Дегерес қой тұқымы, тұқымішілік типтері.

Дегерес қойы – биязы жүнді, құйрықты қой тұқымы. Ол 1930 – 1980 ж. аралығында Алматы облысында жергілікті қылшық жүнді, құйрықты қой саулығын шропшир және прекос қошқарларымен күрделі зауыттық будандастыру арқылы шығарылған. Жаңа тұқым ретінде 1980 ж. бекітілді. Дене бітімі шымыр, сүйегі берік, кеудесі кең, құйрығы орташа. Жыл бойы жайылымда бағуға бейімделген, ұзақ жүруге төзімді. Қошқары тірідей 100 – 110 кг, саулығы 58 – 63 кг салмақ тартады. Қошқардан 6 – 7 кг, саулықтан 3 – 3,5 кг жүн қырқылады. Жүн талшығының ұзындығы 9 – 16 см. Әр 100 саулықтан 90 – 120 қозы алынады. Енесінен бөлген кезде қозылары 32 – 35 кг салмақ тартады. Ұрғашы тоқты 70 кг, еркек тоқты 93 кг салмақ тартады, ұшасынан 16 – 19 кг ет алынады, сойыс шығымы 49 – 51%. Таза жүн түсімі 66 – 68%. Дегерес қойы Қазақстан мен Орталық Азияда өсірілетін жергілікті қылшық жүнді қойлардың жүн өнімділігін көбейту мен оның сапасын арттыруға кеңінен пайдаланылады. Сондай-ақ Дегерес қойыТүрікменстанда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Грузияда және Моңғолияда қой тұқымдарын асылдандыру жұмысында қолданылады. Дегерес қойы Алматы облысындағы «Бақанас», Қарағанды облысындағы «Жәмші», т.б. асыл тұқымды қой шаруашылықтарында, Қазақтың мал өсіру ғылыми-зерттеу институтының Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығында өсіріледі.

Дегерес қой тұқымы ерте кезден шығарыла бастаған. Алматы облысының Дегерес ауылында патша үкіметі кезінде бір орыс помещигінің шаруашылығы болған. 1914 жылы осы шаруашылыққа ағылшынның шропшир атты етті-жүнді қойының қошқары әкелінген. Сол қошқармен жергілікті қазақы қойдың саулықтары будандастырылған. Кеңес үкіметі кезінде ұйымдастырылған Дегерес кеңшарына алынған будан түгелдей берілген. Бірақ, кеңшардың негізгі міндеті жылқы өсіру болғандықтан, қой өсіруге көңіл бөлінбеген. Сондықтан бұл шропшир –қазақы қойлар будандарын ұйымдастырылған Жетісу ауыл шаруашылық тәжірибе бекетіне берген. Ол кезде бекетте қызмет істеген мал мамандары К. М. Николаев, В. Н. Калинин қазақ қойының құйрығы мен шропшир қойының жүнін ұштастыру жолында едәуір еңбек сіңірді. Жаңа пайда болып жатқан дегерес қойын аса сүйіп, мәпелеп өсірушінің бірі бекеттің мал өсірушісі Мұхаметжан Кәрібозұлы болды.

Бұл қойларды 1929 жылы бірінші рет В. А. Бальмонт, М. Ә. Ермеков көріп, сынап шығарған. В. А. Бальмонт қолда бар дегерес будандарын 4 класқа бөлді:

І– біркелкі биязылау жүнді дөңгелек құйрықты будандар;

ІІ – біркелкі биязылау жүнді келте құйрықты будандар;

ІІІ– әртекті жүнді, дөңгелек құйрықты будандар;

ІV– әртекті жүнді, келте құйрықты будандар.

Сынау бойынша барлық дегерес қойлары төмендегіше бөлінді: 1 класс – 13,0%; 2 класс – 25%; 3 класс – 31,5%; 4 класс – 30,5%. Қорытып айтқанда, дөңгелек құйрықты қойлар 44,5%, келте құйрықты – 55,5% болды.

1931-1932 жылдары «Қарғалы» тәжірибе шаруашылығына дегерестің 20 қошқар және саулықтары төлдерімен әкелінді. Соңынан ол қойлар Мыңбаев атындағы тәжірибе шаруашылығына беріліп, ғылыми тәжірибе, селекциялық жұмыстары қалыптасты. Сол кезден бастап жұмысқа Т. Бөкенбаев кірісіп, кейін жетекші болды. Жұмыстың бас кезінде (1931-1936 ж.ж.) құйрықты саулықтарды шағылыстыру үшін жақсартушы тұқым ретінде құйрықты биязылау жүнді қошқарлар (құйрықты қазақы қой мен шропшир қошқарының будандарын “Өзара” өсіруден алынған) пайдаланылды. Күйекке жіберілген саулықтар ұсақ (56 кг) жүн түсімі де төмен (2 кг) болды.

1944 жылдың күзінен бастап Алматы облысының “Октябрь” кеңшарында прекос – қазақы құйрықты қойдың будан саулықтарын дегерестің ұнамды типке жататын қошқарларымен шағылыстырады. Онан әрі будандардың таңдаулы бөлігі “Сарыбұлақ” асыл тұқымды қой кеңшарына жіберілді, өйткені мұнда етті-майлы жүн түсімі мол отарлары шоғырланған болатын. Пайдаланылған саулықтар жүні жағынан биязыдан ұяң жүнге дейін алуан түрлі еді, олардың шағын қақпақ құйрығы көбінесе, келте құйрықтар болды. Өнімділігі де жоғары емес, салмағы 57,9 кг, жүн түсімі 2-2,5 кг айналды.

Тек 1947 алғашқы рет Мыңбаев тәжірибе шаруашылығынан алынған өнімі жоғары екі қошқар (салмағы-112-122 кг, жүн түсімі 5-5,6 кг) шағылысқа пайдаланылды.

Бұл жұмыста алға қойылған мақсат –қазақы құйрықты қойдың ет өнімділігі мен жергілікті жағдайға бейімділігін сақтай отырып, жүні біркелкі биязылау, 56-46 сапада жүн інім ұзындығы 12-14 см болатын қой тұқымын өсіру болды. Жаңа шығарылатын тұқымның қойы мықты, тез жетілгіш, дене бітімі жақсы, құйрықты, ет-май құрау белгілері айқын көрінуі тиіс. Осы мақсатқа сай негізгі тұқымдық отарға іріктеліп алынатын қойға қойылатын талаптар белгіленді. Сол талаптарға сай ең төменгі межелер мыналар еді: қошқарлардың салмағы 80-90 кг, жүн түсімі 4-4,5 кг, сапасы 46 –дан төмен емес, жүн талшығының ұзындығы 10 см-ден жоғары, таза түсімі 60-62%, саулықтардікі, тиісінше: 60-65 кг, 2,4-2,6 кг, 46,10 см, 60-62%.

Қазақы қойдың құнды қасиеттерін сақтау үшін (азық талғамайтыны, жайылымда көнбістігі және т.б.) жұмыстың бүкіл кезеңдерінде қой шөл және шөлейт аймақ жайылымында бағылды. Тұқымдық қошқарларға қыста, күйекке әзірлеу және күйек кезінде ғана, ал саулықтарға төлдеген кезде ғана үстеме жем берілді.

Жоғарыда айтылғандай, күрделі будандастыру арқылы екі шаруашылықта да (Мынбаев атындағы және «Сарыбұлақ») бірінші және екінші ұрпақтың будандары сұрыпталып, таңдалып, “өзара” шағылыстырылды. Жұмыстың алғашқы кезеңінде ұнамды типтің малы аз болғандықтан “өзара” өсіру үшін қақпақ құйрықты саулықта, сондай-ақ әркелкі ұяң жүнді қойлар пайдаланылды.

Қорыта айтқанда, дегерес тұқымы күрделі өндіре будандастыру әдісін қолданып, одан алынған төлдерді таңдау, талдау, сұрыптау, жұптау арқылы шығарылған көп жылғы еңбектің қорытындысы 1980 жылы тұқым ретінде бекіп, оның авторлары – В. А. Бальмонт, Т. Бөкенбаев, А. В. Голоднов, М. Алетов, Т. Садыкулов, Ә. Байжуманов, С. М. Перегудов және тағы басқалары болып табылды.

Қазіргі дегерес қойының сүйегі берік, басқа құйрықты қойларға қарағанда құйрығы аз –кем кішірек, дене бітімі мықты, тез жетілгіш, жүн түсімі қанағаттанарлық, сапасы 50-56, ұзындығы 12-13 см, биязылау жүн береді. Соңғы жылдары істелген селекциялық жұмыстардың нәтижесінде жүн сапасы 50-46, талшығының ұзындығы 14-16 см қойлар көбейеді. Республикамыздың оңтүстік аудандарындағы шөл және шөлейт аймақтардың маусымдық жайылымдарын жыл бойы пайдаланып арзан етпен бірге тамаша жүн өндіруде дегерес қойына бәсекелес келетін қой тұқымы жоқтың қасы.

Орталық Қазақстанның суық та қатаң, құрғақ кең жайылымын пайдалануда дегерес қойының ұяң жүн беретін типі бар. Оның еттік майының қасиеті өте жоғары. Жалпы дегерес қой тұқымы өте мол етпен жүн беретін тұқым. Қошқарларының салмағы 100-110 кг, саулықтары 60-65 кг, аталықтарынан 4,0-4,5 кг, аналығынан 2,5-3,6 кг жүн алынды. Жүн шығымдылығы 60-70%. Қойдың түсі көбіне ақ, ақбоз, қоңыр түстілер де кездеседі. Қазір Алматы, Қарағанды облыстарында өсіріледі. Барлық селекциялық жұмыстарды профессор Т. Садыкулов басқарады.

Наши рекомендации