Ақырыптың мазмұны.
1.Мемлекеттік басқаруды құқықтық реттеу субъектісі (қайнар көзі) басқару саласындағы құқықтық нормаларды басып шығарушы белгілі бір мемлекеттік органдардың мүмкіндіктерін, сипатын және олардың шектерін белгілейді.
Осыған сәйкес орталықтандырылған, императивті реттеу (субординация әдісі)қолданылады. Бұл әдісте реттеу жоғарыдан төменге дейін әміршіл-императивті негізбен мемлекеттің мемлекеттік билік органдарымен толықтай немесе оның субъектілерімен (федерациялык құрылымда) олардың құзырет шеңберінде және юрисдикция объектілерінде жүзеге асырылады;
Орталықтандырылмаған, диапозитивті реттеу (үйлестірушілік әдіс) әдісінде құқықтық реттеу келісімдер, шарттар, өзара келісім мен актілерді қабылдау, мемлекеттік билік органдарының төменнен болған бастамасын қолдау арқылы жүзеге асырылады. Басқару үрдісіндегі (қарым-қатынастардағы) мінез-құлықты айқындайтын құқықтық нормалардың мәні мен мазмұны құқықтық реттеудің әдісіне байланысты.
Құқықтық норманың, басқарудың өзара қарым-қатынасқа қатысушыларға заңды әсер етуіосы әдістердің мәні болып табылады. Жалпы құқықтық реттеу әдіістерін мынадай етіп бөлуге болады:
· позитивті міндеттеу - тікелей міндеттері бар тұлғаларға белгілі бір жағымды (жақсы) әрекет етуді міндеттеу;
· тыйым салу -тұлғаларға белгілі бір тұрғыдағы әрекеттерді жасамауды тиісті ету (міндеттеу).
· рұқсат беру - тұлғалардың өзіндік белсенді әрекет етулеріне мүмкіндік беру.
Аталған әдістердің әрқайсысы да мемлекетті басқаруды құқықтық реттеуде пайдаланылады және оны мемлекеттік органдардың құқықтық мәртебесінен көруге болады. Дегенмен, позитивті міндеттеу басым әдіс болып табылады. Себебі қандай да бір болмасын мемлекеттік органға берілген құзырет, оған жүктелген міндет ретінде қаралады. Оның ішінде белгілі бір шешім қабылдауда және әрекет етуде рұқсат беру (шектемеу) немесе оларды жүзеге асыруға тыйым салу да бар. Бірақ мемлекеттік органның құзыретіне берілген бар нәрсе міндетті түрде орындалуы керек. Мемлекеттік органның азаматтық құқық субъектісінен айырмашылығы осында. Сондықтан, мемлекеттік басқару көбінесе конституциялық және әкімшілік құқық нормаларымен реттеледі.
Заң әдебиеттерінде мемлекеттік басқаруды құқықтық реттеу мәселесін қарастырғанда, мемлекеттік органдардың құқықтық мәртебесін қандай нормамен анықтау керектігі жөнінде әр түрлі пікірлер кездеседі. Кейбір әдебиетте құқықтық реттеу, мемлекеттік органдарға «... басқасының барлығына рұқсат етеді», тек тыйым салынған тармақтарда жазылған, жалпы ерік беру тәртібінқолдаса, басқасы рұқсат етілген тәртіпті қолдайды, деген пікір айтылады, ал өзге бір әдебиеттерде « ... басқасының барлығына тыйым салынған», заңды іс-әркеттер жиынына назар аударылған. Билікпен тығыз байланысты мемлекеттік басқару үшін толық демократия кезінде де құқықтық реттеудің міндетті-құқықтық тәртібіжөн болады. Егер мемлекеттік билік жөнінде сөз қозғалатын болса, оның реттеу күшін қолданса, барлық істер заңды, анық, ашық жазылуы қажет; барлық еркін әрекеттер мемлекет рұқсатымен, заң шектерінде орындалуы керек.
Ғылыми жұмыстарда жалпы құқық теориясы бойынша құқықтық реттеуде құқық нормаларының келесідей жіктеуі жасалады:
-реттеу нормалары, құқықтық қатынасқа түсушілерге құқық беру және міндеттер жүктеу арқылы мемлекет пен қоғамға пайдалы мінез-құлықты белгілейді; реттеу нормалары міндеттеу, тыйым салу және құқықты белгілеу нормаларына бөлінеді. Жалпы алғанда осы бөлініп көрсетілген нормалардың қайсысы болса да осы көрсетілгендердің сипатында жасалып құрылуы мүмкін. Ал кейбір нормалар табиғи түрде өздері әртүрлі сипаттарды біріктіріп тұрады. Мысалы, белгілі бір жағдайларда қылмыстық іс қозғау, тергеушінің әрі құқығы, әрі міндеті болып табылады. Сонымен бірге, кейбір нормаларда жеке адамның міндеті ғана алдыңғы қатарға шығады. Ал басқа нормаларда олардың құқығы, үшінші бір нормаларда белгілі мінез, жүріс-тұрыстарға тыйым салуға ерекше назар аударылады.
-қорғау нормалары, мұндай нормалардың талаптары бұзылған жағдайда мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын белгілеу қарастырылған. Парламент депутаттары Республика Президентіне Қазақстан Республикасы заңдарын орындамағаны үшін Үкімет мүшесін кызметтен босату туралы өтініш жасай (ұсыныс беру) алады;
-мамандандырылған құқықтық нормалар, реттеу мен қорғау (сақтау) нормаларының арасынан мамандандырылғандарын бөліп арнайы қарастыруға болады. Бұларға:1) анықтамалық-пайымдылық, яғни дифинитивтік нормалар жатады. Мұнда мемлекеттік құқықтық институттардың белгі-нышандары мен анықтамалары келтіріледі. 2) қағидаттық (принципті білдіретін) нормалар, оперативтік (жеделдікті білдіретін) нормалар актілердің күшін жоюға бағытталған. Олардың күшін жанама қатынастарға қолдануға бағытталған және тағы сол сияқты коллизиялық нормалар – нормалардағы қайшылықтарды шешуге мүмкіндік беретін нормалар.
Осы тәрізді негіздерге сүйеніп факультативтік нормаларды да бөлектеп көрсетуге болады. Ол белгілі бір жағдайларда мінез, жүріс-тұрыстың басты нұсқасынан ауытқуға мүмкіндік жасайды. Сөйтіп, бұл жағдайда негізгі емес, яғни қосалқы нұсқаны таңдап алуға мүмкіндік береді. Ұсыныстық нормалар деп аталынатындар бірнеше түрлі мінез, жүріс-тұрыс нұсқаларынан біреуін ғана артықтау немесе тәуірлеу деп кеңес береді. Егер де норма ережені қалыптастыруда оның әрекет етуі мен санкциясын мейілінше толық түрде жасап, әрі қарайғы қолданыстарға түсуге жол берілмейтіндей етілген болса, онда ол абсолюттік айқын норма делінеді. Керісінше, айқындылығы салыстырмалы нормаларда нұсқаулар болмайды және нақты жағдайларға байланысты басқаша нұсқаулардың қолдануын да теріске шығармайды. Мұндай нормалар өз кезегінде жағдайлық (ситуациялық) және баламалық деп жіктеледі. Бұлардың алғашқылары норма адресатының (арналған тағайындауының) қалауын өзінің білімінше істеуді немесе істемеуді жағдайға қарап шешуіне мүмкіндік береді. Ал екіншілері – нормативтік актіде көрсетілген нұсқаулардан қалауынша таңдауына мүмкіншілік жасайды. Нормалардың негізгі және туынды; тұрақты және уақытша деген түрлері де болады. Ерекше топқа мадақ нормалары жатады. Бұл нормалар адамдардың мінез, жүріс-тұрыстарын мадақтау шараларымен (санкцияларымен) демеп, ынталандырады. Мұндайларды тіпті, қылмыстық құқықтан да табуға болады.
Осылайша, мемлекеттік басқаруды құқықтық реттеуде мемлекеттік-құқықтық институттар үлкен мәнге ие. Осы пәнге байланысты олар құқықтық реттеудің бірнеше әдіс-тәсілдерін, құрылымын, мемлекетке қажеттілігін, құқық түрлерін және т.б. көрсетеді. Бұл жерде ең бастысы, мемлекеттік басқарудағы құқықтық реттеу мен мемлекеттік органдағы құқықтық қызметті алмастыруға болмайды.
2.Құқық формалары мемлекеттiк құрылымдар (сонымен қатар жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары) мен мемлекеттiк қызметтердiң заңға сүйенуін анықтауды мақсат етіп қана қоймай, сонымен қоса жүйенің жұмыс атқаруы, олардың құрылымдық ұйымшылдығына, өзара ұтымдылығына қарай үлкен мәнге ие болады. Құқықтық акт жоғары және күштірек болған сайын, мемлекеттік басқарудың біртұтастығын қамтамасыз ету мүмкіндіктері және оның әр түрлі деңгейдегі ұйымдық құрылымдарын үйлестіру де жоғары болады.
Заң – бұл заң шығарушы билік органы немесе референдум арқылы ерекше тəртіпте қабылданған, халықтың еркін білдіретін, жоғары заң күшіне ие жəне маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін нормативтік акт.
Заңның белгілері:
1. Заң – бұл құқықтық жүйеге заң нормаларын енгізуге, оларды жоюға немесе өзгертуге байланысты құқықшығармашылық əрекеттер бекітілген заң актісі.
2. Заң – бұл мемлекеттік биліктің қатаң анықталған жоғары органдарының актісі.
3. Заң жоғары заң күшіне ие. Бұл мынаны білдіреді: а) қалған барлық құқықтық актілер заңдарға негізделуі жəне оларға қарама-қайшы болмауы тиіс. Кез келген басқа акт заңға қайшы келген жағдайда басымдылық соңғысына беріледі; ə) заңды кез келген басқа орган бекіте алмайды; б) оны қабылдаған органнан басқа ешкім заңды өзгерте немесе оның күшін жоя алмайды.
4. Заң – бұл құқықтық жүйеде бұрын болмаған жəне қоғамдық өмірдің маңызды мəселелеріне байланысты міндетті нормалардан құралған нормативтік акт.
Заңның түрлері:
1) Конституция – бұл басқарудың жəне мемлекеттік құрылымның нысанын, сот əділдігі жүйесін анықтайтын, конституциялық құрылымды, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын бекітетін негізгі саяси-құқықтық акт; Қазіргі кезде Парсы шығанағындағы кейбір абсолютті монархияларда (Сауд Арабиясында, Оманда) ғана Конституция жоқ. Мемлекеттің барлық басқа заңдары оның қағидаларына барынша сәйкестендіріле отырып қабылданады. Конституциялық қағидалардың бұзылуы өте елеулі құқық бұзушылық болып табылады.
Болжалды қолданылу мерзіміне қарай Конституция тұрақты және уақытша Конституцияларға бөлінеді. Уақытша Конституциялар елдің түпкілікті конституциялық құрылымын әзірлеу қажет болатын өтпелі кезеңде қабылданады. Кейде уақытша Конституция көптеген жылдар бойына қолданыста болады. Керісінше, тұрақты Конституцияның қолданылу уақыты өте қысқа болуы мүмкін. Қазіргі әлемдік тәжірибеде жаңа Конституция қабылдаудың түрлі тәсілдері қолданылады. Атап айтқанда, Конституцияны парламент, құрылтай жиналысы, референдум қабылдайды немесе аралас тәсілдермен қабылданады. Украинаның, Молдованың, Грузияның, Өзбекстанның қолданыстағы Конституциялары парламенттік жолмен қабылданды. Болгарияның, Румынияның, Камбоджаның, Бразилияның, Колумбияның Конституциялары Құрылтай жиналысында қабылданды. Қазақстанның (1995 жылғы), Ресейдің Конституциялары, сондай-ақ Беларусьтің Негізгі Заңының қазіргі редакциясы мемлекет басшысының басшылығымен әзірленіп, бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Арменияның, Әзербайжанның, Литваның, Тәжікстанның Конституцияларын парламент қабылдап, кейін референдумда бекітілді.
1995 ж. 30-тамызда өткізілген бүкілхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы — конституциялық заңдардың қағидаларын тұжырымдап, бір арнаға келтірген Ата Заң, яғни мемлекетіміздің Негізгі Заңы болып табылады. Ол кіріспеден және 9 бөлімнен (98-баптан) тұрады.
2) конституциялық заңдар – Конституциямен көзделген жəне онымен байланысты мəселелерге қатысты қабылданады; Конституциялық заң - Қазақстан Республикасы Конституциясында конституциялық деп аталған, Қазақстан Республикасы Конституциясы 62-бабының 4-тармағында белгiленген тәртiппен қабылданатын заң. Үйреншікті заңдар - бұған жүйелік және ағымдағы заңдар жатады.
3) жай заңдар – бұл қоғамдық өмірдің экономикалық, саяси, əлеуметтік, рухани жақтарына арналған ағымдағы заңнама актілері. Конституция осы заманғы мемлекеттіліктің маңызды белгісі, мемлекеттің бастапқы саяси және құқықтық құжаты болып табылады.
Заңнама - белгiленген тәртiппен қабылданған нормативтiк құқықтық актiлердiң жиынтығы; Заңнамалық акт - конституциялық заң, Қазақстан Республикасы Президентiнiң конституциялық заң күшi бар жарлығы, кодекс, заң, Қазақстан Республикасы Президентiнiң заң күшi бар жарлығы, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң қаулысы, Сенат пен Мәжiлiстiң қаулылары;
Заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актiлер - заң актiлерi болып табылмайтын, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заң актiлерiнiң негiзiнде және соларды орындау үшiн шығарылған, өзге де нормативтiк құқықтық актiлер;
Мемлекеттік басқарудың құқықтық реттеу формасында заңға сәйкес актілер үлкен мәнге ие. Заңға сəйкес актілер – бұл заң нормаларынан құралған, заңдардың негізінде жəне оларды орындау мақсатында қабылданған актілер. Оларға мыналар жатады:
1) Президенттің құзыреті шегінде қабылданған жарлықтар мен өкімдер;
2) Парламенттің құзыреті шегінде қаабылданған қаулылар мен өкімдер;
3) мемлекеттік аумақтық жəне жергілікті органдардың (өкілдік органдар мен əкімшілік органдар) актілері – мемлекеттік билік пен басқарудың аумақтық органдары немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдары қабылдайды жəне осы аумақта өмір сүріп жатқан барлық тұлғаларға таралады;
4) ведомстволық актілер – белгілі бір органның құзыреті шегінде қабылданады жəне осы ұжымның мүшелеріне ғана таралады.
Құқықтық нормалардың өздеріне тән арнайы құрылымы болады. Құқықтық нормалардың құрылымын танудың теориялық және тәжірибелік мәні өте зор. Оны меңгеру, білу арқылы заңгерлер құқықты қолдану процесі қызметінде кеңінен пайдаланады.
3.Құқықтық норманың құрылымы дегеніміз - қисынды мағынамен оның ішкі мазмұнының элементтерін айқындап көрсету.
Заң нормаларының түрлері:
1) реттеуші жəне құқық қорғаушы;
2) құқық беруші, тыйым салушы жəне міндеттеуші;
3) императивтік жəне 4) диспозитивтік нормалары.
Реттеуші норма – бұл субъектінің субъективтік құқықтары мен міндеттерін, олардың пайда болу жəне əрекет ету жағдайларын анықтайтын норма.
Құқық қорғаушы норма – бұл субъектіге мемлекеттік мəжбүрлеу шараларын қолданудың жағдайларын, осы шаралардың сипаты мен мазмұнын анықтайтын норма.
Құқық беруші норма – бұл субъектіге белгілі бір əрекеттерді жүзеге асыруға байланысты құқықтарды беретін норма.
Тыйым салушы норма – бұл субъектіге белгілі бір əрекеттерді жасаудан бас тартуды міндеттейтін норма.
Міндеттеуші норма – бұл субъектіге белгілі бір мазмұндағы әрекеттерді жасау міндетін жүктейтін норма.
Императивтік норма – бұл қатаң ережелер түрінде көрініс табатын жəне құқық субъектілерінің қалауларынан тəуелсіз түрде әрекет ететін норма.
Диспозитивтік норма – бұл өзіндік қалау бостандығын білдіретін норма.
Құқықтық норманың құрылымы үш элементтен құралады: гипотеза, диспозиция жəне санкция.
Гипотеза – бұл құқықтар мен міндеттердің пайда болу жағдайын көрсету; диспозиция – бұл құқықтар мен міндеттердің өзін көрсету; санкция – бұл норманы бұзудан туындайтын қолайсыз салдарды көрсету. Бұл үлгінің сөздік кестесі мынадай: «егер… , онда… , бұлай болмаған жағдайда…». Мысалы, займ шарты жазбаша нысанда жүзеге асырылуы тиіс. Логикалық түрде бұл норманы былай құруға болады: егер займ шарты бекітілетін болса, онда ол жазбаша түрде жасалуы тиіс, бұлай болмаған жағдайда, шарттың күші болмайды.
Құқық нормасы мен нормативтік акт бабының арақатынасы. Құқық нормасы мен нормативтік акт бабы бір ұғымдар емес, көп жағдайларда олар сəйкес келмеуі де мүмкін. Құқық нормасы – бұл гипотезадан, диспозициядан жəне санкциядан құралған жүріс-тұрыс ережесі, ал заңшығармашылық актісінің бабы – бұл құқық нормасының жүзеге асырылу құралы, мемлекеттің ерік білдіру нысаны. Құқық нормасы нормативтік акті бабының мазмұны болып табылса, бап құқықтық норманың нысаны болып табылады. Олардың арасындағы байланыс əртүрлі сипатқа ие.
Жүріс-тұрыс ережесін бекіте отырып, заңнама құқық нормасының логикалық құрылымының үш элементін де нормативтік актінің бір бабына енгізуі мүмкін,бір бапқа бірнеше құқық нормасын енгізуі де мүмкін.
Кейбір жағдайда құқық нормасы элементтерін əр түрлі нормативтік актілердің бірнеше баптарында немесе бір нормативтік актінің бірнеше баптарында көрсетуі мүмкін. Көрсету тəсілдері бойынша құқық нормасы мен нормативтік акт бабының арақатынасының үш түрі болады:
А) тікелей тəсіл – құқық нормасы нормативтік акт бабының өзінде тікелей көрсетіледі;
Ə) сілтемелі тəсіл – нормативтік акт бабы норманы толығымен ашпастан, осы актінің басқа бабына сілтеме жасайды;
Б) бланкеттік тəсіл – нормативтік акт бабы нақты бір бапқа емес, белгілі бір нормативтік акті түріне сілтеме жасайды.
Мемлекеттік басқарудағы құқықтық реттеудің тәртібі, өзінің сипаты және мазмұны бойынша үйлесуі керек. Сөйтіп, мемлекеттік басқарудағы құқықтық реттеудің жүйелік жиынтығын құру қажет.
Сондықтан, мемлекеттік басқарудағы құқықтық реттеу тәртібінің бірнеше талаптары бар:
§ Уақыттылық
§ Тұрақтылық
§ Толықтылық
§ Ішкі үйлесімділік
Бұл талаптарды орындау мемлекеттік-басқарушылық құбылыстарды, процестер мен қатынастарды ретке келтіруге себебін тигізеді.
Уақыттылық –құқықтық нормалардың дер кезінде қабылдануы және оның мағынасының өзектілігі.
Тұрақтылық – құқықтық нормалардың дұрыс таңдалып, мемлекеттік орган мен лауазымдық мәртебесінің жағдайын түсінуге, тануға, іс жүзінде қолдану мен бағалауға адам мен қоғамға мүмкіншілік береді.
Құқықтық норманың көбісі толықтығымен ішкі үйлесуінетәуелді. Мұнда ең дұрысы үлкен кешенді құқық актілерін құру жолын ұстанған жөн. Сонда басқаруға тән белгілер толықтай құқықпен ресімделуге мүмкіншілік алады.
Мемлекеттік басқару элементтеріне оның мәні мен алатын орнына байланысты мемлекеттік басқарудағы құқықтық реттеудің құрылымы сәйкес келуі керек. Осыған орай мемлекеттік басқарудағы құқықтық реттеудің құрылымына мыналар кіруі қажет:
§ Заң шығарушылық реттеу. Мұнда мемлекеттік басқару элементтерінің қарпайым түрлері анықталады.
§ Жергілікті органдар арқылы мемлекеттік басқарудың бірнеше элементтерінің нормативтіқ анықтамасы.
§ Атқарушы биліктің жалпы және арнайы органдары жүргізетін басқару процесін ішкі-жүйелік нормалармен реттеу.
§ Аумақ шеңберіндегі өзін-өзі басқаруды реттеу.
§ Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын, қадағалайтын және құқық қорғау органдары мен басқару процесін құқық қорғау арқылы реттеу.
ҚОРЫТЫНДЫ
Нормативтік актілер əрекет етудің уақыттық, кеңістіктік жəне субъектілік шектеріне ие:
1. Нормативтік актілердің уақыттағы күші олардың күшіне енген сəтінен бастап қүшін жоғалтқан сəтіне дейін таралады. Актілер не оларды қабылдаған сəттен бастап, не нормативтік актінің өзінде немесе оның күшіне енуі туралы арнайы актіде көрсетілген уақыттан бастап, немесе оларды жариялаған сəттен бастап белгілі бір мерзім өткеннен кейін күшіне енеді. Актілер оларды қабылдауда көрсетілген əрекет ету уақыты өткеннен кейін, не олардың орнына жаңа акт қабылданған жағдайда, не нақты бір органның осы актінің күшін жою туралы тікелей нұсқауы негізінде өз күштерін жояды.
Нормативтік актілердің уақыттағы күшіне байланысты жалпы ережелердің ішінде екі ерекше ереже бар:
а) заңның кері күші – жаңадан қабылданған нормативтік актінің өз күшін бұл акт заңды күшіне енгенге дейінгі қатынастарға таратуы. Жалпы ереже бойынша, заңның кері күші болмайды, алайда, заңның кері күшті иеленуі екі жағдайда болуы мүмкін: егер заңның өзінде бұл аталып өтсе немесе заң жауапкершілікті жеңілдетсе немесе жойса;
ə)жаңа заңдағы арнайы көрсету бойынша өз күшін жойған заңның жекелеген мəселелерге қатысты күшін сақтап қалуы.
2. Нормативтік актілердің кеңістіктегі күші олар таралатын аумақпен анықталады. Мемлекеттің аумағы ретінде мемлекеттік шекаралар ішіндегі оның құрлықтағы жəне судағы кеңістігі, олардың үстіндегі ауа кеңістігі, жер қойнаулары, сонымен қатар, шетелдердегі елшілік өкілдіктердің аумақтары, ашық теңіздегі əскери жəне сауда кемелері, мемлекеттің аумағынан тыс жерлерде ұшып жүрген ұшақтар танылады. Бұл мəселені қарастыру кезінде мынаны ескерген жөн: заңның белгілі бір кеңістікке немесе тұлғаларға таралмау тəртібі эксаумақтық деп аталады.
3. Заңның тұлғалар шеңбері бойынша күші нормативтік талаптардың белгілі бір актінің əрекет ету аумағындағы барлық тұлғаларға таралуын білдіреді. Алайда, бұл ережеден де ауытқушылықтар бар:
а) мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары, елшілік жəне консулдық өкілдіктердің қызметкерлері эксаумақтық құқығына ие жəне оларға қылмыстық заңнаманы жəне əкімшілік құқықбұзушылықтар туралы заңнаманы бұзғандығы үшін жауапкершілік жəне мемлекеттік мəжбүрлеу шаралары қолданылмайды;
ə) кейбір нормативтік актілер, мысалы, қылмыстық жауапкершілікті көздейтін актілер, азаматтарға, олардың қай жерде жүргеніне жəне олардың шетелдік заңнама нормаларына сəйкес жазаны өтегеніне қарамастан, таралады;
б) мемлекет аумағында өмір сүруші шетелдік тұлғалар мен азаматтығы жоқ тұлғалар құқықтар мен міндеттердің кең шеңберін пайдаланатынына қарамастан, кейбір жағдайларда құқықтар мен міндеттерді иелене алмайды. Мысалы, олар қарулы күштер қатарында борышын өтемейді, мемлекеттік билік органдарына сайлана алмайды жəне сайлауға қатыса алмайды.
Ұсынылатын әдебиеттер тізімі
Міндетті әдебиеттер:
1. Қазақстан Республикасының Конституциясы. –Алматы: Қазақстан, 2000, 96-б.
2. «Қазақстан-2030» Даму стратегиясы
3. Қазақстан Республикасының Заңы: Мемлекеттік қызмет туралы. –Алматы: Жеті жарғы, 1999, 44-б.
4. Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономиканың мемлекеттік секторын басқаруды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы. 2006 ж., 19 шілде //Егемен Қазақстан, Астана, Ақорда 2006 ж., 7 шілде № 178-///ҚРЗ
5. Қазақстан Республикасының Заңы: Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы. –Алматы, Юрист, 2006 ж., 28-б.
6. Қазақстан Республикасының 2007-2024 жылдарға арналған орнықты дамуға көшу тұжырымдамасы туралы: 2006 ж, 14 қараша № 216//Егемен Қазақстан. -2006 ж. 17 қараша.
7. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі ретке келтіру және оның тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы: 2006 жылғы 27 наурыздың № 74 Жарлығы //Егемен Қазақстан. –Алматы, 2006 ж. 28 наурыз.
8. Мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған шараларды іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары туралы//Егемен Қазақстан. -2006 ж. 13 қыркүйек.
9. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген сөзі. //Егемен Қазақстан. -2006 ж. 19 қаңтар.
10.Корпоративтік басқару, ашықтық және қоғам алдында есеп беру қағидаттарының негізінде мемлекеттік басқаруды жаңарту. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Парламентінің 3-ші сесиясының ашылуында сөйлеген сөзі. //Егемен Қазақстан. 2006 ж. 2 қыркүйек.
11.Кадровая политика в системе государственных органов: Назначение на должность и тестирование государственных служащих: Сб. Нормативных правовых актов РК. –Алматы, 2005, -283-б.
12.Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметкерлерінің ар-намыс кодексі: Мемлекеттік қызметкерлердің қызмет этикасы ережелері. –Алматы: Жеті жарғы, 2005, 24-б.
13.Атаманчук Г.В. Теория государственного управления. –М.: Омега-Л, 2004 г. -584-б.
14.Зеркин Д.П., Игнатов В.Г. Основы теории государственного управления. Курс лекции: Учебное пособие. –Ростов-на-Дону. Март, 2000. -448-б.
15.Пикулькин А.В. Система государственного управления: Учебник. –М.: ЮНИТИ-ДАНА, 2004. -543-б.
16.Уваров В.Н. Государственная служба и управление: Учебник. –Петропавловск: Сев.Каз.юрид.Академия, 2004. -416-б.
17.Эффективность государственного управления: Элементарный курс. –М.:Юрист, 2003. -320-б.
19.Реформирование системы государственного управления: Зарубежный опыт и Казахстан/КИСИ при Президенте РК. –Алматы, 2005. -276-б.
Қосымша әдебиеттер:
20.Атаманчук Г.В. Как найти формулу разделения областей? //Российские вести. 1992 ж. 11 қараша
21. Атаманчук В.Г.. Современная концепция государственного управления Россией //Государственное управление: проблемы теории, истории, практики преподавания. Ростов-на-Дону, 1993ж.
22. Атаманчук В.Г. Государственное управление: рациональность и эффективность его в период структурных перемен // Ракурс. Управление: теория, практика, поиск. Минск, 1993 ж.
23. Байгельдинов Е. Теоретические основы устойчивого развития. Евразийское сообщество. 2000г. №2, 114-121-б
24. Есентугелов А. Итоги реформ и состояние экономики: успех и ошибки, просчеты и их причины. АльПари, 1999, №4-5, 27-30-б
25. Жиленко Г. Экономика РК в годы реформирования. Экономика и статистика. 2000, №1, 117-124-б
26. Козбаненко В. Формы и методы государственного управления. Проблемы теории и практики управления. 2000, №2, 46-49-б
27. Кубаев К. Экономическая модель эффективного государства. Транзитная экономика, 2001, №4, 49-58-б.
Семинар сабағының жоспары:
Семинар сабағын «дөңгелек үстел» түрінде өткізу жоспарланған, тақырыптың негізгі теориялық сұрақтары пікірталас, ауызша жауап беру, дискуссия, сұрақ жауап және т.б. ұйымдастыру әдістері арқылы жүргізілуі тиіс.
Мақсаты:тақырыптың негізгі теориялық мән мәтінін қарастыра отырып, мемлекеттік басқарудағы құқықтық реттеу мәселелерін зерттеу сұрақтарына жауап беру және олар туралы терең түсінік қалыптастыру. Ол үшін семинар сабағында тақырып бойынша мына сұрақтардың мәнін ашу керек:
1. Мемлекеттік биліктің негіздері
2. Мемлекет пен қоғам және оның азаматтарының арасындағы байланыс
3. Мемлекет пен шаруашылық жүргізуші субъектілердің арасындағы байланыс
4. Мемлекет пен қоғамдық-саяси ұйымдардың арасындағы байланыс
5. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың арасындағы басқарушылық қатынастарды құқықтық реттеудің мәні мен маңызы
СӨЖ және СӨЖО тапсырмалары:
1. Тақырып сұрақтарына ауызша жауап беруге дайындалу.
2. Тақырыптарға жазбаша жауап беруге дайындалыңыз:
“Құқықтык реттеу – мемлекет пен қоғам арасындағы басқару қарым-қатынасы”.
“Құқықтық реттеу – мемлекет пен азаматтар арасындағы басқару қарым-қатынасы”.
“Құқықтық реттеу – мемлекет және қоғамдық-саяси ұйымдар арасындағы басқару қарым-қатынасы”.
“Құқықтық реттеу – орталық және жергілікті басқару ұйымдарының арасындағы басқару қарым-қатынасын реттеу”.
3. “Құқықтық реттеудің тиімділігі және оны арттыру жолдары” тақырыбының таныстырылымына дайындалу.
4. Кейсті талқылауға дайындалу: Қарашығанақ кен орны: шикізатты қазу және аршыған ортаны сақтау проблемасы.
КЕЙС “ШИКІЗАТТЫ ҚАЗУ ЖӘНЕ ҚОРШАҒАН ОРТАНЫ ҚОРҒАУ ПРОБЛЕМАСЫ”
Кен орнын игеру тарихы. Қашаған ең бай кен орны, мұнда мұнай газконденсатының өте бай қоры бар. Батыс Қазақстан бөлігінде Ресеймен шектес орналасқан. Оның аумағы 30 мың га, 1200мың тонна мұнай және конденсат, 1350 млрд текше газы бар. Мұнай қоры мен газдың тереңдігі 3600 м-ден 5150м-ге дейін, мұнай мен газды 1984ж , Ресей Федерациясы Орынбор мұнай газ өңдейтін зауытына 130км құбыр арқылы жіберуді жоспарлаған.
Қашаған кен орнын игеру үшін 1992ж басында, Қазақстан Үкіметі тендер жариялады. Кен орнын игеру үшін біріккен кәсіпорындар құрылып, “Алжит” “Бритиш газ” арқылы мұнайды шығару келісімі талқыланды. 1997ж тамызда “Тексако” компаниясы жобаның 20% бөлігін, “Аджит”-32,5% , ағылшындық “Бритиш газ”-32,5%, америкалық “Тексако”-20%, Ресейлік “Лукойл”-15% бөлігін иеленді.
1997ж қарашасында Қазақстанда Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг құрылды және тіркелді, RUO ұйымының бір бөлігі болып есептелді. Бұл ұйымның штаб пәтері алдынғы кезде Лондонда орын тепсе, содан кейін Ақсай кен орнын игеруді одан әрі ұлғайту, өндірістік қуатын арттыру үшін Қазақстанға қоныс аударды. Қазақстан үшін Қашаған жобасы өте маңызды. Республика табысы үшін өте маңызды, салық және бюджетке түсетін түсімі 80% құрайды,бұл 80млрд АҚШ доллары.
Мұнай газ кен орнын игерумен бірге экологиялық проблемалар туындады. Қоршаған ортаға жыл сайын 3 млрд өндірістік зиянды заттар шығарылса, 500км ағынды сулар, және 1 млрд аэрозольдар қауіп туғызады. Ауаны ластаушылар жағымсыз әсер етеді, денсаулықты, нашарлатып, құрылыстар бұзылады, зиянды бактериялар көбейеді. Күнделікті тәжірибе көрсеткендей газдың жануы эколоғияға көп зиян келтіреді. Жыл сайын қоршаған ортада қышқылдық көбеюде, бұл өсімдіктерге, жануарларға, топыраққа өте зиянды. Олардың болуына мұнайлы кешеннің де үлесі бар. Жыл сайын Республикада 800 млн текше метр ілеспе мұнай газ жағылады. Сұйық өндірістік қалдықтар қоршаған ортаға әсер етеді. Олар көлдер мен топырақтарды бүлдіреді, булану арқылы атмосфераға жайылады. Мұнай алу, газдалған скважиналар және құралдар, мұнай мен газды бірнеше сепарациялау, мұнайды сақтайтын орындар және басқа агрегаттар қоршаған ортаны ластайтындар болып саналады.
Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг төмендегідей табиғатты қорғау жұмыстарын жүргізуге тиіс:
- стансаны пайдалануға беру;
- зерттеу үшін скважинаны қолдану;
- газды жағу кезінде ГП-3 газсыздандыру;
- әсіресе елді мекенді жерде ауаны ластаудың техногендік сипаты бар қоршаған ортаны ластауды азайту үшін, скважинаны жағу кезінде қолайлы метео жағдай жасау.
- өндірістік мониторинг өткізу.
Сонымен бірге Қарашығанақ мұнай газ конденсаттық кен орындарының қоршаған ортаны ластау жағдайы үдемелі түрде дамуда.
Кен орнының аймағында 10 елді мекен орналасқан, оның ішінде Березовка елінің солтүстігінде кен орнының санитарлық-қорғау аймағы орналасқан, бұл адам өміріне қауіпті жағдайдың болуы мүмкін экологиялық жағдайды сипаттайды. Кей кезде күкірттің көбеюі белгілі болып тұрады, (Березовка е.м. 8-° минут кейін, ал е.м.Тунгушта 8-15 мин). Елді мекеннің халқына қауіп кезінде ешқандай жағдай жасалмайды, ал онда 2 мың адам тұрады. Уақытында халықты көшіретін кезекші көлік жоқ, күкірт сутекті хабарлайтын, көрсеткі (датчик) орнатылмаған.
Қоршаған ортада жүргізілетін мониторингтің нәтижесі. ИПЦ «Казгидролис» Зетрханасы жүргізген мониторингтің нәтижесі бойынша анықтаған, кен орнын қарқынды түрде игеруге байланысты 1998ж концентраттың көбейгені анықталған.
Соңғы екі жылда елді мекендегі, ауадағы концентрат 2,0 көбейген және 0,7 ПДК құрады.
Ауаға тарайтын зиянды заттардың көбеюі байқалды, бұл негізінен кен орнын пайдалану мен мұнайды алуға байланысты. Ақсай, қала маңы атмосфераны тұрақты түрде бақылайды, көмірсутектің мөлшері 0,12 ПДК. Көмірсутектін топырақты ластауы жыл сайын көбеюде: 1998-0,1999-1,0 2,0 ПДК, 2001-2,2-3,9 ПДК.
Тунгуш, Жарсуат және Қанай ауылдық аймақтарының жерін ішінара зерттеу кезінде топырақтын ластануы артқандығы байқалды, көмірсутегі 9,3-21,3 ПДК деңгейінде. Белгілі жағдайда жұмыс жүргізілмеуге байланысты ауыл шаруашылық өнімінің шығымы азаюда, судың құрамы нашарлауда. Адамдардың өмір сүру деңгейінің нашарлауы және қоршаған ортаның қарқынды түрде ластануына байланысты Тунгуш және Березовка елді мекендерін санитарлық-қорғау аймағынан шығару мәселелері көтерілуі керек.
Қоршаған ортаны ластау туралы жергілікті атқарушы органдардың іс шаралары.
Қоршаған ортаны қорғау басқармасы 2002ж кесте жасағанда, онда кен орнынан шығатын улы заттардан сақтайтын полигон салу көзделген болатын. Батыс Қазақстан облысының және атқарушы органдары санитарлық –қорғайтын аймақты қалпына келтіру туралы бірнеше ескертулер жасаса да, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг әр түрлі сылтаулар айтып, шешімді ұзақ мерзімге қалдыруда.
Республикалық және аймақтық органдар, қоршаған ортаны, қорғау комитеті мен жергілікті ұйымдардың басшылармен бірнеше рет кездесу өткізсе де санитарлық-қорғау аймағын қалпына келтіру туралы шешім және ақшалай компенсация кейінге шегерілуде.
Нақты практикалық шешім қабылданса да Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг осы проблеманы шешуді барынша орындамауға тырысуда.
Талқылауға арналған сұрақтар
1. Сіздің көзқарасыңыз бойынша жергілікті басқару органдары мен бизнес арасындағы жағдайды қалай деп бағалауға болады?
2. Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг пен үкімет органдары қоршаған ортаны қорғау үшін не жасауы керек?
3. Қазақстанда өзінің бизнесі шеңберінде не жасауы керек ?
4. Аймақтағы экологиялық проблеманы шешу үшін қандай жолды ұсынар едіңіз?
Әдістемелік ұсыныс: Семинарға дайындалу кезінде ұсынылған әдістерді негізге алыңыз. Ойланыңыз, «Мемлекетті басқару теориясы» пәнінің құқықтанумен өзара байланысын, құқықтану пәнін, әдісін,формасын, реттеу орнын, бұл категориялардың әр түрлі айырмашылықтарын ойға түсіріңіз.
Тақырып бойынша тест тапсырмаларының сұрақтарына жауап беру:
1. Мемлекеттік басқарудың құқықтық реттеу тәсілі, оның ішінде мемлекеттік басқару органдарының реттеуі жоғарыдан төменге дейінгі билік – императивтік бастау арқылы жүзеге асады, бұл қалай аталады:
А) субординациялау тәсілі
В) үйлестіру тәсілі
С) орталықтан ажыратылған және диапозитивті реттеу тәсілі
Д) оңтайлы қатынастар тәсілі
Е) барлық жауаптар дұрыс емес
2. Мемлекеттік басқарудың құқықтық реттеу тәсілі, оның ішінде құқықтық басқару, келісушілік, келлісөздер жүргізу, екі жақты актілер жасау және төменнен жасалған бастаманы қолдау сияқты жолдармен іске асады, бұл қалай аталады:
А) субординациялау тәсілі
В) оңтайлы қатынастар тәсілі
С) үйлестіру тәсілі
Д) орталықтандырылған және императивті реттеу тәсілі
Е) барлық жауаптар дұрыс емес
3. Құқықтық реттеу тәсілдеріне жатпайды:
А) оңтайлы қатынастар тәсілі
В) тыйым салу
С) рұқсат ету
Д) ерік беру
Е) барлық жауаптар дұрыс емес
4. Құқықтық реттеудің ең мықты тәсілі:
А) тыйым салу
В) рұқсат ету
С) ерік беру
Д) оңтайлы қатынастар тәсілі
Е) барлық жауаптар дұрыс емес
5. Мемлекеттік басқаруды құқықтық реттеуде қолданылатын, реттеуші нормалар:
А) міндеттейтін,тыйым салатын және рұқсат ететін нормалар
В) қорғайтын нормалар
С) арнайы жасалған нормалар
Д) декларативті нормалар
Е) барлық жауаптар дұрыс
6. Төменде берілген анықтамалардың қайсысы заңға қатысты емес:
А) Заң – бұл заңдық акт, құқықтық жүйеге заңдық нормаларды енгізуде, оларды қабылдамау немесе өзгертуде тіркелетін құқықтық әрекеттер
В) Заң – бұл мемлекеттік биліктің жоғарғы орындары бекіткен, өте қатал анықталған акт
С) Заң – бұл нормативтік акт, белгілі бір орган ішінде шығатын және сол орта адамдарына ғана таратылады
Д) Заң – бұл жоғары заңды күшке ие акт
Е) барлық жауаптар дұрыс емес
7. Ағымдағы заңдағы әртүрлі экономикалық, саяси, әлеуметтік және рухани өмірге арналған актілер былай деп аталады
А) Президенттің нұсқауы мен жарлығы
В) қылмыстық құқық
С) конституциалық заңдар
Д) жай заңдар
Е) азаматтық құқық
8. Мемлекеттік аймақтық және жергілікті муниципалдық орган актілері (көрсетілген және әкімшілік органдар):
А) белгілі аумақтағы мемлекеттік билік және басқару немесе жергілікті өзін-өзі басқару органдары шығарады, сол аумақта тұратын адамдар арасында таратылады
В) бір орган ішінде шығады және сол орта адамдарына ғана таратылады
С) Президент шығарады
Д) Үкімет шығарады
Е) барлық жауаптар дұрыс емес
9. Заңның кері әрекеті:
А) өз күшін жоғалтқан заң, жаңадан шығарылған заңның арнайы нұсқауы бойынша басқа жеке сұрақтарға қатысты өз қызметін жалғастыра алады
В) барлық заңдарға таралады
С) бұл – қайта қабылданған нормативтік акт, өзінің заңды күшіне енгенше пайда болған әрекетін қайта іске қосады
Д) өз күшін жоғалтқан заң, жаңадан шығарылған заңның арнайы нұсқауы бойынша басқа жеке сұрақтарға қатысты өз қызметін жалғастыра алады
Е) барлық жауаптар дұрыс
10. Нормативтік актілердің кеңістіктегі әрекеті:
А) осы, не басқа акт – территориялық аумақта барлық адресаттарға нормативтік талаптардың таратылуы дегенді білдіреді
В) олар таратылатын тұлғалар ортасымен анықталады
С) өздері таралатын аумақ арқылы анықталады
Д) ”тұлғалар шеңберіндегі заңның әрекеті” терминінің синонимі
Е) барлық жауаптар дұрыс емес
7-ТАҚЫРЫП. қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымының жүйесі
Дәрістің мән мәтіні
Мақсаты: ҚР мемлекеттік құрылымының ұғымын және түрлерін қарастыру арқылы Ел Президентінің Конституциялық мәртебесін, Парламент өкілеттілігін оның құрамы мен құрылымын, мемлекеттік басқарудағы заң шығарушы, атқарушы сот билігінің рөлін қарастыру.
Дәріс жоспары:
1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік құрылымының ұғымы және түрлері
2. Қазақстан Республикасы Президентінің Конституциялық мәртебесі
3. Парламенттің өкілеттігі, құрылымы және құрамы
4. Мемлекеттік басқарудағы заң шығарушы, атқарушы, сот билігінің рөлі
Негізгі түсініктер:Сенат, мәжіліс, мемлекеттік аппарат, жүйенің біртұтастылығы, биліктің бөлінуі, демократизм, Конституциялық заңнама, Конституциялық Кеңес, Депутаттық бірлестік, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Есеп комитеті, Министрлер кабинеті, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауiпсiздiк комитетi, Мемлекеттік қызмет жөнiндегi агенттiк, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөнiндегi мемлекеттік комиссия, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестiктi қорғау жөнiндегi агенттiк