен бірінші Құрылтай съезінде Қарақалпақ автономиялық облысының құрылғаны және оның Қазақ АКСР-інің құрамына енгізілгені заңды түрде ресімделді.

Межелеу барысында Қазалы, Ақмешіт, Түркістан, Шымкент уездері, Әулиеата уезінің үлкен бөлігі, бұрынғы Сырдария облысының Ташкент және Мырзашөл уездерінің бір бөлігі Қазақстанға өтті. Сонымен қатар КАКСР-іне Жетісу облысының Алматы, Жаркент, Лепсі, Қапал (Талдықорған) уездері, Пішпек (Бішкек) уезінің Георгиев, Шу, Қаранөкіс болыстары қосылды. Нәтижесінде Қазақ АКСР-інің аумағы 700 мың шаршы шақырымға, яғни үштен біріне ұлғайды, сөйтіп 2,7 млн шаршы шақырымды құрады, ал халқы 1468 мың адамға өсіп, республикадағы жалпы саны 5230 мың адамға жетті. Халықтың 1926 жылғы санағы бойынша қазақтар бүкіл республика халқының үштен екісіне жуығын (61,3%) құрады.

Экономикалық бай ресурстарымен және тармақталған ирригациялық желілерімен, сан миллион малымен қоса ауқымды аумақтың қосылуы Қазақстанның өндіргіш күштерінің дамуына қолайлы әсер етті. Осыған байланысты республиканың жаңадан аудандастырылуы туралы мәселе қаралды. Талқылау барысында республиканың астанасын Орынбордан басқа қалаға ауыстыру мәселесі туындады. Орынбор Қазақ АКСР-інің қалыптасуында елеулі рөл атқарды, бірақ жаңа тарихи жағдайларға байланысты оның географиялық орналасуы Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық және мәдени жағынан дамыту талаптарына жауап бере алмады. Оның үстіне Орынбор қазақ халқының негізгі бөлігінен аумақтық тұрғыда оқшау орналасты, ал экономикалық жағынан Орынбор губерниясы Оңтүстік Оралмен байланысты еді. Сонымен бірге Орынбор қаласы тұрғындарының және осы аттас губерния халқының басым бөлігін орыстар құрады.

Қазақстанның алдағы әкімшілік-аумақтық аудандастырылуының бірнеше нұсқасы әзірленді. Республиканың болашақ астанасы ретінде Ақтөбе, Шымкент, Әулиеата, Қызылорда қалалары аталды. 1925 жылғы 26 қаңтарда РК(б)П ОК-і Қазақстанды аудандастыру жөніндегі комиссия ұсынған жобаны қарады және мәселені одан әрі зерделеу үшін БОАК-нің орталық әкімшілік комиссиясына тапсырды. Қазақ АКСР-інің астанасы Қызылорда қаласына көшіру туралы шешім қабылданды. РКФСР-ның Үкіметі КАКСР-інің басшылық органдарын орналастыруға арналған ғимараттар құрылысына 4 млн сом бөлді. 1925 жылғы 6 сәуірде БОА К Төралқасы Орынбор губерниясын Қазақ АКСР-і құрамынан шығару туралы қаулы қабылдады, сөйтіп аумақтық-экономикалық мәселелерді нақтылауды БОАК-тің арнаулы комиссиясына тапсырды. Қазақ АКСР-і құрамынан бөліп шығарылған Орынбор губерниясына оның басым бөлігін орыс халқы құрайтын аудандар мен Орал губерниясы Елек уезінінбір бөлігі қарады.

Қазақ АКСР-інің әкімшілік бөлінісін қайта құру 1925 жылдың бас кезіне аяқталды. Қазақ АКСР-і енді Адай уезін (губернияға тенестірілген), Ақтөбе, Ақмола, Орал, Семей, Қостанай, Жетісу, Сырдария губернияларын және Қарақалпақ автономиялық облысын біріктірді.

1925 жылдың бірінші жартысында республиканың негізгі мемлекеттік мекемелері Қызылордаға көшірілді.

Қазақ жерінін қайта бірігуі оның халқының өміріндегі өте манызды оқиға болып табылады. Осы қайта бірігу қоғамды бөлудің таптық принципіне құрылған және күн өткен сайын коммунистік идеология үстем бола түскен кеңестік қазақ мемлекеттілігі аясында жүргізілгенімен, ол өңірдің тұрғылықты халықтарының, оның ішінде қазақтардың ұлттық ұйысуының жаңа кезеңіне, олардың мемлекеттілігінің кеңестік негізде қалыптасуы мен нығаюына жол ашты.

1925 жылғы 15-19 сәуірде республиканың жаңа астанасында Кеңестік Қазақстанның V съезі өтті. Съезд байырғы халықтың - қазақтардың тарихи атауын қалпына келтірді, Қырғыз А КСР-інің аты Қазақ Автономиялық Кеңес Республикасы деп өзгертілді. [15]. Съезд сонымен бірге республиканың жаңа астанасының атауын да өзгертті: Перовск қаласы Қызылорда деп аталатын болды.

Съезд республика тұрғындарына арнап мынадай сөздермен аяқталған үндеу тастады: «Алдымызда — Қазақ Республикасы қайта өрлеуінің көкжиегі, еліміздің өндіргіш күштерін дамытуға арналған күрес көкжиегі, КАКСР-і еңбеккерлерінің, оның бүкіл халқының материалдық жағдайы мен мәдени денгейін көтерудің жаңа көкжиегі ашылды».

Қазақ КСР-інің құрылуы. 1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың бас кезінде, КСРО-ның дамуындағы әлеуметтік-экономикалық тоқыраудың өршуіне сәйкес, кінәлілерді — «халық жауларын» «зиянкестерді», антикеңестік қастандық элементтері мен жасырын ұйымдар деп аталатындарды іздестіру кең қанат жайды. Қазақстанда жер-жерде жауларды «әшкерелеу» науқаны басталды, КСРО-ның жаңа Конституциясын талқылау міне, осындай жағдайда жүргізілді. Конституция 1936 жылы 5 желтоқсанда Кеңестердің VIII БүкілодақтықТөтенше съезінде қабылданды. Жаңа Конституцияға сәйкес, 1937 жылы 26 наурызда Қазақ АКСР-і одақтық республика болып қайта құрылды. 1937 жылы наурызайында Қазақстан Кеңестерінің Төтенше X съезі Қазақ КСР Конституциясын бекітті.

КСРО жаңа Конституциясы жаңа республикалық одақтық конституцияларды қабылдаумен тікелей байланысты болды. Онда да, одақтас республикалар конституцияларының құрылымы мен мазмұны КСРО Конституциясымен бірдей болды. Әр республиканың КСРО құрамынан еркін шығу құқығы сақталды, олардың келісімінсіз одақтас республикасының аумағы өзгертілмейтін болды. Конституция барлық одақтас республикалар аумағында бүкілодақтық заңдардың күші бірдей жүретіндігі туралы ережені бекітті: одақтас республикалардың заңы мен бүкілодақтық заңы алшақ келген жағдайда бүкілодақтық заң қолданысқа алынды. Одан шығатыны, Конституция одақтас республикалардың үстінен одақ заңының басымдығын түбегейлі бекіткенін көруге болады. Онда республикалық органдардың одақтық органдар актілерін бөгеу немесе қарсылық білдіру құқығы қарастырылмады. КСРО азаматтарына бір ғана одақтық азаматтық белгіленді, одақтас республикалардың әрбір азаматы КСРО азаматы болып табылды.

Осынау құжатта деклорацияланған барлық құқық атаулыға қарамастан, республикалар нақты тәуелсіздікті және де өзін-өзі басқаруды да ала алмады. Қалай дегенмен, Қазақстанның суверенитеты формалды түрде мойындағанның өзінде және оның жерін заң жүзінде бекітіп беруі біздің мемлекетімізде өте үлкен рөл атқарды. 1937 жылы 12 желтоқсанда республика Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өттi. Сайлау демократиялық сипатта болмады, халық жоғарыдан бекітілген кандидаттарға дауыс берді.

Наши рекомендации